Қазыбек Иса: Қазақ Елінде Қазақ мектебі ашылар болса, қашанғы шу шыға береді?!.

Қазыбек Иса: Қазақ Елінде Қазақ мектебі ашылар болса, қашанғы шу шыға береді?!.

Алматы қаласында №224 мектептің аралас болуына байланысты қоғамдағы резонанс басылар емес. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның Оқу-ағарту министрі  Ж.Д.Сүлейменоваға, Алматы қаласы әкімі Д.А.Сатыбалдыға жазған сауалын оқырман назарына ұсынамыз.

***

Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!

Құрметті Дархан Амангелдіұлы!

Алматы қаласындағы ашылғалы тұрған № 224 мектептің бұрын шешім шығып, бекітілгендей мемлекеттік тілде болуын талап еткен 51 ата-ана мен қоғам белсенділернің хаты Парламентке, маған, депутат Қазыбек Исаның атына келіп түсті. Тағы да осындай талап қойған постар мен хаттар жиі келуде және Фейсбук және тб әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс тудыруда.

Алматыдағы №224 мектепке байланысты жергілікті тұрғындардың атынан сұрақтар туындап отырғанына Сіздер де хабардар болуларыңыз керек.

Мәселен, алғашқыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер мемлекеттік тілде оқытатын білім ошақтары ретінде салынатыны туралы мәліметті қуанышпен қарсы алған тұрғындар, бүгінде, Бостандық ауданындағы жаңа салынған №224 мектеп аралас тілде болады деген Алматы қаласы Білім басқармасының бастапқы шешімді өзгертіп, мың құбылып отырғандарын естіп, қатты наразы болып отыр. Сонымен қатар, мәселеге байланысты өздерінің бір неше нақты дәлел-дәйектерін келтіріп, ашылып жатқан жаңа мектептердің, соның ішінде № 224 мектептің мемлекеттік тілде болуын талап етіп отыр.

«Жайлы мектептің» ашылуын қуанышпен күтіп жүрген қаншама аудан оқушылары мен ата-аналары балаларының таза мемлекеттік тілде білім алғанын қалайды.

Қазіргі таңда, Бостандық ауданында орналасқан 34 мектептің тек 10-ы ғана мемлекеттік тілде білім береді екен. Бұл – халық тығыз орналасқан ірі аудан үшін өте төмен көрсеткіш. 

Біз де, өз тарапымыздан тұрғындардың айтып отырғандарымен келісіп, талаптарын толығымен қолдаймыз. 

Себебі, орыс сыныбына баратын балалар үшін дәл осы № 224 мектептің айналасында 3 мектеп бар:

1.Бостандық ауданындағы «Асыл Тау» тұрғын үй кешені орналасқан шағын ауданға қарасты №65 мектеп-гимназиясы қазақ-орыс аралас тілде білім беретін мектеп.

2. Қаныш Сәтпаев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысына жақын орналасқан №94 мектеп-гимназиясы қазақ-орыс аралас тілде білім береді. 

3. Қаныш Сәтпаев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысына жақын тағы да №22 мектеп-гимназиясы қазақ-орыс аралас тілде білім береді. 

4.Бұл аралас мектептердегі қазақ сыныптарында балалар өте көп, 36-40-қа дейін жететіндіктен қазақ сыныбына балалар қабылдай алмайды.

5. Бұл жерде тек Түркебаев көшесіндегі №140 мектеп-гимназиясы ғана мемлекеттік тілде білім береді, бірақ онда да оқушы саны шамадан тыс көп. Ал, 25-тен жоғары 34-36 оқушыға дейін баланың сыныпта артық отырғаны сапалы білім алуға аса кедергі болып келе жатқаны сөзсіз. Сонымен қатар жан-жақтан балаларын қазақ мектебіне бере алмай, жергілікті биліктің теріс шешіміне наразы болып жүрген қаптаған ата-аналар арыздарын желіде айтуда.

Алматыдағы бұл #224 жайлы мектептің басында “Қазақ мектебі болады” деп ашылғанын әлеуметтік желіде қатты тарап жатқан видеодағы ата-аналар да өте дәлелді аргументтермен салмақты түрде сауатты сараптап айтып беріп жатыр! Тіпті, «Тәуелсіздігіміз қайда?» деп, баласының болашағына қайғырып, жылап тұрған ата-ананың да айтқан дәлелді сөздері сай-сүйегіңді сырқыратады?! 

Бұдан артық не керек? Алматы қаласы Білім басқармасы басшысы Сайран Сайфеденовтың жұмысы видеода ата-аналар ашынып айтқандай: “қазақтілді аудитория мен орыстілді аудиторияны бір-біріне айдап салып, арандату” ма? Өткенде де осындай елді дауластырған тірлік болып, бізге жазылған ата-аналардың хаттарын жолдаған соң, Президент әкімшілігі араласқасын ғана әйтеуір оң шешілді! Оқу-ағарту министрлігі басшылық жасап, Алматы қала әкімдігі жауапкершілікті алып, бұл күрделі де маңызды мәселені оң шешпесе, арты тағы да бұрынғыдан да бетер шу болайын деп тұр. Қазақ Елінде Қазақ мектебі ашылар болса, қашанғы шу шыға береді?!.

Біз Мемлекеттік тілдегі мектептердің санын көбейтетін кез әлдеқашан жеткенін алға тартып, қазақ тілді азаматтардың құқықтарының бұзылмауына және мәселенің ушығып кетпеуіне алаңдаулымыз. 

Сондықтан, еліміздегі маңызды мәселені ушықтырмай, кешіктірмей, үлкен қатерге жеткізбей әділ шешу үшін, аталған мәселені заң шеңберіңде жан-жақты қарастырып, дұрыс шара қолдануларыңызды және толық нәтижесі туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.

Құрметпен, 

Депутат Қазыбек Иса