БІРЕГЕЙ МЕМЛЕКЕТТЕ БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ БОЛУЫ КЕРЕК!

БІРЕГЕЙ МЕМЛЕКЕТТЕ БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ БОЛУЫ КЕРЕК!

СЕНАТ САНАТТАН КЕТЕДІ!..

Бүгін 2025 жылы 8 қыркүйекте ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында тағы бір саяси реформаны жариялады.

Жолдауда негізгі мәселелер түгел айтылып болып, қорытынды жасалып, енді жиналғандар орындарынан тұруға ыңғайланып, қағаз-қаламын жинап жатқанда ел күткен ең негізгі жаңалық - саяси реформаны сарт еткізді. 

«Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. 

Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. ”-деді Қасым-Жомарт Кемелұлы…

Президент өзі кезінде 10 жыл Сенат төрағасы болғандықтан, Сенатты тарату туралы айту өзіне оңай емес екенін, бірақ мемлекет мүддесі бәрінен де жоғары екенін президенттің де кәдімгі жүрегі бар адам ретінде сезім иесі екенін көрсетіп, әдемі жеткізді.

“Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. 

Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. 

…Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. 

Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. 

Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын.”-деп қорытты мемлекет басшысы.

Президенттің саяси реформасы осылай жақсы жалғасатын болады. Депутаттар бұл бір парламенттік палата құру бастамасын қызу қолдады. Өте дұрыс бастама!

1.Әлемдік тәжірибеде унитарлы мемлекеттерде Сенат болмайды! Тек федеартивті мемлекеттерде ғана болады. Біз унитарлы, яғни федеаративті емес, бірегей мемлекет болсақ та, бізде Сенат болуы - кезінде экс-президенттің өзінің президенттігіне Мәжілістен қауіп төнгенде немесе өзіне ұнамайтын заңдар қабылданғанда іске қосылатын сақтандыру құралы еді… 

2.Ал парламентке партиялық тізіммен ғана сайлану - солтүстігінде диаспоралар саны көп өңірлері бар біздің ел секілді мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде маңызы зор!

Әрі бұл саяси партиялардың рөлін көтереді. 

Біздің “Ақ жол” партиясы Сенаттың таратылып, бір палаталы парламент болу идеясын 2017 жылғы Конституцияға өзгерістер енгізілген кезден бастап ұсынып келеді. Мәжіліс депутаты, партия төрағасы Азат Перуашев бұл туралы депутаттық сауал да жасады.

Ал 2022 жылғы саяси реформа кезінде “Ақ жол” фракциясы парламентке тек партиялық тізіммен сайлану керектігін ұсынып, бұған үкімет қарсы болып, басқа партиялар қолдамағасын бұл ұсыныс та өтпей қалған еді.

Енді міне, парламентте күрделі өзгеріс жасауды мемлекет басшысының өзі қолға алып, болашағы зор бастама көтеріп жатқанда, біз әрине, қуана қолдаймыз!

Салмақты саяси реформалар осылай сәтімен жалғаса бермек.

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты