Президент "Бейбітшілік қозғалысын" құруды ұсынды
2025 ж. 17 қыркүйек
68
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде бастама көтерді.
Айтуынша, өркениетаралық өзара алмасуды дамыту және адамдар мен қоғамдар арасындағы сенімді нығайту ісінде дін лидерлеріне зор үміт артылып отыр.
Дін лидерлері әлемнің хаосқа құлдырауына жол бермей, көптеген саясаткерлерге ақыл-ойды, ізгі ниетті және адамгершілік жауапкершілікті еске салып, бар күш-жігерін салатынына сенімдімін. Ғаламдық деңгейде мұндай үлгі болатын бастамалар бар. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Адам бауырластығы туралы құжат, Мекке декларациясы, Бахрейн форумы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Ыбырайым отбасы үйі – осының бәрі біз бірге әрекет еткенде діннің қаншалықты қуатты біріктіруші күшке айналатынын дәлелдейді. Осындай тәжірибені дамыту және кеңінен тарату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтудағы перспективалық бағыттарға қатысты көзқарасын таныстырды. Президенттің пікірінше, ең басты басымдық – халықаралық және аймақтық ұйымдар деңгейінде рухани дипломатияның әлеуетін барынша пайдалану.
Съез ясында «Бейбітшілік қозғалысы» атты мен жария еткен идеяны талқылауды ұсынамын. Діни иерархтар осы қозғалыстың моральдық өзегіне айналып, бейтарап әрі саясиланбаған үндеулер арқылы зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бейбіт шешімдер іздеуге шақыра алар еді. Адам өмірінің қасиеттілігі, жанашырлық пен мейірім сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген бұл бастама тек қана сенушілерді емес, сонымен бірге саясаткерлерді, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, үкіметтік емес құрылымдарды, сарапшыларды және жастарды да біріктіруі мүмкін, - деді Президент.
Айтуынша, бейбітшілікті қорғау жолындағы үндеу барған сайын күштірек естілуі тиіс. Мұндай мінберлер, соның ішінде Съез, осыған қызмет етуі қажет.
Үлкен үміт әлі де Біріккен Ұлттар Ұйымына артылып отыр. Бұл ұйым ғаламдық деңгейдегі алмастырылмас алаң болып қала береді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның ұсынысын қолдағаны үшін БҰҰ мүше мемлекеттеріне алғысымды білдіремін. Соның нәтижесінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы құрылатын болды. Сондай-ақ АӨСШК, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы, Араб мемлекеттері лигасы сияқты аймақтық құрылымдардың рөлін күшейту де маңызды, – деп атап өтті Президент.