ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЕСЕБІНЕ ҚАРАСАҢ, ҮКІМЕТТЕ ИЕ ДЕ, ЖҮЙЕ ДЕ ЖОҚ СИЯҚТЫ – Қазыбек Иса
2025 ж. 02 маусым
575
1

2025 жылғы 27 мамырда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарады.
✅ БЮДЖЕТТІ 12 АЙДА 13 РЕТ ӨЗГЕРТУ – АНТИ РЕКОРД!
✅ Миллиардтаған шығын келтірген қаптаған цифрлардан басың айналып кетеді...
✅ Ұлттық қорға 166 млрд теңгеге жуық қаражат түспей қалған.
✅ Ұлттық қордың активтері жалпы ішкі өнімге пайыздық қатынаста небәрі 20 пайызды құраған.
Бұл соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш.
✅ Ұлттық қорға 2024 жылы түскен тікелей салықтар 16 пайызға төмендеген (748,4 млрд теңгеге).
✅ 2024 жылы республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге толық түспеді...
✅ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА 243 млрд теңгенің ЖОСПАРЫ ОРЫНДАЛМАҒАН...
✅ Еңбек министрлігі 100 млрд-тай ақшаны қысқартып жіберіпті, ал атамекенін аңсап отырған қандастар көшіп келейін десе, квота жоқ...
✅ Оқулықтардағы олқылықтардың жыры қашан бітеді?
✅ Соңғы 3 жылда қазақ тіліне дубляж жасауға жоспарланған 40 фильмнің ішінен тек 3 фильмге дубляж жасалған, яғни 30 фильмге дубляж жасауға көзделген 886 млн теңге қаржы қысқартылған. Қазақ тілінің қажеті жоқ па, неге қысқартып тастайды?
✅ Өмірінде бір қазақ фильмін көрмеген адамды «Қазақфильмге» басшы қылып, енді «Қазақфильмнің» кірпішін қалағандар өз үйлеріне айналған киностудияларына кіре алмай жүр...
✅ Неге 47 анимациялық фильмнің 43-і телеарналарға, ал түгел бәрі кинотеатрларға шығарылмаған? Сонда 1,4 млрд теңге далаға кетті ме?
✅ 912 ЖОБАНЫҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ ОРЫНДАЛМАДЫ?!.
✅ 862 млрд теңгеге БҰЗУШЫЛЫҚТАР АНЫҚТАЛҒАН!
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» 127 млрд теңге ҚАРАЖАТЫ ТИІМСІЗ ПАЙДАЛАНЫЛҒАН...
Жиынды Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрағасы Асхат Аймағамбетов жүргізді. Үкіметтен ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бір жылдың есебі туралы баяндама жасады. Одан соң Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мүшесі Нұрлан Амангелдіұлы Нұржановтың Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген қорытындымен таныстырды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев қосымша баяндама жасады.
Біз бүгін осы талқылаудағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
БЮДЖЕТТІ 12 АЙДА 13 РЕТ ӨЗГЕРТУ – АНТИ РЕКОРД!
-2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне арналған Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов пен әріптесіміз, депутат Нартай Сәрсенғалиевтің баяндамаларын тыңдап отырып, орындалмаған, игерілмеген, мақсатсыз жұмсалған, миллиардтаған шығын келтірген қаптаған цифрлардан басым айналып кетті... Не деген қорқынышты картина!
Жылда осылай болады. Жылда осылай есеп береді. Ешкім ешқандай кемшілікке жауап бермейді. Сонымен осылай бюджет қаржыларын игере алмау, мақсатсыз жұмсалған миллиардтаған шығындар жалғаса береді...
Бір ғана Республикалық бюджеттің шығыстарының өзін Үкімет 2024 жылы 13 рет өзгертіп, бұл соңғы 5 жылдағы анти-рекордтық көрсеткіш болып отыр. Бір жылда қанша ай бар?!. 12 ай бар. Ендеше үкімет айына бір реттен де көп бюджетке өзгеріс жасаумен айналысқан. Үкіметтің бюджет өзгертуден басқа жұмысы жоқ па сонда?!.
Мұның бәрі мынау жоспарлаудың жүйесіздігі. Үкіметте ие де жоқ, жүйе де жоқ сияқты... Бюджеттің орындалмағанына, игерілмеген, мақсатсыз жұмсалған, миллиардтап келтірген шығындар үшін ешкім жауапқа тартылмайды, жауап та бермейді. Пәлен адамға әкімшілік, тәртіптік шара қаралды деп қояды әйтеуір, ешкімге шыбын шаққандай да әсері жоқ оның.
