Ерекше балаларға айрықша қамқорлық қажет

Ерекше балаларға айрықша қамқорлық қажет

Аутизм бүгінгі күні қоғамдағы елді алаңдатар дерттің біріне айналғалы да бірталай уақыт болды. Қазіргі таңда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар 12 807 бала мен жасөспірім (0-17 жас) динамикалық бақылауда тұрғандығын ескерсек, аталмыш дерттің бүгінгі қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге айналғандығын аңғарамыз. Соңғы бес жылда тіркелген жағдайларға назар аударсақ, аутизмге шалдыққандар санының жыл санап өсіп келе жатқанын байқаймыз. Атап айтқанда, 2020 жылы – 3568, 2021 жылы – 4886, ал 2022 жылы – 6558 бала аутизм сырқатына шалдыққан. Соңғы жылдардағы мәліметтерге көз жүгіртсек, 2023 жылы – 9611, 2024 жылы – 12 456 бала аталмыш аурумен бетпе-бет келген. Қазақстандағы мектеп жасындағы балалардың басым бөлігінде, яғни 9698-інде аутизм спектрінің бұзылыстары бар екендігі анықталып отыр. Ал мектепке дейінгі жастағы балаларда (4-5 жас) – 2783 бала, ерте жастағы балалар (3 жасқа дейін) – 326 бала екендігін ескерсек, бұл құбылыстың қоғамда кеңінен белең алғанын білеміз. Осы орайда келелі мәселенің күрмеуін тарқатып көруді жөн санадық.

Аутизм генетикалық сырқат па, әлде ахуал ма?

Адамзат өз тарихында сан мыңдаған жетістіктерге жетіп, қандай салада болмасын белгілі бір зерттеулер жүргізе отырып, осы зерттеулерден нәтиже алудың арқасында адам және оның болмысы, әлем туралы түсініктер қалыптастырған және әлі де қалыптастыруда. Көзбен көріп, қолмен ұстай алатын көптеген дерлік құбылыстар әр түрлі ғылым салаларымен зерттеліп, түсіндірілген, алайда кейбір құбылыстар тек сыртқы жәйттармен ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі жай-күйімен, қоршаған ортасымен, жүйке жүйесінің төзімділігімен, күйзеліс әсерлеріне берілу деңгейімен байланысты болып, ғылым тұрғысынан да, әлеуметтік тұрғыдан да жеткілікті түсіндірілмей, мәселе ретінде шешімін таппай тұрғандары қаншама. Осының ішінде күрделі де, әлі толықтай генетика тұрғысынан да, психология тұрғысынан да зерттелмеген мәселе – аутизм болып табылады.

Бүгінгі таңда аталған құбылыс халық арасында кеңінен танылып, оған себеп ретінде, бірі генетиканы айтып, оны генетикалық ауру ретінде сипаттаса, екінші бірі, бұны адамның ішкі жай-күйімен байланыстырып, ахуал ретінде сипаттайды. Кейінгі кезде, аутизм туралы жиі айтылып, ол туралы мәселе көп қозғалатын болды.

«Аутизм генетикалық сырқат па, әлде ахуал ма?»-деген сұраққа дұрыс жауап беру үшін алдымен аталған құбылысты толықтай зерттеп, оның белгілерін айқындап және нақты емін табу қажет. Қалай дегенмен де, аутизм бұл қалыпты жай-күйден ауытқу, ми жүйесі мен жүйке жүйесіндегі қайтарымсыз процесстердің орын алуы болып табылады. Сол себептен де аталған ауруды ерте кезінде анықтап, оған қажетті емді табу, болашақта бұл сырқатқа ұшыраған адамдардың жарқын болашаққа, қоғамдағы орын алып жатқан құбылыстарға белсене араласуға деген мүмкіндіктерін арттырады.

«Аутизм» термині бізге неміс тілінен енген болатын, аудармасында «өзім» деген мағынаны білдіреді. Яғни, аутизммен ауыратын балалар қоршаған ортадан алшақ болады, өзінің ойлап тапқан әлемінде өмір сүреді, өзгерістерден қорқады, бір жасаған іс-әрекетін қайта-қайта қайталап отыра бере алады, атымен атап шақырғанда елемейді, белгілі бір затқа ден қойып, қарамайды, зеректігі өте төмен болады. Осылай дей отыра, біз аутизм ауруына шалдыққан балалардың барлығы қоршаған ортадан алшақ, мүлдем белсенді емес деп айта алмаймыз, себебі «аутизм» ауруы әр балада әрқилы өтіп,бір баланың сырқатына қарамастан, қоршаған ортаның белсенді мүше болуы әдбен мүмкін болатын болса, екінші бір бала ерекше күтім мен қарауға мұқтаж болады. Аутизм қарапайым тілмен айтқанда, кішкентай балалардың ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсу қиыншылықтарын тудыратын психикалық ауытқу.

Негізінен бұны ауру деп айту қиын, бұл психикалық дамудың бұзылуы. Бала миына келіп түскен ақпараттарды баланың миы қабылдамайды. Себебі миының сенсорлы жүйелері дұрыс жетілмеген.


