ҚАСИЕТТІ ТҮРКІСТАННЫҢ ҚАС ТАРЛАНЫ ЕДІ…

ҚАСИЕТТІ ТҮРКІСТАННЫҢ ҚАС ТАРЛАНЫ ЕДІ…

АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫН АЛҒАШ ҚҰРЫП, БЕДЕЛДІ ҰЙЫМ ЕТТІ

Қазақтың қайратты да қайраткер қариялары қандай болады десе, ойланбастан бірден көрсететін қариямыз - Жарылқасын Әзіретбергенұлы еді… Ағамыздың марғасқа інілерінің бірі Марғұлан Марайым бауырымнан “Жарылқасын көкеміз өмірден өтті” деген суық хабарды ауырып жатып естіп,, одан сайын қабырғамыз қайысып, көңіліміз құлазып кетті…

Шетелде жүрген белгілі қоғам қайраткері, Жақаңның жақсы көретін жайсаң бауыры Ислам Әбіш те хабарласты. “Екеуміздің де өзіміз қатты құрметтейтін нартұлға ағамыздың жаназасында иықтасып қатар тұра алмағанымыз қиын болды ғой? Биыл не боп кетті өзі?!. Алдымыздағы Алатаудай ағаларымыз шетінен кетіп жатыр ғой?!. Дулат Исабек, Темірхан Медетбек, Исрайыл Сапарбай, енді міне Жарылқасын көкеміз жалған дүниеден өтіп барады… Пейіште рухтары шалқи бергей!”-деп күйзеле сөйледі.

Иә, өмір болғасын, өмірге келген адам кетеді. Біреу ерте кетеді, біреу ұзақ жасап өтеді… Фәни дүниенің есігінен енген пенде бақи дүние есігінен де шығып кетуі хақ. Сондықтан да, адам аз не көп жасасын, бұл өмірді атам қазақ “Бір есіктен кіріп, екінші есіктен шығып кеткендей, “Қамшының сабындай қысқа ғұмыр” деп атайды…

Иә, Жарылқасын көкеміз аз жасаған жоқ. Құдайға шүкір, 85 жасқа келіп, бақи дүниеге бағыт ұстады. Биыл Ұлыстың Ұлы күні - Әз Наурызды Жарылқасын ағамыздың арнайы шақыруымен бір топ депутаттар 

бүкіл түрік әлемінің қасиетті ордасы Түркістанда атап өткенбіз. Өйткені, Түркістанда ел бірлігінің темірқазығы – облыстық ақсақалдар алқасының құрылғанына 25 жылдық мерейтойы өткен еді. “Жаңа Қазақстанның алтын арқауы — ақсақалдар өнегесі” атты кең көлемді рухани-мәдени жиынға Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, Түркістан облысының Құрметті азаматы, ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлының арнайы шақыруымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Қайрат Балаби, Ұласбек Сәдібек, Темір Қырықбай және Нұрсұлтан Байтілес және Сенат депутаты Мұрат Қадырбек Астанадан ат арытып келіп қатысып, ақ тілектерімізді ақтарған едік. Сонымен қатар, сол жиынға Түркістан облысы әкімі орынбасары Бейсенбай Тәжібай бастаған өңірдің мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен қала тұрғындары да қатысып, Ақсақалдар мерейтойы Ұлыстың Ұлы күні -Наурыз мейрамына ұласып, дүрілдеген той өткен еді.

Сол мерейтойда, еліміз бойынша ең бірінші киелі Түркістанда құрылған халықтық-қоғамдық институт - Ақсақалдар алқасының ширек ғасырлық тарихы мен өңірдің қоғамдық-рухани өміріндегі рөлі кеңінен шертілді. Ақсақалдар алқасы осы жылдар ішінде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауда, ұлттық салт-дәстүрлер мен құндылықтарды дәріптеуде үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан беделді ұйым ретінде бағаланды.

Ақсақалдар алқасы айына екі рет әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға азық-түлік таратады. Соның бір кезегіне біз де қатысып, куә болдық. Жарылқасын ағамыз бастаған Ақсақалдар алқасы жағдайы нашар 51 отбасыға баспана салып беруге бастамашы болып, ұйымдастырған. Әлі де салынуда. Түркістан қаласының ішімдіксіз қала болуына, елдің ырысты ынтымағына ұйытқы болып жүр.

Бұл Ақсақалдар алқасы мерейтойы - қариясын тыңдаған қазақтың қазынасы мен ынтымақты ырысы ортаймай, берекесі мен мерекесі артқан ел бола беретінін айқын көрсетті.

Ертеңіне Наурыз мейрамында Жақаң:

“Сексеннің сеңгіріне шыққанымда ел тойлады, енді 85 жасымды тойламаймын”-деген еді. 

Сонда мен: “Елге қадірлі қайраткер қариямыздың 85 жасқа толған мерейтойын тойлауымыз керек - мың айдың жүзін көріп жатқандар көп емес қой! Тойыңызға келеміз құдай қаласа, ойланыңыз” деген едім. 

Сөйтсек, енді ойлап отырсам, түгел түрік ордасы Түркістанға түгелімізді арнайы шақырып алып, өзі құрған Ақсақалдар алқасының ширек ғасырлық мерейтойын Ұлыстың ұлы күні Әз Наурызбен бірге тойлауы - еліне жасаған соңғы тойы сол екен ғой!.. Ақсақалдар ұйымын құрған 25 жылдық жемісті ісіне ел алдында есеп беріп кеткен ерекше жиыны екен-ау!?.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЖЕТТІЛІККЕ АЙНАЛДЫРУ КҮРЕСІН ТОҚТАТПАУ КЕРЕК!  

Бұл талап - Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесі төрағасы, белгілі ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергеннің биыл 2025 жылы 9 қаңтарда депутаттар ел аралағанда Түркістанда ел зиялыларымен кездескен жиында маған, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы жолында күресіп жүрген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға айтқан ел аманаты еді… 

«Қазыбек Иса депутат қана емес, Қазыбек Иса - алдымен ақын. Жай ақын емес, мықты ақын! Жақсы, өткір журналист. Бұқаралық ақпарат құралдарында ойып тұрып орын алатын азамат. Еліміздегі алғашқы демократиялық басылымдардың бірі «Қазақ үнін» шығарып, қаншама үлкен проблемаларды көтерген. Солардың бірінші оқырманы менмін. Қазір Қазыбек Исаның депутат болғанына біраз уақыт болды. Депутаттық нанын адалынан жеп жүрген де осы Қазыбек Иса. Тіл туралы, ел туралы, қақ жарып, қаймықпай айтып, қайтпай күресіп жүрген де қайсар Қазыбек Иса. Оны бүкіл халық біледі. Қазір қазақ тіліне жол ашыла бастаған сияқты. Жайлап үміт кіре бастаған сияқты. Бір кездері қазақ тілі тарихқа кететін шығар деген ойда болғанбыз, қазір депутаттардың көбісі қазақша сөйлеп отыр Парламентте. Тілге қойылған талап орындалып келеді. Қашан мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғанша, ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЖЕТТІЛІККЕ АЙНАЛДЫРУ КҮРЕСІН ТОҚТАТПАУ КЕРЕК!  

Қазыбек Түркістандағы орталық көшеге қойылған павлин, тауыс құсының мүсіні орынсыз қойылғанын орынды сынады. Иә, оның орнына, қазақ жылқыны қасиетті санаған, Құлагердің ескерткішін қою керек!.. 

Өткен күзде Түркістанға келгенде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бауырымыздан “Түркістан туралы заң қашан қабылданады?” деп сұрағанымызда: “Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң” биыл қабылданады. Оған міне, арамызда отырған жерлестеріңіз, депутаттар Қазыбек Иса мен Елнұр Бейсенбаевтар жауап береді”-деп еді. Енді міне, Мәжіліс төрағасы сөзінде тұрып, Түркістан туралы заң қабылданды, парламентке, өздеріңе көп рахмет! Алла разы болсын! Жүздерің жарқын күйде елмен жүздесіп отырсыңдар, Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заңымыз құтты болсын! » - деп еді саңқылдап тұрып саңлақ ардагеріміз.

Иә, Жақаңның былтыр қыркүйек айында үлкен жиында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтан “Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң қашан қабылданады?” деп сұрау салуы Түркістан елінің халықтық сауалы еді. Ол сауал абыройлы орындалғаны белгілі.

Ел ағаларымен етене жақын жүретін Ерлан Жақанұлы да Жарылқасын ақсақал туралы үлкен құрметпен, риза болып айтады. “Алғаш айтқанда, 17 баласы барына сенбедім, бұл үлкен ерлік қой. Кейін Түркістандағы бір отырыста жеңгейді әкеліп таныстырды. Жақаңның әсіресе, шешен сөйлейтіні керемет. Қанша сөйлесе де, сөзінің жұбы бір бұзылмайды екен! Ол кісіні бәрі “Жақаң” дейді екен. Ал мен Жақанұлымын, сондықтан екеуміз бұрыннан таныс жандардай бірден жақсы сыйласып кеттік ”-деп еді сол жолы. 

Иә, Жақаң қашанда тауып сөйлегенде қиюын тауып, қыш қалағандай өріп отырады. 

Жақаңның қазасын есіткенде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов көңіл айту жеделхатын жолдады.

-Жарылқасын Әзіретбергенұлы бүкіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнап, кісілік келбетімен, ақыл-парасатымен, ізгі істерімен ерекшеленді. Қасиетті Түркістан өңірінің қоғамдық өміріне белсене араласып, ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде байыпты бастамаларға, игі істерге ұйытқы болды. Ел ынтымағы мен бірлігін бекемдеуге мол еңбек сіңірді. Сөзіне жұрт ұйып, көпшілік ақыл-кеңесіне жүгінетін абыз ақсақалға айналды.

Соңына өшпес із, өлмес өнеге қалдырған Жарылқасын Әзіретбергенұлының жарқын бейнесі жақындарының жүрегінде мәңгі сақталып, игі істері жалғасын таба бермек.-деп, Жақаңның тұлғасын жақсы бедерлеп жазды Жақанұлы.

Бұл жеделхатты Мәжіліс депутаты Қайрат Балаби оқып берді.

ЖАРЫЛҚАСЫН мен ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ, ӘЗІРЕТБЕРГЕН мен ӘЗІРЕТ

Жарылқасын көкемнің атына байланысты сол Наурыз мейрамында келген отырыста ауызашарда отырғанда мен де ол кісіге айтып едім. 

“Сіздің атыңыз - Жарылқасын. Менің әкемнің аты - Жарылқасын, яғни Жарылқасынұлымын. Сіз Әзіретбергеннің ұлысыз. Ал менің тұңғыш ұлым Әзірет” деп едім, қатты риза болып қалды. 

Жарылқасын деген аттар да ұқсас жағдайда қойылған екен. Әзіретберген атамыздың үш ұлы кішкентай кезінде бір күнде ауырып, көз жұмып, бір ұлға зарығып жүргенде жазған өлеңі бар екен:

Көкпар шапқан ұстайды ердің басын,

Құдайым көрер ме екен көздің жасын?.

Ақ жарылқап, күн туып, бір ұл берсе,

Қояр ем оның атын Жарылқасын!-

деген өлеңін Жақаң әкесінің құрдастарынан естіген екен. Сөйтіп, Әзіретберген алпыс жастан асқанда құдайдан сұрап алған ұлының атын Жарылқасын қояды.

Сол секілді біздің әкеміз Жарылқасын да Иса атамыздың бірінен соң бірі шетіней берген он үш перзентінен аман қалған жалғыз ұл болғасын -Жарылқасын қойған ғой Алла Жарылқасын деп сыйынып. Бір әпкесі де аман қалған, оның атын да ырымдап Тұрған деп қойған екен.

Жақаң “Біздің әкеміздің, біздің кезімізде Әзірет деген ат көп қойылғанмен, кейінгі кездерде бұндай ат қою азайып кетті ғой, жоқ десе де болады”-деп, ұлымның аты қалай қойылғанын сұрады. “Өзіңіз осы Түркістанда өткен менің елу жасқа толған тойымда елге жақсылап, жыр ғылып айтып бергеніңіздей, келініңіз екеуміз 1991 жылы 20 қарашада Алматыдан шыққан пойызда танысып, алғаш жер басқан қаламыз осы киелі Әзірет Сұлтан бабамыз жатқан қасиетті Түркістан болды. Сондықтан, сол кезде елдің бәрі балаларының атын Нұрсұлтан қойып жатқанда, мен тұңғыш ұлымыздың атын бір Аллаға сыйынып, Әзірет Сұлтанға ырымдап, Әзірет қойғанмын” деп едім, тіпті риза болып, рахаттана күліп алды.

Жарылқасын ағамды ең алғаш жақсы танығаным да енді есіме түсіп отыр. Осыдан он үш жыл бұрын 2012 жылы мен елу жасқа толғанда, ел болып тойлап, оңтүстікте жеті жерде шығармашылық кешім дүрілдеп өтіп, Алматыда қорытындыланды. Нартұлғаларымыз Мұқтар Шаханов, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Көпен Әмірбектер қатысты. Соның бірі осы Түркістан қаласында Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кең залында болды. Сонда ардагерлер атынан Жарылқасын ағам сөйледі. Сөйлегенде бүй деді. Бұрын атын естісем де, жақын араласып көрмеген көкем менің бүкіл өмірбаяным мен мақалаларымды, өлеңдерімді айтып, кәдімгі әдебиетшідей талдап бергенде, таңғалған едім. Тіпті, жоғарыда айтқандай, менің болашақ жарыммен Түркістанға келе жатқан пойызда қалай танысып, қалай үйленгеніме шейін ағылып тұрып, айтып берді. Сол кезде шығармашылық кешті жүргізіп отырған қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов: “Сол сіз айтып отырған біздің ақын Қазыбек Иса ініміз ғашық болып, талай жыр жазған ару келініміз де осында ортамызда, залда отыр. Орныңнан тұрып елге көрініп қойшы, қане”-деп, келіндері Жәннатты орнынан тұрғызып, ол көпшілікке сәлем салғаны да керемет болып, ел ду қол шапалақтады. Сөйтсем, әдебиетті жақсы білетін, өзі де кезінде “Лениншіл жас” (қазіргі Жас Алаш”) газетінің штаттан тыс тілшісі болған Жақаң менің шығармаларым мен “Қазақ үні” газетіндегі барлық мақалаларымды түгел оқып жүреді екен. Зерделі зеректік, бауырларын қадағалап жүретін үлкен жүректі қамқорлық деп осыны айт. Қайран, қаракөк дүлдүл көкем-ай!..

Түркістандағы Наурыз мейрамын тамашалап отырып, менің ұшағымның уақыты ерте болғасын, түстің кезінде салтанатты жиын бітпей шығып кететін болдым. Содан Жарылқасын көкеммен қоштасып кетуге қасына барған едім, “отыра беріңіз” дегеніме қоймай, 85-тегі қария орнынан тұрып, ат шаптырым алып алаңның шетіне дейін өзі шығарып салды. Не деген зиялы кішіпейілдік десеңші?!. Сүйегі асыл, текті ғой! Қазақстан Үкіметін ең қиын соғыс кезінде 13 жыл абыройлы басқарған, қазақтың талай тарландарын тәрбиелеген Нұртас Оңдасынның туыс інілері ғой артынан ерген. Қаптаған киіз үйлердің шетінде Шардара ауданының әсем киіз үйі тігіліпті. Алдында таппай қойғанмын іздеп. Олар бізді алыстан байқап, есік алдына шығып тұр екен, ән шырқап қарсы алды. Қалай кірмей кетесің, Жақаң бастап, шығарып салушы Қыдыралы Рысбек, Мұрат Ізтілеу ағаларымыз қостап, бәріміз ішке кірдік. Шардаралық өнерпаздар өлеңін мен жазған, әнін белгілі композитор Бауыржан Тұрғара жазған әйгілі “Құдаша қыз” әнімізді әуелете шырқап қарсы алып, әнмен шығарып салды. Мен ол жерде 1989 жылы жазылған “Наурыз тойына” деген өлеңімді оқыдым. Жарылқасын көкеміз жақсылап тұрып, ақ тілегін айтып, ақ батасын берді. 

АҢЫЗҒА ДА, АБЫЗҒА ДА АЙНАЛҒАН

1987-2001 жылдары Амангелді колхозын басқарып, кейін де басшылық жұмыстарда болған, Н.Оңдасынов музейін ұйымдастырып, басқарған, халқына адал еңбек еткен Жарылқасын Әзіретбергенұлы “Абыройды сатып ала алмайсың, ол бұйрықпен берілмейді, халыққа еткен еңбегің береді” деген айқын ұстаныма өмір бойы берік бола білді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың өзі Жақаңды жақсы құрметтеп, кеудесіне жарқыратып “Барыс” орденін тақты. Одан өзге де “Парасат” ордені және бірнеше медальдармен марапатталды. Ең бастысы өз ұстанымына адал болып, халықтың абыройына ие болды.

Былтыр 2024 жылы күзде Қазақстанның әр өңірінде аталып өтіп, қорытындысы Түркістанда өткен ел тарихында ерекше орны бар біртуар мемлекет қайраткері, нағыз туралықты ту еткен нартұлға Нұртас Оңдасынның 120 жасқа толуына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыстық. Астанадан арнайы келген мен ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып, сөз сөйледім. Сонда Жақаң да туыс ағасы, ұстазы Нұртастай кемел тұлға туралы кеңінен толғап, кестелі сөйлеп, елді риза еткен еді-ау…

Жақаңды соңғы рет биыл ақиық ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек інісінің қазасында көрдім. Ауырып жүрсе де, ауыр қазаға келді. Қабырғасы қайысып тұрып, қоштасу сөзін айтып еді…

Енді сөзімнің соңында сол ақын Темірхан інісінің қатты жақсы көретін Жарылқасын ағасына арнаған арынды сөзінің аяғы мен жалынды жырын келтіріп, қорытсам деп отырмын:

“…Әттең бізде «Ардақты әке» деген атақ жоқ, болса ғой сол атаққа бірден бір лайықты адам Жақаң болар еді. Өздеріңіз айтыңыздаршы, осындай ағаңның барына қалай мақтанып, қалай шаттанбассың! Өлең жазатын адаммын ғой, мақа­ламды «Он жеті баланың әкесі Жарыл­қасын Әзіретбергенге ақ тілек» деген өлеңмен аяқтағым келіп тұр. 

Оу, Жақа, 

Елге қадірлі, 

Бірақ та бір ұлға зар болған Әзіретберген көкеміздің 

Алпысында көрген 

Жалғыз баласы едің, 

Көзінің Ағы мен қарасы едің!

Құдай берді ғой! 

Бергенде де Құлай берді ғой! 

Жап-жас кезіңнен Қызылқұмның 

Аптабында ширап, 

Қаратаудың Шақпақ тасына Қайралдың. 

Он жеті Перзент құшақтап, 

Он жеті жерден отау тіктіріп, 

Ұшар басына Құс қана жететін Бәйтерекке айналдың. 

Егер бүгінде Алтын алқаны Еркекке берер болса,

Соны сіз алар едіңіз. 

Шалқып бір қалар едіңіз. Көсілсең—көсемсің,   

Шешілсең—шешенсің.  

Оңтүстік аймағын Аузына қаратқан 

Ақсақал- ағасың, 

Бірде данасың, 

Бірде дарасың! 

Сенімен мақтанам, 

Уа, Жақа, жерлесім. 

Өйткені сен деген 

Таусылып бітпейтін 

Қазына көмбесің. 

Саған тілерім: 

Жүрек пен жаныңның 

Жарық пен шуағы 

Ғасырда сөнбесін!”-

деп, қиядан шауып, қисынын тауып, кеңінен толғаған еді Жақаңның мерейтойында Ақиқаттың алдаспаны Темірхан МЕДЕТБЕК ағамыз. Алды пейіш, арты кеніш бола бергей дүлдүлдердің!

Алла алдынан жарылқасын Жарылқасын көкемнің!

Ауырып қалып, қоштасуда бола алмағанымыз, топырақ сала алмағанымыз өкінішті…

Сөйлесе -сөздің шешені, істесе - істің көсемі, аңызға да, абызға да айналған Жарылқасын ағамыздың жарқын істері ешқашан ұмытылмайды. Өйткені, ел үшін істеген істі ел де естен шығармайды!

Асыл жары Ұлбосын жеңгемізге, ұл-қыздары мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Бүкіл Түркістандықтарға көңіл айтамыз.

Пейіште рухыңыз шалқи бергей қасиетті Түркістанның қас тарланы!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты