НАЗАРБАЕВТЫҢ «ШЕГАРАНЫ ШЕГЕНДЕП ҚОЙДЫМ» ДЕГЕНІ ҚАЙДА? – Қазыбек Иса
2025 ж. 01 қазан
262
0

БАТЫСТА МАЛШЫЛАР ШЕКАРАНЫ ӨЗДЕРІ САЛЫП АЛУ ҮШІН ОБЛЫС ӘКІМДІГІНЕ АРЫЗ ЖАЗУДА
Бүгін 2025 жылы 1 қазанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның еліміздегі кедендер мен шекара бекеттеріндегі күрделі мәселелерді көтеріп, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалы
«БАҚТЫ» КЕДЕНІ АТЫНА САЙ МА?
Кеден - елдің келбеті! Кедені қандай болса, елі сондай! Шекарасы қандай болса, шебі сондай! Кеден - ел дәулетін қадағалап, экономикасын өсіретін қақпа болуы тиіс, жемқорлықтың ордасы емес. Шекарамыз – мемлекеттің берік қорғаны болуы тиіс! Біз жақында Тәуелсіздігіне 34 жыл болған елдің шекаралары мен кедендерінің қандай күйде екенін көзімізбен көріп келдік.
Жақында Жолдауда еліміздің транзиттік және көлік әлеуетін арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екеніне ерекше тоқталған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз» – деп нақты атап айтты.
Шекарадағы заманауи көлік дәліздері мен өткізу инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, экспорттық әлеуетін ұлғайтудың және еліміздің Еуразиядағы транзиттік торап ретіндегі орнын нығайтудың басты негізі болуы тиіс.
Ал шын мәнінде, елдің ең маңызды қақпаларының бірі – Қытаймен шекарадағы «Бақты» кеден бекетінің жағдайы ұлттық мүддеге мүлде сай келмейді. Бекеттің мүшкіл жағдайын, сыртқы экономикалық саудаға қатысушылардың және отандық автокөлік компанияларының шағымдары бойынша барып, өз көзімізбен көріп қайттық.
2023 жылдың қаңтарынан басталған кеденді жаңғырту жұмыстары бүгінде әлі толық бітпей, созбақталып келеді. Абай облысындағы сметалық құны 15 млрд 979,5 млн теңге болатын жоба бойынша, өткізу пункті халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи техникалық жабдықтармен қамтылуы тиіс еді. Жолаушылар үшін бөлек терминал салынып, «жасыл» және «қызыл» дәліздер енгізілуі, автокөлік жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейтілуі, барлық кедендік процестерді толық автоматтандыру және кедендік рәсімдеу мен бақылаудың ақпараттық жүйелері арасындағы интеграция болады деп жоспарланған.
Ал біздің көргеніміз, әлі күнге дейін қарапайым тұрмыстық жағдайлар жасалмаған. Интернет дұрыс ұстамайды, электр сөніп қалады. Жүк құжаттарын рәсімдейтін брокерлер отыратын әр кабинетте баяғы өткен ғасырдың ортасында құмдағы шопандар электр үшін ұстайтын моторлар тұр… Кеденшілер мен шекарашыларға арналған заманауи ғимараттар салынбаған. Инфрақұрылымды дамыту үшін 3000 гектар жер бөлінгенімен, құрылыс іс жүзінде маңдымай тұр. Жүргізушілердің шағымы да орынды: арнайы автотұрақ жоқ, қонақүй жоқ, тұрмыстық қажеттілікті өтейтін орындар, қарапайым әжетхана мен қоқыс жәшіктері жоқ. Мұның бәрі халықаралық деңгейдегі шекара бекетіне мүлде лайықсыз!
Бақты кеденін жаңғырту жұмыстары өткен 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бірақ, қаржыландыру толық көлемде жүргізілмей, осы жылдың соңына дейін шегеріліп отыр. Бірақ, біз көрген құрылыс биыл, енді үш айдың ішінде біте қалады дегенге, бір ғажайып болып кетпесе, ешкім сенбейтін шығар?!.
