ХАЛЫҚ ШАЙЛЫҒЫНА ЖЕТПЕЙТІН АЙЛЫҒЫНА ДӘРІ АЛА МА, ДӘМ АЛА МА?!.- Қазыбек Иса
2025 ж. 04 маусым
152
0

Бүгін 2025 жылы 04 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу» тақырыбындағы Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы Төрағасының есебін тыңдады.
Біз денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін фармацевтика саласын өткір сынаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
-Менің сұрағым Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушыға арналады.
Жақында Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-даму комитетінде Үкіметтің өткен 2024 жылғы есебін тыңдағанда, “Осы Үкіметте ие де жоқ, жүйе де жоқ секілді” деп едім. Бүгін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов пен Мәжілістің әлеуметтік-даму комитеті төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетовтың баяндамаларын тыңдап отырып, оған көзім одан сайын анық жетті!..
Халыққа ең бірінші не керек! Алдымен ас керек, содан соң дәрі-дәрмек керек!
Рұқсат етілмегендіктен, көз алдындағы дәріні ала алмай ауырудан өлген адам рұқсат жоқ болғандықтан алдындағы нанды жей алмай, аштан өлумен бірдей!
Немесе, 98 пайыз дәрі-дәрмектің мерзімі өтіп кеткен, жарамсыз деген не сұмдық?!. Бұл 100 пайыз ғой! Сонда, 100 пайыз дәрі сатып алуға жұмсалған миллиардтар далаға кеткені ғой?!.
Мәселе неде? Мәселе осының бәрін, осындай кесепат кедергілерді қолдан жасап отырған үкіметтегі шекесі тар шенеуніктерде!?.
Біз бірыңғай дистрибьюторды не үшін құрдық?
Бірыңғай дистрибьюторды құрудың мақсаты - халықты тікелей өндірушілерден арзан бағаға сатып алынатын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету. Солай мемлекет бюджетіне түсетін салмақты азайту.
Ал шын мәнінде қалай болып отыр? Бізде бәрі керісінше болып отыр.
Бірыңғай дистрибьютор, отандық немесе шетелдік өндірушілерден, тек - 9,1% пайыз ғана сатып алады деп Жоғары аудиторлық палата төрағасының өзі айтып отыр. Сонда “СК-Фармация” 91 пайыз дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден емес, қымбат бағамен арадағы алыпсатар делдалдардан сатып алады. Сол себепті, дәрі-дәрмектердің бағасы удай қымбаттап кетеді.
Мәселе осы жерде! Халық шайлығына зорға жететін айлығына дәрі ала ма, дәм ала ма?!.
Ал қымбат бағамен делдалдардан дәрі-дәрмек алу – халық салығынан құралатын бюджетке де ауыр тиіп отыр.
Бізге мәлім болғандай, дәрі-дәрмекті жеткізу туралы тікелей шарт жасау заң жүзінде көзделмеген.
Сонда, бұл мәселе, осы күнге дейін неге реттемегенсіздер? Неге парламентке ұсынбағансыздар?
Әлде, әдейі шешпей жүрсіздер ме?!. Енді кешіксе, бұл мәселені депутаттар өздеріміз шешеміз заң жүзінде.
Сіздердің осы кемшіліктеріңіз мемлекетке миллиардтаған шығын әкеліп, халық қалтасына ауыр салмақ салып отырғандарыңызды сезесіздер ме?
Екінші сұрағым, жаңа ЖАП төрағасының баяндамасына сүйенген депутат Ержан Бейсенбаев “СК Фармацияның” сертификаты жоқ дәрі-дәрмектер сатып алғанын сынады. Яғни, 2024 жылы жүргізілген аудит «СТ-KZ» сәйкестік сертификаттары жоқ дәрілік заттарды сатып алу фактісін анықтаған. Осыған қарамастан «СК-Фармация» 2025 жылға қайтадан 374 дәрілік затты сәйкестік сертификаты жоқ болса да, тағы да 76,1 млрд теңгеге сатып алған.
Ал жаңа “СК Фармация” басшысы “бұл жалған мәлімет, бәрінің сертификаты бар” дейді.
Сонда сіздердің қайсыларыңызға сенеміз? ЖАП төрағасы Әлихан Асханұлы осында отыр ғой?
Жауап беріңіздер?.
Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Ардақ Амангелдіұлы мен оның ақталған сөзіне қарсы жауап берген ЖАП төрағасы Әлихан Асханұлының сөзін видеодан көре аласыздар.