ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ - ДОСТЫҚ МЕКЕНІ
2025 ж. 25 қазан
18
0
Әлемнің саяси картасында Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болуы оның алдына қоғамның әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына қуатты серпін беретін, мемлекет егемендігін қамтамасыз ете алатын, ел халықтарының одан әрі өсіп-өркендеуіне жағдай туғызып, оларды ортақ іске жұмылдырушы күшке айналдыра алатын ұлттық идея туғызу міндетін алға тартты. Бұл ұлы міндетті орындау жолындағы ізденісте оны қандай бағытта жүзеге асырып, қалыптастыру қажеттігі ең негізгі мәселелердің біріне айналды.
Көптеген қоғамтанушылар мен саясаттанушылар бұл орайда ХХ ғасырдағы саяси-демократиялық және коммунистік идеологияның даму кезеңінде қалыптасқан түсініктер мен қайшылықтарды алға тартты. Олардың пікірінше, ұлт дегеніміз этнос қалыптасуының едәуір жоғары дәрежесі. Сондықтан да олар полиэтникалық мемлекетте біртұтас ұлтты қалыптастыру мүмкін емес деп есептейді. Себебі адамдардың этникалық бәсекелестігі, пара-парлыққа ұмтылысы мемлекеттік бәсекелестік пен пара-парлыққа ұмтылыстан әрдайым жоғары тұрады. Бұдан полиэтникалық мемлекет пен көпұлтты мемлекет арасындағы мүдделер алуандығы аңғарылады. Қазақстан жағдайында қазақтар жөнінде сөз болғанда «ұлт» деген анықтаманы, ал республикада тұратын өзге ұлт өкілдеріне «диаспора» анықтамасын қолдану қажеттігі назарға алынды. Осының нәтижесінде Қазақстанның ұлттық идеясын қазақ ұлттық идеясы деп ұғыну қажеттігі туындады. Ол қазақ халқының ұлт ретіндегі қайта өрлеуінің, жаңғыруының негізіне айналуы тиіс болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамтанушылар, саясатшылар мен озық ойлы журналистер Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық идеяның академиялық орталарда ғана пісіп-жетілуіне, жоғарыдан күштеп таңылуына қарсылық көрсетті, мұның адамдар санасында орнығып, өркен жаюын қолдады. Бұлай етпеген жағдайда қазақстандық жалпыұлттық идеяның кезекті коммунистік догмаға айналып кетуі мүмкін еді. Республика баспасөзі Қазақстан қоғамын барынша нығайта түсуге ұмтылыс жасады. Қазақ елі ұстанып отырған саясаттағы басты ұстаным ұлтаралық келісімді нығайтумен қатар, Қазақстан қоғамының бірлесуі идеясын жүзеге асыра отырып, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту болды.
Қазақстанда жалпыұлттық идеяны қалыптастыруда ұлттық идеяны құрайтын азаматтық та, этномәдени де құндылықтарды пайдаланудың маңызды екені басты назарға алынды. Бұл үшін қазақтардың төңірегіне азаматтық қауымдастық ретінде біртұтас халықты қалыптастыру қажеттігі айқындала түсті.
Кеңестік дәуірде 120-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекен етіп, «ұлттар достығының лабораториясына» айналған Қазақстан жайында көптеген шетелдік эксперттер мен саясаткерлер елде ұлтаралық мәселеде шиеленістің орын алуы мүмкін екендігі жөнінде болжамдарға барды. Елдің саяси басшылығы ұлтаралық қатынастардағы өзекті мәселелерге баса назар аударады. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында (Негізгі Заңда) барлық азаматтардың тең құқығын қамтамасыз ету болып табылатындығы айқын көрсетілді. Бұл бұрынырақта қабылданған Мемлекеттік егемендік жөніндегі Декларация мен Қазақстанның Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Заңда да көрініс тапқан еді. 1995 жылғы Конституцияда Қазақстан халқы болып табылатын демократиялық республика ретінде нық орнықты.
Қазақстан мемлекеттік ұлттық саясат пен этникааралық келісіміндегі берік ұстанымында қандай да бір ұлттың артықшылықтарының болмауы, әркімнің ұлттық абыройын құрметтеу, қарым-қатынас тілін еркін таңдау құқығын және т.б. өзекті жайттар негізге алынды. Осындай кең ауқымды да өзекті негіздерге ұлт саясатын әзірлеу мен жүргізуге ықпал ететін, этносаралық келісім мен жарасымдылықты қамтамасыз ету бағытын ұстанған, бірегей институт болып танылатын мемлекеттік құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының дүниеге келуіне ықпал етті. Оның пайда болуының тарихы Тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарында елдің ішкі және сыртқы саясатындағы ұстаныммен тығыз астасып жатыр. Айталық, 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы, ұзамай-ақ Қазақстан халықтарының форумы өтті. Осыдан кейін Ассамблея құру туралы идея көтеріле бастады. 1994 жыл бойы бұл идея әбден пісіп-жетіліп, таразыланып, жан-жақты сарапталып, 1995 жылы наурызда Ассамблея құрылды.
