Сапарбаев пен Әбішев кержақтарды қалай тәубесіне келтірді?!

Сапарбаев пен Әбішев кержақтарды қалай тәубесіне келтірді?!

Мемлекетшіл тұлға, асқан отаншыл азамат Бердібек Сапарбаев ағамыз (жаны жәннатта болсын) 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Бекеңе дейін талай қасқа шалқалап ШҚО-ның төрінде отырғанын білеміз.. Солардың алтын Алтай аймағындағы қазақтың айдарын көтеріп, айбынын асыруға қылған қам-қарекеті шамалы. Көбі бүйі тигендей бүрісіп отырды, бүктетіліп биліктен кетті. 

Ал, Берағаң барды да іске кірісті. Алдымен қазақтың аспан көк түсті туын төгілдіріп ту биікке тікті. Ешкім ештеңе деген жоқ. Облыстық әкімдік үйінің алдында сәңірейіп тұрған Лениннің ескерткішін алып тастап, биік тұғырға алып Абайдың тас мүсінін тұрғызды. (Иә, саясат үшін орталықтағы кітапхананың алдына жақ сақалын жалбыратып апарып Пушкиннің де ескерткішін қойды). Және ешкім ештеңе демеді. Қаланың күн шығыс бетіндегі таудың төсіне аппақ мәрмәр тастардан тізіп, "ҚАЗАҚСТАН" деп жазды. Тағы да тырс еткен пенде баласы болмады. Болған шығар, бірақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ислам Әбішов сыртқа сөз шығартпады. Айқай-аттан, ұлы сүргінді әкімдіктің айналасынан ұзатпады. 

Өскемен...өздеріңіз білесіздер, кержағы кері тартып отыратын өлке. Берағамыз бен Ислам Әбішов солардың тілін тапты, кержақ атаулыны келеге келтірді. Содан бері қарай ШҚО-да ұлт болып ұйысқан елдің салты қалыпқа түсіп келе жатқан сияқты. Ендігі мәселе теріскейде болып тұр... 

Солтүстіктегі облыстардың біріне баяғы Қажымұрат Нағымановтан кейін бір ұлтжанды әкім бармағандай, әкім болып тағайындалмағандай көрінеді де тұрады маған (қателессем, қатемді айтып, жазарсыздар).

Қостанай облысы биыл мол астық бастырып, қазынамыздың қамбасын дәнге толтырды. Бәрекелді! Алайда қарының тоқ болғанымен, қадірің жоқ болса, одан не берекет табасың? 

Қараңыз: Қостанайда және солтүстіктегі өзге де облыстарда жер-су атаулары мен көше аттары совет өкіметінің кезіндегідей сіресіп тұр. Байырғы халық бабақоныс атажұртында туып, өмір сүрсе де, өгейдің күйін кешуде. Кешегі қара шекпенділер мен тың игергіштердің ұрпағы болса, советикус адамының деңгейінде қалып қойған. Ілгерлеу жоқ. Әншейінде қырық айлалы әкімдік жер-су атауын қалпына келтіру мен көшеге жаңа ат берерде әсіре демократияшыл бола қалады. Оның үстіне заң бұл істі Мәслихаттың шешіміне сүйеп қойған. Бұл - қате әрі қатерлі, қауіпті жайт. Жер-су атауларын тарихи қалпына келтіру жұмысымен Мәслихаттың депутаттары емес, ономастика қызметкерлері мен сапалы сарапшылар шұғылдануы тиіс. Мұның сыртында түсіндіру, насихаттау, ақпараттандыру деген шаруамен жергілікті идеологтар айналысуы керек.

Міне, жаңа Заңғар Кәрімхан бауырымның жазбасынан оқып отырмын, СҚО әкімшілігі жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған Алаш ардагерлеріне арналған кешенді бұзып тастапты. Бұл - барып тұрған вандализим! Ау, ескерткішті бұзып, талқандағандардың әрекеті туралы бұдан өзге не деуге болады? Білеміз, СҚО әкімшлігінің әлгі вандалдық әрекетінің арғы жағында сақтық та жатыр. "Ойбай, алашордашылар тегіс ұлтшыл болған! Ұлтшылдарға арнап қойылған кешен көршіміздің көңіліне келеді, пәлелай да, шәлелай! Ондай кешеннің көзін құрту керек!".

Кешенге шабуылдың себебі - осы, осыдан басқа түк те емес!

Ойымша, еліміз бен жеріміздің тұтастығын ортамызда жүрген ағайындар қазір бек түсініп қалды. Оларды ырың-жырың қылмай, отырсыздықтан түбегейлі арылу ісін жайлап, бірақ табанды түрде жүргізе білсең, ешкімнің көзі шығып, басы жарылмайды. Сондықтан, солтүстіктегі облыстарға, экономика өз алдына, саясатты, мәдениетті, тарихты құрметтейтін, санасында саңлауы бар, отаншыл азаматтар барып, екі тізгін бір шылбырды қолына алуы керек. Ескі кадр, жаңалықтан жұрдай, жалтақ Ақсақалов сияқты әкім-қаралардың ендіге қажеті шамалы.

Суретте: Өскемен қаласындағы "Абылай хан шыңы" аталатын кезеңнен жай тапқан "Қазақстан" кешені. Мұны жұрт "Қазақстан тауы" деп те атайды. Кешен Ислам Әбішов қала әкімі болып тұрған кезде жасалған.

Дәурен Қуат,

Қазақ үні