ҚҰЛ БОЛМАУ ҮШІН ҚҰЛШЫНУ

ҚҰЛ БОЛМАУ ҮШІН ҚҰЛШЫНУ

“Табыстың кілті табандылықта” деген кітап қолымызға тиген соң бір деммен оқып шықтық. Себебі: романдағы күллі кейіркерлер бізге таныс бейнелер. Олар туған өлке, кешкен уақыт, сүрген өмір, жасаған орта ол — біз ес білгелі көріп-білген бізге де ортақ түп-түгел таныс құбылыс. Кейіпкерлердің бәрінің де ғұмыр баяны бізбен бірдей бір заман — бастан бірге кешкен өмір. Оны десең бұл кітапта жазылған дәуір, сипатталған қоғам бізді туып өсірген бізге әбден таныс қоғам, біздің дәуір.

          Шығарманың арқауы Мерей Сламұлының туып есбілгеннен қазірге дейінгі істеген ісін және табысқа жетуге салған күшін жазуға құрылған. Сол себепті оның шыққан ататегі; оны қалыптастырған қоғам және оның айналасында әр кезде болған адамдар сипатталған. 

          Бір-екі жыл бұрын “Мерей Мемлекетке не берді” деп газетке біз де жазғанбыз. Бірақ біздің жазғанымыз қазіргі газеттердің айқара бетіне шақталған очерік жанры еді. Ал мына оқып отырғанымыз кірпіштей кітап. Жиырма баспа табақ хроникалық роман. 

          Жас автор Дәулетжан Махмұт өз кітабінің жанрын роман деп атапты. Кітаптағы қамтылған уақыт ауқымы кең; ол — ғасырға жуық. Әр кейіпкер шынайы адамдар болғандықтан тәбиғи түрде әр алуан образ болып шыққан. Олардың саны аз емес. Елеулісінің өзі елуге жуық кісі. Олар жасаған уақыт пен кеңістіктің романдағы көлемін және кейіпкер тірлігінің алуандығы мен ауқымын ескергенде кітаптің жанрын көркем әдебиет деуге, оның ішінде хроникалық роман деп айтуға болады екен.

          1. ЖАНТАЛАС

          Роман уақыт бастауын 1930–40 жылдардан шалады. 

          “Кідірмей Сауан кеттім, Манас бардым.

          Қолымда компосым бар адаспадым. 

          Ол жақта нағашым жоқ, жақыным жоқ,

          Тек қана Алаш қамы таласқаным” дейтін өлең болатын. Бала күнімізде Райымжан Мәрсектің өлеңі деп еститінбіз. Сондағы Сауанды, Манасты өлеңге қосқан Мәрсеков кім?   

          1919- жылдың желтоқсанында Зәйсанды қызыл өкіметтен қорғап соғысқан ағайынды Мәрсеков, Мырзасадық Құрбанғажы деген Алаш офицелері болған. Ақтармен бірлескен Зайсандағы қорғаныстары күйрейді. Сонан соң Ақтың әскерлерімен бірге Шорға, Қырықошақ басып, Сарыемілге асқан. Ол деректі құжатты о”біраз жыл бұрын бұрын зерттеуші, қайраткер Берік Әбдіғалидың кітабінен көрдік. 

          Әңгіме Мәрсекотың “Сауан бардым, Манас бардымынан” шықты ғой. Біз оқып отырған романдағы мекенжәй сол Мәрсеков айтқан Сауан мен Манастан басталады. Одан шығысқа қарай бір кезең асқанда алдыңнан шығатын Құтыби ол — бас кейіпкеріміз туған аудан. Батысы мен шығысы жүз шақырым шамасындағы бүл аумақ — Тианшан тауларының орта тұсындағы Еренқабырға аталатын бөлегі. Романдағы негізгі орта осы ауданның Торғайты деген ауылы. 

          Сөздің реті келгенде айта кетейік, Алаш пен Ақтың әскері бірігіп, 42 кісілік штап қүрып, “до паследни капля крове” деп Зәйсанды қорғап соғысты дедік қой. Олар қорғай алмады. Жеңілді. Зайсаннан айырылып қалды. 

          Олардан тура 150 жыл бұрын 1759 - жылы осы романдағы кейіпкерлердің арғы атасы Қожаберген батыр да (Қасында Көкжал барақ бар) осы Зайсанды қорғап соғысқан. Олар қорғап қалған, жеңілмеген, Зайсаннан айрылмаған. Ол жолы қызыл орыстан емес, Шүршүттен қорғаған. Ол жолғысы Зайсан қаласы емес, Зайсан көлі болатын. 

         ***

         Қолымызда жаңа кітап. Көлемі үш жүз бет. Автор бұл еңбегін 12 тарауға және 134 шағын тақырыпшаларға бөлген. Жүздеген тақырыпшаның бір шамасы сұхбат диялог сипатында болса, тағы біразы көркем эпизоттар. 

          Романның бірінші тарауында (11-бетте) “Қасқыр соққан үзеңгі” деген тақырып бар. Кейіпкері Жақып. Оқып отырсаңыз 1944–1945 жылғы аумалы-төкпелі заманда Еренқабырға қазақтарының әскер құрып, өзін қорғағаны жазылады. Қызық көрініс. Әскер құру. Бұл қолына қару алып, қан төгісіп қорғану деген сөз. Еренқабырғадағы қазақтардың оған батылы жетіп, әскер ұйымдастырып тұр. 

          Менің есіме “Қазақ милициясы” түсті. Еренқабырғалықтардан ширек ғасыр бұрын Арқада құрылған Әлихан, Міржақып, Жаханшах, біз әлгінде айтқан Райымжан, Отыншы деп басталып, жүздеп саналатын Алаш Орда азаматтары құрған “Қазақ милициясы”. Ақтар мен Қызылдар қырқысып, аумалы - төкпелі заман туғанда Алаш көсемдері сөйткен. Бірімен - бірі қырқысқан қарулы қашқын орыстардан қорғану үшін сөйткен; әскер құрып қорғанған және халқын қорғай алған. 

          Бұл романдағы Жақып та дәл солай, әскер қатарына қосылады. Сол тұстағы үкіметсіз кеткен қарулы қашқын, қытай не, дүңгендер қазақ ауылдарын қырып кетпесі үшін сөйтті. 

          Ол — әскер бағанағы Мәрсековтар, Қалбановтар барған Сауан мен Манастың қазақтарынан құрылған. Оны Қалибек, Тәкмандар құрған жасақ болатын. Көрдіңіз бе, әскер құратындай рух сол Алаш арыстары басып өткен ізінен көктегені көрінеді. 

          Кітапта аталған Қалибегіңіз кейін Бұланай тауларын басып, Түркияға өтіп кететін Қалибек Хакім — кәдімгі Қасен Оралтайдың әкесі. Бұл романдағы кейпкерлер өмірсүрген жерді —тарихы мекенді осылай сипаттап таныған жөн.

          “Қасқыр соғатын” эпизотты айттық қой. Онда автор біз еске алғанның бәрін ашып айтпағанымен Жақыптың атына оқ тиіп, жәяу қалғаны, қапелімде екі үзеңгісін бауымен суырып ала жөнелгені жазылады; қарусыз иенде үйірлі қасқырға тап болғанда үзеңгі бауды білегіне орап алып, жан үшін айқасқаны тәп-тәуір суреттеледі.     

          Жақыптың бір ағасы Еренқабырға тауларына ілінбей, жете алмай көш жолында Шөгей жақта қалған. Ол дегеніңіз Манас өзенінің төменгі ағысы, Жоңғар ойпатының ортасы еді. Иен құмда кейін қалып бара жатқан төмпешік көз алдыңа келеді. Ал Жақыптың зираты Сауанда қалыпты. Сүйегі шашылған ата-бабам-ай дейсің. 

          Қасқыр соққан жерден жалғайық, үзеңгімен ұрып алған арланын сойып, азуы мен асығын дорбасына, терісін иығына салған Жақып тау қойнауындағы қонысына аман жетеді. Бұл жердің ғана емес, уақыттың да көмбесі — жағалауы сыяқты еді. 

          Бұл — уақыт өзенінен, онда да, тасыған, сең жүрген, дауыл соққан өзеннен сиреп өткен, жанталасып жағаға жеткен суішері бар қазақтың бірі деңіз. Қасірет, нәубет ғасырынан аман қалған онның, әлде, жүздің бірі деңіз. 

          Сол қасқыр соққан Жақып Ерентаудың бір қойнауында ордасын сайлап, ошағын түтетіп, ошарлы ұрпақ қалдырған. Бір өзі төрт ұл, төрт қыз, 33 немере тараған. 

          Сол төрт ұлдың бірі —Слам, 33 немеренің бірі —романдағы бас кейіпкер Мерей. 

          2.НЕГІЗ

      — Жақсыдан жаман туса да,

      Жаманнан жақсы туса да 

      Тартпай қоймас негізге.

                           — Бұхар жырау

          1950 жылдардың басында ол жақта да байлардың малын тартып алып, өздерін сүргінге айдаған. Жеке меншікті жойып, камуналар, ұжымдық фирмалар құрған. Жаңағы Торғайты фирмасы Шыңжаң провенциясы бойынша құрылған 93 фирманың бірі екен. Ол кезде аш-арық қытай бұқарасы ішінде мұндай фирмалар қоңырқалта, күйлі болатын. 

          Бас кейіпкеріміздің әкесі Ислам сауатты, жұрт силайтын, сөзіне сенетін адам болған. Ол өзі де айғыр үйір жылқысын қосқан осы Торғайты фирмасының есепшісі еді. Есебінен қырық жыл қате кетпеген, кем-кетік көрінбеген Сәкең фирманың басты тұлғасы болғаны анық. Бұл романдағы бір шама сәтті сомдалған басты бір кейіпкер осы кісі. 

           Сәтті сомдалғаныга үш дәйек келтірейік. 

           А: 1960- жылдардың басында фирма құрылғанға дейін жылқылы болғанынан ба, әйтеубір сотциялизімге жақпайтын кісілердің сипатымен қудалауға ұшырайды. Үрімчіге таяу маңдағы көмір шахтасында болады. Бұл өзі қазақ әдебиетінде бұрыннан бар әдіріс. “Таңғажайып Дүние”деген романдағы Қабдеш Жұмаділ көмір қазатын шақта ғой. 

          Сол кен орнына Күлән деген әпкесі Меиейді арқалап, әкесін ізбеп баратыны бар. Онда әкесінің және жазаланғандардың қандай қорлықта жүргені Күләннің көзімен сипатталады. 

          Балалар кеніштен жәяу қайтады. Айдаудағы әкесінің оларға қарауға, не, алаңдауға мұршасы болмайды. Жол-жөнекей иенде — қауіп-қатерде қалған ұл мен қызды алды-артына мінгізіп, апарып салған бейтаныс адам оларды ауыл сыртына тастайды. Себебі: Сламның балаларына қамқорлық қылғанын көлденең біреу көрмеуі керек. Слам халық жауы болып тұр ғой. 

          Слам көркем әдебиетте де, өмірде де мықты адам. Кісі өлердей мұнша қорлықтан босаған күні-ақ бойын тіктеп, еңбегін еш жасымай жалғастырған.

          Ә: Қуғыннан-сүргіннен ақталып, қайтып келген соң Қазақ мектебінің екінші сыныбында оқып жүрген Мерейді жұлып алып, қытай мектебінің бірінші сыныбына апарып береді. “Бұл қытайша дым білмейді ғой, жасып кетеді, обалына қаласың” деп шырылдаған бәйбішесіне “Сол дым білмегені жаман. Бұлардың тілін білмегеннен есем кетті!” дейді. Кейіпкердің бұл сөзінен қандай бір қуатты ішкі қарсылықпен қаны қайнап тұрған қазақты көресің. 

          Байқадыңыз ба, мұндағы кілт сөз “Есе” және оны жібермеу. Бұл өзі ол жақтағы қазақтардың қанында қатып қалған ұғым. Бұл жердегі “Есе” есенің ең үлкені. Ағайын арасындағы ұрыс-керіс емес, күшті мен қорғансыздың арасындағы есе. Ол жақтағы қазақтарды тып-типыл жойылып кетуден сақтап келген рух тұмары. 

          Слам әке Мерейдің мектебін “түптің түбінде есесі кетпесін” деп ауыстырған. Сондағы сөз сәби Мерейдің санасына құйылып қалған ғой. Содан былый оқушы Мерей еселеп күш салып оқыған. Есейген сайын есесін қорғаған. Бүгінде Мерейден Мемлекеттік, трансұлттық деңгейдегі кәсіпкер тұлға болғанына әкесі айтқан кілт сөз, тұмар сезім серпін беріп отырғанына күмән жоқ. 

          Б: Кітаптің бірінші тарауында “Бәйге қоңыр”, екінші тарауында “Мерген бала” деген тақырып бар. Бұлар Слам келбетінің кейіпкер ретіндегі обыразын айшықтай түседі. Ол бәйге ат және мылтық ұстайды. Бұл екеуі енді ескіше айтқанда “ер серігі”. 

          Бәйге ат ұстау бүгінгіше айтсақ, ат спортының жаттықтырушысы деген сөз. Аттың күйі, бабы, ащы тері, тұяғы, қасаңы (жұқа таға), көңіл-күйі, жем-шөбінің түрі ол — өзі бір ғылым. Ол — халықтық ветеренар атқаратын жұмыстар. Ал қолында мылтығы бар еркектің көзі өткір, жүзі сұсты, жігері мығым келеді. Негізі, тақырып “Бәйге қоңыр” емес, “Ислам қоңыр” болуы керек еді. 

          Әкесі ұлдарын осы бәйгеге мінгізді, бәрін де шабандоз етіп шығарды. 

          Слам жылқының жүйрігін ғана емес, сөз өнерінің де жүйрігін танитын болған. Ол өзі қуғыннан қайта оралып, есін жиып, Торғайтының бас есепшісі және басты сыйлы кісісі бола бастағанда, Омарғазы түрмеден шығады ғой. Кәдімгі Шыңжаң қазағы әдебиетінің классигі Омарғазы Айтанұлы. 

          Өзі кедей, жүдеу мемлекеттің түрмесінен шыққан тұтқында не күй болсын. Сандалып Құтыбиға келген жерінен Слам үйіне алып кетеді. Шылымбұрқы жайлауына жеке үй тігіп, бие байлап, мал сойып, ақынды алақанына салып күтеді. 

          Омкең қаламын алып, қатарға қосылып, атақ-даңқы қалпына келгенше Слам оған қарайласып тұрыпты. Ақын да кейін жәзира жайлауға қайырылып жиі соғып тұрыпты. 

          Мақаламыздың екінші тақырыбын “негіз” деп қойып па едік?

          Сол Омкеңе жаслған сый-құрметті көргеннен болар — әке көрген ұл Мерей бүгінде ақын-жазушы дегенде алақаны ашық жігіттің бірі болып жүр. “Тартпай қоймас негізге” дегеніміз содан. 

          Әлгінде мылтық туралы айтқанбыз. Қалың ханзу балалардың арасында оқитын үлкен ұлы Мерейге Слам әке он жасында-ақ, мылтық ұстатыпты. Иә, оқтаулы мылтық ұстаған жігіттің көзі де оқты болды. Өз тілінде оқып жатқан арасында балардың арасында жалғыз Мерейдің жасымай, жарқырап жүруіне бұл да үлкен писихикалық сүйеніш болғаны анық. Автор бұны “Мерген бала” деген тақырыппен бөлек жазған.           

          “Жүйрік ат, түзу мылтық — ер қорғаны” деуші ме еді? Ендеше, автор романда рухты еркек, әріден ойлайтын әке келбетін өзінше солай сомдайды. 

          3. ЗАУАТ ЖӘНЕ КӨРКЕМ ШЫҒАРМА

          Кітаптағы екінші тарауда “Сүт зауаты” және “Нұрбәтеннің киізүйі” деген тақырыптар бар. Мерейдің нағашысы Он екі Абақ Керейдегі ең ұлтанды ру Жәнтекейден. Іргелі малды-басты болған кісілер. Кітапта кейіпкердің анасы Нұрбатен ат жаратып, асау үйреткен, еркешора адуын кісі ретінде қаз қалпында жазылады. Жаңа қытай құрылған уақыттағы әділетсіз айыптаулардан ол кісі де шет қала қоймаған.  

