ТІЛІН ҚОРҒАЙ АЛМАҒАНДАР ЕЛІН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ!

ТІЛІН ҚОРҒАЙ АЛМАҒАНДАР ЕЛІН ҚОРҒАЙ АЛМАЙДЫ!

Дроны мол елдің рөлі зор…

Бүгін, қасиетті Құрбан Айт мейрамының үшінші күні 8 маусымда, жексенбі күні ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қорғаныс министрін ауыстырды. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қорғаныс министрі болып Дәурен Жұматайұлы Қосанов тағайындалды.

Мемлекет басшысы демалыс күні екеніне қарамай жаңа министрді қабылдап, тапсырма беріп те үлгерді.

ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың мамандығының әскери ұшқыш, ұшқыш болғанда да жойғыш ұшақтардың ұшқышы екеніне бірден назар аудардық. Өйткені, қазір әлемде әуе шабуылдарының жойқын күші дәуірлеп тұрған заман. Дроны мол елдің рөлі зор! Цифрлық басқару сиқырлық басқаруға айналды! Жеңіске жетуге жарқын жол соңғы ғылыми технологиялық жетістер арқылы ғана келетін болып тұр. Бұны көрші елдердің соғысы айқын көрсетіп тұр…

Дәурен Қосанов бұған дейін қорғаныс министрінің орынбасары – қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болған.

55 жастағы авиация генерал-лейтенанты Армавир жоғары әскери әуе училищесін бітірген. Одан кейін Гагарин атындағы әскери-әуе академиясында және Ресей қарулы күштері бас штабының әскери академиясында оқыған.

Еңбек жолын Үшарал жойғыш ұшақтар полкінде бастаған. Талдықорғанда "Су27" эскадрильясының командирі, Қарағанды әуе базасының бастығы болды. Шымкент әуе базасын да басқарған.

Яғни, жаңа министр жоғарыда айрықша атап өткеніміздей, «Су-27», “Миг-29”, «Миг-31» жойғыш-ұшақтарының құлағында ойнаған кәнігі шебер ұшқыш болып тұр.

“Қорғаныс министрі ауысты” дегенде елдің ең бірінші ойлағаны - мемлекетті қорғайтын жаңа министр мемлекеттік тілді біле ме деген басты сұрақ?

Тәуелсіздігімізге 34 жыл болса да, қай министр, әкім, депутат, тіпті, премьер, Жоғары сот төрағасы, Бас прокурор болса да, ең масқарасы олардың ұлты қазақ болса да “Қазақ тілін біле ме?”-деген зәрезап сұрақ әлі қалмай келеді?!. Ең масқарасы - Қазақ тілі - Мемлекеттік тіл болса да!?.

Бізге жеткен мәлімет бойынша, жаңа министр мемлекеттік тілді жетік біледі. Құдайға сансыз шүкірлік дейік…

Ең басты қажеттіліктердің бірегейі - тіл! Тіліне миы жетпегеннің тірлігіне миы жете ме?!. 

Өйткені бүгін Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған Руслан Жаксылыков мемлекеттік тілді білмеген күйі кетті… Тірлігі де оңған жоқ.

“Патриот болу үшін Мемлекеттік тілді білу міндетті емес!”-деп те соғып жіберді. Мемлекеттік тілді білмесе, қандай патриоттық болатынын өзі ғана білетін шығар…

Бұл министр туралы бірнеше рет сынап жаздық.

“ТІЛІН ҚОРҒАЙ АЛМАҒАН МИНИСТР ЕЛІН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙДЫ?!.”-деп сынадық.  

 “Патриот болу үшін Мемлекеттік тілді білу міндетті емес!”-деп, парадокс пиғылдағы сауатсыз сөзі үшін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты өзге елде болса, бір күн де ұстамас еді… Билігі дүбәра елде мұндай масқара күнара бола береді! Сондықтан тек Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек!

Қорғаныс министрі айтып тұрған сол мемлекеттік тілімізді бейшара жағдайға түсірген түсінікті елбасымен бірге зейнетке кетіру керек енді.”-деп ойып тұрып жазғанбыз 2022 жылы 21 сәуірде.

“АЛАШ ӘСКЕРІ ТАРИХЫНА ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ҚЫЗЫЛ АРМИЯ МА?”-деп, Астанадағы Әскери тарихи мұражай Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды алып тастағанына қарсы шықтық.

“Мемлекеттің Мемлекеттік тілді білмейтін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мырза, бұл қалай, жауап беріңіз?!.

Еліміз үшін ерекше қасиетті Алаш тарихына, Алаш әскеріне қатысты экспозицияларды тез арада қайтып орнына қойдырып, кінәліні анықтап, жауапқа тарту керек!”-деп талап еттік.

“Біз бұл мәселені жай қалдырмаймыз, үкіметте көтеріп, қалпына келтіреміз”-деп, қалпына келтірдік.

“Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы!”-дегендей, оның, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалитденов дегенің де “апама жездем сай” болып шықты… “Мен өзім құқығымды пайдаланып, қай тілде сөйлегім келсе, сол тілде сөйлеймін” деп журналистің қазақша жауап талап еткен сұрағына өзінің ана тілінде жауап бере алмағаны қоғамның қатты сынына ұшырады.

Иә, шынында да мынандай министрлер, ТІЛІН ҚОРҒАЙ АЛМАҒАНДАР ЕЛІН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙДЫ?!.

 Соңғы рет Қорғаныс министрінің биыл Жеңіс күні Мәскеудегі Ресей Қорғаныс министріне:”Біз 7 мамырдағы Астанадағы әскери парадты Қазақстанның Қарулы күштері күніне арнап өткізген жоқпыз, осы 9 мамырдағы Жеңіс күніне арнап өткіздік” - деп жағымпаздану үшін жалған айтып, жарамсақтанып есеп беріп тұрғаны жігерімізді құм қылған еді…

Сол кезде-ақ “енді көпке ұзамассың” деп ойлап қойған едік, сол үмітіміз бүгін орындалғанына қуандық.

Бір шақырту қағазын жібермей-ақ, көшеден қуалап ұстап, көлікке басып салып, әскерге жіберген бозбала қалай ел қорғайды? Бұл мәселені де былтыр Мәжілістің әлеуметтік мәдени даму комитетінде Қорғаныс вице-министріне қойған болатынбыз. Ол кезде олар бар кінәні жергілікті әкімдіктерге аударған болатын… Жақында тағы да сондай оқиғаларлың видеолары желіні шарлап кеткенін білеміз.

Ал бейбіт күнде аялап отырған ұлдарын Отан қорғау үшін әскерге шабытпен шығарып салып, табытпен қарсы алу - ата-ана үшін ең үлкен қасірет! Бұл әскердегі шешімін күткен ең бірінші күрделі мәселе болып тұр…

2022 жылы 26 қаңтарда ең бірінші болып Қаңтар қасіретін парламентте көтергенімізде айтып едік. “Қорғаныс министрлігі атына сай болуы тиіс. Мемлекеттік тілде ғана жазылуы тиіс Антты жүрекпен сезініп айта алатындарды ғана басшылыққа тағайындау керек! Өйткені, Тілін қорғай алмағандар Елін де қорғай алмайды!”-деп мәлімдегенбіз.

Қазір әскерімізді қаруландыруда әлемдік технологияның ең соңғы заманауи жетістіктерімен қамтамасыз ету басты мақсатымыз болуы тиіс. 

“Өз әскерінен қаржы аяған ел өзге елдің әскерін асырайды” деген қағида бар. “Бейбітшілікті сақтағың келсе, соғысқа сақадай сай бол” деген қанатты сөзді де жақсы білеміз. Әлемде барлық ел үшін Азаттықтан артық бақыт жоқ! Ендеше, Тәуелсіздік қорғаны болардай айбынды армиядан аянар ешнәрсе болмауы керек. 

Жаңа Қорғаныс министрінен күтер үмітіміз мол!

Қорғанысы мықты елдің болашағы зор!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

Фейсбук парақшасынан