XXI ҒАСЫР – РУХАНИ ДИПЛОМАТИЯ ДӘУІРІ
2025 ж. 09 қыркүйек
44
0

ХХІ ғасыр – ғылым мен технологияның қарқынды дамыған әрі ақпараттық-коммуникациялық байланыстардың күшейген дәуірі. Бұл, өз кезегінде, жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қатерлерді де туындатты. Әлемнің әр өңіріндегі этносаралық және дінаралық шиеленістер мен әлеуметтік теңсіздіктің артуы халықаралық қатынастардың күрделене түскенін көрсетіп отыр. Сондықтан дәстүрлі дипломатиямен қатар жаңа форматтағы рухани дипломатияның қажеттілігі барған сайын артып келеді.
Рухани дипломатия – дәстүрлі саяси дипломатияны толықтыратын жұмсақ күштің бірегей түрі. Оның негізінде саяси қысым немесе экономикалық үстемдік емес, керісінше мәдениеттер арасындағы өзара құрмет пен сенім, гуманизм мен жалпыадамзаттық құндылықтар жатыр.
Ол қазіргі заманның ең өткір мәселелерін – терроризм мен діни экстремизмді, этносаралық шиеленістер мен әскери қақтығыстарды шешуде таптырмас құралға айнала алады. Себебі рухани дипломатия халықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырып, өркениеттер арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын күшке ие.
Рухани дипломатияны институционалды деңгейде жүзеге асырып отырған сирек мемлекеттердің бірі – Қазақстан. 2003 жылдан бері Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі халықаралық аренада өзіндік бірегей алаң ретінде мойындалды.
Съезд діндер арасындағы айырмашылықтарға емес, адамзатқа ортақ құндылықтарға негізделген. Онда қабылданған әрбір Декларация бейбітшілік пен өзара құрмет, толеранттылық пен келісім қағидаттарын дәріптейді.
Жаһандану дәуірінде әлемдік үрдістер бір-бірімен өзара тығыз байланысты болғандықтан, кез келген өңірдегі дағдарыс немесе қақтығыс қысқа уақыт ішінде бүкіл әлемге әсер етуі мүмкін. Мысалы, Таяу Шығыстағы шиеленістер тек саяси тұрақсыздыққа емес, сонымен қатар жаһандық көші-қон дағдарысына, дінаралық шиеленістердің өршуіне ықпал етіп отыр.
Осы жағдайда рухани дипломатия екі негізгі міндетті атқарады. Олардың бірі қақтығыстардың алдын алу болса, екіншісі – қоғамды біріктіру.
Қақтығыстардың алдын алу діни сенімдер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен құрметке негізделген. Бұл бағыт саяси немесе экономикалық қысымға емес, ең алдымен рухани құндылықтарға сүйенеді. Сондықтан ол халықаралық және аймақтық деңгейде туындауы мүмкін қақтығыстардың алдын алуда ерекше маңызға ие.
Рухани дипломатия тараптарды келіссөз үстеліне жинап қана қоймай, олардың арасындағы сенім көпірін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі секілді алаңдарда түрлі конфессия өкілдері ортақ құндылықтар төңірегінде пікір алмасып, діни айырмашылықтардың емес, адамзатқа ортақ мұраттардың маңызын айқындап жүр. Демек, рухани дипломатия – қақтығыстарды өршітпей, мүмкіндігінше олардың алдын алатын тетіктердің бірі.
Рухани дипломатияның қоғамды біріктіруші рөліне келетін болсақ, қазіргі көпқырлы және күрделі жаһандану дәуірінде қоғам ішіндегі алауыздықтар әлеуметтік теңсіздіктен, мәдени айырмашылықтардан немесе діни түсініспеушіліктен туындауы мүмкін. Осындай жағдайда рухани дипломатия қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың басын қосып, олардың ортақ мақсаттар жолында бірігуіне ықпал етеді.
Қоғамды біріктірудің негізінде гуманизм қағидаттары мен адамзатқа ортақ құндылықтар жатыр. Бұл – әрбір адамның ар-намысына құрметпен қарау, бейбітшілікке ұмтылу, әділеттілік пен теңдікті сақтау. Рухани дипломатия адамдарды осы құндылықтар төңірегінде топтастырып, ішкі тұрақтылықты нығайтады. Қазақстан тәжірибесінде бұл қағидат айқын көрініс тапқан: елде түрлі конфессия өкілдері бейбіт өмір сүріп қана қоймай, өзара мәдени және рухани байланыстарын дамытып келеді. Мұндай тәжірибе халықаралық деңгейде де сұранысқа ие.
Бұдан рухани дипломатияның басты артықшылықтарының бірі айқын көрінеді: ол – тек сыртқы саясат құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамның ішкі тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Осы ретте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне тоқталсақ, оның қызметін институционалдық, құндылықтық және практикалық тұрғыдан сипаттауға болады.
Институционалдық тұрғыда Съезд конфессияаралық және өркениетаралық сұхбатты қамтамасыз ететін тұрақты алаңға айналды. Оның жұмысын үйлестіру үшін арнайы Съезд хатшылығы құрылды. Жиырма жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан бұл алаң халықаралық қатынастар жүйесінде жаңа дипломатиялық институт рөлін атқаруда.
Съезд барлық діндерге ортақ гуманизм, адамгершілік пен бейбітшілік құндылықтарын дәріптеуге негізделген. Құндылықтық деңгейде Съезд әлем халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, діндер арасындағы сенімсіздік пен күдікті сейілтуге, қоғамда рухани дипломатияның орнығуына ықпал етіп келеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Съезд ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерлеріне жауап ретінде бейбітшілік пен келісім идеологиясын алға тартуда.
Съезд қызметі тек теориялық пікірталастармен шектелмей, нақты шешімдер қабылдауға жол ашады. Әр Съездің қорытындысы ретінде Декларация қабылданып, әлем қауымдастығына жолданады. Бұл құжаттар дінаралық диалогты ілгерілетуге, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосады.
Бұл дәстүрлі дипломатияны толықтыра отырып, рухани дипломатияның ықпалын күшейтеді және қазіргі заманның өзекті мәселелеріне қатысты қабылданған шешімдер мен үндеулердің дін көшбасшылары арқылы түрлі діндер мен мәдениеттердің өкілдеріне жетуіне мүмкіндік береді. Осы арқылы Съезд жұмсақ күштің тиімді тетігіне айналып, өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қызмет етеді.
Ал, рухани дипломатияның жалпы адамзатқа әсер ететін рөліне келсек, оны философиялық, әлеуметтік және саяси деп үш түрге бөлуге болады.
Философиялық тұрғыда рухани дипломатия – адамзат өркениетінің ортақ бастауларына сүйенетін, мәңгілік құндылықтарды дәріптейтін ұғым. Оның басты мақсаты – түрлі діндер мен мәдениеттердің айырмашылықтарын емес, олардың арасындағы ортақ моральдық-адамгершілік қағидаттарды табу. Мысалы, қай дінде болмасын ізгілікке ұмтылу, әділдікті сақтау, әлсізге қамқор болу идеялары кездеседі.
Рухани дипломатияны философиялық тұрғыдан жалпыадамзаттық гуманизмнің жалғасы ретінде түсіндіруге болады. Себебі ол адам болмысының мәнін, руханият пен мәдениеттің адамзат дамуындағы орнын айқындап, бейбіт өмір сүрудің онтологиялық негіздерін қалыптастырады.
Әлеуметтік тұрғыда рухани дипломатия қоғамның ішкі тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін фактор болып табылады. Бұл деңгейде ол этностар мен конфессиялар арасындағы өзара сенімді арттыруға, қоғамдық келісімге қол жеткізуге бағытталған. Рухани дипломатия діни көшбасшылардың, мәдениет қайраткерлерінің, азаматтық қоғам ұйымдарының қатысуымен әлеуметтік тетіктерді іске қосады. Ол қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыруға, экстремизм мен радикализмнің алдын алуға, халықтар арасындағы толеранттылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі осының нақты мысалы.
Саяси деңгейде рухани дипломатия халықаралық қатынастардың жаңа форматы ретінде қарастырылады. Дәстүрлі саяси дипломатия мемлекеттердің мүдделері мен күш тепе-теңдігіне сүйенсе, рухани дипломатия халықтар мен өркениеттер арасындағы мәдени және рухани ынтымақтастыққа сүйенеді. Ол халықаралық аренада жұмсақ күштің тиімді құралы болып табылады.
Қазақстан ұсынған рухани дипломатия моделі – сыртқы саясаттың жаңа өркениеттік өлшемін айқындап отырған бірегей тәжірибе. Себебі саяси деңгейде рухани дипломатия жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, мемлекеттер арасындағы шиеленістерді азайтуға, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді. Қазақстан ұсынған модель адамзаттың ортақ болашағы үшін маңызды. Ол түрлі діндер мен мәдениеттерді тоғыстырып, айырмашылықтарға емес, ортақ құндылықтарға сүйенуді үйретеді.
Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, рухани дипломатия мемлекеттердің сыртқы саясатына жаңа серпін беріп қана қоймай, сонымен бірге адамзаттың бейбітшілікке ұмтылысындағы бірегей үлгісіне айналуда.
Осылайша XXI ғасырды қарқынды өзгерістер мен көпқырлы үрдістер ғасыры ғана емес, сонымен бірге рухани дипломатия дәуірі де деп айтуға болады.
Айым Тлепберген,
Қазақстандық қоғамдық даму
институтының сарапшысы