ЕНЖАРЛЫҚТАН АРЫЛАТЫН КҮН БАР МА?..

ЕНЖАРЛЫҚТАН АРЫЛАТЫН КҮН БАР МА?..

Біз, өмір сүріп жатқан қоғамның даму үдерісінде орын алған кейбір жағдайларды ұғу үшін, кейде адамзатттың өткен тарихи жолына үңіліп сабақ алуымыздың артықшылығы жоқ.

Адамзаттың тарихын терең зерделесе, жұрттың жабайылық өмірден жиған тәжірибе ықпалының әсері, оларды бірлесіп табиғатты пайдаланудың алғаш қарапайым жолы қауымдастыққа алып келгені белгілі. Ұзаққа созылған қауымдастықтың жетілуі тіршіліктің табиғи даму заңдылығы адамдардың өмірін жетілдіретін өзгерістер енгізді. Адамдардың күштілер мен әлсіздерге, ауқаттылар мен кедейлерге бөлінуіне және олардың ара-қатынастарының қалыптасуына, жекеменшіктің адамзат тағдырына ықпалын жүргізетін күшке айналуына жол ашты. Қауымдастықтың жетілуі, адамдарды тіршіліктің табиғи теңдік сақтайтын дамуынан алшақтатып, оларды тапқа бөлетін, ірі жекеменшік иелері билеген жаңа қоғамдық даму деңгейіне әкелді.

Осы деңгейге алып келген жан-жануар, жәндіктердің тіршілігіне тән тәбиғи құбылыстардың ықпалы болды. Қоғамдық өмірге бейімделудің қадамы, сол даму кезеңіндегі табиғаттан сана-сезім жетілу ықпалымен шыққан адамдардың қалыптаса бастаған ойлау мен ғылымның жеткен деңгейіне байланысты еді. 

Қазіргі өркениет деңгейіне жету үшін адамзаттың жүріп өткен сапары қарым-қатынаста қайшылығы мол, тартыс-арпалысқа, дағдарыс пен жетістікке толы, табиғаттың зардабында көрген ауыр жол болғаны аян. Осы өткен табиғат тіршілігі шеңберіндегі даму жолы адамдардың физиологиялық өзгеруі, рухани жетілуі, мінез құлқы мен ойлау қабілетінің дамуы адамзат өркениетінің негізін қалап, ары қарай өсуге жол ашты. Адамзат өркениетінің дамуы табиғи тіршілікпен қабысып жатуы табиғи құбылыс. Яғни, адамзат өркениетінің дамуы табиғаттың даму заңдылығына бағынатыны ақиқат. 

 Қоғам өмірінде қай уақытта болсын, даму үдерісінде әр қашан пайда болатын сан-алуан жағдайдайларға байланысты, бір-бірімен қарама қайшы ұғымдар мен пікірлердің туындап жататыны табиғи үдеріс. Осы, өмірдегі ұғымдар мен пікір қайшылығы күресінен туатын идеялар қоғамды жетілдіріп дамытатыны табиғи заңдылық. Сондықтан қоғамның даму үдерісінің нәтижелі, ұтымды болуына ықпал ететін идеялардың саяси қажеттілікке сүйенбей, тек мемлекетқұрушы ұлттың менталитеті мен ғылыми негізде қалыптасқан қоғамдық сананы қалыптастыруды қажет етеді. 

Қоғамдық сана биліктің ұстанымы мен идеологиясынан қалыптаспайды. Қоғамдық сананы қалыптастыратын ары таза, дарынды философ, ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер, мәдениет саласының өкілдері және қарапайым жұрттан шыққан ел сыйлайтын ақсақалдар мен ұстаздар. 

Бұл тұжырым, адамзаттың тариғи даму тәжірибесі мен ғылыми дәлелденген табиғи заңдылық екені аян. Осындай қоғамдық сана, ғана халық пен биліктің бірлігін нығайтып алға қойған мақсатқа жетелейді. Адамдардың пікірімен санаспайтын қоғамның келешегі жоқ.  

      Жаңа қоғамдық сананың қалыптасуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы мен рухани дамуы деңгейінің өсуіне ықпал ететін құбылыс. Қарапайым, түсінікті тілмен айтқанда, бұл үрдіс тіршіліктің күйбеңімен жүрген жұрттың өмірінде қажетті мәселелердің жауапкершілікпен, жеңіл, әділ шешілуіне жол ашады. Яғни, қоғамның әділетті болуы – билікке деген сенім мен оны қолдайтын ынтымақты қалыптасуы және биліктің өз халқының намысын қорғап, үнін еститін, елінің мүддесіне адал қызмет ететін демократиялық деңгейге жеткенін көрсетеді.

Шындықты айтатын болсақ, біздің қоғамда әлі күнге дейін осы үрдісті бағалау, кешегі кеңес дәуірінен қалыптасып қалған, халық арасына кеңінен тарап кеткен қате ұғым шеңберінен шыға алмай отыр. Біздің қоғамда халық мемлекетшілдік ұғымын толық меңгермеген, азаматтық сауатты белсенділігі жоқ енжарлық жеңген деңгейде өмір сүріп жатыр. Қарапайым қатардағы адамдар да, өздерін зиялы деп санайтын оқыған азаматтар да, осы үрдістің табиғи шын мағынасына мән бермей теріс қабылдап, билікке қарсы саясатпен айналысу деген көзқарас қоғамда аксиомаға айналған. 

Соның салдарынан, адамдар қоғам өміріндегі орын алған кемшіліктерді тек биліктегілердің іс-әрекетінен туындайды деп, субъективтік ұғымның шеңберінен шыға алмай, қоғам өміріндегі болып жатқан жағдайларға, бір жақты қоғамға зиян әкелетін ұғым қалыптасқан. Яғни, жұртқа кеңінен тараған: «Етікті – етікші тіксін, саясатты саясатшылар жасасын» – деген ұғым халықты адастырып келеді. Осы қалыптасқан жағдай, қоғамның ішкі саяси өмірінде шешілмейтін көптеген келеңсіз кемшіліктердің туындап мемлекеттің тәуелсіздігіне, келешегіне қауіп төндіретіні аян.

      Халқымыздың мәңгі тәуелсіз мықты мемлекетте дәулетті, ынтымақпен, бірлігі берік, ұрпғының келешегі жарқын болатын өмір сүруі үшін, еліміздің ішкі қайшылығын сауатты шешетін, ғылым мен өз халқының менталитеті негізінде қалыптасқан мемлекетшіл қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Қоғамның өзгеріп әділ, табиғи әлеуметтік теңдікті сақтайтын демократиялық ел болуына, жаңа қалыптасқан қоғамдық сана ғана кепіл болады.

Ол үшін халық та, билік те, ең алдымен пендешіліктен арылып өзгеруі қажет.

Болат Дүйсембі, 

саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі