Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі
2025 ж. 02 маусым
244
0

Бүгінгі ұрпақ – ұлтымыздың келешек айнасы. Ал ұлт болашағының кепілі – сапалы тәрбие. Егер осы жолдан айнысақ, яғни ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарасақ – бұл күнә ғана емес, қылмыс. Сондықтан әрбір көзі ашық, көкірегі ояу зиялы азамат үшін бұл – үлкен парыз, қасиетті міндет.
Осы тұста Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың мына бір ой-толғауы еске түседі:
> Жақсылар өтіп кетті бұрын бізден,
Біз адастық жақсылар салған ізден.
Ешкімге өкпе қылу дұрыс емес,
Не берсе, берді Құдай пейілімізден.
Шынында, қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – ұлтымыздың үлгі тұтатын, соған қарап бой түзейтін тұлғаларының азайып, сана сапасының жұтаңдауы. Әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, көбіне жастар арасында жағымсыз кейіпкерлер, уақытша танымалдыққа қол жеткізген, бірақ шынайы құндылықтардан ада тұлғалар алға шығып отыр. Сонда бұған өзіміздің пейіліміз себеп пе? Егер солай болса, бұл пейілдің кейіпкерлері кімдер?
Әрине, мұндай жағдайды Жаратқан Ие мен бабалар аруақтарының алдында есеп беру еншісіне қалдырған жөн. Біз үшін маңыздысы – осы жағдайды түзету жолында бүгін қандай қадамдар жасауымыз керек, қандай ұстанымдармен өмір сүруіміз қажет деген мәселе. Абай хакім айтқандай, «Өңкей жалған мақтанмен шынның бетін бояйтын» заманда, жалған тұлғаларға еліктеудің орнына, шынайы рухани байлыққа бет бұруымыз қажет.
Сопылық дүниетанымда «Аллаға құлшылық – халыққа, ұрпаққа игілікті істер жасау арқылы жүзеге асады» деген терең мағыналы ұстаным бар. Бұл – еркін ойлы, парасатты адам ғана толық мағынада халыққа қызмет ете алады деген тұжырым. Демек, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарау – ел болашағына жасалған қастандықпен тең. Бұл – бүкіл қоғамды ойландыруға тиіс.
Мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылы бекіткен «Біртұтас тәрбие бағдарламасымен» толық танысып шықтым. Бағдарламаның бағыт-бағдары дұрыс, негізі мықты қаланған. Дегенмен, оның толыққанды іске асуы үшін нақты механизмдер, орындалу тетіктері әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл бағдарламаның нәтижесін көру үшін әр сала өкілдері – отбасынан бастап, мемлекеттік құрылымдарға дейін – өз үлесін қосуды азаматтық парызы санауы қажет.
Академик С.М.Соловьев: «Әр халық өзінің өткенінен сабақ алып, болашағына бағыт түзесе ғана ілгері дамиды» деген. Бұл тұрғыда Тұрсын Жұртбайдың мына бір сөзі терең мәнге ие:
«Өткенін талдап, бүгінін саралап, болашағын анықтаған халықтың есесі ешкімге кетпейді».
Халқымыздың дана сөзі бар: «Тәрбие – тал бесіктен». Ұрпақ тәрбиесін ерте жастан дұрыс жолға қою – мемлекеттің ғана емес, бүкіл ұлттың қасиетті борышы. Бала тәрбиесі балабақшадан басталуы тиіс. Бұл бағытта арнайы мамандармен бірлесе отырып, жас ерекшеліктеріне сай стандарттар түзілуі керек. Ол стандарттардың басты мақсаты – баланың ата-анасына, ата-әжесіне, бауырларына, ұлтына, Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.
Сонда ғана қартайған ата-анасын қарттар үйіне тапсыруға бекінген ұл-қызға немере ұрпақ қарсы шығып, адамгершілік қалқаны болып тұра алады.
Профессор Сайлаубек Шалхаровтың мына сөздері де ой салары анық:
«Өзіңе-өзің ащы шындықты мойындауға тырыс, өйткені өзін-өзі алдаған адам арын таза ұстай алмайды».
Бұл сөз әр адамның сөзі мен ісінің, ішкі жан-дүниесінің үйлесімді болуы қажеттігін білдіреді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де:
«Кейбір шешен сөйлейтін адамдардың жеке ойын – халықтың ортақ пікірі деп қабылдау қателік» деген болатын.
Сондықтан біз – халықтың үніне, түпкі мүддесіне сай келмейтін, тек өзін жарнамалауға бейім жандарды дер кезінде анықтап, қажет болса, қоғам мен билік алаңынан алыстатуға тиіспіз.
Халқымызда: «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамас» деген терең мағыналы тәмсіл бар. Бір ауыз сөздің қадірі кеткен қазіргі заманда, ұлттық құндылықтарды қасиет ретінде ұрпақ бойына сіңіру жолдарын бүкіл қоғам болып қарастыруымыз керек.
Ұсынылатын мақсаттар мен міндеттер:
1. Ұлы билердің өмірі мен еңбегін насихаттау.
Жас буынға би ұғымын тереңірек таныстырып, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидей тұлғалардың ел болашағы үшін атқарған қызметін дәріптеу.
2. Тарихи тұлғалар арқылы жаңа буынды тәрбиелеу.
Ұлтымыздың ұлы тұлғалары жайлы оқыту арқылы – рухани бай, ізгі, шығармашыл, ойшыл ұрпақ қалыптастыру.
3. Имандылық пен адами қасиеттерді дамыту.
Жастардың жан дүниесіне иман мен адамгершілік дәнін себу арқылы мемлекеттілікті нығайту.
4. Мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қою.
Абайдың «Толық адам» тұжырымын негізге ала отырып, ұлттық мүддеге берік, тәртіпті, ар-ұяты биік ұрпақ тәрбиелеу.
5. Тәрбиені балабақшадан бастау.
Баланың санасына ұлттық болмысты ерте жастан сіңіруді мақсат тұту.
6. Тіл, діл, дінге құрметті арттыру.
Жастардың ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.
7. Ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.
Ата-баба аманатын сақтау – әр ұрпақтың қасиетті борышы.
Жүзеге асыру тетіктері:
1. Қоғамдық насихат алаңдарын көбейту:
– Той-жиындарда (үйлену, тұсаукесер, сүндет той және т.б.),
– Ас беру, құдайы тамақ кезінде,
– Қайырымдылық шараларында,
– Мерекелік іс-шараларда (спорттық жеңіс, өнер жетістігі т.б.)
→ Ұлттық тәрбие, тарихи тұлғалар туралы сөз қозғау, арнайы роликтер, кітапшалар тарату.
2. БАҚ пен әлеуметтік желілерде жобалар жүргізу:
– Ұлттық құндылықтар туралы подкасттар,
– Ақсақалдар кеңесінің бейнеүндеулері,
– Мектеп оқушыларына арналған челлендждер, эссе байқаулары.
3. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс:
– Балабақшалар мен мектептерге арнайы тәрбие бағдарламалары енгізу,
– Ақсақалдар мен қоғам қайраткерлерінің шеберлік сабақтары, кездесу сағаттары.
4. Мемлекеттік бағдарламаларға толықтырулар енгізу:
– «Біртұтас тәрбие бағдарламасына» осы мақсаттарды ендіру үшін ұсыныс жасау,
– Жергілікті әкімдіктер мен білім басқармалары арқылы пилоттық жобалар бастау.
Құрметті, ұлтының келешегін ойлаған әр азамат!
Ұлы Абай: «Жан қуаты – түйсік», Қожа Ахмет Ясауи: «Өзіңді таны – Жаратушыңды танисың» дейді. Алдымен өзіміз ұрпаққа үлгі болатын тұлғаға айналайық. Сонда ғана жастарымыз ұлттық рухтың, бабалар аманатының лайықты мұрагері болады.
Қыдырәлі Рысбеков,
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, «Түркістан қаласының Ақсақалдар мен Билер алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы