Ел мақтанышына айналған еңбек адамы
2025 ж. 09 қараша
147
0
өрт сөндіруші Олжас Қабденов туралы бір үзік сыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осынау атаулы жылдың аясында еңбек адамдары туралы сыр тарқатсақ дейміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің маманы – Олжас Қабденов.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы Олжас Сымбатұлы оқушы кезінен-ақ жауапкершілігі зор мамандықтың сырына қанығып өседі. Мектепті бітірген бойда, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түскен ол жоғары білім алудың оңайға түспегендігін айтады.
«Оқуымды бітіріп жұмысқа кіріскен кезде тәжірибе аз болды. Өрт сөндірушілермен бірге өртті сөндіре жүріп, шыңдалдым» дейді бүгінде өзі ісінің білікті маманына айналған жан.
Әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызықшылығы бар десек те, өрт сөндіруші мамандығының иелері өз бастарын қауіп-қатерге көбірек тігетін кәсіп иелері. Мұндағы ең басты мақсат – өзгелердің өмірін, мүлкін және табиғатты тілсіз жаудан қорғау үшін бар күш-жігерін жұмсау. Олардың таңы тыныш атқанымен, кез-келген мезетте қауіп-қатерге толы жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін.
– Таңмен таласа сағат 8:00-де бөлімге келген өрт сөндірушілер кезекшілікті қабылдап, өқз жұмысын техникаларды тексеруден бастайды. Барлық құрал-жабдықтар – отқа төзімді киім, каска, тыныс алу аппараты, өрт сөндіргіш заттар және су көлігі барлық уақытта сақадай сай тұруы тиіс. Себебі тілсіз жау саналатын өрт ешқашан ескертіп келмейді.
Күнделікті жаттығулар мен оқу-жаттығу дағдылары біздің кәсіби дайындығымызды арттырады. Біз биік ғимараттарға өрмелеуді, түтін арасынан адамдарды құтқаруды, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үнемі пысықтап отырамыз, – дейді Олжас Қабденов.
Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері күндізгі уақытта көбіне тұрғын үйлер мен мекемелерге алдын алу тексерісін жүргізіп, халыққа өрт қауіпсіздігі ережелері туралы толығырақ мағлұмат береді. Өйткені, халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізу – тілсіз жаудың алдын алудың негізгі тетігі.
Бірақ кез-келген сәтте «Тревога!» дабылы соғыла қалған жағдайда, бәрі жұмысын тастап, санаулы минуттарда көлікке мініп, оқиға орнынан табылуға тырысады.
Осынау жауапкершілігі зор жұмыстың жүгін арқалап жүрген өрт сөндіруші маманнан құтқару процесі қалай жүргізілетінін де сұрадық:
– Өртке оранған орынға жедел жету біздің ең басты міндетіміз. Себеті өрт туындаған сәтте әр секунд маңызды. Мұндай жағдайда өз қызметін қалтқысыз атқаруға дағдыланған менің әріптестерім бірі су шлангысын жалғайды, екіншісі адамдарды эвакуациялайды, ал үшіншісі түтін арасынан зардап шеккендерді іздейді. Қатты ыстық пен түтінге қарамастан, от жалынның ортасында жүріп, тапсырманы тыңғылықты орындауға әрбіріміз дағдыланғанбыз. Өз міндетімізді атқарып, бөлімге қайта оралған бойда, әрқайсысымыз тиісті құрал-жабдықтарды тазартып, технканы қайта қалыпқа келтіреміз. Одан әрі бірге ас ішіп, тынығып, келесі шақыруға дайындаламыз, – дейді Олжас Сымбатұлы.
Өмір бойы батылдықты жандарына серік еткен құтқарушылар шындығында да нағыз еңбек адамы. Еселі еңбегі арқылы елінің мақтанышына айналған Олжас Қабденовтей жігерлі жігіттердың бүгінгі ісі осы саланың болашақ мамандарына үлгі-өнеге десек артық айтқандық емес. Өздеріне артылған жауапкершілік жүгін жан жүрегімен түсінетін өрт сөндірушілерде жұмыс барысында титтей де кемшілік жіберуге болмайды. Өйткені әрбір шырылдаған қоңыраудың артында шырылдаған халық тұрғандықтан, олардың әрбірінің өмірін аман сақтап қалу құтқарушылар үшін ең бір жауапты міндет. Олар үшін ең үлкен марапат – құтқарылған әрбір адам және аман қалған әрбір үй.
– Қоңырауды радиотелефоншы қабылдап, от жалынның шарпығандығы туралы хабарды жекізіп, дабыл түймесін басқан сәттен бастап 1 минуттың ішінде жауынгерлік киімімізді киіп шығып кетеміз. Жолда сан түрлі ойлар санамызға келетіні де жасырын емес. Ең басты құндылық – адам болғандықтан, ең бірінші кезекте адамдарды құтаруға тырысамыз. Үйі өртеніп жатқан тұрғындар жанұшырып, қайта-қайта хабарласып, мазасызданатыны да қалыпты жағдай. Себебі ондай қиын кезде 5 минуттың өзі 5 сағаттай көрінетіні бар. Шағымданатын тұрғындар да жетіп артылады. Мұндай жағдайда біз де мүмкіндігінше түсіністік танытуға тырысамыз. Көп жағдайда әр нәрсенің қайыры бар екенін айтып, сабырға шақырамыз, – дейді құтқарушы маман.
Олжас Қабденов қаншалықты қиын болғанына қарамастан, өз мамандығын мақтан етеді.
«Қарапайым халықтың алғысын алғаннан асқан бақыт жоқ. Ең үлкен құрмет те, ең үлкен марапат та құтқарылған жұрттың бізге білдірген шынайы ризашылығы» деп жалғады сөзін ол.
Алматы облысы Қарасай ауданында күні бүгінге дейін бір ғана өрт сөндіру бөлімі қызмет етіп келген болса, келесі жылы Жібек жолы ауылынан тағы бір жаңа өнрт сөндыру бөлімі бой көтермек. Бұл өз кезегінде халыққа сапалы қызмет көрсетуге бастаған жол болмақ. Осынау игі іс ел игілігі жолында жасалған жүйелі жұмыстың бір парасы ғана.
– Осы орайда сала қызметкерлерінің жағдайымен етене танысып, оларға материалдық жағдайдың жасалуына мұрындық болып, тұрғын үй төлемдеріне қатысты мәселелерді де оң шешілуіне септігін тигізіп, жұмыс сапасын арттыру мақсатында қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп жатқан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың еңбегін айрықша атап өту ләзім, – деп тәмәмдады сөзін маман.
Бар күш-жігерін туған елінің амандығы үшін сарп етіп жүрген ерен еңбек иелерінің жұмысы жемісті болсын деп тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымызды айтып келмейтін апаттардан сақтасын деп тілейік!
Гүлмира САДЫҚ,
«Қазақ үні»