“ОРТАЛЫҚ-БАТЫС” КҮРЕ ЖОЛЫ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?!.
2025 ж. 08 қыркүйек
113
0

Жақында биыл депутаттардың жазғы ел аралауында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Қостанай-Торғай өңіріне барған іссапарынан көлемді де көркем сапарнама жазған еді. “Қазақ үні” газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталында жарияланған осы “ТОРҒАЙДА ТОЛҒАНДЫРАР МӘСЕЛЕ КӨП” атты мақаласынан қазір ел елеңдеп күтіп отырған “Орталық-Батыс” күре жолы жобасы туралы орынды айтылған ойларын үзіп алып беріп отырмыз.
…Арқалыққа ат арытып жеткен бізді жолда қала әкімі Әмірхан Асан қарсы алып, 6 нысанды аралатып көрсетті.
Алдымен енді басталып жатқан Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз жолдарын қосатын “Орталық-Батыс” күре жолының дайындық жағдайымен таныстырды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл Бурабайда өткен Құрылтайда Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы туған тарихи өлкеге баса назар аударып, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жобаны жариялады. Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталады. «Бір тау бір топ киікті асырайды» дегендей, бұл күшті күре жол –экономикалық күре тамыр болып, бір қауым елге жұмыс беріп, серпіліс жасайды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп,жаңа аэровокзал салынады.
Сол Құрылтайда мемлекет басшысы айтқан Арқалық қаласында салынып жатқан жаңа әуежайдың орнына барып, жоба мәліметтерімен таныстық. 1992 жылы тоқтап қалған әуежай қайта жанданатын болады.
Төрт жыл бұрын парламентте көтерген талабымызға байланысты Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді, құдайға шүкір. Енді Арқалық қаласындағы әуежайға Міржақыптың атын берсек, бастаған істің жақсы жалғасы болар еді.
Алаш көсемдерінің елін көруге келгендерді қос қала Қостанай мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ахаң мен Жақаңның қастерлі есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе? Бұл ұсынысты біз парламенттегі депутаттық сауалымызда көтердік.
Сапар барысында жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, өзекті мәселелерін тыңдадық. Мен 2022 жылы сәуір айында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев мемлекет басшысының елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын ашқан игі бастамасын қолдай отырып, Арқалық өңірі тұрғындарының сұрауы бойынша бұрынғы Торғай облысын қайта қалпына келтіру мәселесін қарастыруды Үкіметке ұсынғанын айтып едім, бұны Арқалық-Торғай өңірі азаматтары жақсы білетінін айтып, «Ақ жолға» Ақ тілектерін білдірді.
ӘУЛИЕ АТТАҒАН ОҢБАЙДЫ…
Тарт қолыңды Торғайдан!
Айтпақшы, елді елеңдетіп, мазалап отырған маңызды жәйтті айтпай кетуге болмайды.
Алаш көсемдері ауылына баратын, жалпы Торғай өңірінде асфальт жолдың жоқтығын айтып, зарлап келеміз, ал Мемлекет басшысының Құрылтайда жариялаған Орталық-Батыс күре жолы қайда?!.
Қазақстан үшін ірі инфрақұрылымдық жобалардың ішінде мақсаты мен маңызы бойынша ерекше орын алатыны – Орталық–Батыс күре жолы. Бұл жолдың негізгі мақсаты – елдің орталық бөлігін батыс өңірлерімен байланыстыру, халық пен тауар тасымалының тиімділігін арттыру, транзиттік әлеуетті кеңейту. Аймаққа айрықша серпін беріп, экономикалық-әлеуметтік қуатын арттыру!
Өңірдің күретамырына айналар күре жолдың экономикалық маңызы зор: ол мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел жеткізуді қамтамасыз етіп, көлік-логистика саласын дамытуға жол ашады. Әлеуметтік тұрғыда, шалғайдағы елді мекендердің қолжетімділігі артып, жол бойындағы сервистік қызмет өркендейді. Сонымен қатар, жол Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, Қытайдан Каспий арқылы Еуропаға өтетін қысқа әрі тиімді бағыттардың бірі болмақ.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ та, экономикалық дағдарыс кезеңінде көптеген мемлекеттер халықты жұмыспен қамтып, экономиканы ынталандыру үшін ірі құрылыс жобаларын жүзеге асырғанын көреміз. Мәселен, АҚШ-та Ұлы депрессия жылдары Рузвельттің New Deal бағдарламасы аясында Гувер бөгеті, жолдар, көпірлер тұрғызылды. Германия 1930-жылдары автобан жүйесін салып, жұмыссыздықты қысқартты. Жапония 1990-жылдардағы экономикалық тоқырау кезінде порттар мен жолдарға инвестиция салды. Қытай 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан шығу үшін триллион долларлық инфрақұрылымдық серпін бағдарламасын жүзеге асырды.
Осындай әлем тарихындағы нақты экономикалық серпілістерге қарасақ, дағдарыс кезеңіндегі ірі күре жолдар мен іргелі инфрақұрылым салу – экономикалық өсімнің тиімді тетігі болып табылады. Сол секілді Орталық–Батыс күре жолы мегажобасы да Қазақстан үшін тек көлік қатынасының ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық тірегіне айналады. Ел экономикасына ерекше жаңа серпін береді.
Биыл 14 маусымда Премьер-Министр О.Бектенов Арқалыққа жер қайысқан қалың қол - ауыр техникаларды алып барып, Мемлекет басшысы айтқан “Орталық-Батыс” күре жолы жобасының тұсауын кесіп, Ақ жол тілегені белгілі. Бірақ Премьер кеткесін жол салатын ауыр техникалар да жоғалып, көрінбей кетті дейді жұрт. Жол басталды деген хабар техникалар дауысымен дүрілдей бастағанда, асхана ашпақ болып, жол бойына алғаш орналасқан төрт киіз үй әлі жол қарап тұр…
Оған қоса таяуда белгілі журналист Анар Төлеуханның осы “Орталық-Батыс” күре жолы жобасының кешікенінен күмәнданып, жол бағытының басқа нұсқалары туралы сөз шығуда деген жазбалары жарық көрді…
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғали да журналистер сұрағына жауап беріп, сондай күдік барын айтты.
Біздің “Алаш көсемдері ауылына неге асфальт жол салынбайды?” деген сұрағымызға Шота бауырымыз: “Біздің Торғай өңіріне жақын жерде асфальт зауыты жоқ. Арқалықтағы асфалт зауытынан шыққан асфальт 300-400 км жерге жеткенше суып қалады да, жолға жарамайды, сапасыз болады. Сондықтан асфальт жол салу жауапкершілігін ешкім мойнына алмайды” деп мәселенің мәнісін айтты.
Ендеше, “Орталық-Батыс” күре жолы іске қосылса, Торғай өңіріне асфальт зауыттары көптеп келе бастайды. Ол кезде Алаш көсемдерінің ауылына асфальт жол салуға болады.
Яғни, “Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын “Орталық-Батыс” күре жолының құрылысы Арқалық-Торғай өңірі үшін қан жүгіретін күретамыр рөлін атқарады. Бұл жобаны тоқтатып, басқа бағытқа аттап кету - Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлттың ұлылары туған қасиетті өлкеге тартылар күретамырды қиюмен бірдей! Қазақта “Әулие аттаған оңбайды” деген ескіден келе жатқан есті де, ескерту сөз бар екенін еске саламыз. Ол аз болса, “Әруақ атқан оңбайды” деген сөз де бар. Отыз жылға жуық сарғая күтіп келе жатқан халықтың үмітін оятқан Мемлекет басшысының бағалы бастамасының баяндылығына шәк келтіріп, Орталық-Батыс күре жолы алып мегажобасының бағытын бұрмалап, ел арасына сына қағып, өңір аралық дауға ұластырмақ болып жүргендерге “Тарт қолыңды Торғайдан!”- дейміз!
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда елге сауын айтып жариялаған Арқалық-Торғай өңірінің болашағына арналған экономикалық бағдарламасы талқыланбауы тиіс.
Торғай өңірінің дамуы туралы түйінді сөз ертең болатын Президент Жолдауында да айтылып, нүктесі қойылар деп сенеміз.
Ел үміті - “Орталық-Батыс” күре жолына Ақ жол тілейміз!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты