КЕДЕЙШІЛІК ШЕГІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?
2025 ж. 14 қазан
39
0

Кейінгі жылдары Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына жетеді деген ұранды барша жұрттыың құлағына құйып құлшынуымыздың түбінде әсірелік (авантюра) жатқан сияқты. Кейбіреулердің, тіпті, аз уақыттың арасында осы елу елдің өкшесін басып отырмыз дегенді де айтып жүргені баршылық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз, илайым солай болсын, дәулетті ел қатарлы өмір сүру кімге ұнамайды. Біздің қазақ бабалар даналығын қадірлейтіндіктен Аяз бидің: «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген тәмсілін еске сақтап, әр кезде шалыс қадамнан сақтанатыны белгілі.
Қазақ елі аяғынан енді тұрып келе жатқанда «әлін білмеген әлектің» кебін киіп, көршілерге күлкі болмаймыз ба дегенді ойлау қажет. Осыған байланысты бүгінгі күні қарапайым халықтың қалыптасып отырған ахуалын біраз таразыдан өткізіп көрсек. Оның нәтижесі көңілді қанағаттандыра қоймады.
Мысалы, біз қатарына жетсек деп отырған елдердегі өз табыстарымен күн көретіндер мен еліміздегі қарапайым адамдардың жағдайын салыстыруға болмайтын көрінеді. Біздің елде азық-түлік қоржыны бойынша әр адамның ең төменгі күнкөріс деңгейі (минимумі) 43 тауар мен қызметтен құралып, жалпы сомасы 17439 теңге деп белгіленген. Біз қатарына қосыламыз деп жүрген елдерде ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін бір айға қажетті тауар мен қызмет түрі Германияда – 475, Англияда – 350, АҚШ-та – 300 құрайды екен. Ал, кішкентай Люксембург мемлекетінде айына 1545,83 евро (яғни – 282887 теңге) табыс таппайтындарды тұрмысы төмендерге жатқызса, Данияда –1208,08 евро (221079 теңге), Ирландияда – 11436,66 евродан (209839 теңге) кем табысы барлар тұрмысы нашарлар қатарында есептелетін көрінеді.
Егерде еліміздің статистика агентінің ұсынып отырған төменгі қажеттілікті көрсететін азық түлік қоржынының қалай жұмсалуын жобалағанына көңіл аударсақ 17439 теңгенің бір айда 3540 – ет, балық сатып алуға, 2580 – сүт, май және жұмыртқаға, 2546 – жеміс пен көкөніске (картоп осының ішінде), 1343 – нан, жарма өнімдеріне, 455 теңгесі қант, шай және басқадай дәмге арналған көрінеді. Сонда, бір айда бір адамға 10464 теңгеден келеді екен де, орта есеппен күніне 573,33 теңгеге тамақтануды қанағат тұтуы тиіс екен. Қалған 6075 теңгені бір айда күнделікті тұрмысқа қажет заттарды сатып алуға, қоғамдық көлікпен жүруге, коммуналдық қызметтерді өтеуге, дәрі-дәрмек, киім-кешек алуға және тағы басқа да өмірде туындап жататын қажеттерге жұмсауға арналған. Ал адамдардың тұрмысының маңызды бөлігі болып табылатын баспана мәселесі мүлде ескерілмеген.
Мысалы, көршіміз Ресейде төменгі деңгейде өмір сүруге қажетті тауарлар мен қызметтердің саны 156-ны құрап және әр адам үшін 18 шаршы метрлік баспана шығыны енгізілген. Қазіргі азық-түліктің, коммуналдық қызметтерінің, электр қуатының, қоғамдық көлікте жүру құнының және басқа да қызмет көрсету ақыларының үнемі өсіп жатқаны белгілі, бірақ осы жағдай еске алынып, одан жұртты қорғайтындай механизм белгіленбеген. Ақиқаты сол, қарапайым жұрттың дені кедейшілікте өмір сүріп жа- тыр.
Егер, «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның 9-бабына сүйенсек, бізде биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жалақының ең төменгі мөлшері – 17439 теңге болып отыр. Біз жоғарыда көрсеткендей, Ирландияда бір айда 209839 теңге табыс таппайтындарды күнкөрісі төмендерге теңесе, біздің елде бір адамға азық-түлік қоржыны бойынша бір жылға 209268 теңге белгіленген. Яғни, біздің елде бір айлық төменгі табыс кезіне негізделген кедейліктің шегі 6975,6 теңге болуы еліміздегі кедейшілік көріп отырған адамдардың санын жасанды төмендетуге алып келіп, соның салдарынан экономикалық даму стратегиясын жасаған кездерде, әлеуметтік мәселелердің шешуін жоспарлауда қателіктердің бар екенін көрсетеді. Біздің елде ресми деректер бойынша 2011 жылы табысы, күнкөрістің ең төменгі шамасынан төмен тұратын халықтың үлесі – 5,3 пайыз болған, яғни 886902 адам кедейшілікте өмір сүрген. Егерде шындығында солай болған болса, онда біздің ел әлемдегі ең бай, ауқатты адамдар өмір сүретін ел болып отырмыз.
