ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ – ӘР БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК
2025 ж. 26 шілде
515
0

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше өткен жылы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асып жығылған.
Инклюзиялық білім берудің қажеттілігі мен маңыздылығын ескере отырып, министрліктің құрылымында инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылып, өз жұмысын бастады.
Өткен жылы ғылыми қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып ауқымды жұмыстар атқарылды. Инклюзиялық және арнайы білім беру саласындағы барлық нормативтік құжатқа талдау жүргізілді. Нәтижесінде 15 нормативті-құқықтық акт қабылданып, соған сәйкес жұмыстар жүргізіле бастаған-ды.
Осы орайда, бала өмірге келген кезден бастап, білім алып, белгілі бір мамандықтың иесі атанғғанға дейін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі үлгісі енгізілді. Қолдау кабинеттері үшін жаңа талаптар бекітілуіп, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс үшін жеке бағдарламалар дайындалды. Сонымен қатар, педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші секілді жаңа лауазымдар пайда болып, бұл бағыттағы жұмыс жандана түсті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету, білім берудегі қиындықтарды анықтау және алдын алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру» деген болатын.
Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған үздіксіз процесс. Ол әр баланың физикалық, психикалық, зияткерлік, мәдени және тілдік ерекшеліктерін ескеріп, еш кемсітусіз, ортақ білім беру кеңістігінде оқытуға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл тәсіл әлемдік білім берудің басты бағыттарының бірі болып отыр. ЮНЕСКО деректері инклюзивті білім беруді дамыту қажеттілігін айқын көрсетіп отыр: әлемдегі мүмкіндігі шектеулі балалардың тек 10%-ы ғана мектепке барады, ал 5%-ы ғана бастауыш білім алады. Сондықтан білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – әр балаға тең мүмкіндік беру және әлеуметке толыққанды кірігуіне жағдай жасау.
Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен инклюзивті білім беру ісіне зор көңіл бөлінуде. Соған сәйкес, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі орта және жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беру жолында мұғалімдердің біліктілігін арттыру ісі қолға алынуда.
Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернаттың бастауыш сынып мұғалімі, педагог-модератор Нұргүл Садық таяуда ғана Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ шеберлік орталығынан «Бастауыш мектепте инклюзивті білім беру тәжірибесі» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтіп, арнайы сертификатын иеленді. Осы орайда педагог тақырып бойынша көкейге түйгенімен бөлісуді жөн санады.
Педагог-модератор Нұргүл Бақытжанқызы: «Инклюзивті білім беру – қазіргі білім беру жүйесінің басты бағыттарының бірі. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар балаларға ғана емес, әрбір оқушыға қолайлы әрі қолжетімді білім беру ортасын құруды көздейді.
Бастауыш сынып – баланың тұлға ретінде қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Бұл кезеңде әр баланың қабілеті, оқу қарқыны, даму деңгейі әртүрлі. Сол себепті оқыту барысында біз олардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктерін ескеруге тиіспіз. Мұғалімнің міндеті – әр оқушыға қолдау көрсету, оны білімге қызықтыру, өзіне сенім ұялату.
Бүгінде бастауыш сыныптарда оқу мен тәрбие үдерісі тек білім берумен шектелмейді. Ол оқушылардың эмоциялық жай-күйіне, мінез-құлық ерекшеліктеріне, бір-бірімен қарым-қатынасына тікелей байланысты. Инклюзивті ортада тәрбиеленген бала өзгеге түсіністікпен қарап, мейірімділікке, ынтымақтастыққа бейімделеді.
Сыныпта ерекше қажеттіліктері бар немесе оқуда қиындығы бар балалар кездесуі мүмкін. Ондай жағдайда мұғалім оқыту әдісін түрлендіріп, тапсырмаларды жеңілдетіп немесе бейімдеп, қолдау тетіктерін қолданады. Жеке және топтық жұмыс, ойын арқылы оқыту, шығармашылық тапсырмалар – инклюзивті білім берудің тиімді әдістеріне жатады.
Білім беру – тек пәндік біліммен шектелмейтін, жан-жақты дамуға жол ашатын сала. Сондықтан инклюзивті білім беру – барлық балаға сапалы білім алуға және толыққанды қоғам мүшесі болуға мүмкіндік беретін басты құрал» дейді мұғалім.
Бұл тұрғыда бастауыш сынып мұғалімі ретінде әр пәнді оқытудың өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады маман.
– Бүгінгі күннің талабына сай бастауыш сынып оқушыларына тек оқи білу жеткіліксіз. Олар түрлі мәтін түрлерін – диаграмма, кесте, сурет, карта секілді визуалды ақпаратты да еркін оқи алуы тиіс. Сондықтан оқу сауаттылығын дамыту үшін тек әдеби емес, әртүрлі жанрдағы мәтіндерді, соның ішінде электрондық ресурстарды да кеңінен пайдаланамыз.
Мұнда ең бастысы – баланың оқығанын түсініп, өз ойын білдіре алуы. Сол үшін біз пәнаралық тәсілді қолданамыз: тілдік пәндерде ғана емес, математика, жаратылыстану сияқты басқа пәндерде де мәтінмен жұмыс істеуді үйретеміз. Оқушылар өз бетінше қорытынды жасап, пікірін айтуға дағдылануы қажет. Бұл – болашақта кез келген ақпаратты сын көзбен қабылдап, дұрыс шешім шығаруына негіз болады.
Математикалық сауаттылықты дамытуда өмірмен байланысты тапсырмалардың маңызы зор. Мысалы, біз балаларға пайызға қатысты есептер, диаграммалар мен кестелер арқылы берілген мәліметтерді талдауды үйретеміз. Бұл олардың логикалық ойлауын ғана емес, күнделікті өмірде кездесетін қарапайым мәселелерді шешу қабілетін де дамытады, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Садық.
Инклюзивті білім беру бағытында алдағы уақытта қыруар шаруа атқарылатыны сөзсіз. Демек, әр балаға тең мүмкіндік беріледі.
Майра ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