Мектеп таңдауда қандай критерийлер бар?
2025 ж. 01 шілде
75
0

– Біздің кезімізде мектепті үйдің жанынан таңдай салатын. Ал қазір мектептің түрі көп, сондықтан таңдау да оңай емес. Бауыржан Серікұлы, сіз мектептегі білім бойынша халықаралық деңгейдегі сарапшысыз (CIS), Tamos Education жекеменшік мектебінің бас директорысыз. Айтыңызшы, мектепті қандай критерий бойынша таңдаған дұрыс?
– Тоқсаныншы жылдардан бері селективті мектеп деген пайда бола бастады. Мемлекет мектеп-гимназияларға, лицейлерге көбірек көңіл бөлуді қолға алды. Бертін келе республикалық математикалық мектептер ашыла бастады. Назарбаев мектебі өз есігін ашты. Сөйтіп жекеменшіктер мектеп секторы қарқынды дами түсті. Ал қазір шынымен мектептің түрі тым көп болғандықтан таңдау да күрделене түсті.
– Селективті мектеп деген не?
Бұл – оқушыларды іріктеп алатын білім ордасы. Ондай мектеп белгілі бір пән не бағдарлама бойынша емтихан өткізіп оқушы қабылдайды. Себебі бір бағытта, мысалы, математика не физика бойынша терең білім беруді көздейді. Ал мектепті қалай таңдаймыз дегенге келер болсақ, бұл күрделі сұрақ. Себебі мектеп ашу трендке айналып кетті. Бірақ білім мен медицина саласы – бұл әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары салалар. Оларды жіті бақылаудан шығарып алмауымыз қажет. Тек пайданы ойлап, немқұрайлы қарап, таза бизнеске айналдырып жіберуге болмайды. Себебі осы екі саланың салдарын бес-он жылдан кейін ғана сезіне аламыз.
Мектеп брендтері көп заманда мектепті тарихына қарап таңдаңыз дегім келеді. Жалпы бұл мемлекеттік мектептерге де қатысты. Тарих деп оқушылардың академиялық, шығармашылық, әлеуметтік, спорт жетістігін меңзеп отырмын.
– Тарих деген уақыт аясымен шектеле ме? Ашылғанына небәрі үш жыл болған, бірақ оқушыларының жетістіктері бар мектептер бар. Әлде тарихы бар мектеп деп айтылуы үшін 5-10 жыл асуы керек пе?
– Қазір уақыттың өзі бұрынғыдай емес, жылдам жылжиды. Сондықтан бес жылдың өзі қазіргі заман үшін көп. Меніңше, үш жыл деп қарастырған жөн. Егер үш жылда мектептің жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай болса, тарихы қалыптасты дей аламыз. Олимпиададағы жеңістермен қатар ол мектептің түлектері қай оқу орындарына түскенін, қаншалықты жұмысқа орналаса алғандығын есепке алуымыз қажет.
– Мектеп таңдаудағы алғашқы критерий тарих дедіңіз. Одан басқа тағы қандай критерийлер бар?
– Осынау жетістіктің бәрі, әрине, маңдай тердің, мұғалімдер қауымының еңбегі. Сондықтан балаңызға білім ордасын таңдағанда ұстаздарына қараңыз. Олардың білім беру өтілі, тәжірибесі, қандай оқу орнын аяқтағаны маңызды. Мұғалімнің бәрі 30-40 жылдық тәжірибесі бар не күні кеше оқуын аяқтаған жас маман болуы міндетті емес. Екі түрлі дәуір өкілдерінің миксі болғаны дұрыс. Біреуі мықты тәжірибесімен дұрыс бағыт-бағдар берсе, екіншісі жанып тұрған энергиясымен баурап алып, шабыттандырады.
– Инфрақұрылымға қарап мектеп таңдайтын ата-аналар бар. Инфрақұрылым дегеніміз – мектеп ішіндегі құрал-жабдықтар, мектептің айналасы мен сырты. Мектепті инфрақұрылымға қарап таңдаған дұрыс па? Ол да таңдау критерийлерінің бірі бола ала ма?
– Мемлекет осы мәселеге жіті көңіл аударғандықтан инфрақұрылымы жақсы мектептер баршылық. Бүгінгі таңда олардың саны көбейіп келеді. Алматыда инфрақұрылыммен қатар, меніңше, мектептің орналасқан орны да маңызды. Ауа тазалығын ойласақ, мүмкіндік болса, қаладан тыс, ауасы тазалау жерден мектеп таңдаған абзалырақ. Себебі бала аптаның бес күнінде таңғы сегізден кешкі беске дейін сол ауамен демалады. Жалпы инфрақұрылым бір орнында тұрмайды. Қазір бассейні бар, кітапханасы көздің жауын алатын, дизайны ерекше ойластырылған жекеменшік мектептер ашылып жатыр. Дегенмен әп-әдемі мектепте отырып ешқандай жетістікке жетпеуге болады. «Мектеп әдемі екен. 2-4 жыл оқыдық, бірақ баламда жетістік жоқ» деп ата-аналар келеді. Демек инфрақұрылым деген керек критерий, алайда ең басты критерий емес.
– Мектеп ашу трендке яғни бизнестің бір түріне айналып кетті дедік қой. Шынымен, үйінен балабақша, білім беру орталығын ашып жатқандарды жиі байқаймыз. Ал мектеп «мектеп атануы үшін» белгілі бір құжаттар, лицензия керек пе?
– Әрине, кез келген мектепте лицензия болуы міндетті. Сонымен қатар санитарлық, өрт қауіпсіздігі, антитеррор талаптарын сақтау талап етіледі. Осы құжаттардың бәрі дайын болмай, дұрыс болмай мектеп аша алмайсыз. Мұны мектеп таңдаудағы төртінші критерий деп айта аламын.
– Баланың болашағы мектеп таңдауға байланып қалған сияқты. Бір мектептен екінші мектепке ауысу балаға да, оның әке-шешесіне де оңай тимейді. Сондықтан балаға жайлы, ата-ананың да көңілінен шығатын мектепті дұрыс таңдағымыз келеді. Айтыңызшы, жекеменшік мектептің мемлекеттік мектептен басты айырмашылығы неде? Сол жақта білім алу үшін ата-ана не үшін соншама ақша құюы керек?
– Мектеп таңдаудағы бесінші критерий осы сіздің сұрағыңызға жауап береді. Қазақстанда 800-ден астам жекеменшік мектеп бар. Соңғы 5-10 жылда олардың саны еселеніп өсті. «Мынау мектеп жақсы, мынау жаман» деп айта алмаймын. Бірақ әлсіз мектептер мемлекеттік секторда да, жекеменшік секторда да бар. Мектеп санының артуы яғни үлкен бәсекелестіктің нәтижесінде мықты мектептер одан сайын шыңдалып, мықты бола түседі. Қазақстан мектептері халықаралық стандарттарға жақындап келді. 10-15 жыл бұрын жекеменшік мектепте баласы оқитын ата-аналар IB (халықаралық бакалавриат), Cambridge A levels деген не екенін, оның мемлекеттік стандарттан айырмашылығын білмейтін. Ал қазір осы бәсекелестіктің арқасында біліп түсініп жатыр. Жалпы ата-аналардың білім жағынан сауаты артқан. Олар мектеп таңдағанда мектептегі білімнің халықаралық стандартқа сай болуын басшылыққа алады. Бұл – өте маңызды критерий.
– Алтыншы критерий, меніңше, орта. Орта дегеніміз – баланы қоршаған адамдардың ойлау өрісі, құндылығы. Бәрі брендпен емес, біліммен жарысса, білім қуған орта қалыптасады. Мектеп тек білім беретін жер ме әлде орта қалыптастыратын орда ма?
– Бөліп жаруға болмайды. Екеуін де қатар беруге болады. Өкінішке қарай, мемлекеттік мектептерде кейбір мұғалімдер «ұнамаса жекеменшікке бар» деп жатады. Осылайша өздері жекеменшік мектепте білім сапалылау екенін мойындап отыр. Ата-ана мектеп таңдағанда барлық мағлұматты жинап, мектеп жетістіктерін зерттеп шықты делік. Ол лицензия сұрайды, халықаралық стандартқа қызығады. Инфрақұрылыммен танысады. Баласына мықты мектеп іздеп күрделі таңдау жасайды. Осылайша сол мектепке ондай бір емес, бірнешеу емес, жүздеген ата-ана жиналады. Ондай ортада қандай құндылық қалыптасады деген сұрақ туындайды.
– Демек ортаны біріншіден баласына жақсы мектеп іздеген сауатты, білімді құндылық көрген ата-ананың өзі қалыптастырады. Екіншіден, білім беруді миссия тұтқан сауатты мұғалім ортаның сапасын арттырады. Біз брендпен емес, біліммен жарысамыз деген құндылықты ту еткен мектептің талабымен өскен балалар ортаны кеңейте түседі. Ал вайб ше? Вайбқа қарап оқу орнын таңдайтын балалар болады екен. Бұған не дейсіз? Вайб дегеніміз – оқу ошағындағы атмосфера, көңіл-күй, эстетика.
– Вайбы мықты мектептер бар. Бірақ білімге келгенде мықты деп айта алмаймын. Мысалы, олимпиада нәтижелерін қарап шығамыз. Сол вайбы мықтылар олимпиада бойынша бірінші орында тұрмайды. Біз соңғы үш жылда құндылықтарды өзгертіп жатыр. Бұрын балалар «мынадай машинамен келіпті», «мынадай бренд киеді екен» деп жарысса, қазір мықты бала деген түсінікті өзгертіп жатырмыз. Tamos-тағы мықты бала ол – IELTS-ы 8 балл, SAT-ы жоғары, олимпиадада орын алған, спортта жетістігі бар, мықты оқу орнына шақыру алған бала. Сондай балаларды шақырып алып, алғыс хат беріп мәртебесін көтеріп жатырмыз. Біздің мектепте кім қандай оқу орнына түскені жазылған түлектер стенді бар. Ол жақта «Пәленше мынадай бренд киіпті», «мынадай телефон ұстапты» деп жазылмайды. Сондықтан стендке қараған әр бала «ертең мен жайлы қандай ақпарат жазылады екен» деп брендпен емес, біліммен жарысады.
Сұхбаттасқан Жазира Байдалы