Германия, кедейлері ең көп ел қатарына (кедейшілік үлесі – 15 пайыз) жатқызылған және ол елдегі кедейшілік шегі 912,75 евроны құрайды (167033 теңге). Ал Европа елдерінде ең кедейшілік аз деген елдердің өзінде кедейлердің үлесі 9 пайыз көрінеді. Осының өзі экономикалық даму стратегиясын жасаудағы бой алған кейбір кемшіліктерімізді ашып көрсететін сияқты.
Бұл басқару жүйесі саясатының кеңес дәуірінен келе жатқан экономикалық даму заңдылығын саяси талапты орындауға бағындыру үстемдігін жүргізуден арыла алмағандығын көрсетеді. Ия, бұл пікіріммен келіспейтіндер табылуы мүмкін. Олардың уәжі Европа елінің даму сатысы ертеде басталған, содан да олардың ұлттық байлық қоры бүрыннан қалыптасқан дейді. Сөз жоқ, ол дүрыс түсінік және шындық. Осы шындықты мойындап отырған адамдар, неліктен біздің елімізде, осы біраз сапардан кейін ғана табиғи заңдылыққа сәйкес қорлануы керегін естен шығарады. Неге біз үнемі асығыс шешімдер қабылдап оның келешекте қайда апаратынына көңіл бөлмей ұрандауға бейім тұрамыз? Неге, экономикалық даму сол қоғамдағы барлық адамдардың әлеуметтік даму деңгейінің тепе-теңдігін сақтайтын заңдылыққа тәуелді екенін ескермейміз?
Қоғамда ұлттық байлық барша халықтың әлеуметтік жағдайын табиғи кедейшіліктен қорғайтын болуы тиіс. Егер, бір ел шеңберінде барша байлықтың ат төбеліндей шонжарларға тиесілі үлесі 80-90 пайыз болып, ал қалған халықтың үлесі 10-20 пайыздан аспаса, ол елде әлеуметтік теңсіздік табиғи қайшылыққа әкеліп, тұрақсыздық бұзылу салдарынан әлеуметтік жарылыс болуы ықтимал. Еліміздегі банктерде есеп шоты бар қазақстандықтардың 17 пайызын ғана құраса, ал бүкіл банктердегі депозиттердің 50 пайызы халқымыздың тек 0,1 пайызына тиесілі болуы қарапайым халықтың жағдайын көрсететін айнасы секілді. Елімізде халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруын бағалауга негізгі көрсеткіші ретінде номиналды орташа айлық еңбекақы пайдаланатын ел. Бұл көрсеткіш кеңес дәуіріндегі әлеуметтік теңдікті сақтаған қоғамга тән. Осы көрсеткіштің өсу динамикасы (арындауы) жыл сайын өсіп отырадыда соған қарап қалықтың әлеуметтік жағдайы жүйелі түрде жақсарып келеді деген тұжырым жасалатын. Ал, бұл көрсеткішті капиталистік қоғамда пайдалану, тек экономикадан хабары аз, биліктегі сауатсыз мамандардың өздерінің деңгейін көрсетеді.
Ал іс жүзінде қарапайым халық осыдан айтарлықтай ықпалын көріп отырған жоқ. «Неге?» деген заңды сұрақ туады. Оның жауабы қоғамның қандай экономикалық даму жүйесін таңдауына байланысты.
Кезінде кеңес одағы бұл көрсеткішті ұтымды пайдаланды, өйткені социалистік жүйеде барлық өндіріс салалары мен өнеркәсіптердің халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге үлестерін қосатын нақтылы механизм бекітілген. Соның нәтижесінде адамдардың өмір сүруіне қажетті сұрақтардың 80-90 пайызының шешілуін халық шаруашылығының барлық салалары мен қатар бюджеттік мекемелерде өз мойнына алатын. Сондықтан да, әлеуметтік теңестірілген, көлемі ықшам айлық еңбекақыға түсетін салмақ жеңіл болып еңбек еткен адамдар қазіргідей кедейшілдікте болмаған.
Ол қоғамда жұмыссыздық мәселесі жоқ. Бірақ, адамдардың өз қабілетіне сай жұмыс таңдау мүмкіншілігі болғаны рас. Соған қосымша, мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетудің де шеңбері қазіргі кезден ауқымды болғаны белгілі. Бұл жерде кеңес дәуірін мадақтау емес, өткен ол қайтып келмейді. Бұл жерде, тек шындықты айтып өткеннің де тиімді тәжірибесін мүмкіндігінше ескерудің керектігін ұмытпауды ойға салу. Қазір де мемлекеттік әлеуметтік көмек беру бар және оның 61 пайызы балалардың тағдырыІна байланысты беріледі. Осы төлемдердің 60 пайызы республика бойынша ауылдарға беріледі, өйткені кейдейшілік, негізінен, қазақтар қоныстанған ауылдық жерлерде орын алғандығы. Ауылдағы кедейшіліктің деңгейі қаладағыға қарағанда бес есе артық көрінеді.
Жекеменшіктің құқын бәрінен жоғары қойып қорғайтын капиталистік қоғамның даму заңдылығы, тек жұмсалған капиталдың әр тиынынан жоғарғы деңгейде пайда табуға негізделген. Ал, қоғамдағы әлеуметтік жағдайды сараптап, кедейшілікті анықтаутаға көрсеткіш ретінде номиналды орташа айлық еңбекақыны пайдалану шындықты бүркемелеуге әкеледі. Сондықтан біздің экономика саласында жүрген ғалымдарымыз, мамандарымыз әлеуметтік даму мәселелерін жоспарлау мен сараптама жүргізу үшін пайдаланатын керсеткіштерге жоғары талап қойып, оның тиімділігін ғылыми негізде анықтайтын критерийлерін тауып қолданулары қажет. Бұл ғалымдардың міндеті.
Нарықтық капитализм құрып жатқан біздің елде номиналды орташа айлық еңбекақының көрсеткіш ретінде шындықтан алшақтайтынына ықпал ететін екі ғана факторға тоқталған жөн. Бірінші, ел экономикасына қатысы бар бірде-бір сала, кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің белгіленген салықты төлеуден тыс халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттері бекітілмеген. Өйткені, капиталистік қоғамның даму заңдылығына сәйкес ондай міндеттердің болуы мүмкін емес. Екінші, жалпы еңбекақы қорының республикадағы көлемі жекменшіктік ірі байлық иелерінің, кәсіпкерлердің жалпы өндірілген ішкі өнімдердегі үлесіне тәуелді болуына байланысты адамдардың табыстарындағы алшақтық өте жоғары деңгейде қалыптасатыны заңдылық.
Мысалы, еңбек пен әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2012 жьшдың басында елімізде жалпы номиналды орташа еңбекақы 89950 теңге (2012-ші жылы орташа айлық еңбекақы 228 мың деген дерек әдейі еске алынбады), ал, өндіріс саласында орташа көрсеткіш – 106199, теміржол жолаушылар тасу саласында – 114793, байланыс жүйесінде 120594, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында 72156 және бюджеттік мекмелерде 63511 теңге болыпты. Жекеменшіктік шағын кәсіпорындар мен бюджеттік мекмелерде 20-40 мың теңге айлық алатындардың саны аз емес. Ал енді жалпы еңбекақы қорының ішінде айына 200-600 мың, тіпті, одан да жоғары табыс табатын жүздеген мың адамдардың барлығыда шындық. Жоғарыдағы келтірген деректер қоғамдағы қалыптасып отырған адамдардың айлық табыстарындағы ара алшақтығының барлығын растап отырғанына ешкімнің дауы болмас.
Халықтың әлеуметтік жағдайына тура ықпалы бар фактор, адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінде ұмытуға болмайды. Бізде жұмыссыздық деңгейі үнемі төмендеп келе жатыр деген ақпараттар таратылып жатады. Бірақ та, ресми көрсеткіштің шындықтан алшақ жатқандығынан бұл мәселге кейінде арнайы тоқтау жөн сияқты. Өйткені, ауылды жерлердегі жаппай жұмыссыздықты ешбір ресми құжаттарда мойындамайтыны үлкен сұрақ тудырады.
