БАНКТІК ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАР мен ЖАЛДАМАЛЫ ЖАЛАҚОРЛАРҒА ЖАЗА ЖОҚ ПА? - Қазыбек Иса
2025 ж. 14 қазан
79
0

Бүгін 2025 жылы 13 қазанда ҚР Ішкі істер министрлігі ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің “Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері” тақырыбындағы көшпелі Үкімет сағаты өтті. Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дәния Еспаева жүргізді. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады.
Осы Үкімет сағатындағы Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның банктерге байланысты интернет алаяқтықтар мен әлеуметтік желілердегі жалалы жазбалар жайлы күрделі мәселелерді көтеріп, сөйлеген сөзін жариялап отырмыз.
-«Ойнасақ та біраз жерге шаптық қой» дегендей, осында төрт сағаттан бері айтылмаған сөз қалмаған шығар... «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дейді, оның үстіне түскі үзілістің уақыты да өтіп барады екен... Ал асқазан басқа заңға бағынбайды, сондықтан мен сөзімді қысқартып айтайын...
Біз жаңа Ішкі істер министрлігі ғимаратының ауласындағы көрмеде қазіргі технологиялық жетістіктерге куә болдық. Технология дамыған сайын, интернет те, кибер алаяқтық та жарыса дамып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, жаңа жасаған жан-жақты, жақсы баяндамаңызда өзіңіз де айттыңыз. Интернет алаяқтық 26 пайызға өскенін атап өттіңіз.
1.Қазір қаншама азаматтардың сыртынан банктерден миллиондаған несие алып, жазықсыз жандар жапа шегіп жатыр. Мысалы, маған осыдан екі жылдай бұрын сыртынан алаяқтар банктен 32 жарым млн тг несие алып, қатты жапа шегіп жүрген Нұржан Рыскелдиев деген білікті дәрігер келді. Бұл секілді жапа шегіп, бізге жазып жатқандар өте көп! Көптеген белгілі зиялы қауым өкілдері де, қадірлі ғалымдар, профессорлар да алаяқтардың арбауына түсіп, тіпті үйлерінен айрылып қалғандар да елге белгілі.
2.Интернет алаяқтыққа әлеуметтік желілерде белгілі азаматтарға жала жабу науқанын, кибербуллингті де айтуға болады. Жаңа Мәдениет вице-министрі жалған ақпарат таратқан 4,5 мың сайттың жабылғанын айтты. Жалған ақпараттар анықталып жатса да, сайттар жабылып жатса да, жала жапқан жазбалардың 99 пайызы анықталмайды.
Сондықтан бізге де үстінен жазықсыз жала жабылып жатқандар да көп жазып жатады. Оларға не дей аламыз, егер өзіңнің де үстіңнен үш ұйықтасаң да, түсіңе кірмеген қып-қызыл жалалар жабылып жатса?!.
Мысалы, 2021 жылы мен өзіме жала жапқан жалақорды анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне арыз жаздым. Тергеушілер жала мақала басылған аккаунт иесін анықтағанмен, жала жапқан жазба авторын анықтай алмады немесе анықтамады… Солай негізгі кінәлі жалақор анықталмай, жауапсыз қалды… Жауапсыз, жазасыз қалған жалдамалы жалақор дәл қазір де тағы бір жазықсыз жанның үстінен түрлі жала жазып жатқан болуы керек...
Мен бұл туралы кеше хабарласқан ІІМ Киберқылмыс департаменті басшысы Жандос Сүйіндікке де айттым. Осы Үкімет сағатына байланысты алдын ала хабарласып жатқан ІІМ қызметкерлеріне рахмет.
3.Психологиялық-филологиялық сот сараптамасы қорытындысында “жазбада жала жапқан жәбірлеу бар, бірақ қорлау жоқ” деп қылмыстық іс қозғалмады. Сонда «жәбірлеу» мен «қорлаудың» қандай айырмашылығы бар?
Сонда бізде банктік алаяқтықтар мен жалақор жазбаларға жаза жоқ па?!.
Міне, осындай шешілмей келе жатқан мәселелер өте көп.
Осындай банктерге байланысты қаптаған алаяқтықтар мен әлеуметтік желілерде жала жабумен айналысатын жалдамалы жалақорлар қылмыстарының алдын алу үшін және оларды қатаң жауапқа тарту үшін Ішкі істер министрлігі нақты нәтижелі жұмыстар атқаруы керек деп санаймын.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
Тақырыпқа тамызық
“ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕҢДЕР ӨСЕСІҢДЕР!”
Республикалық Жедел басқару орталығы жұмысымен таныстырғанда байқалғаны, қазақша сөйлеп жүрген Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің өзінен өзге барлық баяндамалдардан тек ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетовтың баяндамасы ғана қазақ тілінде жасалды. Слайдттар, көрнекі құралдар да мемлекеттік тілде жасалмады.
Мен министр Е.Сәденовке бұл кемшілікті айтып: “Мемлекеттік тілде баяндама жасағаны үшін Жәнібек Баймағанбетовтың қызметін өсіру керек!” дегенімде министр: “Әрине, ол қазақша жасайды, өзі комитет төрағасының орынбасары ғой! Сіздің ұсынысыңызды депутаттық сауал деп қабылдаймыз, қызметін өсіреміз, резервке қойыңдар” деп өзінің орынбасарларына иек қақты.
Бүкіл елдің алдында мемлекеттік тілдің мерейін өсіргені үшін мемлекетшіл министрге депутаттар дән риза болып қалды.
Парламентке келгенде Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау келіп: “Сіздің мемлекеттік тілді қолдағаныңыз күшті болды. Жаңа жиын тарқап жатқанда, министрлік қызметкерлері бір-біріне “Қазақша сөйлейік, қызметіміз өседі” деп қуанып жатыр”-деді. Бұны естіп, әрине, мен де ерекше қуанып, қуаттанып қалдым.
Иә, Тіл дамымай - тірлік дамымайтыны әлемдік тәжірибе әйгілеген айдай ақиқат!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты