Депутат инклюзивті қоғам қалыптастыруға арналған ұлттық коммуникациялық саясат әзірлеуді ұсынды
2025 ж. 10 желтоқсан
58
0
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ. Балаеваға
Депутаттық сауал
Құрметті Аида Ғалымқызы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
өз Жолдауларында «инклюзия – ешкімді артта қалдырмау» қағидатын басымдық ретінде атап өтіп, мүгедектігі бар адамдарға қатысты көзқараста бірінші кезекте адамның мүмкіндігін, әлеуетін көруді міндеттеді. Бұл БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарындағы (SDG) 17-қағидаттарымен үндес ұлттық бағыт.
«AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын барлық салада жақсарту міндеті айқын белгіленді.
Алайда соңғы айларда қоғамда алаңдатарлық үрдіс байқалды. Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы мазақ ету, қорлау, өшпенділік тілі күшейді.
Атап айтқанда, осыдан бірнеше ай бұрын блогер-сымақ біреудің аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырғанын білесіздер. Ол әлеуметтік араздықты қоздырып қана қоймай, көпшілікті қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ашықтан-ашық шақырды.
Екінші мысал. Күні кеше аутизм дертіне шалдыққан балалар мен олардың әке-шешесіне тіл тигізген тағы да бір блогер шықты. Ол мұндай ауытқуы бар бала жеңіл жүрісті шешеден туады деп мәлімдеді. Онсыз да ауыр дертке шалдыққан балалардың ата-аналарына бұл жығылғанға жұдырықтай тигені анық.
Хайптың артында жүріп, көпшіліктің арын таптаған мұндай блогерлерге әкімшілік емес қылмыстық жаза қолданылуы керек! Әйтпесе кез-келген адам аузына ие болмай, жазадан құтылып, қоғамға үлкен зиян келтіріп емін-еркін жүре бермек».
Әлеуметтік желі надан адамның қолында қаруға айналуы әбден мүмкін екеніне көзіміз жетіп отыр.
Бұл жасырын кемсітудің ашық формаға өте бастағанының айқын белгісі. Бүгінде Қазақстан медициналық модельден әлеуметтік модельге өтуде. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей,кез келген өзгеріс оның ішінде қоғам мүгедектік туралы көзқарасты өзгерту барысында да психологияда белгілі қабылдау кезеңдерінен өтеді: алғашқы терістеу, қарсылық пен түсінбеушілік, соңында жаңа шындықты қабылдау.Қазақстан да дәл осы табиғи өтпелі кезеңді өткеріп отыр.
Осы жағдайда мемлекеттің міндеті – қоғамның санасын дұрыс бағытта жаңғырту, тең мүмкіндіктерді қорғау және мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын мүлтіксіз сақтау.
Соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігінің инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген бар болғаны 66 млн теңге республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Қаражат шағын, бытыраңқы жобаларға бөлініп, жүйелі ақпараттық саясат қалыптаспады.
Айта кету керек, республикалық бюджетті талқылау кезінде мен қоғам санасын жаңғыртуға арналған инклюзивті бағытты күшейту үшін үш жылға 600 млн теңге (жылына 200 млн) бөлу жөнінде түзету енгізген болатынмын. Алайда ол қолдау таппады.
Бүгінгі ахуал осы бағыттың жеткіліксіз қаржыландырылуы стратегиялық қателік болғанын көрсетіп отыр. 66 млн теңгеге бүкіл республикада кемсітушілікпен күресетін, оң үлгі қалыптастыратын, өшпенділік тілін тоқтататын толыққанды кампания жүргізу мүмкін емес.
Осыған байланысты, Сізден төмендегі мәселелерді Үкімет деңгейінде қарастыруды сұраймын:
1. Инклюзивті қоғам қалыптастыруға арналған ұлттық коммуникациялық саясат әзірлеу
Мүгедектігі бар адамдар туралы дұрыс түсінік қалыптастыратын, өшпенділік тілінің алдын алатын, қоғамға ғылыми негізделген ақпарат беретін біртұтас коммуникациялық саясат қажет.
Осы шеңберде 2026 жылға арналған инклюзивті қоғамды қосымша қолдау жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын.
2. Қоғам санасын жаңғыртуға арналған ақпараттық жұмыстарды күшейту
Республикалық ақпараттық жобаларды жаңа деңгейге көтеру үшін қазіргі қаржыландыруды қайта қарап, инклюзияны насихаттауға арналған тұрақты, ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаны іске қосу қажет.
3. Мүгедектік белгісі бойынша кемсітуге қарсы құқықтық саясатты күшейту
Өшпенділік тілі, кемсіту және қорлау фактілеріне қарсы мемлекеттік деңгейде пәрменді шаралар қабылдау, оларды болдырмаудың алдын алу жөніндегі тетіктерді Үкімет жанынан жүйелі түрде іске асыру қажет.
Құрметті Аида Ғалымқызы!
Қоғамдағы адамгершілік деңгейі ең алдымен ең әлсіз азаматтарға деген қарым-қатынаспен өлшенеді.
Қазіргі жағдай бір реттік оқиғалар емес, мемлекеттік деңгейде жүйелі шешімді қажет ететін дағдарыстық белгі.
Осы ұсыныстарды Үкіметтің қарауына алып, нақты шаралар қабылдауды сұраймын.
Құрметпен, АМАНАТ
Фракцияларының мүшелері Е. Абдиев