Сөзімізге дәлел ретінде Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың баяндамасындағы цифрларға қарасақ, бәрі белгілі болып тұр.
Біріншіден, Қазақстанның экономикалық өсімі (4,8 пайызды) Үкімет болжаған нысаналы деңгейден де (5,3 пайыз), 2023 жылдың өсу қарқынынан да (5,1пайыз) төмен болған.
Екіншіден, Ұлттық қордың активтері 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімге пайыздық қатынаста небәрі 20 пайызды құраған.
Бұл соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш (2010 жыл – 21 пайыз).
Жалпы, Ұлттық қордың қаражаты соңғы 10 жылда (2015 – 2024 жылдар кезеңінде) республикалық бюджеттің орта есеппен 30 пайызын, оның ішінде 2024 жылы 23 пайызын қамтамасыз еткен.
Ұлттық қорға 2024 жылы түскен салық түсімдері 3,8 трлн теңгені құраса, өз кезегінде республикалық бюджетке аударылатын трансферттер 5,6 трлн теңгені құрап, ол 40 пайызға ұлғайған.
Басқарудан түскен инвестициялық кіріс 5 трлн теңгені құрап, 2024 жылы Ұлттық қор қаражатының жалпы оң балансын қамтамасыз еткен.
Ұлттық қорға 2024 жылы түскен тікелей салықтар 2023 жылмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген (748,4 млрд теңгеге).
Бұдан басқа, Ұлттық қорға тікелей салықтар төлейтін мұнай ұйымдарының 2024 жылға арналған тізбесі 8,5 есеге (204 компаниядан 24 компанияға дейін) қысқарып, Ұлттық қорға 166 млрд теңгеге жуық қаражат түспей қалған.
Сонымен қатар аудит барысында Ұлттық қордың пайдаланылмаған қаражатын қайтару тетігінің болмауынан «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ шотында 20 млрд теңге қалдықтың пайда болуына әкелді.
Осылардың нәтижесінде, Ұлттық қордың активтерін 2030 жылы 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту міндетіне қол жеткізе алмаудың елеулі тәуекелдері байқалуда.
Үшіншіден, 2024 жылы кіріс түсімдері 2023 жылмен салыстырғанда 586 млрд теңгеге (немесе 3,1 пайызға) өскенімен, бұл Ұлттық қордан берілетін трансферттердің 1,6 трлн теңгеге (35,5 пайызға) ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген.
Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің құрылымындағы салық түсімдері 63 пайыз немесе 12,3 трлн теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда оның кіріс бөлігіндегі үлесі 5 пайызға немесе абсолютті мәнде 604 млрд теңгеге азайып кеткен (2023 ж. – 67,8 пайыз немесе 12 912,4 млрд тг.).
2024 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты бюджет параметрлерінің болжамына үш рет өзгеріс енгізілгенімен, есепті жылы тіпті алғашында жоспарланған кіріс болжамының пессимистік сценарийі де орындалмай қалды... (2024 жылы пессимистік сценарий бойынша – 14,9 трлн теңге, іс жүзінде орындалғаны – 13,5 трлн теңге немесе бюджетке 1,4 трлн теңге толық түспеді).
Республикалық бюджетке қосымша түсім ретінде мәлімделген 898 млрд теңгенің 70 пайызы салықтық және кедендік әкімшілендіру нәтижелеріне жатпайтыны анықталған (624 млрд теңге).
Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кірістерінің орындалуына қатысты жүргізген талдауда 2023 жылмен салыстырғанда Қазақстаннан басқа (21,1 пайыздан 20,3 пайызға дейін төмендеу) барлық елдерде (Беларусь Республикасының деректерін есепке алмағанда) жалпы ішкі өнімнің өсуімен қатар, кірістер үлесінің де өсуі байқалғанын көрсетті.
Сонда, бізден басқа елдің бәрінде экономикалық өсу бар екен...
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА 243 млрд теңгенің ЖОСПАРЫ ОРЫНДАЛМАҒАН
Әлеуметтік салаға назар аударсақ, 2024 жылға арналған республикалық бюджеттен бұл салаға 9,9 триллион теңге қаражат қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік сала министрліктері барлығы 243 миллиард теңгеге белгіленген жоспарларды орындамаған. Оның ішінде бюджеттік бағдарламаларды әкімшілендірудің әлсіздігінің салдарынан 29,8 миллиард мүлдем игерілмеген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджеті 6 рет түзетілген. Яғни екі ай сайын бюджет түзетіп отырған. Нәтижесінде 96 млрд. теңгеге төмендеп 5,4 триллион теңгені құрады. Бұл факт жоғарыда айтқанымыздай - жоспарлаудағы жүйесіздіктің айқын көрсеткіші.
