СУ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ СУСЫЗ ҚАЛҒАЛЫ ТҰР? – Қазыбек Иса

СУ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ СУСЫЗ ҚАЛҒАЛЫ ТҰР? – Қазыбек Иса

СУ ҚАУІПСІЗДІГІ - ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ СРАТЕГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ! 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның Шардара су қоймасындағы қалыптасқан жағдай мен еліміздегі су мәселесі туралы ҚР Премьер-Министр О.Бектеновке жолдаған депутаттық сауалының жазбаша нұсқасы. Үкімет басшысына жолданған сауалға барлығы 17 депутат қол қойған. 

  ✅ Өткен ғасырдан бері 30 жылдай уақыт ішінде 3 бағдарлама қабылдап, 5,1 миллиард доллар, яғни триллиондаған қаржы жұмсалса да, таза суға зар болу таза масқара емес пе?

 ✅ Судың үстінде отырған Шардаралықтар суға мұқтаж. Биыл ғана құрылысы енді басталған «Тама-Тастанбек» таза су қорын тарту құрылысына Үкімет толық қаржыны қашан бөледі?

  ✅ Шардара су қоймасына 2025 жылдың 21 мамырынан бастап мүлдем су келіп жатқан жоқ. Су көлемі шекті деңгейден көп төмендеп кеткен. Бұндай жағдай соңғы он жылдықта болған емес.

  ✅ Биылғы жылы су тапшылығы болатынын біле отырып, «Шардара» су қоймасының жағдайын ескермей, «Арнасай» су бөгеті арқылы Өзбекстан Республикасына не себепті 1 805 млн.м3 су жіберілген?

  ✅ Егер 1 805 млн.м3 суды «Арнасай» арқылы Өзбекстанға жібермей, «Шардара» су қоймасы мен «Көксарайға» жинағанда, қазіргі жетіспей жатқан 1 811 млн.м3 су орны толып, су тапшылығы болмас еді...

  ✅ Мемлекетаралық комиссия хаттамасына сәйкес, келуі тиіс судың мамыр айында 22 пайызы ғана, ал маусым айында 11 пайызы ғана келді...

  ✅ Үкімет қазір трансшекаралық су көздері бойынша көрші елдермен қандай келіссөздер жүргізуде және Қазақстан үлесі мен мүддесі қалай қорғалуда?

  ✅ Шардара су қоймасына қосымша су жеткізу бойынша көрші елдермен үкіметтік деңгейде жедел төтенше келіссөздер ұйымдастыру керек;

  ✅ Шардара су қоймасында су жеткілікті болмаса, халыққа ішуге ауыз су да жоқ, тұтынуға электр қуаты да, жарық та жоқ, ағын сусыз егін де жоқ...

  ✅ Шардара су қоймасындағы су тек Түркістан облысының Сыр бойындағы аудандарына ғана емес, тұтас Қызылорда облысына да, яғни барлығы 1 млн-ға жуық елге нәпақа беріп отыр.

СУ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ СУСЫЗ ҚАЛҒАЛЫ ТҰР?

СУ ҚАУІПСІЗДІГІ - ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ СРАТЕГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ! 

ҚР Премьер-Министрі 

О.Бектеновке

1. Триллиондаған қаржы жұмсалса да, ауыз су мәселесі неге шешілмейді?

Еліміздегі ең маңызды мәселе ауыз су болып отыр. 

Су тапшылығы ұлттық деңгейдегі стратегиялық мәселе!

2023 жылы 20 желтоқсанда біз, "Ақ жол" партиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің су саласындағы шешілмеген түйткілдер туралы мәселе көтерген едік. Өкінішке орай, еліміздегі су мәселесі әлі толық шешілмей келеді.

Ал сол ауыз суға зар болып отырған халықтың салығынан жиналған қаржыдан жыл сайын сумен қамтуға орасан зор миллиардтар бөлініп келді:

1. 1998 жылы пайда болған, 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" бағдарламасына 1,8 миллиард доллар жұмсалды.

2. 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасына да 2 миллиард доллар жұмсалды.

3. 2021-2023 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасына да 1,3 миллиард доллардан астам ақша жұмсалған. 

Сонда өткен ғасырдан бері 30 жылдай уақыт ішінде 3 бағдарлама қабылдап, 5,1 миллиардтан астам доллар, яғни триллиондаған теңге жұмсалса да, таза суға зар болу таза масқара емес пе?

Судың шуы қашан бітеді? Аурудың диагнозын анықтап алып, емдемесе, жазылмайтыны секілді егер Үкімет отыз жылдан бері шешілмей келе жатқан бұл мәселенің негізгі себептерін анықтап, нақты шешуге кіріспесе, ауыз су мәселесі енді тағы 50 жыл өтсе де шешілмейді! Өйткені, 2000 жылы салынған су жүйелері жарамай қалып, істен шығып, қайта салып жатыр. 

Бір ғана мысал, халық ең тығыз орналасқан - Түркістан облысы елді мекендерінде осы уақытқа дейін ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы толық шешілмеген. Еліміздегі ең үлкен су қоймасы жанындағы 37 мың халқы бар Шардара қаласы және осы аудан көлемінде тұратын 50 мың ауыл тұрғындары да, жалпы 80 мыңнан астам халық таза ауыз суға мұқтаж. Судың үстінде отырған қала халқы суға мұқтаж. Таяқ тастам жерден табылған «Тама-Тастанбек» таза су қорын тарту талай жылдан бері көтеріліп, биыл ғана құрылысы енді басталды. Енді оның қай жылы бітерін бір құдай біледі. 

 Бұл «Тама» су жобасының мақсаты – халық саны 80 071 адамды құрайтын Түркістан облысы Шардара ауданының 24 ауылдық елді мекенін және Шардара қаласын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету болып табылады.

 Жоба бойынша «Тама» су алу құрылыс жайынан екі желіден тұратын жалпы ұзындығы 39,28 шақырым Шардара топтық су құбырын салу көзделген.

 Жобаны қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен облыстық бюджеттерге берілетін нысаналы даму трансферттері шеңберінде көзделген. Қаржыландыру көзі: РБ – 14 889,9 млн теңге, ЖБ – 1 654,4 млн теңге. Келісімшарт бойынша жалпы құны – 16 544,3 млн теңге. 

  Жобаның іске асырылу кезеңі – 2025-2027 жылдар.

Бекітілген 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте жобаны іске асыруды бастауға 2025 жылға 3 301,4 млн теңге қарастырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы 2025 жылдың ақпан айында басталып, бүгінде ол қаржы игеріліп, бітіп қойды.

Қалған қаржыны Үкімет қай кезде бөледі?

2.Шардара су қоймасындағы жағдай

Қазір Шардара су қоймасындағы судың көлемі шекті деңгейден көп төмендеп кеткені туралы дабыл қағылуда. Кешегі мәлімет бойынша 2396 млн.м3 су бар. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 1 811 млн.м3-қа аз.

Су қоймасына биылғы 2025 жылдың 21 мамырынан бастап мүлдем су келіп жатқан жоқ. Осындай жағдай соңғы он жылдықта болған емес. Алдағы уақытта осы жағдай жалғаса беретін болса шілде айының үшінші он күндігінде су қоймада су таусылады (жансыз деңгей 1,0 млрд.м3 қоспағанда). 

2025 жылы 5 сәуірде Самарканд қаласында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысының хаттамасына сәйкес, суару маусымында, яғни сәуір айы мен қыркүйек айларында 

3 694 млн.м3 су жоспарланған болатын. Оның ішінде, сәуір айында жоспар 

1 037 млн.м3 жоспарланса 830 млн.м3 ғана келді. Мамыр айында 

884 млн.м3 жоспарланса оның 196 млн.м3 ғана келді. Яғни 22 пайызы ғана. Маусым айында 555 млн.м3 жоспарланса, айдың басынан бері 11 пайызы ғана келіп отыр.