2002 жылғы 26 сәуірдегі «Қазақстан халықтары Ассамблеясының стартегиясы туралы және Қазақстан халықтары Ассамблеясының жағдайы жөніндегі» Жарлыққа сәйкес Ассамблеяға жаңа конституциялық мәртебе беріліп, көпұлтты халық мүддесін Парламентте білдіру құқығына ие болды. Ассамблеяның Қазақстандағы ұлтаралық келісімді үйлестіруге ықпал ететініне байланысты ол ең алдымен қазақтың мүддесін қорғайтындығын айту қажет. Кезінде бірқатар ірі мемлекеттердің өкілдері келіп, Ассамблеяның іс-тәжірибесімен танысып, жоғары бағалады. Олардың арасында американдықтар, испандықтар, немістер, ағылшындар, түріктер, орыстар, қытайлар, т.б. болған.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуші ұйым ретінде ұақыт талабына сай ұйымдастыру-көпшілік жұмыстарын жүргізіп келеді. Мемлекеттік құрылымдардың біріне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық келісімді үйлестірудегі рөлі айрықша маңызға ие болып келеді. Облыстық Ассамблеяның қызметіне басшылық жасайтын «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің төрайымы Эльмира Ұласбекқызы Жанғазиева өзінің іскерлігімен, ақжарқындылығымен, адалдығымен саналуан ұлт өкілдерінің құрметіне бөленіп жүрген жандардың санатында. Ұйымдастырушылық қабілеті, толеранттық икемділігі тәнті етеді.
Алда тұрған міндеттерді тиянақты орындауға мол мүмкіндік бар. Киелі шаһардың Жаңа қала атауына ие болған өңірінде «Достық үйі» шаңырақ көтеріп, пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен салынған мұндай сәулетті ғамарат елімізде бұрын-соңды болған емес. Президенттің өзі келіп, Достық үйін ашып берді. Ассамблеяның келісті мекені күн сайын дерлік рухани-мәдени шаралардың ұясына айналып келеді. Кең өріс алған игілікті іс-шаралар негізінен алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесін лайықты қарсы алуға негіз болды.
Түркістан облысында 2 миллион 142 мыңнан астам халық тұрады, оның 75,1 пайызы қазақтар болса, өзге этнос өкілдері 24,9 пайызды құрайды. Облыста 50-ге жуық этнос өкілдері бар. Бұл келтірілген мәліметтер облыста мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстардың қаншалықты ауқымды екенін аңғартады. Ассамблея жанында этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар, Аналар және Медиация кеңестері, Ғылыми-сараптамалық топ, Журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігі қоғамдық негізде қызмет атқарып келеді.
Облыста этникалық топтар Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам, Төлеби, Келес (өзбек), Мақтаарал (тәжік, өзбек), Сарыағаш (тәжік, өзбек), Жетісай (тәжік), Түлкібас (азербайжан) аудандарында тығыз шоғырланған.
«Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігі 2022 жылдың қаңтар айында құрылды. Өкілдіктің құрамында облыс бойынша 100-ден аса белсенді жас бар.
Жылдың басынан 25 іс-шара «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің қатысуымен өткізілді. Оған 1400-ге жуық жастар қатысты.
Бүгінгі таңда 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік және олардың аудандар мен қалаларда 4 филиалы және 23 өкілетті өкілі жұмыс атқаруда.
Облысымыздағы этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқы Ассамблеясының жоғарыда аталған жобаларын облысымызда іске асыруға белсенді атсалысады.
Жыл басында еліміздің көптеген аймағын су басқанда этномәдени бірлестіктер мүшелері еліміздің батыс облыстарына 139,6 млн. теңгені құрайтын гуманитарлық көмек жөнелтті.
Сонымен қатар, Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров басқаратын «Үлес» қайырымдылық қоры 2010 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға жалпы соммасы 100 млн. теңгені құрайтын 44 үй салып берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінен құралған ақпараттық-насихаттық топтар тоқсан сайын аудандарға шығып, халықпен түрлі тақырыптарда казесулер, фокус-топтық жиындар өткізіп, анықталған мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге ұсыныстар әзірленеді.
Жыл басынан бері өткізілген осындай 92 кездесуге 4200-ден аса тұрғын қатысты.
Мемлекеттік этносаясатты іске асырудың теориялық негіздерін аудан әкімдіктері мен ауыл округі әкімі аппараттарының, құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлеріне оқытуға арналған «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық», «Ішкі тұрақтылық - даму мен өркендеудің кепілі», «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері», «Этносаралық ортада қақтығыс көріністерінен бас тартуға бағытталған әлеуметтік қатынастарды дамыту арқылы медиация институтын дамыту», «Киберкеңістікте ақпаратты тұтыну мәдениеті», «Азаматтық қоғам – тұрақтылық пен бірліктің кепілі», «Этносаралық қатынастар саласындағы медиасауаттылықты арттыру» тақырыптарында семинарлар өткізілді.
Облыста этносаралық татулықты дәріптеу мақсатында идеологиялық-тәрбиелік мәні бар қоғамдық-көпшілік шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану», «Мың бала», «Бірлік», «Қайырымдылық керуені», «Адал азамат», «Салауатты сана», «Жаңа толқын», «Шаңырақ», «Ассамблея айнасы» жобаларының аясында тұрақты өткізіледі.
Осы бағытта «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен жыл басынан бері 52 000-нан аса адам қатысқан 1303 іс-шара өтті.
Жыл басынан бері облыстағы этносаралық қатынастардың жай-күйі, оны ілгерілету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша әлеуметтік желілер мен сайттарда қазақ және орыс тілдерінде жалпы – 2027 материал жарияланды. Оның ішінде Фейсбукте – 1725, инстаграмда – 102, сайтта – 108, газет беттерінде – 95 материал жарыққа шықты.
Қазір Қазақстан дербес дамудың бірқатар тәжірибесін жинады. Қоғам алдында терең ұғынылған қыруар міндет тұр. Біртұтас қазақстандық ұлттың нақты кескінінің түзілгені де нақты өмір шындығы. Сондықтан дәстүрлі мәдениет пен өткеннің таным-түсінігінің мазмұн-мәні жөнінде мақтаныш сезіммен айтуға болады.
Мемлекеттілікті нығайта түсуге жұмылған халық жоғары этникалық қауымдастық – қазақстандық ұлт ретінде қалыптасу бағытындағы жақсы мүмкіндіктің бастауында тұр. Қазақстандағы қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, т.б. тілдерде шығатын баспасөз материалдары қоғамдық пікірді қалыптастыруда үлкен рөл атқарып, елде болып жатқан процестерді ой елегінен өткізуге көмек көрсетуде. Бір жағынан, әр түрлі этностардың өзін-өзі идентификациялануына, екінші жағынан, біртұтас қазақстандық ұлт ретінде өзіндік идентификациялануына мүмкіндік туғызуда.
Қоғамдағы дүниетанымның ерекше сипаты ұлттық сана-сезімнің жедел дамуы болып табылады. Бұл дүниетаным ұлттық идеяның негізі іспеттес. Ол ұлттық мінез-құлық пен ұлттық психологияның ерекшеліктерін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Оның астарында халықтың қайталанбас өзіндік құндылықтары жатыр. Осы ретте тіл – ұлттық мінез-құлықты қалыптастырудың аса тиімді құралы әрі ұлттық психологияны дамытудың факторы. Ол этносты топтастырып, біріктіретін құдіретті күшке ие. Тіл халықтың интеллектуалды және рухани дамуында теңдессіз рөл атқарады. Ал бұл, бірінші кезекте, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында қаншалықты орын алатынына тікелей байланысты.
Этномәдени бірлестіктердің алдына ұлттық мемлекеттік тілді білу талабы қойылды. Осы тұрғыдан келгенде жалпы халықтың 75 пайыздан астамы қазақтар саналатын Түркістан облысында тіл мәселесінің толық шешілгенін айта аламыз. Бір ғана мысал, Түркістан қаласының көпшілік орындарында кез келген ұлт өкілі қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өзбек пен өзбектің, татар мен татардың, ұйғыр мен ұйғырдың өзара қазақ тілінде сөйлесіп тұруының өзі қалыптасқан үйреншікті жағдай. Оған таңқалудың қажеті жоқ. Мұны олардың жергілікті ұлтқа деген құрметі деп ұғынған жөн болар.
Республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарына ұлт мәселесіндегі, ұлтаралық қатынастар тұрғысындағы, т.б. өзекті тақырыптардағы ой еркіндігіне ашық пікір алысуға мол мүмкіндік берілген. Елде цензураға конституциялық тұрғыда тыйым салынды. сөз бостандығы жария етілді.
Экономикалық реформалардың барысында саяси жаңғыру қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жағдайында өтіп келеді.
Мемлекет пен қоғамның тұрақтылығын сақтау үшін азаматтық ұлттық бәсекелестік пен пара-парлыққа ұмтылысты да, қазақтардың этномәдени бәсекелестігі мен бірегейлікке ұмтылысын да нәрлендіріп, нығайта түсу қажет. Сондықтан жалпыұлттық идеяны түзу барысында оны азаматтық ұлт идеясымен де байыта түсудің маңызы зор болды. Бұл олардың этникалық өзгешеліктеріне қарамастан, барлық қазақстандықтардың ұлттық тепе-теңдігіне, пара-парлығына оңды ықпал етіп келеді. Біртұтас Қазақстан халқы «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген қасиетті ұғым-түсінікті шынайы түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстандық патриотизм мен жоғары моральдық рух азаматтық ұлттың шын мәніндегі атрибуттары ретінде мығым әлеуметтік-саяси күшке айналды. Қазақ еліндегі сан алуан ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тіршілігі, өзара сыйластығы мен мамыражай бейбіт өмірі ұстанып отырған саясаттың нақты жемісі болып табылады.
Сейдулла Садықов,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдары докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі.