ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІНДЕР ҚАЗАҚҚА ҰҚСАЙДЫ!
2025 ж. 04 тамыз
489
0

Қадірлі ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Екатерина Сергейқызы Смолякова!
Бүгінгі туған күніңіз құтты болсын!
Мен 2020 жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Үндеу қабылдаған Қазақстан Халқы ассамблеясының “Ұлы Даланың ұлтаралық қатынас тілі” атты Тіл форумында сөйледім. Айтпақшы, сол жиынды қазіргі Мәжіліс депутаты, ол кезде журналист Максим Рожин жүргізген. Сол кезде мен айтып едім: “Қазақша сөйлейтін өзге ұлттардың бәрі қазаққа ұқсап кетеді” деп. Соған қосарым, Қазақша сөйлейтіндердің бәрі әдемі болады, мысалы Екатерина қарындасым, Сіз секілді. Өйткені әлемдегі ең бай тілдің бірі Қазақ тілінің рухани нұры болады. Мысалы, Қазақша білмейтін қазақ министр, әкім, депутаттардың түрінен имандылық кездестіру өте сирек, нұрланып емес сұрланып тұрады…
Қазақ тілінің майын тамызған сөзіңізге, иманды келбеті келіскен өзіңізге қарап, мен Сізді өзге этнос екен деп ойламаймын…
Иә, өзі Ресейде, Томск қаласының тумасы болса да, Қазақстанға көшіп келгесін, орыс мектебінде оқыса да, қазақ тілін тез меңгеріп алады. Тіпті республикалық қазақ тілі олимпиадасында бірнеше рет жүлдегер атанады.
Ал Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген соң, ҚБТУ-да қазақ тілінен сабақ бергенде қазақ тілін білмейтін қазақ студенттер “Бұл орыс қызы бізге қалай қазақ тілін үйретеді?”-деп таң қалған! Екатерина оларды: “Мен секілді қазақ тілін шын сүйсеңдер сендер де тез үйреніп аласыңдар!”-деп қамшылап отырған.
-Менің қазақ тілі мен мәдениетін сүйгенім сонша, бұл менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Қазақ тілі мен үшін қазақ мәдениетіне ашылған есік болды. Қазақ тілі - бұл жәй сөз емес - бүкіл өмір! Қазақ тілі арқылы мен қазақ халқының ділін, дәстүрін, философиясын түсіндім”-дейді Екатерина Сергейқызы.
Міне, Екатерина дұрыс айтады, қазақ тілін білмейтін қазақ шенеуніктері қазақ халқының ділін, дәстүрін философиясын түсінбейді?!. Сөйтіп отырып олар министр, әкім, депутат болып, ел басқарғысы келеді?!. Елімізді отыз жылда да оңдырмағанымыздың айқын дәлелі!
Қадірлі қарындасым Екатерина!
Бүгінгі жарық дүниеге келген күніңіз Құтты болсын!
Ең бастысы Денсаулығыңыз мықты болсын!
Төл Мереке мол Берекеге айналсын!
Босағаңызға бақ пен құт байлансын!
Шаңырағыңызда шапағат пен шаттық шалқи берсін!
Үйіңізде әрдайым әлди мен ән-күй болсын!
Көңіліңіз келісті, өміріңіз жемісті де, жеңісті бола берсін!
Сіз дүниеге келген жадыраған жаз күнінің тамаша тамыз айындай ойыңызға шуақ, бойыңызға қуат тола берсін!
Халықтың қалаулысы ретінде парламенттік парасатпен мандат мақсатын орындай беріңіз!
Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін!!!!
Әрқашан Ақ жол тілеймін!
Құрметпен, Қазыбек ИСА.
2 тамыз 2025 жыл