Сондықтан, су тапшылығының алдын алу үшін қысқа мерзімде Үкімет деңгейінде хаттамаға сәйкес су келуін қамтамасыз ету қажет. 

2021 жылы көрші елдерден келетін су он есе азайып, 670 млн.м3-қа дейін күрт түсіп кетіп, құбырларға су жетпей қалған еді. Жеткен судың сапасы ішуге жарамсыз болған. Ал, енді биыл ондай жағдай қайталанса,сол уақытта жұмыс істеп тұрған су ұңғымаларының ешқайсысы жұмыс істеп тұрған жоқ. Судың көлемі азайған сайын ұңғымада да су қалмайды. Су қоймасындағы судың көлемі 1,0 млрд.м3-тан түсіп кеткен кезде ұңғымалардағы су пайдалануға жарамайды.

Осыған орай, 2021 жылғы жағдай қайталанбауы үшін қазірден бастап «Шардара» су қоймасының суының режимін реттеу қажет. Су қоймада 1,0 млрд.м3 суды ұстап қалу үшін судың деңгейін (отметка) 244 метрден түсірмеу ұсынылады. 

Су деңгейі түскен сайын ГЭС электр қуатын өндіруі төмендейді. Қазіргі кезде сағатына 78 МВт қуат өндірсе, былтырғы жылы осы кезеңде 100 МВт электр қуатын өндіріп отырған. 

Яғни, Шардара су қоймасында су жеткілікті болмаса, халыққа ішуге ауыз су да жоқ, тұтынуға электр қуаты да, жарық та жоқ, ағын сусыз егін де жоқ...

Биылғы жылы «Арнасай» су бөгеті арқылы Өзбекстан Республикасына 1 805 млн.м3 су жіберілді. Соншама су көлемі соңғы 5-6 жылда жіберілген емес. Тек 2017 жылы 2 161 млн.м3 су босатылған. Себебі бұл жылы суқоймаға соңғы 15 жылда судың ең көп келген жылы болып, 27,3 млрд.м3 су келген еді, 

Егер 1 805 млн.м3 суды «Арнасай» су бөгеті арқылы Өзбекстан Республикасына тастамай, «Көксарай» су реттегіші мен «Шардара» су қоймасына жинаған жағдайда, қазіргі суқоймадағы жетіспеушіліктің яғни, 1 811 млн.м3 судың орны толықтырылып, су тапшылығы болмас еді.

Шардара су қоймасындағы су тек Түркістан облысының Сыр бойындағы аудандарына ғана емес, тұтас Қызылорда облысына да, яғни барлығы 1 млн-ға жуық елге нәпақа беріп отыр. 

Шардара су қоймасындағы су деңгейінің шекті деңгейден төмен түсіп кетуі:

1.Ауыз су тапшылығы мәселесін ушықтырады;

2.Ауыл шаруашылығына тәуелді халықты табыссыз қалдыру қаупін арттырады;

3.Егіс алқаптарын суаруда қиындықтар туғызады;

4.Су қоймасындағы экожүйеге зиян келтіреді.

Осы уақытқа дейін Шардара су қоймасындағы су деңгейінің төмен түсіп кету себептері:

- Сырдария өзенінен келетін судың азаюы;

- Трансшекаралық су бөлу келісімдерінің толық орындалмауы;

- Жергілікті су инфрақұрылымының ескіруі;

- Климаттық өзгерістер – қар мен жауын мөлшерінің азаюы.

Сонымен қатар, жалпы елімізде су тапшылығы жылдан жылға күрделене түсуде. Климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендерге тәуелділік, ішкі су инфрақұрылымының тозуы және суды ұтымсыз пайдалану салдарынан көптеген аймақта ауыз су, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп үшін су тапшылығы байқалуда.

Су – елдің тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің негізгі ресурсы. Қазақстанда су тапшылығы мәселесі жыл сайын өзектене түсіп келеді. Соңғы кездері Түркістан облысындағы Шардара су қоймасындағы судың шекті мөлшерден айтарлықтай төмендеуі аймақтың экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіруде. Бұл жағдай – ел бойынша қалыптасып келе жатқан күрделі су дағдарысының көрінісі.

- Қазақстандағы су ресурстарының 45%-ы сырт елдерден ағып келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді;

- Ел ішіндегі су инфрақұрылымының 60%-дан астамы ескірген;

- Кейбір өңірлерде ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші 70–80%-дан аспайды;

- Су пайдаланудағы ысырапшылық жоғары (әсіресе ауыл шаруашылығында).

Су тапшылығының салдары:

- Ауыл шаруашылығы өндірісінің құлдырауы;

- Ішкі миграцияның күшеюі;

- Денсаулық сақтау саласына әсері;

- Әлеуметтік наразылықтың өсуі мүмкін.

Шардара су қоймасындағы дағдарыс – Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесінің шарықтау шегіне жеткенінің айқын көрінісі. Су тапшылығы енді жекелеген өңірлердің ғана емес, ұлттық деңгейдегі стратегиялық мәселе. Бұл жағдай мемлекеттік саясатта суға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет екенін көрсетіп отыр.

3.Жылда қайталанатын осы су жетіспеу мәселесін реттеу үшін не істеу керек?

Бұл су қауіпсіздігі туралы ҚР Президенті Қ.Тоқаев үнемі ескертіп келе жатыр. Алдағы 5-10 жылдың ішінде су тапшылығы одан да үлкен қиыншылықтарға алып келеді. Себебі, Ауғанстан Әмудариядан өте көп су алғалы жатыр. Яғни, ауғандар Әмудариядан суды көптеп алған соң, өзбектер Сырдариядан су алуды арттырады. Екіншіден, Сырдарияның айналасында тұратын өзбек халқының саны жылдан жылға көп артып келе жатыр. Яғни, бізге келетін су сөзсіз азаяды.

Жағдайды түбегейлі шешу үшін бірден кешенді түрде бірнеше мәселелерді шешу керек. Ең бірінші бар суды үнемді пайдалану жұмысын жолға қою керек. Қай жылы болмасын, қандай болмасын біз 5,2 млрд куб суды Шардараға, 3 млрд куб суды Көксарайға жинай аламыз.

Қызылордаға 400 кубтан суды жіберіп тұрған кезде, күніне 35 млн куб кетеді, 100 күнде 3,5 миллиард. Шығындарымен есептегенде, 4 млрд куб су Қызылорда облысының бас-аяғына толығымен жетеді. Ал, Шардара ауданында 50 мың гектар жер бар. 10 мың кубтан есептегенде, жалпы биологиялық су пайдалану қабілеттілігі 5-6 мың кубтан ешқашан асқан емес. 

Яғни, 4-6 млн куб су Түркістан, Қызылорда облыстарының қазіргі жағдайдағы қажеттіліктеріне толық жетеді. 

Бірақ, неге олай болмай жатыр? Себебі, кейбір жылдары Шардарадағы су көлемін 5,2 млрд-қа жеткізе алмайды. Көксарайды 2 млрд-тан асыра алмайды. 

Тағы бір ең маңызды мәселе, Шардара ауданында Қызылқұм магистральды каналы бар. Осы және екінші дәрежелі каналдардың барлығы күрішке лайықталып салынған, көп суға арналған. Сол Қызылқұм қаналынан бастап барлығын бетондап, фильтрацияны азайту керек. Бас-аяғы 50 мың гектар жерге 1 млрд куб су кетіп жатыр. Бұл өте көп орасан шығын! Суды сол жерден үнемдеу керек.

Шардара су қоймасында атқаратын біраз жұмыстар бар. Яғни, су қоймасы 5,2 млрд куб суды еш қауіп-қатерсіз ұстап тұратын жағдайда болу керек. Екінші, ондай көлемдегі суды ұстап тұруға не үшін қорқады? Қатты жауын-шашын болып, көп су келетін болса, онда Шардарада ол суды ұстап тұратын артық жер қалмайды.   

Сондықтан, қашыртқы сай болуы керек. Оның да техникалық негіздемелері бар, бұрын дайындалған. Бұл шұғыл атқаратын жұмыстар.

«Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің қауіпсіздігі өте маңызды мәселе. 

Су мәселесі, соның ішінде ауыз су – ел дамуындағы аса күрделі мәселе болғандықтан, «Ақ жол» партиясы маңызы зор су саласына баса назар аударып, бақылауда ұстай береді.

4.Үкіметтен нақты сұрақтарға нақты жауап беруі тиіс!

1.Биылғы Шардара су қоймасындағы судың азаю себептері қандай? Су жіберу немесе трансшекаралық ағындармен байланысты келісімдер орындалды ма?

2.Шардара тұрғындарына су жетпей қалған жағдайда ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

3.Қазір трансшекаралық су көздері бойынша көрші елдермен (Өзбекстан, Қырғызстан) қандай келіссөздер жүруде және Қазақстан үлесі мен мүддесі қалай қорғалуда?

4. Биылғы жылы су тапшылығы болатынын біле отырып, «Шардара» су қоймасының жағдайын ескермей, «Арнасай» су бөгеті арқылы Өзбекстан Республикасына не себепті 1 805 млн.м3 су жіберілген?

Су мәселесі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне, халық денсаулығына, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететіндіктен, Үкімет тарапынан нақты, жүйелі және жедел шешімдерді талап етеміз.

5.Мәселені шешу жолдары мен ұсыныстар:

1. Шардара су қоймасына қосымша су жеткізу бойынша Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен үкіметтік деңгейде жедел төтенше келіссөздер ұйымдастыру;

2.Су болмай қалған жағдайда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін автоцистерналармен, ұңғымалар арқылы уақытша шешімдер қабылдауға дайын болу;

3.Трансшекаралық өзендер бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен халықаралық келісімдерді қайта қарап, Қазақстан мүддесін қорғау;

4.Шардарадағы «Тама» су тарту құрылысы белгіленген 2025-2027 жылдары аяқталуы үшін 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыны толық көлемде бөлу:

5.«Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің қауіпсіздігі өте маңызды мәселе. Олар суды еш қауіп-қатерсіз ұстап тұратын жағдайда болу керек. 

6.Су үнемдеу технологияларын жаппай енгізу;

7.Қызылқұм магистральды қаналынан бастап, екінші деңгейлі каналдардың бәрін бетондап, фильтрация шығынын азайту керек.

8.Ескі каналдар мен су қоймаларды цифрландыру және жаңғырту;

9.Су инфрақұрылымына мемлекеттік-жеке әріптестік аясында инвестиция тарту.

10. Үкімет суды үнемді пайдаланудың тиімді жолдарын айқындап, іске қосуы тиіс.

Құрметпен, «Ақ жол» 

фракциясы депутаттары:

Қ. Иса

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

С. Ерубаев

Е. Бейсенбаев

«AMANAT» 

фракциясы депутаттары:

Қ. Балабиев

Т.Қырықбаев

Д. Исабек

Н. Байтілесов

Ұ. Сәдібеков

Б. Нәжметдинұлы

М.Жайымбетов

М.Ергешбаев

М.Әбенов

«ЖСДП» фракциясы депутаты:

Н. Әуесбаев

«Ауыл» фракциясы депутаты: 

А. Баққожаев