Адал еңбек пен ерік-жігердің иесі
2025 ж. 09 қараша
100
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025-ші жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгілеп, биылғы жылы еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінді. Осы орайда еңбек адамы, оқушыларды білім мен тәрбиеге, денені шынықтыруға баулып келе жатқан мұғалімдердің бірі – Мұрат Алтаевпен тілдескен едік.
Түркістан облысы, Кентау қаласы білім бөліміне қарасты Төрткүл-Төбе атындағы №15 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұрат Алтаев «ұстаздар династиясының» өкілі. Өйткені Алтаевтар әулетін өңір жұртшылығы «ұстаздар династиясы» ретінде жақсы біледі. Себебі әулеттен шыққан ұлдар ғана емес осы әулеттің келіндері де, қыздары да, тіпті немерелеріне дейін ұстаздық жолды таңдап, осы жолда аянбай еңбек етіп, ел мақтанышына айналған жандар.
2005 жылы ең алғашқы еңбек жолын Кентау көпсалалы колледжінде дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болып бастаған Мұрат Қосанұлы осы салада үздіксіз тер төгіп келеді. 2020 жылға дейін осы білім шаңырағында студенттерге уақытпен санаспай, сапалы білім, саналы тәрбие берді. Сонымен қатар, волейболдан үйірме жүргізіп, жастардың талабын ұштап, талай шыңды бағындыруына мұрындық болды. Бүгінде Мұрат Алтаевтан тәлім алған шәкірттердің әрбірі еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша еңбек етіп келеді. Түркістан облысы (бұрынғы Шымкент облысы) бойынша орта арнаулы оқу орындарының арасындағы спартакиадада өзі де жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Мұрат Қосанұлының шәкірті, Кентау көпсалалы колледжінің түлегі Ерболат Алтаев волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасының мүшесі, әрі спорттың осы түрінен халықаралық додалардың жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, еліміздің атын әлемге танытып жүр..
Сонымен қатар, Бауыржан Мамамткарим мүмкүндігі шектеулі жандар арасынан волейболдан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, Қазақстан спорт шебері атағын иеленген.
– Аталмыш спорт түрінен 3 рет күміс жүлдегері, 2 рет қола жүлдегері атанып, жеңіс тұғырынан көрінген. Сонымен қатар, Бауыржан Бахитжанұлы облыстық үстел теннисінен және жасөспірімдер арасында үстел теннисінен қола жүлдегер атанып, өзінің жан-жақты екендігін көрсетіп келе жатқан түлектің бірі. Бүгінде Кентау қаласы Жастар ресурстық орталығының маманы қызметін атқаратын Маматкарим мақтан етер шәкірттерімнің бірі. Колледжден шыққан бұдан өзге де түлектеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, қуантып келеді, – дейді Мұрат Қосанұлы.
Қазіргі таңда Түркістан облысы, Кентау қаласы білім бөліміне қарасты Төрткүл-Төбе атындағы №15 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұрат Алтаев оқушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануына ұйытқы болып келеді.
– Меніңше әрбір маман иесі өз кәсібіне адалдық танытса, сол салада жетер жетістігі де зор болмақ. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен бөлінбейтін ұғымдар. Осы үш ұғымды әрқайсымыз жанымызға айнымас серік ете білсек, «Жаңа Қазақстанның» болашағы да жарқын болмақ, – дейді Мұрат Алтаев.
Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың денесін шынықтырып қана қоймай, оларды шыдамдылыққа, тәртіпке және еңбекқорлыққа баулу жолында да тер төгіп келеді. Оның үстіне бүгінгідей ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып, бір орында тапжылмай отырып жұмыс істеу тәртібі қалыптасып қалған заманда, қозғалыс пен спорттың рөлі ерекше. Сондықтан дене шынықтыру пәні мұғалімі – тек жаттығу үйретуші емес, ол – балаларға өмір бойы өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйрететін тәрбиеші.
Сұхбат алу барысында Мұрат Қосанұлының ұстаз ретінде оқушылардың бойында командалық рух, өз-өзіне сенімділік пен табандылық қасиеттерін қалыптастыруға да өз үлесін қосатынын аңғардық. Сондай-ақ ол оқушылардың әрбірін талабына қарай, түрлі секцияларға бағыттап отырады. Бұл тұрғыда ата-аналармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Спорт арқылы балалардың мінезін, ерік-жігерін дамытып, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырады.
Бүгінде өзі қызмет атқаратын жалпы білім беретін мектеп оқушыларына волейбол, баскетбол, теннис сияқты спорт түрлерінен сабақтан тыс үйірме жүргізіп, олардың қабілеттерін шыңдап келеді.
Шәкірттерінің жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, Қосан Қарақат, Таир Балнұр, Раймжанова Фарида, Тайырова Махинұр сынды оқушылары Кентау қаласының құрамымен барып, облыс көлеміндегі күзгі чемпионатта 2014-15 жылы туған қыздар арасында жүлделі екінші орынды иеленді.
Осы орайда, айрықша атап өтерлік шәкірті – Қосан Қарақат 2013-14 жылы туған қыздар арасында Түркістан облысы құрамымен қатысып, Щучинск қаласында өткен ҚР күзгі біріншілігінде Қазақстан чемпионы атанды. Сондай-ақ, Қосан Қ. 2014-15 жылы туған қыздар арасында Алматы қаласында өткен ҚР күзгі чемпионатына Түркістан облысы құрамымен қатысып, жеңімаз атанды. Дәл осы оқушысы спорт шеберінен үміткер атанып, ұстаз үмітін ақтап келеді.
Волейболдан Кентау қаласының Ұлттық мектеп лигасы жарысында 5-6 сынып арасында ерлер командасында Төрткүл-Төбе атындағы №15 жалпы білім беретін мектептің құрамы жүлделі 2 орынды иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Сонымен бірге 5-6 сыныптар арасында футболдан ерлер командасының
Кентау қаласының Ұлттық мектеп лигасы жарысында жүлделі 3-ші орынды иеленіп, биіктерді бағындырды.
Жеңіс тұғырынан көрініп, мектептерінің абыройын асырып жүрген шәкірттері жетерлік. Мұның бәрінің артында ұлағатты ұстаз Мұрат Алтаевтың ұшан-теңіз еңбегі жатқанын атап өту ләзім.
Талантты шәкірттерді тәрбиелеп, олардың жұлдызын жағып қана қоймай, өзі де бірнеше жылдан бері баскетболдан және футболдан 40 жастан асқан ардагерлер арасында Түркістан облысы чемпионаттарының жеңімпазы атанып келеді.
Қазақстанның Волейбол федерациясы құрамының мүшесі, 1-ші дәрежелі төреші ретінде Волейболдан әйелдер арасындағы Қазақстан Ұлттық ойындарында және волейболдан ерлер арасындағы жоғары лигада төреші болып, ойындарға әділ төрелік етіп келеді.
Қазіргі таңда Дене шынықтыру және спорт педагогика ғылымдарының магистрі болып табылатын Мұрат Қосанұлы өзі тәлім беретін оқушысымен бірге «Кентау қаласының таулы, сулы аймақтарында спорт және туризмді дамытудың жолдары» атты тақырыпты зерттеп, осы бағытта аймақта атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстарды ғылыми тұрғыдан зерттеп, сарапқа салуда.
Бір сөзбен айтқанда, адал еңбек пен ерік-жігердің иесі Мұрат Алтаев нағыз еңбек адамы. Еңбегімен ел құрметіне бөленген ердің бағындырар белесі алда деп білеміз.
Гүлмира САДЫҚ,
«Қазақ үні»