ҒАСЫР КУӘГЕРІ «Арыс ақиқаты» газетіне 90 жыл
2025 ж. 27 маусым
116
0

ҒАСЫР КУӘГЕРІ
Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына өлшеусіз үлес қосып қана қоймай, қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Арыс ақиқаты» газеті биыл толағай тоқсан жылдығын атап өтіп жатыр. Сонау 1935 жылдың наурыз айында «Социалды жол» деген атпен теміржолшылар қаласына тарайтын бір бетті газет болып шығып, бүгінде бүкіл өңірдің тарихи шежіресіне айналып отырған басылымның тамыры тереңде жатыр. Алаш дәуірі мен зұлмат соғыс жылдарының куәгері болған газеттің ұлт руханиятындағы орыны айрықша. Қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабеков, сатира сардары Садықбек Адамбеков, белгілі ақындар Қосжан Мүсірепов, Бекен Әбдіразақов, Нәмет Сүлейменов, Қаныбек Сарыбаев, Нармахан Бегалыұлы секілді талай тарландар, Сабырхан Әлібекұлы, Слам Нұрмағанбетов, Зұпар Мүсілімов, Нұрманбет Ақылбек, Темірхан Әбдіков, Ғалымжан Мелдеш, Шахаризада Дәнеева, Назира Байырбекова және тағы басқа белгілі журналистер алғаш рет осы газетте өз туындыларын жариялағандары да талай жайтты аңғартады. Газет редакторларының ішінде қазақтың көрнекті ақындары Қосжан Мүсірепов (1954-55 ж.ж.) пен Нармахан Бегалыұлының (1974-90 ж.ж.) болғаны редакция үшін зор мақтаныш деуге болады. Газетті 1991- 2008 жылдары бас редактор ретінде ең ұзақ, 17 жыл басқарған Сабырхан Әлібекұлы. 1988 жылдың қазанында газеттің «Коммунизм таңы» атауы «Арыс ақиқаты» деп, «Заря коммунизма» газеті «Арысская правда» деп өзгертілді. Газеттердің атауын өзгертуде сол кездегі қалалық кеңестің төрағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахановтың, қазақ әдебиетінің дүлдүлдері Садықбек Адамбеков пен Дулат Исабековтың еңбектері зор болды. Кеңес империясы, коммунистер билігі күшінде тұрған кезінде Арыс қалалық коммунистік партия комитетінің органы болған газет атынан «Коммунизм таңы» деген қып-қызыл атауын алып тастау үлкен батылдық және саяси көрегендік еді. Бүгінде «Арыс ақиқаты» газетінің редакциясы» ЖШС құрылтайшысы белгілі журналист-баспагер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» ордені иегері Әбдімәлік Ағыбай. Мемлекет басшысының сындарлы саясатын қолдау, елдің ынтымақ-бірлігін арттыру жолында редакция қыруар жұмыстар атқарып жатқанын газеттің әр санынан айқын байқауға болады. Биыл тоқсан жылдық мерейтойын атап өткелі отырған, ғасырға жуық жарық көріп келе жатқан «Арыс ақиқаты» газетінің ұжымына еңбекте жеміс, шығармашылық табыс және әрдайым Ақ жол тілейміз.
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы әдеби сыйлық –«Алтын күз» ордені мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
ӨҢІР ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ
Арыс пен Сырды тел емген халық өмірінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, қатпар-қатпар тарихы мен бай мәдениетін оқырман қауымға паш етіп келе жатқан «Арыс ақиқаты» газеті алғашқы нөмірі жарық көрген күннен бастап оқырман қауымның рухани қазынасына айналуды мақсат етті.
Қазақстан Республикасының аспанында тәуелсіздіктің көк туы асқақ желбіреген ширек ғасырға жуық уақыт ішінде «Арыс ақиқаты» газетінің өмірінде де түбегейлі өзгерістер, жұртты елең еткізер жаңалықтар болып жатыр. Әр айы жылға, әр жылы ғасырға барабар мерзімде еліміз, сонымен өңірдің тұрғындары бастан кешкен оқиғалар басылым бетінде шынайы көрініс тапты. Халықтың саяси, әлеуметтік, мәдени өміріндегі реформаларға, қоғамды демократияландыру мен экономикада нарықтық қатынастарды орнықтыруға, Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында белгіленген міндеттерді орындауға қатысты материалдарды үзбей жариялап, жергілікті атқарушы және өкілетті билік пен бұқара арасындағы дәнекерлік қызметін айнымай атқаруда. Оқырман қауыммен тығыз қарым-қатынастағы газет бетінде қоғамның белсенді тобы мен талантты жастардың өңірдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени келбетін көрсететін ақпараттық хабарлары, сараптамалық материалдары мен әдеби-көркем шығармалары бұрынғысынша көптеп жарық көруде. Бұның өзі мерзімді баспасөздің өңіріміздегі негізгі өкілі «Арыс ақиқаты» газетінің дәстүрге адалдығын айқындайтын ерекшеліктердің бірі. Арыс қалалық әкімшілігі аумағының ақпараттық саласының локомитиві елде және өңірімізде болып жатқан оң өзгерістерді мүмкіндігінше ашып көрсетіп, халықты келер күннің кемел игілігі жолындағы еңбекке жұмылдыра беретіні күмәнсіз.
Осынау мерейлі мақсат жолында жемісті қызмет атқарып келе жатқан басылымның ұжымы жаңа шығармашылық табыстарға қиналмай жететіні күмәнсіз. Көз ұшындағы игі мұраттарды мұқалмай бағындыру үшін Сіздерге мықты денсаулық, қуаныш пен қызыққа толы бақытты ғұмыр, отбастарыңызға береке мен бірлік тілеймін.
Қайсар МАҢҚАРАЕВ,
Арыс қаласының әкімі.
БАСПАСӨЗ – ҚУАТТЫ ҚҰРАЛ
Ғасырға жуық тарихы бар газет бетінде күнділікті жаңалықтармен бірге, өңірдің тарихына байланысты мақалалар, белгілі тұлғалар туралы материалдар үздіксіз жарияланып келеді. Газеттің сарғайған беттеріне үңіліп, тарихын жазуды бұдан он бес жыл бұрын бастаған болатынбыз. Алғаш басылымның жетпіс бес жылдығына белсене кірістік. Ол кезде қатарымызда журналистиканың нар тұлғалары Сабырхан Әлібекұлы, Зүпар Мүсілімов, Тоқтар Назаров, Ораз Бөріханов сынды аптал азаматтар болатын. Бірде Тоқтар ағаны Шымкенттегі мемлекеттік архивке іс-сапарға жібердік. Мақсатымыз – газетіміз туралы, онда еңбек еткен қызметкерлер жайлы мәлімет жинау. Іс-сапардың алғашқы күні-ақ ағамыз қуанышты хабар жеткізді. Біз осы уақытқа дейін газеттің алғашқы редакторы Емберген Қайырбеков деп келсек, Тоқтар ағамыз газеттің архивтегі сақталған тарихи құжаттарынан алғашқы редактор Шәкір Қайырбеков екенін анықтады.
Қызды-қыздымен Алматыдағы Ұлттық Мемлекеттік Кітап палатасы мен ҚР Ұлттық кітапханасында да айлап отырған күндеріміз болды. Нәтижесінде газетіміз туралы құнды-құнды мәліметтерді қолымызға түсірдік. Бірақ, соншама еңбек етсек те газетіміздің 75 жылдық мерейтойын атап өту билік тарапынан қолдау көрмей қалды. Бұл келеңсіз жағдай басылымның 80 жылдығында да, 85 жылдығында да қайталанды. Бұдан он бес жыл бұрын алға қойған мақсатымызға газетіміздің 90 жылдық мерейтойында қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл үшін шынайы қолдау көрсеткен қала әкімі Қайсар Зәкірұлы Маңқараев пен материалдық көмек қолын созған жеке кәсіпкерлер Кенжебай Мамақұлы Сыздықов пен Ердәулет Садық сынды руханият жанашырларына айтар алғысымыз шексіз.
Бүгінде қазақ баспасөзі күрделі кезеңді бастан кешіріп отыр. Газетке жазылу науқанында «мәжбүрлеп газетке жаздырады» деген сөзден қашып, әкімдік пен мемлекеттік мекеме басшылары бұл шарадан аулақ жүруге тырысады. Бұл дұрыс емес, әрине. Баспасөзге жазылу ерікті. Газет оқымайтын адамға мерзімді басылымдарды зорлап жаздыртуды бізде дұрыс көрмейміз. Десек те, билік иелері газетті елдің ішіне көбірек тарату арқылы мемлекеттің ақпарат саясатын белсенді насихаттауға болатынан ұмытпаса екен дейміз. Баспасөз – әр шаңырақтың рухани байлығы. Ол ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге көпшіліктің қоғамдық пікірін қалыптастыруға ықпал ететін қуатты құрал көзі, халық пен билік арасын жалғайтын алтын арқау.
«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» жанкешті қызметкерлеріміз бен газетіміздің қалың оқырманын, бүгінгі қуанышымызға алыс-жақыннан ортақтасып келіп отырған тілеулестерімізді Арыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Арыс ақиқаты» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына ынтымақ, кәсіптеріне береке тілеймін!
Әбдімәлік АҒЫБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, «Арыс ақиқаты» газетінің құрылтайшысы
АРЫС ӨҢІРІНІҢ ШЕЖІРЕСІ
Алғашқыда «Социалистік жол», кейіннен «Коммунизм таңы» болып жарық көрген «Арыс ақиқаты» газеті биыл 90 деген белеске – данагөй қарияның жасына жетті. Дәуір жүгін арқалаған бұл уақыт ішінде талай-талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Сөйтіп, түн түңлігін түріп, ұлттық идеологияны ту етіп, бүгінгі күнге сәуле шашты. Сары мұңға батырып – сарғайған, бір шеттері жыртылған, кейбір тұстарының харіптері көнерген газет тігінділерінің тағы бір кезеңі – II-ші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы арыстықтардың ерен еңбегіне арналыпты. «Бәрі майдан үшін!» Өнеркәсіп өндірісінің кіндігіне байланған олар бойдағы бар қуатын, күш-жігерін осы мақсат жолына сарп етіпті. Кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға – бәр-бәрі бел шешіп, тізе бүкпей, күн-түн тынбай еңбек етіпті. Ұлы Жеңісті осылай жақындатыпты. Даңқты жазушы Мұхтар Әуезов: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар, бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы. Адамдық негізі – әйел. Үй ішін бірлікке келтіруші де, отбасылық қоғамның тіреуі де – әйел» деп жазыпты. Тоқсан жылдық тарихы бар бұл үнпарақта әйел редакторлар да, тілші, баспагерлер де көптеп қалам тербеп, қоғамның ауыр да күрделі жүгін алға сүйреді. Егер санамалап, жіпке тізсек, басылымның жазба деректер қоры мол. Ақиқаты – газет 90 жыл оқырманымен бірге ғұмыр кешті: мұңын – мұңдады, жоғын – жоқтады, қуанса – қуанды, жыласа – жылады. Газет пен оқырман егіз десек, бұған дейін де қалың оқырманымен бірге өмір сүріп келген «Арыс ақиқаты» бұдан кейін де ну орман – оқырманымен бірге өмір сүре береді. Шежірелі 90 жылдық мерейтой құтты болсын! Газеттің жас ұрпаққа берер тағылымы мен тәлімі азаймасын!
Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ,
газеттің 1974-1988 жылдардағы бас редакторы.
ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
Мен үшін «Арыс ақиқаты» газетінің орны ерекше. Өйткені, Арыс қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, қала әкімі қызметтерін атқарғандықтан, осы басылымның бастауында тұру бақыты бұйырды. Күні кешеге дейін жергілікті газеттен қол үзген емеспін. Астанада Парламент Сенатының депутаты болып жүргенімде Парламент кітапханасында басылымның соңғы шыққан әрбір санымен танысуға мүмкіндігім мол болды.
Газет – халық айнасы. Сондықтан, қалалық басылымның алғашқы нөмірі жарық көргеннен бастап, оның бетінде арыстықтардың еңбектегі жетістіктермен қатар қоғамның алға басуына кедергі келтіретін олқылықтардың сын тезіне алынуына көңіл бөлдік.
Редакция ұжымы соңғы кезде газетті заманауи полиграфиялық сапамен, түрлі-түсті етіп шығаруды ұйғарған екен, уақыт талабы да – осы. Оқырман талғамына сай деңгейде жарық көретін басылым қаланың рухани өміріне қосылған үлес деп білемін.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, «Парасат», «Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері.
ГАЗЕТТІҢ МЕРЕЙТОЙЫ — ЕЛДІҢ ТОЙЫ
«Мектеп қабырғасында жүргенімде «Социалистік жол» деп аталатын екі беттік газет үйімізге үзіліссіз келіп тұратын. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп, Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Ел ішіндегі елең еткізер жаңалықтарды, өркениетке бет бұрған игілікті істерді осы газет арқылы біліп отырғанымыз да рас. Өзіндік бағыт-бағдары, ұстанған жолы, оқырмандарына ұсынған құнды дүниелері арқылы көптің көңілінен шығып жүрген «Арыс ақиқаты» газеті мен үшін болмысы бөлек, орны ерекше басылым. Тоқсан жыл ішінде газеттің асқан асулары, бағындырған белестері көпке үлгі. Газеттің түрлі-түсті болып безендірілуі мен электронды технологияны пайдалана отырып, жаңа форматта шыға бастауы заман талабы мен оқырман талғамына сай. Бұл білімді де білікті, қаламы жүйрік газет қызметкерлерінің қажырлы еңбектерінің арқасы деп білемін. Газеттің мерейтойы – елдің тойы. Ел азаматы ретінде редакция ұжымы мен газеттің қалың оқырманын 90 жылдық мерекелерімен шын көңіліммен құттықтаймын. Арыстық қаламгерлердің шығармашылық жұмыстарына толағай табыс, дендеріне саулық, отбасыларына ынтымақ пен береке тілеймін!
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
академик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, ҚР ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Барыс» орденінің толық кавалері, «Парасат» орденінің иегері