          Кітаптағы Нұрбәтен бейнесінен Шыңжаң қазақтарының жарты ғасырлық өмірін, өміршеңдігін, қандай қиын заманда да өлмеуге, жоғалмауға, құрып кетпеуге деген жанталасын көресің. 

          ҚХР да 1980 жылдары жүрген жекешелендіру бағытындағы реформа тұсында жайлаудың төріне сүт өңдейтін шағын станоктар апарып, цех ашқан да осы Мерейдің анасы Нұрбәтен тәте болатын. Жаңалық па? 

Жаңалық. 

Техника ма? 

Техника. 

          Қараңыз. Сол Нұрбәтен тәте Мерейдің анасы болса, болашақта Мерей ашқан Транс ұлттық ірі парматцеп зауаты KELUN нің бастауында ол ашқан шағын сүт өңдеу цехы тұр. Бұл әулеттің алғашқы зауат KELUN емес, ол— кейіпкердің анасы ашқан сүт өңдеу сехы.

          “Нұрбәтеннің киізүйі” деген тақырып ол — Омарғазы Айтанұлының радио спектаклінің атауы. Шыңжаң Халық Радиосының эфирінде әлсін-әлі қайталанып берілген радио қойылым. Ендеше, бұл әулетті тақырып еткен көркем шығарманың да бастауында Омкеңнің спектаклімен Нұрбатен тәте тұр. Бүгінгі біз таныстырып жатқан кітап сол спектәклдің жалғаы. Бұндайды қазақ: “Бұл баланың тегінде бар” деп айтады. Яғни Мерей тегінде бар кісі. 

          4.НӘНКИН БАТЫРЛАРЫ

          Кітаптің біраз ауқымында айтылатын уақиға ол — Мерейдің Нанкин Университетіне оқуға түсуі. Бұл оқу орны Қытайдағы төрттікке кіретін ең ескі университеттің бірі саналады. 

          Ішкі күш-қуаты жанталасқа, ешқашан есесін кетірмеуме дағдыланған Мерей мықты оқиды. Нанкиндегі ұлты қазақ студенттердің ұйымдасып ұмтыла түсуіне, бей ресіми қоғам болып құрылуына негіз қалайды. Біз тақырып етіп қойған “Нанкин батырлары” сол бейресми студенттік қоғамның аты. Қытайша атауы “Нанжиң баң”. Бірте-бірте бұл ұйым кеңейіп, Пекин мен Шаңхайдағы қазақ студенттерінің қоғамдастығымен бірлесіп әрекет жасайды. 

            Осы жерде біздің есімізге 1960 жылдары Мәскеуде құрылаты “Жас тұлпар” ұйымы түседі. Бірі Маскеудегі қазақ жастары, ал енді бірі одан ширек ғасыр кейін ұйымдасқан Нанкиндегі жас қазақтар. Мақсат — есесін жібермеу. Мақсұт — қазақ теңдігі. 

          Кітаптің бұл бөлімінде Мереймен бір жылдарда қатар оқыған жастар ұйымдасып атқарған істерді өңдеусіз тартымды жазылған: 

          Негізі қазақ студенттерді көбірек шоғырланған қала Пекин болатын. Олар Қытай Астанасында оқи жүріп, идеяларға бірігіп, ұйым құрып, оны өздері “Қазақ Студенттері” деп атайды. Қазақ студенттері молырақ шоғырланған Ұлттар Университетінің әкімшілігі ұйымы жайлы білетінін айтып,  

бұлайша ұлт атымен ұйымдасуға келісім бермейді. 

          Ақыры бір құлаш сөзбен “Шыңжаң Малшаруашылық Райондарының Оқу-Ағартуын Гүлдендіру Қоғамы” деген атауға тоқтайды. Бұл ұйым басқа қалалардағы студенттердіде идеяларына біріктірді соның ішін Нанкиндегі Мерейлерді де құрамына тартқан. Бір біріне жазысқаны саяси тұлғалардың хаттары сыяқты оқылатын. Қағаздан оқығанда жүзіңді жатықтың жалыны шарпитын.

         Сол ұйым аясында студенттер өз бетімен амалдап қаржы топтайды. Сөйтіп, бүкіл Қытайлық ҰБТ ға дайындық материалдарын қазақшалап, Шыңжаңдағы қазақ ауыл мектептеріне таратады. Ауыл мектептеріне ҰБТ ға дайындық нұсқаулықтары үлкен қалалардан уақтылы жетіп, көбейтіліп, қолдан-қолға тарап жатады. Сол тұста қазақ талапкерлерінің алған балы басқа ұлт өкілдерінен жоғары шыға бастайды. Бұл енді мақсұтқа деген соншама жанкештілік. 

          Бұл іске белсенді кіріскен жастардың құрамында Пекиннен Асқар (Жәкулин), Омарәлі, Мақаддас, Кеңес, Ақай, Болатхан, Рахым, Айдын, Дукендер болған көрінеді. Ал, Нанкиннен Мерей, Дауыл, Сағатбек, Нұрлан, Еркін, Жарқын, Бейсен, Нұржұма, Жәлел деген жігіттер белсене кіріскен. Жинақтап аударған материялды плюнка қағазға біз қаламмен жазатын бас калиграф писар Құрмет Қабылғажыұлы мен Нағазбек болған деседі. Чиңхуа Университетінің Информатика факултетінде оқитын Асқар Жәкулин “Ауыл” деген сайыт ашады. Бұл қазақ тіліндегі порталдың тұңғышы, немесе, алғашқыларының бірі болар. 

          Бұл өзі аш-арық студенттер ғой. Мынасы шын мәнінде, теңдессіз ерлік еді.

          Оқырманға ерекше әсер қалдыратын тағы бір тұсы — университеттің қоры бай кітапханаларынан қазаққа, Қазақстанға тән кітаптар іздеуі.

          Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” романының құпия құжат ретіндегі қытайша аудармасын тауып оқып, барынша нәсихаттауы; қытай қазақтарына әңгімелеп таратуы. Ол әңгіме кітаптің қытайша нұсқасын көрмеген бізге де аңыз болып жететін. “Нанкин батырларының” ең жас студент өкілі Құрмет Қабылғазыұлы пәлен жылдан соң туған ұлының есімін Барақ қояды. 

— Қай Барақ?

— Сұлтан Барақ.

Ары қарай “Жанталастағы” Барақ сұлтанның Әбілхайырхан жоқта оның ордасына түсіп, Нұрбике ханымға қымыз құйдырып ішетітін тұсынан әңгіме бастай жөнеледі. 

          “Көшпенділер” романы өз топырағындағы қазақтың рухын қалай тасытып көтерсе, Мерей деген студент құпия залдан кездейсоқ тауып алған соң ол — қытайдағы қазақ оқығандарының арасына сонша жайылды. Қазақстан тәуелсіздік алған күні дүр көтерілген көштің алғашқы легінде Пекин мен Нанкинде оқыған студенттердің бірі қалмай Отанға оралған. 

          5.ПРОФЕССОР ЕРДАУЛЕТ

          Табандылық. 

          Егер бұл кітап табандылықты жазса, онда осы IV тараудан ол туралы тамаша баяндаулар табасыз. Ердаулет бүкіл қытайлық ірі эко-био жобаның жетекшісі. Жобаның мақсаты Тианшан тауларының жасыл жамылғысын екі жарым мың метірден жоғарғы қазіргі тықыр беткейлерден жоғары көтермек. Сонымен бір уақытта эко жаратылысты сақтап, оған қоса мал өрісін де ұлғайтпақ. 

          Ол үшін ала жаздай екі мыңнан үш жарым мың метірге дейінгі биіктікке сондай жерде өсетін шөп тұқымдарын егіп сынақтан өткізеді. Ондай биіктікті қазақ “жон жайлау” дейді. Жон жайлаудың жазы бір жарым-екі ай ғана болады. Шілде айының соңынан бұршақ соға бастайды. 

          Нанкин Университетін үздік тауысқан Мерей ұстаздарының оқу орнында қалу туралы ұсынысын тойтара отырып, Үрімчіге — Шыңжаң жалатылыс ғылымы акедемиясына келген. Енді міне 3 жыл бойы Ердәулет профессорға серік болып, Іле дариясының қайнар басьауындағы жон жайлау —Жұлдызда жүреді. 

          Олар сынақ үшін егілетін өсімдік тұқымдарын 2500–3000 метір биіктіктегі текшелерге сеуіп өсіріп, күзде оның тұқымын жинап алады. Одан ары Үрімчідегі жылыжайда зерттейді. Сондай бір қара жұмысы көп дүние.     

          Ол үшін зертханашы биолог болу аз. Оның үстіне михайник, траторшы, канбайыншы, сушы болуың керек. Ат мініп, биік асулардан асып, жасыл жамылғыны жоғары тартатын жерлерді барлап, өлшеп, топырағын саралап, кординаттарын белгілеу керек. 

          Мұндай кездерде қажырлы ғалым Ердәулетке ере алған жалғыз жас маман Мерей ғана болды. Қалғандары тау асып, тас басып апталап атпен жүре алмас еді. Ондайға Шылымбұрқы жайлауында ат арқандаған; бала кезінен Салам қоңырмен бәйгеге шапқан тау баласы ғана көнер еді. 

          Ондай иенде аң жолымен қана жүресің, тоғайға қамалып, тұйық сайға тірелесің. Азық-түлік, айран-сүтің мен қара бақырыңды қанжығаңа байлап, болжамды бағатпен ғана жүресің. Кітапта осындай көріністер бір шама сәтті жазылған. 

          Кейіпкердің тау басында тасқа айналған киізүйге кезігетіні сондай сапардың бір сәті. Шаңырағын 3000 метір биікке қай қазақ қайдан, қашан әкеліп тікті екен? Тіккен үйін қайтып ала алмай тастап кеткен қазақтың басына қандай тағдыр тап болды екен?!

         Мерей бұл салада үздік зерттеуші жас ғалымға айналады. Зерттеулері оң нәтиже беріп, Тианшан тауларының екі жарым мың метірлік табиғый тақыр жондарына үйлестірілген шөп тұқымы жетілдіріліп, егіп, өсіре бастайды. 

          Осы қызыметі Мерейді халықаралық ғылыми экспедецияға қосып, тәуелсіздіктен бұрын-ақ, Қазақ Еліне табанын тигізді. 

          Таяуда (16.06.2025) ҚХР басшысы Ши Жиңпиң келіп, Ақтөбенің Ақбөкенін арғыбет асырып жерсіндіру жөнінде құжатқа қол қойып еді ғой. Бұл 1990 жылы-ақ Мерейдер бастаған идея болатын. 

          Сөйтіп ҚХР дағы жас биолог қазақ ғаламы Атамекенге Тәуелсіздікке дейі-ақ, талпынған. 

          Қазақстаннан қайтып Үрімчіге барған соң Торғайтыдағы ата-анасына барып, “Мен Қазақстанға кетем” деген. Анасы Нұрбатен тәте “Ойбайды” салған. Ал, әкесі Слам көзі нұрланып ұлына қарап қалған: сәлден соң “Кет, балам! Бар Қазақ Еліне!” деген. 

          6. ҰЛТТЫ ҚҰТҚАРУҒА ҚАДАМЫ

         Кітап шынайылығымен құнды. Ұлты корей Унир деген қытайлық кәсіпкермен ұшақта жолығып, сұхбат құрған Мерейдің көңілі іскерлікке ауады. 

          Неден бастайды деңіз. Қазаққа қажеті қалмай, далада шашылып жатқан түйе жүнін жинап қытайға сатпақ керек. 

          “Маңғыстауда түйе көп” деген соң пойызға отырып, батысқа беттеген Мерей. Вагондағы адамдардан түйе жайлы сұрай бастайды. Мерейдің сөзіне еш пенде қызықпайды. Бір тәулік жүріп Қызылордаға жеткенде ғана. Түйенің жайын білетін кісі табады. Сөйтсе түйе жүні маусымдық жұмыс екен. Уақыты да өтіп бара жатқан көрінеді. Жол - жөнекей Қызылордада пойыздан түсіп қалған Мәкең табанынан таусылып, бір апта жүріп, бір вагон жүн жинайды. Унир тапсырыс берген танысының табандылығына таң қалған. Сөйтіп, Мемеймен бірге әр түрлі жобаларды қозғап көреді. Біраз идея жүзеге асады. 

          Пармацеп импорты бағытында жұмыс істеген кезде Ермекпен танысып, екеуі ұстанымдары үйлесе жұмыс істейді. 

          Қытай Инвестрларымен пармацеп зауатын салу жөніндегі келіссөз айнымалы, күрделі жүреді. “

          —Қытай әріптестеріміз қолын сілтеп кетіп қалып, қайтып бір айналып соққан кезінде,— дейді Мереймен сенімді серіктес әрі үлестес Ермек,— олардың біраз уақыт байланысты үзіп, бұлғаққа салғанын ескерген Мерей “біз сіздермен жұмыс істей алмаймыз. Ресей жағы қаржы құюға келісті. Енді серіктесіміз солар болады” дегенін айтады. 

          Қытайлар: “біздің қаржымыз дайын. Жұмысты бірден бастай аламыз” дейді бір қадам алға аттап. Мерей осы бір шұғыл мәневрді ойдан шығару арқылы позецияда басымдылық алады. Бұл халықаралық деңгейдегі келісімшарт үстелінде үстел теннис шеберіндей бұлтарып, үйіре соғу деген сөз. Сақтық және сананың ұшқырлығы.

          Жемқорлық жәйлаған Отанында Орта Азияда теңдесі жоқ зауат салу оның қолынан қалай келгенін кітаптан оқыңыз. 

          ***

          Біздің бұрынғы мақаламызда “Ұлтты құтқару” деген тақырып болған. 

          KELUN пармацеп зауатын салып сұраныстың әдейі шектелуі себебінен қуатының ширегіндей көлемде жұмыс істеп тұрған уақыт. Дүниені Ковит19 жәйлап, пандемия Қазақстанға келген кезде бұл зауат Еліне ерекше ес қатты. 

          500 ге жуық жұмысшысын өндіріс аумағында ұстап, өндірісті 45 миллион флаконнан 110 миллион флаконға көтеріп, Күллі Қазақстанның система растворына деген сұранысын толық өтеді. 

            Ол кезде шегараның бәрі жабық болған. Егер Мерей зауат осындай салмағанда ауру тарап, үрей жайлаған бүкіл ел растворсыз қалар ма едік?! Қанша бауырымыз осы бір Мерей өндірген мөлдір тамшылардың себебінен аман қалды екен? 

          Шын мәнінде Мерей өз Елінің сұранысын толық өтеді. Оған қоса, Орта Азия елдері мен Реседің оңтүстігіне де миллиондаған флакон өмір суын вагондап жөнелтіп тұрды. 

          7. “ӘТТЕҢ-АЙ” ДЕСЕҢ.

          Жас жазушы Дәудетжан Махмұттың еңбекшілдігін бағалай отырып, романдағы көркем шығармаға тән көркем ойлаудың, жасампаздықтың жұтаңдығына “әттең-ай” дедік. 

          Мәселен студент шақтың бастауында Мерей мен Дауылдың жанында София бастаған үш сұлу жүр. Қазақуар дүңген қызының өзі де, ата-анасы да Мерейге мейірі түседі. Тіпті Нәнкиндегі дүңгеннің кафесін ондағы қазақтар “Құдағидың асқанасы” атап алған. Осы жерден, кемінде, жауапсыз романтика жасауға, Софияның қимылы мен жүзіндегі сезімге толы құбылысты мөлдіретіп отырып, суреттеуге болар еді. Ал мерей болса қазақтан басқа ұлттан қыз алмауға бекінген ұлттық ұстанымыдағы адам. Ол ұстаным махаббатынан, жігіттік жалынан да мықты болып қала берсе жарасып тұрар еді. 

          Тағы бір әттеңі тақырып тым көп. “Әке асқар тау”, “Ана мөлдір бұлақ” дегендер тозған тартымсыз тақырып. 

          Сюжетте де бір ізді, немесе, арнайы тәртіп байқалмайды. Оқырманды жолдан шығармау үшін бірер сөйлеммен шегініс жасап, қайта оралып, құбылтатын мақсатты тәсіл байқалмайды. 

          Солай дегенмен де, кітапта аса ауқымды деректер топтастырылған. Оқылатын және жұртқа қызық кітап деп ойладық. 

          Алмас Ахметбекұлы

          2025 маусым, шілде. 

     Алматы — Астана — Алматы