Келешек мектептердегі алғашқы жетістіктер
2025 ж. 10 қыркүйек
175
0

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыс аумағында бір ауысымда 3 мың оқушыға арналған 7 заманауи мектептің құрылысы жүзеге асырылды.
Бүгінгі таңда бұл білім ошақтарының барлығы пайдалануға беріліп, жаңа оқу жылында өз есігін айқара ашты.
Атап айтқанда, Өскемен қаласында – 3 мектеп («№31», «№40», «№41» жалпы білім беретін мектептері), Риддер қаласында 1 мектеп («№12 жалпы білім беретін мектебі»), Глубокое ауданында 2 мектеп («Белоусовка №2 жалпы білім беретін мектебі» және «Опытное поле жалпы білім беретін мектебі»), Шемонаиха ауданында 1 мектеп («Шәкәрім атындағы №4 орта мектебі») бой көтерді.
Жаңадан салынған мектептер қазіргі заман талабына сай жабдықталған: STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, физика, химия және биология пәндеріне арналған жаңа үлгідегі оқу құралдарымен қамтылған арнайы кабинеттер бар. Әрбір сынып цифрлық технологиялармен және интерактивті панельдермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, оқушылардың жайлы әрі тиімді білім алуына жағдай жасау мақсатында коворкинг, демалыс және еркін жұмыс істеу аймақтары ұйымдастырылған.
Ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін толыққанды кедергісіз орта жасалған: пандустар, лифтілер, арнайы санитарлық тораптар, тактильді бағыттаушылар, инклюзивті білім беруге арналған сыныптар қарастырылған.
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында Шәкәрім атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектеп өз жұмысын бастады.
Мектептің негізгі көрсеткіштері:
• Жобалық қуаты – 300 орын
• Оқушылар саны – 343 (1–11 сынып)
• Мектеп жанындағы шағын орталықта – 12 бала
• Мектепке дейінгі дайындық сыныптарында – 16 бала
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін қажетті жағдай жасалған: асхана, балаларды қолдау кабинеті, бейнебақылау жүйесі, дабыл қондырғылары орнатылған. Барлығы 52 бейнекамера және 30 күнге дейін жазбаларды сақтайтын сервер бар.
Оқушылар жетістіктері:
• Облыстық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға – 106 оқушы қатысып, 92-сі жүлдегер атанды.
• Республикалық деңгейде – 42 оқушы қатысып, 29-ы жүлделі орындарға ие болды.
• Халықаралық деңгейде – 30 оқушы қатысып, 12-сі жеңімпаз атанды.
Педагогикалық құрамда 54 қызметкер еңбек етеді, олардың 32-сі – мұғалімдер. Қазіргі таңда мектепке орыс тілі, тарих, ағылшын тілі, музыка, технология, IT-инженер, хореограф және қосымша білім беру педагогы мамандары қажет.
Бұл жаңа білім ордасының ашылуы – ауданның білім саласын дамытудағы маңызды қадам. Ол жас ұрпақтың сапалы білім алуына, дарынды балаларды қолдауға және олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 300 орындықтық Шәкәрім атындағы №4 орта мектепте Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қолдауымен STEM-кабинет; «Bіlіm aqparat» кәсіптік бағдар беру орталығы; С. Аманжолов атындағы ШҚУ қолдауымен «Dana bala» инклюзия кабинеті жабдықталған.
Мектепте 2024-2025 оқу жылы бойы дарынды және талантты оқушыларды анықтау мен қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және оқушылардың ғылыми қоғамдары түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуға жағдай жасады.
Облыстық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға 106 оқушы қатысып, олардың 92-сі жүлдегер атанды. Бұл – жалпы қатысушылардың 86,8%-ын құрайды. Республикалық деңгейде 42 оқушы бақ сынап, оның 29-ы жүлделі орынға ие болды (69%).
Оқушылар келесі зияткерлік және шығармашылық байқауларға қатысты: «DARYN», «Малахит», облыстық «Leader», «Айналайын», «Асыл тас» математикалық байқауы, сондай-ақ «Ақбота» интеллектуалдық олимпиадасы, республикалық пәндік олимпиадалар және ғылыми жобалар сайыстары.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында мектепте бастауыш сыныптарға арналған «Росток», ал 5-11 сыныптарға арналған «Авангард» ғылыми қоғамдары жұмыс істейді. Өткен оқу жылында аудандық ғылыми жоба байқауында 6 жүлдегер, пәндік олимпиадаларда 10 жүлдегер анықталды. Сонымен қатар, оқушылар дәстүрлі «Шәкәрім оқуларына» белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Биылғы оқу жылында (2025-2026) 8-11 сынып оқушыларының 17 ғылыми жобасы тіркелді. Бұл көрсеткіштер педагогикалық ұжымның жүйелі жұмысының және оқушылардың жоғары деңгейдегі дайындықтарының дәлелі болып табылады.