Аурудың белгілерін қалай анықтаймыз?


 Жалпы аутизм 2-3 жасқа дейінгі балаларда анықталынады. Аутизм белгілері ретінде 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларда анықталып жатады. Атап айтқанда, баланың әлеуметтік әсерлесуі төмен, әлсін немесе мүлде жоқ екені аңғарылса, дабыл қағуға негіз бар. Сонымен қатар, сөйлесу кезінде тек жесттерді көрсету арқылы сөйлесіп, жиі сөздерді қажет етпесе, сондай-ақ ата-анасына немесе басқа да оны алмастыратын адамдарға бауыр басу, гуілдеу, күлу, физикалық белсенділік байқалмаса бұл аутизмнің белгілері болып табылады. Адамның көзіне қарамаса, үлкендермен бірге ойнауға қызығушылық танытпаса, дене, дыбыс, жарық әсерлеріне қатты қорқу, үрейлену, айқайлау сияқты жоғары сезімталдық көрсетпесе мұндай балалардың ата-аналары алаңдауына негіз бар. Бір іс-әрекетті қайта-қайта қайталауды сұрау да аталмыш ауру белгілеріне саяды. Керісінше, сөйлемесе, ешқандай дыбыс шығармаса аутизм сырқатына шалдыққан болуы әбден мүмкін.

Аутизм белгілері 3 жасқа дейін айқын байқалады. Әдетте ер балаларда жиі кездеседі. Құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, әлі сөйлемейтінің байқауыңыз мүмкін. Алғашында баланы керең секілді көрінуі мүмкін. Кейде сөйлеуін бастайды, бірақ біраз уақыт өтісімен сөйлеу қабылетін қайта жоғалтады. Күнделікті қылықтары қайталанады, күнде бір ойыншықпен және жалғыз ойнайды. Тіпті, ойыншықтың тек бір бөлігімен ғана ойнауы мүмкін. Күнделікті қайталанатын тәртіптің өзгеруін бала өте қиын қабылдайды. Балаңыз көзге тіке қарамауы да мүмкін.

Осы белгілерді балаңыздан байқасаңыз тез арада психологтардың көмегіне жүгінгеніңіз абзал.


«Алтын ұя-Еркеле» – ең қамқор орталық


Аутизммен бетпе-бет келген балалар айрықша қолдауды қажет етеді. Жоғарыда біз тілге тиек еткен цифрлық мәліметтер бұл ауруға бей-жай қарауға болмайтынын көрсетіп отыр. Сондықтан да елімізде балалардың саулығын сақтау және одан әрі нығайту мақсатында аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көптеп көңіл бөлінуде. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан мекемелер санының күн санап артып келе жатқандығы көңіл қуантады. 

«Алтын ұя-Еркеле» орталығы осындай диагноздағы ерекше балаларға тегін көмек қолын созу үшін ашылған. Аталмыш орталықтың қалашығы 2021 жылы Астана қаласында «Ерке» балабақшасында қаланды. Бастапқыда төрт түзету кабинетімен ашылған орталығымыз бүгінгі таңда жеке бір орталық болып отыр. 2022 жылдан бастап ата-аналар мен бүлдіршіндерге «Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау Басқармасының» қолдауымен тегін қызметтер көрсетілді. Бастапқыда 15 балаға қызмет көрсеткен орталығымыз 1 жыл ішінде 120 шақты баланың дамуы жолында жұмыс істеді. Орталығымызда аутизм дертіне шалдыққан балаларға психологпен түзету жұмыстары, АВА терапиясы, Floortime ойыны, Йога, қызмет түрлері тегін көрсетілді. Ата-аналармен де тегін психологиялық кеңестер, тренинг жұмыстары өткізілді. Бір бала аптасына екі рет, екі сағаттан түзету-дамыту жұмыстарына келіп жүрді. Соның ішінде АВА терапиясы 1 сағат, Floortime ойыны 30 минут, Йога 30 минутты құрады.

А.О. Солотова басқаратын «Алтын Ұя-Еркеле» орталығы 2023 жылдың 5 сәуірінен бастап, Жаңа орталық ретінде өз жұмысын жандандырды. Жаңа орталықтың ашылуына қолдау көрсеткендер көп болды. Қазіргі таңда орталығымыз 300 баламен жұмыс жүргізуге арналған. Жоғарыда аталып өткен терапия түрлерімен қоса жаңадан Адаптивті дене шынықтыру (АФК), Арт терапиясы қосылды. Аутист балаға ең үлкен көмек – аутизмді ерте жасында анықтау болып табылады. Аутизмді ерте диагностикалау аутизм диагнозы қойылған баланың қоршаған ортаға тез арада бейімделіп кетуіне алғышарт болады. Сол себептен де қазіргі таңда педиатрлар мен психиатрлар аутизмді ерте диагностикалау мәселесімен айналысуда. Бүгінгі таңда аутизм дертіне шалдыққан көп адамдар оқу орындарын сәтті аяқтап, қалаған жұмыстарына тұрып, ұнаған істерімен айналысуда. Бұл адамдардың қоғам өміріне белсенді араласып кетуіне толықтай мүмкіндік бар.Осылайша, аутизммен ауыратын адамдарға қоршаған орта, жақындары, достары тарапынан оларға деген сенім, сүйіспеншілік және қолдау ғана қажет етіледі. Аутизм – бұл үкім емес және аутизммен ауыратын адамдар да қоғамда өз орындарын тауып, бақытты ғұмыр кеше алады, ал осы жолды жеңілдету және оларға көмек қолын созу біздің қолымызда.

 «Алтың Ұя-Еркеле» орталығымызда балаларға көрсетілетін тегін қызметтер:

Психологпен түзету жұмыстары

АВА терапиясы

Арт терапия

Жазу жұмыстары, бетті бояу (раскраска)

Логопед-дефектологпен жұмыс

Массаж

Тыныс алу жаттығулары

Дыбысты қою, айту жаттығулары

Сөйлеу тілін дамыту

Ұсақ моториканы дамыту

Имитация

«Floortime» әдістемесі

Пазлдар

Құм терапиясы

Тұзды бөлме

Йога

Сенсорлық интеграция

Емдік дене шынықтыру

Осы терапиялар мен әдістерді пайдалана отырып, балаларға жас ерекшелігіне сәйкес түзету-дамыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Осы диагнозбен көмек іздеп жүрген жандарға орталық есігі қашан да ашық.


Дефектолог кімдерге көмектеседі?


Жоғарыда атап өткеніміздей, «Алтын ұя-Еркеле» орталығында баланың жан-жақты дамуына септігін тигізетін көптеген мамандар жұмыс істейді. Олардың арасынан логопед-дефектолог маманның қызметі туралы толығырақ айтуды құп көрдік.

Білім беру мен медицина саласында логопед пен дефектолог мамандарының рөлі артып келе жатқаны белгілі. Себебі сөйлеу, психикалық және физикалық дамуында ауытқушылығы бар балалар саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Мұндай балаларға кәсіби көмек көрсету – тек ата-ана емес, мемлекет үшін де маңызды міндет.

Дефектолог – сөйлеу ғана емес, ақыл-ой мен дене дамуында бұзылыстары бар балалармен жұмыс істейтін маман. Ал логопедтің негізгі міндеті – сөйлеу кемшіліктерін түзету, дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, сөздік қорды байыту және байланыстырып сөйлеуді дамыту. Кей жағдайларда бұл екі маманның қызметін бір маман – логопед-дефектолог атқарады. Ол сөйлеу бұзылыстарын анықтап, диагноз қойып, жеке бағдарлама жасайды және жүйелі түрде түзету жұмыстарын жүргізеді. Логопед-дефектолог сөйлеудің тежелуі, дыбыстардың дұрыс айтылмауы тұтықпа, афазия, алалия, ринолалия, дизартрия және т.б. бұзылыстармен жұмыс істейді.

Маман баланың сөйлеу мүмкіндігін жан-жақты зерттеп, артикуляциялық жаттығулар, логоритмика, грамматикалық тапсырмалар, фонематикалық есту жаттығулары сияқты түрлі әдістемелерді қолданады. Баламен жұмыс істеу тек маманның кабинетінде шектелмейді. Ата-анамен бірлескен жұмыс – түзету процесінің маңызды бөлігі. Логопед-дефектолог ата-анаға кеңес беріп, үйде қалай жаттықтыру керектігін түсіндіреді. Бұл тәсіл баланың дамуын тездетіп, нәтижені тиімді етеді.

Логопед-дефектологтың негізгі мақсаты – баланың танымдық қабілетін дамытып, оған білім беру бағдарламасын меңгеруге көмектесу. Сонымен бірге психологиялық жайлылық тудырып, оқу мен даму барысындағы кедергілерді жоюға күш салады.

Қорытындылай келе, логопед пен дефектолог – ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуына, әлеуметтенуіне, дұрыс әрі анық сөйлеуіне жол ашатын маңызды мамандар. Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың еңбегі – қоғамдағы инклюзияны жүзеге асырудың нақты қадамы.

Дефектолог логопед оқу процесін де ескереді. Ол баланың жазу мен оқу қабілетін, зейінін, есте сақтауын, ұсақ және ірі моторикасын дамытуға, қарапайым математика мен сауат ашуға дайындығына жеке көңіл бөледі.

Бауыр етіміз – балаларымыздың саулығы баға жетпес байлығымыз. Сондықтан да әрбір ата-ана балаларының денсаулығына бей-жай қарамай, дамуында қандай да бір тежелу байқалса болғаны кәсіби білікті мамандардың көмегіне жүгініп, дер кезінле ем қабылдағаны абзал. 

Сара ЖУМАНКУЛОВА, 

«Алтын ұя-Еркеле» орталығының логопед-дефектолог маманы