Бәрімізді қатты алаңдататыны ауыл тұрғындарының ахуалы, өйткені ауылда тұратын қазақтар және кедейліктің талқысында ең көп тартып жүрген солар. Соған орай, ауылдағы әлеуметтік мәселелерге байланысты бір мысал келтіре кету жөн секілді. Ауылдағы 5 адамнан тұратын бір отбасының 2 құлынды биесі, 3 бұзаулы сиыры, 30 қой (қозыларын есептегенде) бар болып, бірақ отбасы мүшелерінің бірі жұмыс істемейді делік (ауылда бюджеттік мекемелерді есептемегенде жұмыссыздық мәселесі шешілмеген). Осы отбасының бір жылдық табысы мен шығындарын есептесек, мынаны көрсетеді: егер бір биені құлынын қалдырып сатса – 200 мың, бір сауынды сиырын бұзаусыз сатса – 130 мың, он бес қойын сатса – 345 мың теңге болады екен (еліміздің барлық жерлерінде біз ойлағандай жоғары бағамен сату мүмкін емес), яғни бір жылдық табыс – 675 мың теңге (ауылды жерлерде сүт сату мүмкіншілігі шешілмегендіктен пайда табу көзі болмайды).
Қолында қыстап қалатын малдарының саны бір бие екі құлын, екі сиыр үш бұзау және он бес қой болған күнде оларды асырауға шөп сатып алуға 300 мың теңге (бір трактор тележке шөп – 75 мың теңге), жем 20 мың теңге, барлығы 320 мың теңге қажет делік. Үй мен қораларды жөндеуге, электр қуатын пайдалануға, көмір мен отын алуға, ветеринарлық қызмет көрсетуге, жаз айларында мал бағушылардың еңбекақысын және салықтарды төлейтін шығынның көлемі 130 мың теңге. Шаруашылыққа байланысты шығынның ең төменгі көлемі 450 мың теңгені құрайды, бұл жерде балалардың оқуына, денсаулық сақтауға, тағы да басқадай қажеттерге кететін шығындар назарға алынбай отыр. Қолдағы табыстан шығындарды алып тастағанда отбасының бір жылдық күнкөрісіне 225 мың теңге қалады. Елімізде белгіленген ең төменгі күнкөріс себетінің құны негізінде есептесек, бес адамнан тұратын отбасына бір жылға 1046 мың теңге қажет көрінеді, ал мына отбасының шығындарынан асқан ақшасы ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін тек 2,5 айға жетеді екен. Кезінде еңбек пен әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ауылда тұратын отбасы бір сиыры мен тауықтары болса өз күнкөрісін өздері табатын топқа жатқызылып, жұмыссыздар мен мемлекттік көмек алу тізімінен шығарылып тастауын қалай есептеп дәлелдегені қарапайым адамдарды қойып, экономистерге де жұмбақ болып жүр.
Қазақ елінің келешегін ойлаған әр азамат қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға немқұрайды қарамауы керек. Әсіресе, адамдардың әлеуметтік жағдайларына байланысты мәселелер көтерілгенде оны саяси шоу деп қабылдауы зиян әкелмесе, пайда әкелмейді. Ел келешегі әр отбасы мен әр азаматттың ауқатты болуына байланысты. Қарапайым адамдар тілімен айтқанда – ел экономикасы ішкі қажетілікті шешіп, халықтың мүддесін қорғауы қажет.
Мемлекеттің экономикасының мықты болуы, оның макроэкономикасының тиімділігінен гөрі, мемлекеттің ішкі экономикасының адамдардың әлеуметтік қажеттерін мүмкіншілігінше толық, сауатты шешуіне байланысты қоғамдағы тұрақтылықты сақтайтын негізгі фактор екенін естен шығармауға тиістіміз. Яғни, адамдардың өз денсаулықтарын сақтау үшін денесін таза ұстау үшін жуынып, шайынып таза ұстайтындай, қоғамдада түбі зиян әкелетін кемшіліктерден өз уақытында тазаланып отыру қажет. Сондықтан, мақсат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын деректерге сүйене отырып еліміздегі экономикалық, әлеуметтік дамуға байланысты туындап жататын мәселелерге мүмкіншілігінше талдаулар мен сараптамалар жасап, қарапайым жұрттың пікірін ескере отырып пікірлер ұсыну болады. Билік соны үнемі ескеріп отыруы қажет.
Негізгі мәселе, адамдардың өз мемлекетінің, ұлтының келешегіне жаны ауыратын азаматы болып қалыптасуы үшін, олардың қоғамда орын алған кейбір мәселелерге байланысты көпірме мадақ сөзден гөрі, оларға шындыққа жанасатын дәйекті мағлұматтарды айтып, қиыншылықты келісе шешу жолына итермелеу керек.
Осы айтылған кемшіліктерден саяси астар іздеудің де, оны саяси ойындарға пайдаланудың да керегі жоқ. Шындық ащы да, тұщы да болады. Бұл жерде, тек солардан бір түйін шығарып ұлтымыздың келешегіне пайда тигізетін қадамдар жасауға ұмтылуды ойлаудың қажеттігін ұғуды ескерту.
Болат Дүйсембі,
саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі