Биліктегі бір адамды ғана Нобель сыйлығына ұсынған 30 жыл артта қалды – Қазыбек Иса

Биліктегі бір адамды ғана Нобель сыйлығына ұсынған 30 жыл артта қалды – Қазыбек Иса

Қазақ әдебиетінде жаңа заман кейіпкерін қалыптастыруда мемлекеттің қолдауы керек!

Бүгін, 2025 жылы 29 қазанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысындағы Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның қазіргі қазақ әдебиеті мен руханиятындағы өзекті мәселелерді көтеріп, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалы.

1.Мемлекет пен әдебиет диалогы

Әдебиет пен мемлекет арасындағы байланыс – рухани даму деңгейінің айғағы. Мемлекет әдебиетке назар аударса, қоғамның рухани иммунитеті күшейеді.

2025 жылы қаңтарда ҚР ПрезидентІ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдіктің «Егемен Қазақстандағы» сұхбатына жоғары баға беріп, оның айтқан ойлары ұлт руханияты үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Президент: «Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын. Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамдық құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды.» - деп жазды.

Бұл сөздердің астарында қандай маңызды ұстанымдар бар?

Мемлекеттің рухани саясатында әдебиеттің өзіндік орны бар екенін білдіру;

Қаламгердің қоғам алдындағы миссиясына құрмет көрсету;

Жас буынға әдебиет арқылы тәрбие берудің маңызын айқындау.

2.Мемлекет пен әдебиеттің өзара ықпалы

Мемлекет басшысының жазушыға жазған жеделхаты – мемлекет пен әдебиет арасындағы жаңа рухани стратегиялық серіктестіктің бастауы деп білеміз.

Мұндай өзара құрмет пен үнқатысу – қазақ әдебиетінің дамуы мен ұлттық рухтың жаңғыруының кепілі.

Мемлекет мәдениетке инвестиция жасап, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің беделі көтерілуі керек.

Мемлекет басшысының қазақ әдебиетінің болашағына алаңдап, рухани үндестік танытуы— қазақ қоғамында мәдени саясаттың жаңа кезеңі басталғанының белгісі. Үкімет бұл үнқатысуды жүйелі форматқа айналдырып, әдебиетті ұлттық сана мен рухты жаңартудың негізгі тетігі ретінде дамытуы қажет.

Мақсат – қазақ әдебиетінде жаңа заман кейіпкерін қалыптастыруды мемлекеттік рухани стратегиялық саясаттың басым бағытына айналдыру, үкімет пен әдебиет арасындағы мәдени үнқатысуды жүйелі диалогтық платформа ретінде бекіту.

Мұндай диалог:

Әдебиетті ұлттық идеяны жүзеге асыру құралы ретінде тануға;

Қоғамдық сананы қалыптастыруда жазушының рухани көшбасшылық рөлін мойындауға; 

Әдебиеттің мемлекеттік саясаттағы мәртебесін арттырып, «Рухани Тәуелсіздік» идеясының нақты іске асуына ықпал етуі тиіс.

3.Мемлекеттің тұрақтылығы мен ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын - әдебиет.

Әдебиет – мемлекеттің мәдени және идеологиялық күші. Әдеби шығармалар халықты бір мақсатқа ұйыстырып, патриотизмді оятады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы ұлттық бірегейлік пен рухты қалыптастырды.

Қазіргі заманда саяси тұрақтылықтың өзі мәдени және рухани үйлесімге тәуелді. Мысалы, Еуропадағы Ағарту дәуірі (XVIII ғ.) әдебиет пен философияның өрлеуі арқылы ғылым мен саясаттың да өркендеуіне жол ашып, мемлекет дамыды.

Әдебиет – мемлекеттің рухани коды, ғылымның идеялық тірегі және ұлттың мәңгілік жаны.

Әлемдік дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен мемлекет басшысы “әдеби дипломатия” арқылы көптеген мемлекеттердің өз ықпалын жүргізіп отырғанын жақсы біледі. (Мысалы, Франция – Гюго мен Камю арқылы, Жапония – Мураками арқылы).

Әдебиет – ұлттық идеологияның жұмсақ күші деген осы.

Халықтың елдік санасын және ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын - Әдебиет.

Мемлекеттің дамуы да, ғылымның дамуы да ең алдымен әдебиеттен, яғни руханияттан басталады.

Ғылым мен техника қанша өркендесе де, әдебиетсіз руханият негізі жоқ, қоғамның жаны болмайды.

Кешегі билік басындағы бір адамды ғана Нобель сыйлығына ұсыну мақсаты дарынды жазушыларымызға тосқауыл болған отыз жыл артта қалды... Енді мемлекет басшысының өзі әдебиетке қолдау жасауда.

Алайда, қазіргі қоғамда заманауи кейіпкер бейнесі әдебиетте толық сомдалмаған. Әдебиет пен мемлекеттік идеология арасындағы өзара ықпал әлсіз, жас буынның әдебиетке қызығушылығы төмендеп жатыр. Сондықтан бұл бағытта жүйелі мәдени саясат пен рухани бағдар қажет.

Әлемдік әдеби бәсекеге қауқарлы ұлттық деңгейдегі проза мен поэзияны іріктеумен айналысатын білікті сарапшыларды қолдау керек. Бізде әдеби кәсіби сын әлсіз. Прозаның мазмұны, поэзияның осы замандық ағымдары өзгерді. Өкінішке орай үкіметтік құзырлы орындарда осы заманауи әдебиет пен мәдениеттің иісі мұрнына бармайтындар әдебиетті қолдауда немқұрайдылық пен шарасыздық танытуда.

Қазір қазақ әдебиетіндегі рухани дағдарыс байқалады. Көп шығармалар Өткен заманың сүрлеуінен шыға алмаушылық бар. Ал қазір елге болашаққа сенімді, жарқын жол көрсететін шынайы шығармалар керек. Әсіресе, жастарға ұлттық ұстаным мен жарқын технологиялық жаңа заманды ұштастыра білген ұлттық кейіпкерлер керек.

Қазақтың саңлақ жазушысы Саттар Ерубаевтың өткен ғасырдың отызыншы жылдары, зұлмат кезеңде жүріп, 20 жасында жазған “Менің құрдастарым” романындай өз замандастарын сомдаған, олардың жасампаздығын толғаған, ұлттық әдебиетте тұлғалық, рухани жаңару идеясын жырлаған кесек шығармалар керек. 

 «Ақ жол» фракциясы қазақ әдебиетінің даму қарқынын күшейтіп, қаламгерлерді рухани тереңдік пен кемелдікке бағыттау мақсатында Қазақ Әдебиет институтын ашуды ұсынады. Әдебиет институты АҚШ, Қытай, Германия, Үндістан және тб көптеген мемлекеттерде бар. Кезінде Кеңес одағының өзі Әдебиет институтын ашып, қаламгерлердің жаңа буынын дайындап шығарды.

Қатаң қадағалаумен әлемдік 100 прозалық, 100 поэзиялық туындылардың аудармасын жасау қажет. Қазақ әдебиетінің озық туындыларының сапалы аудармаларын жасап, Орта Азия,түрік мемлекеттерінен бастап, әлемге насихаттау ісін жолға қою керек. Бұған дейінгі жасалып, шетелдерге таратқан аудармалардың көбісінің сапасы сын көтермейтінін әйгілі қаламгерлердің өздері талай жазды.

Үкімет пен Жазушылар одағы арасында тұрақты “Рухани кеңес” құруды ұсынамыз.

Жылына екі рет әдебиет, тіл, мәдениет мәселелерін талқылайтын консультативтік кеңес өткізіп тұру керек.

Құрамына – белгілі жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет қайраткерлері және мемлекеттік саясаткерлер енгізілуі тиіс.

Мақсаты – әдебиетті ұлттық идеологияның жұмсақ күші ретінде қолдану.

2021 жылы парламентте Жазушылар одағы, композиторлар, театр қайраткерлері, суретшілер одағы болсын ұлттық рух беретін, ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтармен ит үйрететін одақтардың, жалпы 22 мың ұйымның статусы бірдей болғандықтан, мемлекеттік тапсырысқа ие бола алмай, күндерін зорға көріп отырған күрделі мәселелерін көтергенбіз. Республика көлемінде кеңейтілген жиын өткіздік, депутаттық сауал да жасадық. Сол кезде Мәдениет туралы заңға рухани шығармашылық одақтарға өз алдына жеке мемлекеттік стратегиялық серіктестік деген статус ұсынып, енгізгенбіз. Соның арқасында қазір Қазақстан Жазушылар одағы, Суретшілер одағы секілді шығармашылық ұйымдар үкімет грантымен түрлі жобаларын қаржыландырып отыр.

“Ақ жол” фракциясының Үкіметке нақты ұсыныстары:

1.Қазақ Әдебиет институтын ашу керек. 

2.Қаламгерлер алаңсыз шығармашылықпен айналысуы үшін еңбегіне лайықты қаламақы мәселесі нақты шешіліп, жолға қойылуы тиіс.

 3. Қазіргі заман әдебиетіне лайық туындылардың жарнамасын жасауды Үкіметтің өзі қолдауы керек. Әдебиеті әлемге әйгілі Жапония секілді елдердің осындай үздік тәжірибелері бар.

 4. Әлемдік 100 прозалық, 100 поэзиялық туындылардың аудармасын жасау қажет.

 5. Үкімет пен Жазушылар одағы арасында тұрақты “Рухани кеңес” құру.

 6. “Қазақ әдебиетіндегі қазіргі заманкейіпкері” тақырыбында мектеп және ЖОО бағдарламасын жаңарту.

Университеттерде “Қазіргі қазақ әдебиетіндегіадам концепциясы” атты жаңа курс енгізу.

 7. Қазақ әдебиетінің шынайы шығармаларын цифрландыру,

электронды әдеби платформа жасау.

Бұл – ұлттық әдеби мұраның жаңа буынға ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

 8. Әдебиет пен қоғамның байланысын арттыратын шаралар бағдарламасын қабылдау. Әр облыс орталығындағы Қазақстан жазушылар одағы филиалдарын күшейту керек. Жазушылар мен жастардың кездесуін ұйымдастырып отыру қажет.

Мақсаты – әдебиет пен өмір арасындағы алшақтықты азайту.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы депутаттары:

Қазыбек Иса,

Азат Перуашев,

Дания Еспаева,

Ерлан Барлыбаев,

Серік Ерубаев,

Олжас Нұралдынов