Себебі, біріншіден, бюджет қаражатын нақтылау процесінің өзі екі жылға созылып кеткен, әлі бітпей жатыр. Екіншіден, жобаға тапсырыс беруші Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті бекітілген қаржыны әлі толық бөлмеген.
Соңғы екі жыл бойы елдің шетінде, желдің өтінде өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын жалғастыруға мәжбүр болып жатқан компания құрылысшыларына рахмет.
Мемлекеттік маңызы зор стратегиялық нысанға қаржыны уақытында бөлмеу – жай салғырттық қана емес, ел экономикасына зор тосқауыл!
Жалпы, біздің көзіміздің жеткені кеден мен шекара қызметінде бірлескен кешенді бір бас жоспар жоқ.
ЕКІ ЕЛДІҢ КЕДЕНДЕРІНІҢ АРАСЫ
ЕКІ ШАҚЫРЫМ ЕМЕС – ЕКІ ҒАСЫР...
Шекараның ар жағында жасампаздықпен жалауы биіктеген Қытайдың заманауи инфрақұрылымен жарақтанған Шәуешек қаласы жарқырап тұрса, біз жақта әлі күнге дейін темір контейнерден құралған «бекет» қана қызмет етуде. Тіпті ол әйгілі қаланы айтпағанда, шекараның дәл іргесіндегі Тарбағатай (Тәжен) ауылында пандемияның екі жылының өзінде 28 көп қабатты тұрғын үй салып, тұтас жаңа қала тұрғызып тастаған. Көкпен таласқан зәулім ғимараттар Қазақстанның құрылысы бітпей, шаңы шығып жатқан кедей кедені мен жалғыз будкалы шекарасына шекесінен қарап, қасқайып тұр... Біз жақта көзге ілінер емге бір ғимарат жоқ, Қазір өткізіп жатқан кеден бекеті бір жатаған жатаған жай. Оның өзін бір кезде Қытай елі салып берген екен…
Бұны – Тәуелсіз Қазақстанның келбеті деп қалай айтуға болады?!
Яғни, Қазақ Елі мен Қытайдың шекара бекеттерінің арасында екі шақырым емес … екі ғасыр жатыр!?.
Негізі, Абай облысының географиялық мүмкіндігі зор. Қытайдан Ресейге өтетін транзиттік жолдардың дәл ортасында орналасқан бұл өңір сауда-логистикалық орталық болуға әбден лайық. Бірақ, ондай әлеуетті біздің Үкімет дұрыс пайдалана алмай отыр. Бюджетке түсетін миллиардтаған қаржыдан айырылып, кәсіпкерлеріміз әділ наразылық білдіруде.
Сонымен қатар, жүргізушілердің айтуынша, қазіргі таңда көлік қозғалысы бір жолақпен ғана жүзеге асып отыр.
Бақты автомобиль өткізу пунктінің бір жылдағы өткізу мүмкіндігі қазір іс жүзінде 21 900 деп, ал жоспар бойынша кеден құрылысы біткенде 182 500 көлік өтеді деп көрсетілген. Сонда кеден құрылысын бір жыл ғана кешіктірудің кесірінен қосымша 160 600 көлік шекарадан өтпей қалды... Бұл қазынамызға түсетін қаншама млрд-тардан қағылып отырмыз деген сөз!
Осы жерде тағы бір аса маңызды мәселе – транзиттік көліктердің 90 пайызы Ресей мен Беларусь компанияларына немесе олардың Қазақстанда тіркелген еншілес кәсіпорындарына тиесілі. Қазақстандық нөмірдегі көліктердің өзінде жүргізушілер – шетел азаматтары. Біздің елдің жүк тасушыларына отбасын асырап отырған жалғыз жүк көлігін қаңтарып қойып, қаптаған өзге елдің фураларының шеруіне қарап отыру қандай ауыр? Сонда 16 млрд-тық кеден құрылысын өзіміз үшін емес, шетелдіктер үшін салып жатырмыз ба?!.
Бұл – барып тұрған әділетсіздік, әрі ел мүддесіне қайшылық!
