ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ӨСПЕЙДІ
2025 ж. 17 қараша
54
0
Кейінгі кездерде ақпарат құралдарында еліміздегі экономиканың дамуына байланысты орын алып отырған кемшіліктерге сын көзбен қараған пікірлердің көбейгені белгілі. Бұл қоғамның дамуына өзінің тиімді ықпалын тигізетіні аян.
Зайырлы, демократия бағытындағы қоғамның ерекшеліктерінің бірі – сол қоғамда туындайтын мәселелерге байланысты пікірлермен биліктің санасуы.
Соның нәтижесінде қоғамда пайда болып жататын кейбір кемшіліктердің уақытында өз шешімдерін тауып жататыны да түсінікті жәйт. Біздің елде бұқаралық ақпараттарда экономикалық тақырыптарға айтылып жататын пікірлерді ескеріп, мүмкіндігінше пайдалануға көңіл бөлмейтіні алаңдатады.
Негізінен, көтерілетін мәселелер билік тарапынан халыққа алдын ала көп насихаттап, науқандатып бастайтын шаралар мен іс-әрекеттің кейінгі нәтижесі мен тиімділгінің төмендігінен жемқорлық белең алуына байланысты сынның айтылуы көп. Көлемді қаржы шығындаумен ірі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысан салған кезде, олардың белгіленген мерзімінде іске қосылмай, қаржылық шығынның жоспарлаған мөлшерінен артып, үнемі құрылыс құнының өсіп отыруы үйреншікті жағдайға айналған.
Яғни, бұл – жемқорлықтың асқынуына әкелетін жол. Оның басты себебі – біздің мемлекетте экономикалық-шаруашылық ұйымдастыруды ғылыми негізделген жүйелік бағытта жүргізу мәселесіне көңіл аударылмай, тек шетелдік үлгі, дайын матрицаларды еліміздің ерекшелігін ескермей (пайда қуған көлеңкелі топтардың ықпалымен) енгізуінде болып отыр.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Батыс Германияның кәсіпорындарының қирап, шаруашылық байланыстарының үзіліп, экономикасы құлдырап қалған жағдайда аз уақыт ішінде экономикасын аяғынан тік тұрғызып, дамыған елдердің қатарына қосылуының құпиясының нәтижесіне назар аудару қажет. Олар мемлекетті қайта қалпына келтіруге ғылыми негіздегі экономиканың даму заңдылығына негізделген шаруашылық ұйымдастырудың сол кездегі озық жүйесін қолданған еді. Сол «Функционалдық сараптау жүйесін (ФСЖ)» пайдаланудың нәтижесінде өндірістер мен құрылыстардағы негізсіз қаржылық шығындар мен еңбек жұмсаудагы ысырапшылдықты жойып, өнімнің өзіндік құнын төмендеуіне және еңбек пен ұйымдастырудағы тәртіп деңгейінің артуын іске асыруға мүмкіншілік берді. Және бұл жүйенің ерекшелігі – экономикалық салаларды дамытуды жоспарлау мен оны жүзеге асыру кезінде жемқорлыққа және басқадай да негізделмеген шығындардың болуына жол бермейтіндігі болатын.
Қазақ елінің келешегін шын ойлаған билік ғылыми бағытпен жүріп, экономикалық даму жолында осы «Функционалдық сараптау жүйесі» мен жетілген ғылым, технология, техниканың даму деңгейін ұштастыра пайдаланса, елімізде экономикалық салалардағы жоспарлау мен оны жүзеге асыру кезінде кеңінен орын алған сыбайластық жемқорлық пен кадр таңдаудағы бірін-бірі сүйреу және мемлекеттік қаржының негізсіз шығынға ұшырауына жол берілмейтін еді.
Өткен ғасырдың 60-80 ші жылдарындағы барша әлемді таңдандырған «Жапон ғажабы» деген атпен белгілі болған Жапон елінің экономикалық даму жолыныңда ерекшелігі де ескерілмегені өкінішті.
Жапондықтар дүниежүзі елдерінің ғылыми, техникалық, технологиялық жаңалықтары мен жетістіктерін пайдаланудың тиімді жолын таңдап, соны өз елінің ерекшелігіне бейімдеп енгізудің ғылыми жолын салып, аз уақытта экономикалық даму деңгейімен әлемдегі ең дамыған елдердің алдыңғы қатарына шыққаны аян.
Біз, экономикасы артта қалған бір ғана қаланың негізінде құрылған кішкентай мемлекет болса да, барша әлемнің экономикасыңа өз ықпалын жүргізу деңгейіне көтерілген Сингапурдың тәжірибесіненде сабақ ала алмадық.
Ал, табиғи байлығы жоқ, кедей, дамымаған Малайзия мемлекетінің Дүниезүзілік қаржы жүйесінің ықпалына қарсы тұра біліп, аз уақытта экономикалық дамуымен әлемді таңдандыруы да ойланатын тәжірибе еді.
Яғни, біз дүниежүзілік дамудағы Батыс бағытынан гөрі жаңашыл (прогрессивный), өз жолын салған «үшінші» жолға қарай бағыт алуымыз қажет еді.
Біз, еліміздің тарихи қалыптасқан жағдайларын ескере отырып, ұлттық рухани, діни ерекшеліктерімізді жоғалтпай, ұлттық идея мен экономиканың пәрменді, жаңашыл даму заңдылығы негізінде рухани азғындықтан сақтайтын қоғам құруға ұмтылуымыз қажет.
Біз, өз тәуелсіздігімізді мәңгі сақтағымыз келсе евроцентризм негізінде әлемді неолиберализмнің шеңберінен шығармау жолындағы жасалып жатқан батыс саясатының ықпалына ғылыми сараптама негізінде ғана, өте сақ жақындауымыз қажет. Өйткені бұл бағыт ғылыми тұрғыдан алғанда батыстың насихаттауындай ешқандайда әділ, әмбебап, адамзаттың құқын қорғайтын нағыз демократия- лық қоғамға әкелетін жол емес, ол бір топ алпауыт елдердің мүддесін қорғап, өз пайдасының жолында әлемді уысынан шығармауға арналған, саяси-экономикалық экспансия жүргізетін саяси доқтрина екені белгілі.
Біздің елде иновация мен инвестиция салып экономикалық даму ұғымының ара-жігін айыруда, кемшілік орын алғаны аян. Оның себебі, экономикалық дамудың бұлтартпас заңдылығына көңіл бөлінбей, не істелсе де оны саяси қажеттілікке бағындыру негізгі ұстаным болуында. Инновациялық даму деп, бұрын еш пайдаланбаған тәсілдер мен технологияның ғылыми жаңалақтар негізінде дамуды айтады, ал бізде шетелдің ғылыми жаңалықтары мен жаңа технологиясын көшіріп енгізуді инновация деп қабылдап отырғаны белгілі.
Сол жаңалықтарды экономикаға ұлттық ғылымымыздың үлес қосуымен, еліміздің даму ерекшеліктеріне ғылыми негізде бейімделе енгізілгенде ғана инновациялық бағыт бола алады. Бір өкініштісі, бізде ұлттық ғылымның дамуына көңіл бөлінбейтіндіктен өзіміздің ғалымдарымыз бен жас дарындарымыз қолдау таппай отырғаны жасырын емес. Егер, үкімет экономикалық, әлеуметтік дамудың тиянақты, жүйелі жолын салғысы келсе тек ғылымға сүйенуі қажет. Ғылым дамымаған жерде ешқандай екпінді даму мүмкін емес.
Сырттан келген қаржылық инвестициялардың өзін ғылыми негіздемеге сүйене пайдаланбаса, олардың алыпсатарлық (спекулятивный) сауда қатынастарын ғана дамытып, ел экономикасы салаларының тиімді дамуына ықпал етпейтіні белгілі. Оны көрсететін мысал – Қазақ еліне бертінгі жылдардағы әкелінген инвестициялар қандай саланы көтерді, қайда кеткенін өздеріңіз сараптан өткізсеңіз көп жағдайға көздеріңіз жетеді. Сондықтан экономикалық дамудың сауатты жолы білім, ғылым деп сөзбен сарай салғанша, ең бірінші ғылымды дамытуға, жаңашылдар мен өнертапқыштарды қолдауға қаражат аямай және не істесек те ғылым мен біліктілікке сүйенуіміз қажет.
Болат ДҮЙСЕМБІ,
саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақ үні