РОБОТ БОЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?!
2025 ж. 26 мамыр
919
0

Ғалымдардың айтуынша, тұрақты түрде кітап оқу ми қызметін жандандырып қана қоймай, жан тыныштығын сақтауға және психологиялық тепе-теңдікті нығайтуға ықпал етеді. Кітап оқу миға қажетті жаттығуды қамтамасыз етіп, жүйке жасушалары арасындағы байланысты нығайтады. Сондай-ақ кітап оқу нейрондық байланыстарды күшейтіп, есте сақтау қабілетін шыңдайды. Гарвард университетінің зерттеулері көрсеткендей, көркем шығармаларды оқу альцгеймер мен деменция сынды дерттердің алдын алуға көмектеседі.
Әсіресе, күрделі мәтіндер мен түрлі жанрды оқу ойлау қабілетін тереңдетіп, талдау жасау және шығармашылық тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытады. Кітаптың адам жаны мен тәніне пайдасы мұнымен бітпейді. Көркем шығарма тереңдігінен эмоцияның тұңғиығына сүңгіп, адам өз сезімдерін түсінуді үйренеді.Сондай-ақ әдебиетпен серік болу үйқының да сапасын жақсартады.Көркем кеңістіктегі әрбір оқиға, әрбір сюжет оқырманды ойлануға, шешім іздеуге жетелейді. Ғалымдар күн сайын кем дегенде жарты сағат кітап оқуды әдетке айналдыруды ұсынады.
Қазіргі техниканың дамыған, ғылымның шарықтаған шағында неге екені белгісіз біздер жаппай кітап оқудан қалғанбыз. Әдеби, ғылыми, танымдық, публицистикалық туындылар баспалардан кітап болып лек-легімен толассыз шығып жатыр. Оларды кімдер оқып жатыр?! Ол жағы сізге де, бізге де беймәлім. Оқығандар бар шығар. Көпке күл шашпаймыз. Бірақ, көбіне көп олар сөрелерде, ең көп болса кітапханаларда тізіліп қалған.
Әрине, кітап та бар, кітапхана да бар, бірақ сол кітаптарды жанұшырып іздеп жүргендер жоқтың қасы. Тіпті, авторлардың еңбектеніп, қаржысын салып шығарған кітаптарын жақындарына, жанашырларына, сыйластарына сыйға тартып, кеңдік көрсетіп жатса да, сол кітапты алған кейбіреулер көзге рақметін айтып, кітапты ашпайтындары да кездесіп жатады. Бұл жасырын сыр емес. Оны көріп те жүрміз, естіп те жатырмыз.
Қандай өкінішті! Кітаптардың құны түсті ме әлде адамдардың ой-өрісі тарылды ма? Немесе уақыт жетпей жатыр ма? Бұл жағы тағы бейғабыл. Әйтеуір сарылып кітап оқып, сол оқыған кітаптары туралы жанталасып пікірлерімен бөлісіп жатқан жандарды сирек көреміз. Тіпті, көруден қалдық. Қалайша осынау бір шағын жылдар ішінде бәрінен айрылдық? Не біздер өзгердік, не біздер өмір сүріп жатқан кезең басын басқа жаққа бұрып әкетті. Оны да біле алмадық. Мүмкін білгіміз де келмейтін шығар. Ойла, ойлама, одан келер пайда шамалы болып тұрғаны айдан анық. Әйтеуір, өмір бір кездері өзгерер деген үмітті құшақтап жүріп жатқанымыз.
Жетпісінші-сексенінші жылдары көпшілік арасында кітап оқу, кітап жинау сәнге аналып, кітап құнды сыйлыққа айналғанын біразымыз жақсы білеміз. Мода демекші, оны осы кезеңге айналдырып айтып отырғанымыз... Ол кездері шын мәнінде бәріміз демей-ақ қоялық, көпшілігіміз кітаптан сусындап, шөлімізді қандырып жүретінбіз.
О тұста мұндай жағдай өзінен өзі туындаған жоқ. Бұл қайдан, қалай пайда болды дерсіздер. Оның жауабы айқын, әрі анық. Жаңа шыққан туындыны, жақсы мазмұндағы кітапты оқыған адам басқа біреуге мақтанышпен жеткізіп жататын, оны тыңдаған адам қызығып, келесі жолы сол кітапты тауып алып оқымасына кім кепіл. Солай болып та жатты. Дос-жараннан естіген, газеттерден жаңа шыққан кітап туралы пікірді оқыған сәттен-ақ сол кітапты оқуға деген құштарлық пайда болатын.
Бұл бір ғана мысал. Екінші бір жағдай: жаңадан жарық көрген көркем туындыға, ғылыми кітаптарға оқыған, білімді адамдардың көзқарасын білдіруі. Сол пікірлердің арқасында жақсы туындылар ел арасына кең тарап, көпшіліктің қуанышына кенелетін. Мазмұны шырайлы, айтар ойы терең, өнегесі мол көркем туынды кімге болса да жағып, сол кітаптағы кейіпкерлерге өздерін ұқсатып, бірде ренжіп, бірде қуанып өмір сүріп жататынбыз.
Үшіншіден, не көп – шығып жатқан кітап көп. Ал оның жазылуына, көркемдігіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әрине, әр отбасы өз тарихын, өз ата-бабалары туралы жазған дүниелерін кітап қылып шығарам деп ниеттенсе, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ сондай жеңіл, көркемдік дәрежесі төмен туындылардың жетегінде кетіп бара жатқан жоқпыз ба деп күдіктенеміз.
Өкінішке орай, баяғыдай аты елімізге аян баспалар сиреп, оның орнына не корректоры, не редакторы жоқ баспаханалар ашылып, жазып апарған дүниелеріңді ойланбастан басып шығарып жатқаны жасырын емес. Оның иесі табыс тапсын, қарсылығымыз жоқ. Тек сондай баспадан шыққан кейбір кітаптарды оқып отырып, қателерді, аздап болса да бір қайнауы жетіспей тұрған жерлерді редакциялап жіберуге болатынын аңдап қынжылып жатамыз. Атын атап, жүзін белгілеп жатпайық. Бұл әркімнің өз еркі. Қандай дүние болсын санынан гөрі сапасы жақсы болғанын кім болса да іштей қалайтын шығар.
Соңғы кездері шығып жатқан кітаптар қолымызға тигенде, оны оқып шыққанда қатты ойға қалатын жағдайға душар болдық. Бұрындары баспаға даярланған шығармалар мемлекеттік мекеменің қатаң бақылауынан (цензурадан) өткізілетін. Қазір не жазсаң да өзің білесің, әйтеуір, жаза білсең болғаны. Осындай дүниенің айтары бар ма, өскелең ұрпаққа берер пайдасы қандай деген сауалдар жан ауыртады.
Кезінде Рим өлкесінде туған даналық сұлтаны Сенека: «Ғылымға құмарлық – өзгенің есебінен ақыл алу. Оқысам, біріншіден, өзіме-өзім риза бола түсуден арыламын, екіншіден, біреудің білгенін біліп болған соң, оны жетілдіруді ойлаймын. Оқу ақылға азық береді. Тек жазумен немесе тек оқумен ғана айналысуға болмайды, оларды кезектестіріп отыру керек. Сонда біз оқығанымызды елеулі бір нәрсеге айналдырамыз. Осылай біз гүлге қонып бал шырынын жинап, оны алып келіп бір қауызға құйып балға айналдыратын бал арасына ұқсаймыз» деген екен.
Қарапайым сөздермен қандай ғажап пікір тудырған. Адамның оқыған сайын оқи бергісі келетіні айдан анық. Кейде өзіміз жас кезімізде оқыған кітаптарымызды қайта оқып шыққанымызда бұрынғы алған әсерімізден екі есе артық сезімге, түсінушіліктің өзге сатысына ілігеміз. Жас кезде елеусіздеу болып қалған оқиғалар, көріністер қайта оқыған кезде басқа қырынан ашылып, ойыңды тереңдетіп жіберетін сияқты. Бұдан сен өзіңнің ойыңның өскенін, түйсігіңнің кеңігенін байқайсың. Бұны өсу эволюциясы дейміз бе әлде өмір тәжірибесі дейміз бе, не десек те оқығанның, ізденістің ізі байқалатыны айдан анық.
Бұл күндері кітап оқығанды доғарып, телефонға телміре бастағанбыз. Күні-түні қолымыздағы телефонның жүзіне қарап отырғанымыз. Жолда кетіп бара жатсақ та, ас ішіп отырсақ та, тіпті, жатарда да қолымыздан түспейтін болған. Онсыз бүкіл тіршілік тоқтап қалатындай көрінеді. Осындай күйге бесіктен белі шықпай жатқан баладан қартайған қарияға дейін душар болған.
Өткен ғасырда қашықтықтан дыбыстарды тарататын және қабылдайтын сымға байланған телефондар пайда болғанда қатты қуанған едік. Ғылымның, техниканың осыншама дамығанына куә болғанымызға шаттандық. Сол бір сыммен жалғанған телефон арқылы ауырсақ дәрігер шақыратынбыз, алыстағы ағайын-туғандармен сөйлесетін едік. Бұл басты ерекшелік те бір өткінші өмір сияқты болып артта қалып қойды. Шіркін, өмір бір орында тұрмайды екен.
Біраз жылды артқа ысырып тастап, сымға жалғанған телефонның орнын ұялы телефон алмастырды. Бұл телефондардың ең басты ерекшелігі –
адамдар оны кез келген уақытта, кез келген жерде пайдалана алатындығы. Осы бір кішкентай қол телефондар қалаған уақытыңызда қалтаңыздан, сөмкеңізден табылатын халге жеттік.
Бұдан кейін оның түр-түрі қаптады. Енді бұлар мүлдем қолдан түспейтін болды. Сол бір экраны жарқыраған, ішінде әні де бар, басқа да тіршіліктен: кім қайда жүр, кіммен жүр, кімдер қай тойханада қандай той өткізіп жатыр, кімнің әйелі кіммен, ері кімді еркелетіп жүр деген сияқты хабарлар мен бүкіл әлемдегі қыруар құбылыстар түсіп жатады. Олардың бәрін көріп үлгеру керек. Осылай, телефонға жабысып өмір сүріп жүргенімізде айналамызда не болып жатқанында шаруамыз болмай қалатын сияқты.
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай. Жаңа ғана таң атса енді міне көзді ашып-жұмғанша кеш батады. Ел-жұрт бұрынғыдай бір-бірімен етене жақын араласудан қалғанбыз. Біздер ешкім үшін уайым жемейміз, біз үшін де уайым жеп жатқан ешкім жоқ. Сабылып, арлы-берлі асығыс жүріп, ешкімді елеуге уақыт таппай шапқылап жүрген жандармыз.
Өтірік күлеміз, өтірік амандасамыз. Оның өзі сиреп бара жатқандай. Өзіміз жылы сөзге өте зәру болсақ та, өзгеге жақсы сөз айтуға ерінеміз бе, әйтеуір жиі айта қоймаймыз. Бірін-бірі жақтырмай, бірін-бірі менсінбей жүрген жандармыз. Адам болудан қалып бара жатқан жоқпыз ба?! Табиғатты күту, тамашалаудан алда қашан ажырап кеткенбіз. Олар өзінен өзі, айлық алатын адамдардың күшімен жасалып жатыр.
Біз сияқты, ересек жандар ауылда өткен балалық шақтарын аңсаса, келер ұрпақ несін еске түсірер екен деген күдік ұялайды. Бұрынғы тіршілік оларға кітаптардан оқитын ертегіге айналған. Біздер көрген, қолымызбен ұстаған, көнеден жеткен дүниелер музейге тапсырылған.Келер ұрпақ тамашалайтын экспонатқа айналған. Оған да шүкір.
Әйтеуір, дем алатын жерлер жетіп жатыр. Тыраштанып ақша жинап шет елге де барып келеміз. Санаторий, профилакторий дегеніміз толып жатыр. Өз еліңде де, өзге елде де баршылық. Қаражатың болса болды, не самолет, не жүрдек поезд жеткізіп салады. Уақытында билет алып үлгерсеңіз болғаны.
Зымырап шұбап жатқан машиналардың легі мен бір-біріне жапсарласа тізілген үйлердің ғимараттары, ыстық буы бұрқырап, мұрныңа шаң жұтқызып жатқан, құм татитын асфальт жолдардың көзге қуаныш әкелері шамалы. Жеңіл өмірге қызығып, өзге жұрттан қалмау үшін ірі қалаларға шұбап, қысылып, қымтырылып, сол жерге жиналып алғанбыз.
Біз болсақ қызықты балалық шағымызды керемет жерлерде, көпқабатты зәулім үй болмаса да кең сарайдай өз үйімізде тұрып өткіздік. Ауламыздағы малды көріп өстік. Оларды жайылымға шығарып салып, күтіп алып жүрдік. Пеште піскен таба нанды жеп, қаймағымыз бен сүтімізді ішіп аман-есен өсіп жаттық. Ауыл мағындағы табиғатты тамашаладық. Тіпті, олардың түрін түстеп, атын есте сақтап алатынбыз.
Көзімізді жұмсақ, сол бір аяулы ауыл көрінісі көз алдымызға келеді. Туған жердің таза ауасы, жұмсақ шөбі, ыстық құмы мен топырағы жүрегіміздегі туған жерге деген сағынышымызды оятады. Ал қазіргі өзіміздің ұрпағымыз мұндай сезімді қайдан алады? Алдындағы жолдардың барлығына асфальт төселген, кіріп-шығып жүргендері зяулім биік үйлер, оларда тұрып жатқан адамдар тіпті бір-бірін танымайтын бөтен адамдар. Мұндай көрініс оларға қандай әсер қалдырады екен. Анда-санда дем алған жерлерінің тамаша табиғатын еске алуы мүмкін, ал жайқалған көк шөбі бар өзіміздің кең даланың төсін ойына елестете алар ма екен?! Әй, қайдам!
«Бізді білетін, көз көрген адамдар, яғни замандастарымыз бар кезде ұрпақтың жадында боламыз. Ұрпақ ауысқан кезде ұмыт бола бастаймыз» деген екен әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов. Өте ұғымды ой-пікір. Ал, енді осы ойға оралып, артымызға қарасақ, келер ұрпақ кімдерді еске алар екен?!
Кітап оқымасақ, аға-ұрпақ өнегесін көрмесек, тыңдамасақ, басқа бір –
адам миына қонбайтын қияли-ғажап кеңістікте өмір сүріп кетерміз. Солай өмір сүріп те жатырмыз. Өзге елдің, өзге жұрттың уағызын бойға сіңіріп, соның жетегінде кетіп қалмасымызға кім кепіл. Осы біздер күн өткен сайын роботқа ұқсап бара жатқан жоқпыз ба?! Осындай ой сіздерді мазаламай ма?!
О Жасаған! Келер ұрпаққа ақыл-сана бере гөр!
Баянды ӘЛПИ,
М.Горький атындағы әлем институтының түлегі