Дәл осындай қазақстандық жүргізушілерге басымдық жасау бұрын «Қорғас» кеденінде де болып, жергілікті тасымалдаушылардың наразылығымен кейін шетелдік ірі логистикалық фирмалар «Бақты» мен «Достық» кедендеріне ауысқан дейді жүргізушілер.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының Үкіметке сұрақтары:
1. «Бақты» автомобиль өткізу бекетінің құрылысы не себепті бірнеше жылға созылып кетті?
2. Неге жоба қаржысы өз мерзімінде төленбей, мердігер компанияның өз қаражаты есебінен жұмыс істеуге мәжбүр болуға жол берілді?
3. Құрылыс жұмыстарының нақты қашан толық аяқталады?
4.Жауапты лауазымды тұлғаларға қандай шара қолданылады?
5. Қазақстандық тасымалдаушылар үлесін арттыру үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр?
БАТЫСТА ШЕКАРАНЫҢ 81 ШАҚЫРЫМЫ ҚОРШАУСЫЗ...
Шығыс қақпасындағы жағдай осындай қиын болса, Батыстың шекарасын көрсең, Шығыспен жылап көрісесің. Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданы Ресей Федерациясының Саратов облысының Александров-Гай және Новоузенск аудандарымен шекаралас орналасқан. Шекаралық аймақ Казталов, Қайынды, Болашақ, Қошанкөл, Қараоба ауылдық округтері (Казталов, Сексенбаев, Бозоба, Қайыңды, Болашақ, Көпкүтір, Қошанкөл, Ордабай, Қараоба елді мекендері) аумағы арқылы өтеді, жалпы шекара ұзындығы 182 шақырымды құрайды. Соның ішінде 43 шақырымы қоршалған, 81 шақырымы ешқандай қоршалмаған, ашықтан ашық жатыр. (Шекараның қалған 58 шақырымы су арқылы өтеді.) Бір қыста 2 мыңдай жылқы шекарадан өтіп кеткен? Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағай ауданында да қаншама қоршаусыз шекарадан қаншама мал көрші елге өтіп кетіп, қайтпай жатыр? Шекара деген құс өтпесе, басқасы өте алмайтын берік қорған болмай ма? Үйірімен жылқы, табынымен сиыр өтіп жүрген жерде қандай шекара бар?!.
Ешқандай қоршауы жоқ ашық даланы «мемлекеттік шекара» екен деп ойламай, өтіп кетіп, шекараның жоқ екенін әшкерелеп жатқан жылқыларға еш өкпелеуге болмайды... Осы уақытқа дейін шекара салмаған өзімізге өкпелеуіміз керек...
Күн көріп отырған малы шетелдің жеріне жайылып кетіп, жойылып кете бергесін, күйіп кеткен малшылар шекараны өздері салып алуға, сым тартып, қоршау жасауға аудан, облыс әкімдіктеріне арыз түсіріпті… Малшылар «шекараны өзіміз салып алайық» деп арыз жазып жүрсе, сонда елді 30 жыл билеген экс президент Назарбаевтың «шегараның бәрін шегендеп, тас қылып тастадым» дегені қайда?!.
ҚОРШАУЫ ЖОҚ ШЕКАРА – ҚОРҒАУЫ ЖОҚ ЕЛДЕ БОЛАДЫ...
Қоршаусыз жатқан 81 шақырым жердің көлемі қандай? Мұнай мұқитынан тамшы ғана тамып отырған біздің ел секілді емес, мұнайымен халқы мұртын майлап, шалқып, жайнап отырған Кувейт елінің батыстан шығысқа дейін ені 170 шақырым?!. Тағы бір мұнайының қызығын халқы көріп отырған Катар елінің ені 80-90 шақырым? Барыс боламыз деп талыс болмай, нағыз Азия жолбарысына айналған Сингапур елінің ені 27 шақырым, ал ұзындығы 50 шақырым. Сонда біздің ашық жатқан шекарамыз Кувейттің жартысындай, Катардың енімен бірдей, Ал Сингапур елінің енінен тура 3 есе көп кең байтақ дала!
Мұндай бір ауданда кішігірім бір мемлекеттің жеріндей жер шекарасыз ашық жатса, қанша жеріміз ашық жатыр сонда? Ол қандай шекара? Ол жүздеген шақырымдай ашық жатқан шекаралар - қандай елмен шекарада?!. Осы ма Ұлттық қауіпсіздік?!. Қайда Шекара қызметі?
Бұл бір аудандағы шекараның жағдайы?!. Ал елімізде шекаралармен шектескен қанша аудан бар?!.
Қоршауы жоқ шекара – қорғауы жоқ елде ғана болады...
Жағдай мұншалықты масқара болса, елдің бүкіл шекарасына шұғыл қатаң тексеру жүргізу керек қой!?.
Шығыстағы бір кеденнен елімізге экономикалық орасан шығын келіп жатса, Батыстағы және басқа жерлердегі қоршауы жоқ шекаралардан зор ұлттық қауіп төніп тұр!?.
Қазақстан Республикасының сыртқы сауда көлемінің артуы, транзиттік әлеуетті дамытуға қойылған стратегиялық мақсаттар кеден және шекара бекеттерінің тиімділігін арттыруды талап етеді. Қазіргі таңда аталған салаларда бірқатар инфрақұрылымдық, ұйымдастырушылық және институционалдық проблемалар көп екеніне көзіміз жетті.
Осыған байланысты Үкімет деңгейінде жүйелі шешім қабылдауды қажет ететін ұсыныстар:
Еліміз кедендері мен шекараларындағы негізгі проблемалар:
Кеден инфрақұрылымының ескіруі, өткізу қабілетінің төмендігі.
Ұзын-сонар кезектердің жиілігі және рәсімдердің тым күрделілігі.
Цифрландырудың жеткіліксіздігі және қағазбастылық.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі.
Кеден және шекара қызметтерінің үйлесімсіздігі.
Техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі.
Қазақстандық тасымалдаушылардың үлесінің көп төмендігі.
Кедендер бойынша ұсыныстар:
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа кеден терминалдарын салу, бар ғимараттарды жаңғырту.
“Жылдам дәліз” (Green Corridor) жүйесін енгізу арқылы өткізу қабілетін арттыру.
Барлық рәсімдерді толық электронды форматқа көшіру, блокчейн және жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Кедендік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жүйесін кеңейту, бейнебақылауды міндеттеу.
Шекара бекеттері бойынша ұсыныстар:
Еліміздің бүкіл шекарасының жағдайына көз жеткізу үшін Үкімет шұғыл түрде қатаң тексеру жүргізуі керек!
Инфрақұрылымды кеңейту: қосымша жолақтар, автотұрақтар, логистикалық хабтар салу.
Онлайн кезек жүйесін енгізу (электронды брондау), алдын ала құжат тексеру қызметін іске қосу.
Кеден және шекара қызметін интеграциялау (“біріктірілген бақылау” қағидаты).
Жаңа сканерлер мен бақылау құралдарын орнату, электронды пломбалау жүйесін кеңейту.
Қазақстандық тасымалдаушыларға үлесін арттыруға жағдай жасау.
Барлық өткізу пункттерін біркелкі жаңғырту бағдарламасын әзірлеу.
Қорытынды ұсынымдар
Кеден және шекара жүйесін толық цифрландыру – кезектерді қысқартады, жемқорлықты азайтады.
Инфрақұрылымға инвестиция тарту – өткізу қабілетін арттырады.
Қазақстандық тасымалдаушыларға қолдау көрсету – тең бәсекелестік орнатады.
Ведомствоаралық үйлесім (шекара + кеден) – рәсімдердің жылдамдығын арттырады.
Ұсынылған шараларды іске асыру Қазақстанның кедендік және шекаралық инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға жақындатады. Сыртқы сауда мен транзиттік әлеуетті нығайтады. Кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасайды және мемлекеттік кірістердің өсуіне ықпал етеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары:
Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Дания Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Олжас Нұралдынов