Қазақстанда қазақ тілінде сөйле дегені үшін түрмеге қамау - халықты жаралау - Ақмарал Шатемірқызы
2025 ж. 28 қараша
77
0
Эвфемизм және дисфемизм
Қазақтың тіл мәдениетінде эвфемизм мен дисфемизмнің орны айрықша. Эвфемизм — сыпайы, әдепті сөйлеудің белгісі; дисфемизм — дөрекі, анайы сөздер арқылы менсінбеуді білдіреді. Бірақ қазіргі қоғамдағы тіл ахуалына көз жүгіртсек, осы екі ұғымның мәні күрт ауысып бара жатқандай. Қазақ тілін қадірлемейтіндердің анайы, тұрпайы сөздері көп жағдайда ескерусіз қалып жатады. Ал керісінше, мемлекеттік тілді талап еткен азаматтың сыпайы сөзі — айыпқа айналып отыр.
Жақында журналист Мирболат Мырзатайулы Мирболат Бишуиновқа тағылған айып қоғамды ойландырмай қоймады. Ол «Көк-Төбе» тұрғын үй кооперативі басшысынан қазақ тілінде ақпарат беруді талап етіп, қарым-қатынаста «Сіз» деп сыпайы сөйлеген. Бірде-бір рет «Сен» деп айтпаған. Бірде-бір дөрекі сөз, бірде-бір дисфемизм қолданбаған. Тек тұтынушы ретінде заңмен бекітілген өз құқығын сұрады: мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді.
Ал кооператив төрағасы оған: «Я вас не понимаю», «Орыс тілі — государственный язык» деп Конституцияны бұрмалап жауап берген. Бұл — біздің қоғамда жиі кездесетін, тілге бағытталған дисфемизмнің бір түрі: мемлекеттік тілді менсінбеу. Бірақ мұндай сөздерге ешқандай құқықтық баға берілмейді. Тіпті қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай.
Ал дәл осы жағдайда мемлекеттік тілді талап еткен азаматтың әрекетіне «ұлттық алауыздықты қоздыру» деген ауыр айып тағылды. Бұл — парадокс. Эвфемизммен сөйлеген, сыпайы түрде тіл сұраған тарап — кінәлі; ал Конституциядағы мемлекеттік тілдің құзыретін жоққа шығарған дөрекі дисфемизм иесі — жауапсыз.
Бұл тек бір адамның тағдыры емес. Бұл — тіл саясатының, заңның және әділеттің таразысын көрсетер үлкен мәселе. Қазақ тілі — Конституция бойынша мемлекеттік тіл. Мемлекеттік мекемеде, қоғамдық қызмет көрсетуде, ресми қатынаста азаматтың қазақша ақпарат талап етуі — оның заңды құқығы. Ал бұл талап үшін қудалау — құқықтың өзіне жасалған қысым.
Мен қазақ тілі мұғалімі ретінде алаңдаймын: ертең біз оқушыларымызға «мемлекеттік тілде сөйле» деп айтқанымыз үшін де жауапқа тартылуымыз мүмкін бе?! Қазақ тілінде таза сөйле деп талап қоямыз. (Постымнан ілік іздеп, аңдып отырғандарға бірден жауап бере салайын: мен ағылшын тілін, орыс тілін үйренген полиглоттық білімді қолдаймын және Тарихи Отанында қазақ тіліне қызмет етемін).
Егер мемлекеттік тілді қолдану — құқық емес, қауіпке айналса, онда Конституцияның 7-бабы кім үшін жазылған?
«Сотталушы М.М. Бишуинов телекоммуникация (интернет) желісін пайдаланып отырып, ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерді іске асырған. Аталған қылмысты
М.М. Бишуинов келесідей мән жағдайларда жасаған» - деп айып тағылыпты. «Көк-Төбе» тұрғын үй иелерінің тұтынушылық кооперативінің (ТИТК/ПКСД) басшысымен жанжал барысында өзінің ұялы 2 телефонына ұзақтығы 8 минут 6 секунд болатын бейнежазба түсіріп, онда құрамында ұлттық араздықты қоздырудың тілдік белгілері бар келесідей: «Басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз», «Мемлекеттік тілді неғып білмейсіз», «Сіз білуге міндеттісіз», «Масқара міне қараңыздар», «Иә онда орныңызды босатыңыз», «Орнын босатсын иә, сіз сияқты міне Шолпан апамыз отырсын қазақша біледі екен Құдайға шүкір», «Дереу орныңызды босатуды талап етеміз, байкот», «Магнумға қалай байкот жарияладық, сол сияқты байкот жариялау керек. міне», «Сіз қазақтарға қарсысыз ба» деп сөйлепті. Мирболат тұтынушы болған соң «Көк-Төбе» атты қоқыс төгетін мекемеге барып қазақша ақпарат алуға тырысқан. Кооператив төрағасы «Я вас не понимаю, русский язык по Конституции государственный язык» деп неше түрлі айта бастаған соң телефонын алып түсіруге тура келген. «Ты нацист, клоун, я тебе не понимаю, хоть айта бер» деген басшыдан тұтынушы ретінде қазақ тілінде сөйлеуін талап теткен. БОЛДЫ!
Бишуиновтің сөздерінен менің байқағаным:
• жеккөрушілікке шақыру жоқ,
• этносаралық өшпенділік белгісі жоқ,
• қандай да бір этносты кемсіту жоқ,
• жеке бастың ар-намысына тиетін сөз жоқ,
• дисфемизм жоқ,
• тек тұтынушы ретінде мемлекеттік тілді талап ету бар.
Мирболат – көшеден ерігіп кіре салмаған, сол корпоративтің тұтынушысы.
БАР БОЛҒАНЫ ОСЫ.
Қылмыстық құрам қай бұрышында, көрсетіп жіберіңіздерші.
Тіл — елдің тұғыры. Эвфемизмді пайдаланып, сыпайы түрде өз тілін қорғаған азаматты айыптау — дисфемизмге жол ашу деген сөз. Біз бұл айырмашылықты түсінбесек, қоғамда әділетсіздік пен тілге деген құрметсіздік күшейе береді.
Алматыда Алматыда 3000-нан астам қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдер бар. Біздер, мұғалімдер, қазақ тілінде таза сөйле деп талап қоямыз. Тіл тазалығы дейтініміз – қазақ тілін басқа тілмен шұбарламау. Біз ше, қазақ тілінде сөйле, шұбарлатпай таза сөйле деуге құқылымыз ба? Әлдеқалай?!
Тарих өлмейді — ол халықтың жадында, жазбада, мәдениетінде мәңгі сақталады.
Тарих дегеніміз – ең алдымен, өмірдің өзінен құралады. Ол адамдардың жүріп өткен жолынан, айтқан сөзінен, жасаған ісінен, көңілге сақталған естеліктерінен өріліп шығады. Тілді сақтау жолында айыппұлға кесу, қудалау, түрмеге тоғыту – бұл тек әділетсіздік қана емес, халықтың жүрегін жаралап отырсыздар. Ыңғайсыз емес пе?!
Ата Заңымыздағы қазақ тілінің ойып тұрып алған орны солқылдақ болмағанда, қағамда дәл бүгінгі болып жатқан бассыздықтар да болмас еді.
Мирболаттың жазасын барынша жеңілдетіп, бостандық беруін сұраймын.
Құрметпен, Ақмарал Шатемірқызы, қазақ тілі мен әдібиет пәні мұғалімі
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Ы.Алтынсарин төсбелгісі иегері.
1. «Алматы қаласындағы тілдік ахуал» монография авторының бірі, 2024 ж.
ISBN 978-601-7822-80-04
2. «Оқушылардың ғылыми-зерттеу жобасы» авторы, 2025 ж. ISBN 978-601-08-5472-3
3. «Жарты сағат кітап оқиық» бағдарлама авторы 2025 ж. ISBN 978-601-08-5473-02023ж.
Фейсбук парақшасынан