ТОРҒАЙ ӨҢІРІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ МӘЖІЛІС НАЗАРЫНДА

ТОРҒАЙ ӨҢІРІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ МӘЖІЛІС НАЗАРЫНДА

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар аудандарда тұрғындармен кездесті. 

Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуде өңір басшысы облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайымен таныстырды. Торғай өңірі үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жариялаған Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз жолдарын қосатын “Орталық-Батыс” күре жолының маңызы зор екенін атап өтті. Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына дайындық барысын айтып берді. 

Сапар барысында Қазыбек Иса жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, өзекті мәселелерін тыңдады.

1 шілде күні Торғай өңіріне сапарында Қазыбек Иса біртуар тұлға, Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, ақын-ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына байланысты алдымен Жангелді ауданы Бидайық ауылына барып, Ұлт көсемі кесенесіне тағзым етіп, құран бағыштады. Бұдан соң қазіргі уақытта бой көтеріп жатқан мұражай құрылысымен танысты. Бұл нысан ұлт көсемінің өмірі мен еңбегіне арналған тарихи-мәдени орталыққа айналмақ.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Бидайық ауылының тұрғындарымен кездесті.

Ауыл тұрғындары көтерме жолдардың сапасы, ішкі көшелерге асфальт төсеу, интернет пен ұялы байланыстың әлсіздігі секілді мәселелерді көтерді. 

- Көтерілген барлық мәселе біздің жіті назарымызда. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды түйткілдер болғандықтан, тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, өз деңгейінде шешімін табуы үшін бақылауға алынады, – деді Қазыбек Иса.

Сапар аясында 2 шілде күні Қазыбек Иса Ақкөл ауылына арнайы барып, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының кесенесіне тағзым етті. Сонымен қатар ауылдық мұражай жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында ауылішілік жолдардың жай-күйі, байланыс желісінің әлсіздігі, әлеуметтік нысандардың жағдайы сөз болды. 

Ауыл ардагері, Ахмет Байтұрсынұлы есімін ұлықтауда қарқынды қайрат көрсетіп жүрген Әбсалық ақсақал Арқалықта салынар әуежайға Міржақып Дулатұлының есімін беру жөнінде сөз қозғады. Қазыбек Иса бұл бастаманы өзінің “Алаш көсемі Міржақыптың тойы елдігімізді көрсететіндей ерекше болуы тиіс” деген  үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында көтергенін, сондықтан, ардагерлер ұсынысын қуана қолдайтынын білдірді.

Қазыбек Иса сонымен қатар Амангелді ауданына барып, белгілі қайраткер, жиһанкез меценат Сапар Ысқақ өз қаржысына тұрғызып жатқан “Ұлы дала тұлғалары” кешенін аралап көрді. Осында ауданның ардагерлерімен кездесті. Олардың ел жайы, жер жайвна байланысты маңызды ұсыныс-тілектерінің парламентте қозғалатынын жеткізді. Аудан орталығындағы ұлт-азаттық көтеріліс көсемі Амангелді Имановтың сүйегі жерленген алаңда батырдың ескерткішіне құран оқыды. Мәдениет саласы қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, назарға алатынын айтты.

Арқалыққа бара жатқан жолда халық батыры Кейкінің кесенесіне арнайы ат басын бұрып, дұға бағыштады. 

Арқалыққа ат арытып жеткен Қазыбек Иса енді басталып жатқан Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз жолдарын қосатын “Орталық-Батыс” күре жолының жағдайымен танысты.

Арқалық қаласында салынып жатқан жаңа әуежайдың орнын барып, жоба мәліметтерімен танысты. 1992 жылы тоқтап қалған әуежай қайта жанданатын болады. 

Бұдан соң Қазыбек Иса Арқалықтағы “Жайлы мектеп” жобасымен салынған #7 жалпы мектепке барып, аралап көрді.

Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы университетке берілетін, студенттер санын екі есе көбейтуге жағдай жасайтын бұрынғы ауыл шаруашылық басқармасының көп қабатты үлкен ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жоспарымен танысты. Қаладағы бұрынғы “Горняк” мәдениет үйінің жаңадан ашылатын заманауи мәдениет сарайына айналдыру жобасының құрылысын көрді.

Үш күндік жұмыс сапарының соңында 3 шілде күні Қазыбек Иса Қостанай қаласындағы облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясына барып, шығармашылық ұжыммен және өңірге белгілі қаламгер-журналистермен жүздесті. 

Депутат БАҚ-тың қоғамдағы орны мен елдік мүддені қорғаудағы рөліне тоқталып, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген мамандарға табыс тіледі.

Қазыбек Иса сапар қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді Мәжіліс қабырғасында көтеріп, құзырлы органдардың қарауына ұсынатынын жеткізді.

Қазыбек Исамен бірге Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Ақ жол» партиясының Қостанай облыстық филиалы басшылары еріп жүрді.

Алаш көсемдері туған Торғай өңірінен толыққанды сапарнама мақала алдағы уақытта жарияланады.