Министрлік 100 млрд-тай ақшаны қысқартып жіберіпті, ал атамекенін аңсап отырған қандастар көшіп келейін десе, квота жоқ. Біз өзіміз қарсы алған, еліміздегі мемлекеттік телеарналар қуана жариялаған Моңғолиядан көшіп келген 8 отбасының 45 адамының жартысы, 4 отбасы әлі квота алған жоқ, не істерін білмей жұмыссыз отыр... Ал көшіп келуге келісіп қойған 20 отбасы (100-ге жуық адам) енді мұндай кедергілерді көріп, не істерін білмеуде?..
ЖАП есебіне сәйкес, 2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысыпты. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен ақша төленді! Соңында соның тек 26 194-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан.
Орта білім беру саласына жүргізілген аудит барысында оқулықтарды жаңартудың жүйелі жолы болмауынан, бұрын бекітіліп, қабылданған оқулықтар қайта жаңартылып, ЖАО-ның шамамен 17 млрд теңге қаражаты тиімсіз пайдаланылған.
Оқу жылының басында оқушылар оқулықтармен уақтылы қамтамасыз етілмей, соңғы 6 жылда 6 млн астам оқушы, соның ішінде 1-ші оқу тоқсаны бойы 900 мыңға жуық оқушы оқулықтардың толық жиынтығынсыз оқу процесін өткізген.
Осы оқулықтағы олқылықтардың жыры қашан бітеді?
Мен оқулықтардағы орасан қателіктерді баяғы Білім министрі Сәрінжіповтың кезінде де, одан кейінгі оқушыларды үш тілде оқытып, қатырамыз, мұғалімдер ағылшынша сабақ береді деп, мұғалімдерді әуреге салып, балаларды дүбара етіп, халық қаржысының триллиондарын жоқ қылған, шыныында да «қатырған» министр Сағадиевтің кезінде де көтерген едім.
2014 жылы менің 2- сынып оқитын қызым Әмина Жарылқасын "ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ"оқулығы бойынша ҚР Білім және ғылым министріне А.Сәрінжіповке хат жазған. Мен сол хат бойынша «ОҚУЛЫҚТАҒЫ ЕКІ АҚЫННЫҢ ҚАЙСЫСЫ "ҰРЫ", МИНИСТР МЫРЗА?» деп «Қазақ үні» газетіне мақала жариялағанмын.
«Бір өлең екі жерде қайталанып кеткен екен ғой десек, авторлары екі басқа... Оның біріншісі 81- бетте "Жарқын заман бөбегі" деп аталады. Авторлары- Қ.Жұмағалиев пен И.Нүсіпбаев. Екіншісі, 117- беттегі "Біз осылай өсеміз" деп аталатын өлең. Оның авторлары -М.Әлімбаев пен И.Нүсіпбаев. Бірақ осы екі өлеңде де бір-ақ мәтін. 2010 жылы "Бөбек" ҰҒПББСО шығарған "Өзін-өзі тану" Жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбына арналған оқулық авторлары: А.С.Сейтақов, Ж.Б.Қажығалиева, Р.О.Ізғұттынова, Ұ.М. Әбдіғаппарова, Ж.Ж.Әкімбаева. Біз бұны қалай түсінеміз? Өлең қайсы ақынның өлеңі? Неге бір мәтіндегі өлеңді оқулықта екі жерге екі автордың атымен жариялаған? Бұл оқулықтың қатесі енді қашан түзеледі? Біз алдағы уақытта осы қатесі бар өлеңдерді қалай оқимыз? Еліміздегі екінші сынып оқушылары атынан осы сауалыма жауап күтемін.»-дейді хатта.
Міне, масқара! Әлі бұл тақырыптарға келмесе де, жәй парақтап отырып, екінші сынып оқушысы байқап қойған бұл өте өрескел қатені 2010 жылдан бері 15 жыл бойы осы пәннен сабақ беретін бүкіл еліміз бойынша қаншама мың мұғалімдер қалай байқамаған? Бары 144 бет қана тұратын жұп-жұқа оқулықтың жұп-жуан авторлары ай қараған ба? Қазақ балалар әдебиетінің классигі, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев та, қазақтың талантты ақыны, марқұм Қайрат Жұмағалиев те, бір-бірінің өлеңін ұрлайтын ақындар емес. Ол қадірлі авторлар да бұл сұмдықты білмей өмірден өтіп кеткен болуы керек... Бұл жерде бәріне кінәлі аталмыш оқулықтың 5 авторы. Оқулықтар түгел комиссия тексеруінен өтіп, қателерден арылып, жаңартылуы тиіс... Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі қыруар қаржы бөлініп, шығарылатын әрбір оқулыққа жіті қарап, қатаң бақылау жасауы тиіс. Оқулық оңбаса, оқушы қалай озат болады?!.
