“Расталмаған ақпаратты жариялап, артынан түк болмағандай жүре беру – журналистика емес”: журналист Самал Ибраева Orda.kz туралы
2025 ж. 02 желтоқсан
193
0
Қазақстандық белгілі журналист Самал Ибраева Orda.kz ақпараттық агенттігі мен оның бас редакторы Гүлнара Бажкенованың үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, журналист “жаптым жала, жақтым күйе” принципімен жұмыс істемеуі тиіс.
Есте болса, 1 желтоқсанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері Orda.kz редакциясына келіп, тексеру жұмыстарын жүргізген. Ал, БАҚ-тың бас редакторы қылмыстық күдікке ілінді.
“Расталмаған ақпаратты бір емес, бірнеше рет жариялап, артынан түк болмағандай жүре беру – журналистикада болмауы керек. Иә, біз бәріміз пенде болған соң қателесеміз. Бірақ, оқырманды жалған ақпаратпен адастыру, манипуляция жасау, еш дәлелсіз мәлімет тарату – қателесу емес, шектен шығу», - деп жазды Ибраева өзінің telegram-каналында.

Оның айтуынша, Гүлнара Бажкенованың “рейдерлік басып алу”, лауазымды тұлғаны адам өлтірді деп айыптау секілді мәлімдемелері – кәсіби этиканың төмендігін ғана білдірмейді, сау адамның да ақылына қонбайтын әңгіме.
«Егер мұндай қателікті қарапайым журналист істесе, мемлекет тарапынан міндетті түрде дереу реакция болады: ұстайды, қамайды, блогерлер арқылы ақпараттық шабуыл ұйымдастырады. Бірақ, мұндай шара кейбіреулерге қолданылмай жатыр. Сол себепті бәрінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету керек.
Қалай болғанда да, Қазақстанда медианың жабылуына өз басым қарсымын. Ешбір БАҚ сот үкімінсіз, тергеусіз жойылмауы керек. Журналист еңбегі, шығармашылық процесс қоғам дамуының бірден бір негізі, ол жұмысын тоқтатпауы тиіс”, - деп сөзін түйді Ибраева.
Айта кетейік, сот санкциясымен Гүлнара Бажкенова үй қамағына алынды. Қазір оның үстінен жалған ақпаратты бірнеше рет таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.