Ұлттық дәстүрге негізделген жасампаз жаңашылдық – даму кілті – Қазыбек Иса
2025 ж. 10 қыркүйек
180
0

Бүгін 2025 жылы 10 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның Ұлттық құндылықтар мен жасампаз жаңашылдыққа негізделген патриотизм туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалы.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев жақында жасаған халыққа Жолдауында өткен тарихты, дәстүрлі құндылықтарды құрметтей отырып, жаңашылдық пен жасампаздыққа негізделген патриотизмге басты назар аударды. Еліміздің болашағын айқындайтын ең басты құндылықтардың бірі – отансүйгіштік рух пен заманауи жаңғырудың үйлесімділігін ерекше атап өтті.
«Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.» деп мәлімдеген мемлекет басшысы: «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Жастар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші — жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз — халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм — болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл — қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін.»-деді.
Бір ғасыр бұрынғы Алаш ақиығы Мағжан Жұмабайдың «Мен жастарға сенемін» деген жалынды жырын осылай жаңа заманға сай жаңғыртқан Қасым-Жомарт Кемелұлы жастардың отаншылдығына үлкен үміт артып отыр. «Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз.» деп жариялады.
Президент Жолдауындағы ұлттық дәстүр мен жасампаз жаңашылдыққа негізделген Отаншылдыққа Үндеу – Ел дамуы үшін рухани стратегиялық бағдар деуге болады. Баршамызды біріктіретін, Қазақстанның жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашатын бағыт. Өйткені тарих пен дәстүр – ұлттық тамыр, кодымыз болса, жаңашылдық пен жасампаздық – жаңа замандағы дамудың кілті.
Иә, қазір әлем күн сайын өзгеріп келеді. Ғылым, технология, экономика – барлығы жаңаша көзқарасты талап етеді. Жаңашылдықты меңгеру – тек уақыт талабы емес, бәсекеге қабілетті ел болудың басты жолы – Ақ жолы. Жасампаздыққа негізделген патриотизм – өз елінің дамуына үлес қосу, жаңа идеялар ұсыну, тың бастамаларға батыл бару деген сөз. Бүгінгі Қазақ Елі жастары – тек дәстүрдің берік мұрагері ғана емес, сонымен бірге ел болашағының жасампаз сәулетшісі болуы тиіс. Өйткені, Патриотизм – дәстүр мен жаңашылдықтың жарқын үйлесуі.
Бұл – елдің тарихын терең білу, дәстүрін қадірлеу, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жасампаздықпен мемлекеттің дамуына үлес қосу.
Қазіргі нағыз патриот – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа дәуірдің талаптарына сай жарқын қадам жасай алатын азамат.
Мемлекет басшысы ұлт болмысының арқауы деп атаған, ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын Тіл, Мәдениет, Руханият негізіндегі дәстүрлі құндылықтарымыздың дами беретіні хақ, олар халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен бай мәдениеті – біздің рухани жауһар қазынамыз. Елдік пен ерлікті, әділет пен бірлікті ту еткен ата-бабамыздың аманаты – бүгінгі ұрпақтың басты бағдаршамы. Тарихты құрметтеу – өткенді дәріптеу ғана емес, сонымен бірге келешекке сенімді қадам жасауға күш беретін рухани тірек. Дәстүрді сақтау арқылы біз ұрпақ сабақтастығын жалғастырамыз, ұлттық болмысымызды жоғалтпаймыз.
Әлемде ұлттық дәстүрді сақтай отырып, заманауи жаңашыл жасампаздықты сәтті ұштастыра білгендіктен, зор жетістікке жеткен елдер жетеді.
Мысалы, Жапонияны жетістікке жеткізген Патриотизмнің сыры қандай? Өте қарапайым. Ұлттық дәстүрді қастерлей отырып, әрбір жаңа инновацияны өздерінің мәдениетіне бейімдей білу - Жоғары технология, робототехника, автомобиль және электроника саласында көшбасшылыққа жеткізді.
Нәтижесі қандай? Экономикалық ғажайып - Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірнеше онжылдықта әлемнің ең дамыған мемлекетіне айналды!
Дәстүрді сақтау мен Жаңашылдық арқасында Оңтүстік Корея мен Сингапур кедей елден бүгінгі таңда әлемдік экономикадағы “Азия жолбарыстарына” айналса, Қытай әлемдегі екінші ірі экономика болып отыр. Ал Түркия Дәстүрді сақтай отырып, Жаңашылдықпен Қорғаныс өнеркәсібін (Bayraktar дрондары), туризм, жаңа инфрақұрылым жобаларын дамытып, “Ұлттық жаңғыру” патриотизмі идеясы негізінде экономикалық әрі саяси ықпалды держава ретінде белгілі.
✦ Бұл жетістікке жеткен елдердің бәрінің ортақ ерекшелігі қандай?
1.Өз тарихы мен дәстүрін қастерлеу.
2.Инновацияны барынша батыл енгізу.
3.Жасампаздықты елдің даму құралына айналдыру.
4.Патриотизмді қоғамның қозғаушы күші ету.
Бұдан көріп отырғанымыздай, барлық елдер ұлттық дәстүрін жоғалтпай, сонымен бірге заманауи инновацияларды батыл енгізу арқылы зор жетістікке жеткен.
Яғни, нағыз жетістікке жетудің айқын формуласы - дәстүр мен жасампаз жаңашылдық сәтті үйлестіре білген патриотизм!
Ал, керісінше дәстүрін сақтамай, ұлттық бірегейлікті жоғалтып алғандықтан, жетістікке жете алмай, дағдарысқа батқан, ыдырап, жойылып кеткен елдер де жетеді...
Олар Кеңес Одағы (КСРО), Африкадағы кейбір постколониялық елдер (мысалы, Замбия, Конго, Нигерияның бір бөлігі), Латын Америкасындағы кейбір елдер (мысалы, Аргентина, Бразилия XX ғасырдың ортасында), Иран шах кезеңі (1930–1979 жж.) және тб.
Бұл елдердің тәжірибесі көрсеткендей, Дәстүрсіз жаңашылдық – тамырсыз ағаш секілді. Ұлттық рухани құндылықтардан ажыраған қоғам ұзақ мерзімді даму мен тұрақтылыққа жете алмайды. Дәстүрден толық бас тарту – қоғамда рухани дағдарыс туғызады, ал ол экономикалық және саяси дамуға да кері әсер етеді...
Біздің де өткенімізді ұмытпай, болашаққа сеніммен қадам басу – әрқайсымыздың басты парызымыз. Дәстүрімізді қадірлеп, жаңашылдықты меңгере білсек, елдігіміздің ұлттық тұғыры биік болмақ.
Ендеше, патриотизмді тек жүрекпен сезініп қана қоймай, күнделікті өмірде нақты әрекетпен дәлелдейтін уақыт келді! Бұған біз бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек!
Үкіметке нақты ұсыныстарымыз:
1.Жаңашылдық пен инновацияны ұлттық идеямен ұштастыру
«Ұлттық код + инновация» қағидасын мемлекеттік бағдарламаларға енгізу.
Қазақтың дәстүрлі дүниетанымын IT, дизайн, кино, әдебиет, музыка арқылы жаңаша форматта ұсыну.
Жастардың инновациялық жобаларын грантпен қолдағанда, олардың ұлттық құндылықтарға байланысын ескерту.
Өткен отыз жылда шетелге кетіп қалып, әлемнің үздік компанияларында жұмыс істеп жатқан қазақтың дарынды жастарын, алғыр азаматтарын елге шақырып, жан-жақты қолдау көрсету.
2.Патриоттық тәрбиені күшейту
Әскерде, мектепте, университетте «заманауи патриотизм» сабақтарын енгізу (мысалы, табысты қазақстандық ғалымдар, кәсіпкерлер, өнер адамдары арқылы үлгі көрсету).
Спорт пен өнердегі жеңістерді мемлекет деңгейінде патриотизм құралы ретінде дәріптеу.
«Менің елім – менің жобам» форматында жастарға ел дамуына үлес қосатын нақты бастамалар жасауға мүмкіндік беру.
3. Мемлекеттік ақпараттық саясат
Дәстүр мен жаңашылдықты біріктіретін контентті телеарналар мен әлеуметтік желілерде көптеп тарату.
Қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдер, деректі фильмдер, сериалдар арқылы жастардың отансүйгіштік рухын арттыру.
«Ұлттық бренд» қалыптастыруда мәдени мұра мен технологияны ұштастыру (мысалы, қазақы ою-өрнекпен жасалған смарт-құрылғылар, заманауи киім үлгілері).
4. Экономикалық және әлеуметтік саясат
Ұлттық өнімдерді (астық, ет, киім, қолөнер бұйымдары) заманауи технология арқылы бәсекеге қабілетті ету.
«Жасампаз патриот» атты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, жастардың ауылды дамыту, экотуризм, стартап жобаларына қолдау көрсету.
Ауыл-аймақта дәстүрлі шаруашылық түрлерін (жылқы шаруашылығы, қолөнер) жаңғырта отырып, оларға инновация енгізу.
5.Ұлттық дәстүрді сақтап, дәріптеу:
Халық ауыз әдебиеті, қолөнер, салт-дәстүрді мектеп пен ЖОО бағдарламасына жүйелі енгізу.
Ұлттық мерекелерді тек мәдени шара емес, заманауи мазмұнмен (стартап көрмелері, инновациялық форумдар) байыту.
Аймақтардағы этнографиялық орталықтар мен мұражайларды жаңғыртып, жастарды тарту.
Қорытынды ұсыныс:
Патриотизмді дамытудың ең тиімді жолы – өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қадам басу. Үкімет дәстүрді сақтауды рухани тірек, ал жаңашылдықты даму кілті ретінде қарастырып, екеуін тең ұстаған жағдайда қоғамда шынайы отансүйгіштік рух қалыптасады.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы депутаттары:
Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Дания Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Олжас Нұралдынов
Ұласбек Сәдібеков, «Amanat» фракциясы мүшесі