Ал педагогтердің біліктілік деңгейі төмен, соңғы 6 жылда аттестаттау қорытындысы бойынша педагогтердің 56 пайызы (68 мың адам) , яғни жартысынан астамы қажетті өту балын ала алмаған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мойнына алған 29 түпкілікті көрсеткіштің 2-еуі орындалмаған. Жоспардың орындалмауы салдарынан негізгі индикаторларға түзету енгізу фактілері анықталған (мысалы, жаңа фильмдер саны бойынша жоспарды 22-ден 15-ке дейін төмендеткен).
«Қазақфильм» АҚ шығарған жалпы бюджеті 1,4 млрд теңгені (2019 - 2024 жылдар) құрайтын, 47 анимациялық фильмді ілгерілету жұмысы өте төмен деңгейде. Мемлекеттік арналарда тек 4 анимациялық фильм көрсетілсе, кинотеатр экрандарына мүлдем шығарылмаған.
Неге 47 анимациялық фильмнің 43-і телеарналарда, ал түгел бәрі кинотеатрларға шығарылмаған? Сонда 1,4 млрд теңге далаға кетті ме? Анимациялық фильм жасау өте күрделі, қиын процес. Осыншама күрделі шығармашылық жұмыстарды істеген аниматорлардың қаржыларын ала алмай зарлап жүргендеріне екі жылдан асты...
Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап жалпы жұртшылыққа көрсету үшін медиа-сервистермен/онлайн-кинотеатрлармен (12 медиа-сервис) шарттар жасасу процесі әлі аяқталмаған.
Соңғы 3 жылда қазақ тіліне дубляж жасауға жоспарланған 40 фильмнің ішінен тек 3 фильмге дубляж жасалған, яғни 30 фильмге дубляж жасауға көзделген 886 млн теңге қаржы, бюджетті атқару кезінде толығымен қысқартылған.
Неге 37 фильмге қазақша дубляж жасалмаған? Қазақ тілінің қажеті жоқ па, неге қысқартып тастайды? «Сойыл сілтенсе, сорлыға тиеді» деп, бізде қысқарту болса, барлық жерде қазақ тілінің есебінен қысқартады ылғи.
Депутат Н.Сәрсенғалиевтің баяндауынша, салалық саясатта жүйелі кемшіліктер бар. Мысалы, ЖАП 2023 жылы «Е-Кино» Ақпараттық Жүйесін енгізуді жеделдетуді тапсырған. Ресми құжаттарға сәйкес «Е-Кино» ақпараттық жүйесін дайындауға 64,8 миллион теңге жұмсалыпты. Бірақ биылғы есепке қарасақ, аталған жүйе әлі іске қосылмапты. Одан бөлек анимацияны жалға алу үшін онлайн-платформалармен және медиа сервистермен шарттар әлі реттелмей тұр.
Осылайша, кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау бағыттары тиісті деңгейде іске асырылмауда.
Былтыр, 2024 жылы 2 қараша күні «Қазақфильм» киногерлері Қазақфильмге кіре алмағасын, көшеде наразылық үндеуін жасады. Елдегі кинематография саласындағы заңсыздықтарды тоқтату үшін, мемлекет басшысынан жағдайды өз бақылауына алуды сұрады.
Кез келген саланы құртудың ең оңай жолы - ол жерге ол салаға еш қатысы жоқ адамды бастық қылу. Мамандығы киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бір күн де кинода істемеген, қазақ тілін қақпайтын, өмірінде бір де бір қазақ фильмін көрмеген адамды «Қазақфильмге» басшы қылып, енді «Қазақфильмнің» кірпішін қалағандар өз үйлеріне айналған киностудияларына кіре алмай, «бір топ адам» болып, көшеде қалды... Кез келген басшыны сол саланы қолдау үшін жібереді ғой, қорлау үшін емес...
912 ЖОБАНЫҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ ОРЫНДАЛМАДЫ
Төртіншіден, 2024 жылы республикалық бюджеттің нақты тапшылығы бастапқы жоспардан (3,5 трлн теңге немесе Жалпы ішкі өнімінің 2,6 пайызы) асып, жыл қорытындысымен 3,6 трлн теңгені немесе Жалпы ішкі өнімінің 2,7 пайызын құрады.
2024 жылы республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы бастапқы жоспардан (8,8 трлн теңге немесе Жалпы ішкі өнімінің 6,5 пайызы) едәуір ауытқып, жыл қорытындысы бойынша 10,8 трлн теңгені (Жалпы ішкі өнімінің 8 пайызын) құрады. Бұл 10 жылдағы ең үлкен абсолютті мөлшер.
Бұл Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес тапшылықты 5 пайызға дейін төмендету мақсаттарын орындауға күмән келтіреді.
Бесіншіден, 2024 жылы өңірлерге РБ-дан трансферттер ретінде 7 трлн теңге аударылды (ағымдағы нысаналы трансферттер – 276,4 млрд теңге (3,9 пайыз), нысаналы даму трансферттері –
1 508,9 млрд теңге (21,4 пайыз), субвенциялар – 5 265 млрд теңге (74,7 пайыз).
Өткен жылы РБ-дан қаржыландырылған 912 жоба аяқталады деп жоспарланған болатын.
Алайда есепті жылы - 449 жоба немесе небәрі 49 пайызы аяқталған. Яғни, жартысынан көбісі аяқталмаған (іске асырылып жатқан 463 жоба аяқталмаған) (50,8 пайыз) («Ауыл – ел бесігі» - 176 жоба (аяқталмаған жобалардың жалпы санының 38 пайызы), сумен жабдықтау – 124 (26,8 пайыз), тұрғын үй құрылысы – 62 жоба (13,4 пайыз), газ және жылумен жабдықтау объектілері – 38 (8,2 пайыз), денсаулық сақтау (медициналық санитарлық алғашқы көмек объектілері) – 18 жоба (3,9 пайыз), көлік инфрақұрылымы – 10 жоба (2,2 пайыз) және т. б.)
Өңірлер бөлінісінде аяқталмаған жобалар бойынша ең үлкен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (81,9 пайыз), Маңғыстау (77,8 пайыз), Қарағанды (67,4 пайыз) және Ұлытау (76,9 пайыз) облыстарына тиесілі.
862 млрд теңгеге БҰЗУШЫЛЫҚТАР АНЫҚТАЛҒАН!
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» 127 млрд теңге ҚАРАЖАТЫ ТИІМСІЗ ПАЙДАЛАНЫЛҒАН...
Алтыншыдан, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының сатып алу тәртібіне өзгерістердің жиі енгізілетіні байқалады: орта есеппен әр 2 ай сайын (қабылданған сәттен бастап 13 түзету енгізілген, оның ішінде 8-і жаңа - бір көзден сатып алуды жүзеге асыру үшін).
2024 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілері дивидендтер ретінде бюджетке 980 млрд теңге аударған, бұл 2023 жылмен (1 380,2 млрд теңге) салыстырғанда 29 пайызға төмен.
«Самұрық – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамында жүргізіліп жатқан аудиттің алдын ала нәтижелері бойынша, Қордың дивидендтік саясаты жыл сайынғы дивидендтердің мөлшері Қордың жүйе құраушы компаниялардан алатын дивидендтерінен ғана құралады. Бұл ретте соңғы 5 жылда жүйе құрушылар тізбесіне енгізілмеген компаниялардан дивидендтер ретінде Қор алған 347 млрд теңге бюджетке дивидендтер ретінде аударылатын бөлініске түспеген.
Сонымен қатар Қордың 2021 - 2023 жылдары алған кірістерінің өзге түрлері де (пайыздық, қаржылық және т.б.) дивидендтерді қалыптастыруға қатысқан жоқ.
Қордың Директорлар кеңесі 7 жыл бойы Қордың даму жоспарының (2018-2025 жылдар) орындалуы бойынша бірде-бір есепті қарап, бекітпеген.
Қор рентабельділігі төмен және келешегі мардымсыз инвестициялық жобаларды (27 жоба) іске асыруға жол берген. Нәтижесінде Қордың 126 млрд теңге қаражаты тиімсіз пайдаланылған.
ЖАП мүшесі Нұрлан Амангелді бауырымызға рахмет, бюджеттегі барлық кемшіліктерді айқын әшкерелеп, алдымызға жайып салып отыр.
2024 жылы ЖАП 27 аудиторлық іс-шара өткізген. Аудит нәтижелері бойынша 862 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталған. Бұл 2023 жылмен (522,9 млрд теңге) салыстырғанда 65 пайызға артық.
Яғни, бұндай былықтар толып жатыр. Бюджеттің орындалуына қатаң жауапкершілікті күшейту керек. Ел қазынасынан, яғни халық қаржысынан құралған бюджет талабын орындамағандар қатаң жауапқа тартылуы керек. Сонда ғана бәрі бір жүйеге түседі. Ие болса, жүйе де болады!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары