МЕКТЕПТІҢ ДЕ МЕКТЕБІ БАР

МЕКТЕПТІҢ ДЕ МЕКТЕБІ БАР

- «Анашым, апай қарындаш дегенді «pen» деп айтты, қарындаш деген «pencil» ғой! - деп Исатай үйге бұрқылдап кірді.

Қызмет бабымен үш жарым жылдай шетте жүріп, Астанамызға оралғанда ұлымызды қазақ сыныбына бердік. Балабақша мен мектепке даярлық тобында шетелде ағылшын тілінде оқыған, ал мұнда сыныпта аз бала болса екен деп, жеке мектеп қарастырған едік. Алайда мектеп жеке болса да, ағылшын тілінен беретін мұғалім Эфиопия азаматшасы болып шықты. Жарнамада ағылшын тілін ағылшындардың өздері береді деген сияқты еді. Мына апайымыздың ағылшыншасына ұлым тұрмақ, өзімнің де қарным ашты. Себебі сөздерді анық айтпады, сөздік қоры да нашарлау болды. Қарындаштан кейін де ұлымыз апайының біраз сөздерді қате айтатынына ызаланып жүрді. Біз де Еуропада оқып үйренгені бекер кетер ме деп уайымдап қалдық. 

Сөйтіп жүріп ұлымыз былтыр сол мектепте 3-сыныпты аяқтады. Арада мектепті тағы бір ауыстырдық. Астанада бала да, мұғалім де мектепті жиі ауыстырады екен. Әсіресе, жеке мектептердегі өзара ары-бері ауысу көп. Көп жерде ағылшын тілінде оқу деп шақырғанымен, мектеп іші кілең орысша болып жатады. Тіпті қазақ тілін орысша үйрететін мұғалімдерді де кездестірген кездер болды. «Біздің бала орысша білмейді» дегенге сенер адам болмады. 

Бірде сұхбаттардың бірінен таза ағылшын тілді мұғалімдер сабақ беретін Ardingly деген мектеп ашылғалы жатқанын естідім. Мектеп өзіне білімді, мықты оқушыларды жинау мақсатында балаларды емтихан арқылы қабылдады. Математика, ағылшын пәндерінен жоғары балл алып, әңгімелесуден сүрінбей өткен ең мықтыларына мектеп алғашқы жылы толық және жартылай гранттар ұсынды. Біздің бала да солардың қатарына ілігіп кетті. 

Міне, баламның біліміне деген уайымымның басылғанына бір жыл өтті. Мектепке тек ата-ана қатыссын деген шараларға ғана баратын болдым. Сабақ сапасы жөнінде бұрынғы мектептерге жиі баратын мен, бұл жолы көңілім орнына түсіп, тек сабақтағы нәтижелерін ғана қарап жүрмін. 

Ағай-апайларымыздың бәрінде Британдық дипломдары бар, тәжірибелі мамандар. Мектептің ішіне кіргенде тәртіп пен тазалық бары сезіледі. 

Баламның ағылшынша оқыса да, қазақша әндер айта бастағанын байқадым. Үйде інілеріне тек ана тілінде сөйлейді. Меніңше, ағылшындардың арасында жүріп патриоттық сезімдері оянған сияқты. 

Одан бөлек, мектеп те балаларға ұлттық құндылықтарымызды дамытуға атсалысуда. Мектеп іші кілең британдық мұғалімдер болғанымен, Наурызды да, Отан қорғаушылар күнін де қалдырмай атап өттік. Мектеп басшылығының айтуынша, алдағы уақытта да балалардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне, ұлттық салт-дәстүрді біліп жүруіне қатысты тағы да біраз жұмыс жасалмақ. 

Мен мына нәрседен мектептің, ортаның жақсы екенін айта аламын. Ұлым кітап дүкенін көрсе, кітап алып беріңдерші деуді шығарды. Одан бөлек, түрлі жарыстар туралы сыныптастарынан естігендерін үйге айтып келетін болды. «Мен мына тілдік жарысқа қатысайын, қатысу ақысын біз өзара бөліп аламыз деп келістік», - дейді он жасар ұлымыз. 

Қазір көп ата-ананың көңілі күпті. Ол жағдай біздің басымызда да бар. Қызмет бабымен біраз жыл шетелде, тағы біраз жыл елде тұрамыз. Сондағы бізге ең оңтайлысы осы Ardingly ағылшын мектебі болды. Тағы қайталап айтарым, баламның орысша сөйлеп кетпей, үйде қазақша сөйлеп, қазақша кітап оқи бастағаны көңілімнен шықты. Бұл өз тәжірибем болған соң айтып отырмын, ал орысшаны былай да үйреніп алатынын білемін.

Айтпақшы, мектепке келген жылы 4-сыныпты аттап, бірден 5-сыныпқа өткен едік. Биыл күзде, бұйырса, 6-сыныпты осы мектепте жалғастырмыз. Үлкен ұл тілі қазақша шыққандықтан, қазір қазақ мектебіне барып жүр. Ал ана бір жылы екі жастағы кіші ұлдардың біріне Астанадан қазақша бөбекжай іздеп қалай сабылғанымды айтпай-ақ қояйын.

Алдағы оқу жылында бәріңізге сәттілік тілеймін.

Әсем ЖҮСІПБЕК,

Қазақ үні