ҚАРҒА ТАМЫРЛЫ, ҚАРШЫҒА СІҢІРЛІ ҚАЗАҚПЫЗ
2025 ж. 26 мамыр
852
0

Қоңырат тайпасының ішіндегі Байлар-Жандар руының Көбек атасымен баталасқан Тама-Көбек атасының шығу деректері
Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атандық. Шынын айту керек, елімізді бүкіл әлем мойындады. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың мерейі мен мәртебесі көтерілді. Ұлт болып, беделімізді биіктетіп, рухымызды тіктегеніміз тәуелсіздігіміздің жемісі. Күні кешегі кеңестік заманда тіліміз бен дінімізді, ұлттық болмысымызды ашық айтуға, насихаттауға тиым салынғандығынан өзімізді жоғалтып қала жаздадық. Әрине, кеңес үкіметіне күйе жақпаймыз. Онда да оңды өзгерістер мен тың жетістіктердің болғаны рас. Әйтсе де, тілі мен дінінен, туған тарихынан айрылуға сәл-ақ қалған кезімізді айтпасқа болмайды. Бүгінгі ұрпақ бұны есте сақтағаны дұрыс. Тілінен, дінінен тек қазақ халқы ғана емес, өзге де ұлттар зардап шеккендігі тарихтан белгілі. Ұлттық тарихтың тамырына балта шабылғанымен, оны халықтың жадынан өшіруге қаншама тырысқанымен, адамдардың бойындағы тектілік қасиеті түптің түбінде жеңіп шығатындығын бүгінгі тарихтың өзі көрсетіп отыр. Кешегі алып империяның құлауына басты себептердің бірі –
тіл мен діннен, ұлттық болмыстан айыруға деген әсіре белсендік деу түсінеміз.
Ұлан-байтақ жерді аттың жалы-түйенің қомында жүріп, күн-түн демей, ақ найзаның ұшымен, ақ белектің күшімен («белек» – көбе бұзар жебе. Ред.) қорғаған ата-бабаларымыздың ерлігіне қайран қалмасқа лаж жоқ. Олардың рухы мен даңқы биіктей берсін! Осынша ұлан-ғайыр мекенді қорғап, иелік еткен билер мен батырларды ұмытуға тиіс емеспіз. Енді сол ата-бабаларымыздың рухына құран бағыштап, ас беріп жатсақ, елдігіміздің туын көкке көтергендігіміз деп білеміз. Мұның бәрі береке-бірлікке, ынтымаққа бастайтыны анық. Халқымыздың шежіресі де соған меңзейді. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген тектік халқымыз, шежірені халықтық генофондты, яғни бүгінгі ұлттық болмысымызды таза сақтауға апарар бірден-бір жол деп білген. Оңтүстігі мен солтүстігі, шығысы мен батысы қоян-қолтық араласқан халқымыз қиын-қыстау кезеңдерде бір жерден табылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған. Ендеше, біз әр атаның балалары болсақ та, шыққан тегімізді біліп-тани отырып, тектілікке қызмет ете беруге тиістіміз. Ата-бабалар аманаты бәрімізге осындай жауапкершілік жүктейді. Күні бүгінге баршамыздың басымызды қосып отырған «Абат ата» кесенесі өткен ата-бабаларымыздың рухына деген зор құрметпен көтерілген сәулетті ескерткіш деп санаймыз. Тарихымыз қағаз бетінде азырақ таралса да, тасқа қашалып, санада сақталып, атадан балаға жетіп келгені жалпақ жұртқа мәлім. Ел жадынан күшті ештеңе жоқ. Біздің халқымызда атадан бүгінгі ұрпаққа жеткен аңыздар аз емес. Шежіренің шертер, жанды жадыратар сырлары сол қалпында сақталған десек, артық айтқандық емес.
Біз де қазір де ел ішінде сақталған оқиға, әңгімелерді шамамыз жеткенше қамтып, барын бар, жоғын жоқ күйінде ештеңені жасырмай айтуға жасқанбаймыз. Өйткені біздің ата-бабаларымыздың қай-қайсысының тарихында жасыратындай, ұялатындай, қысылып-қымтылардай ештеңе жоқ. Үшінші мыңжылдыққа аман-есен жетуіміздің ғибраты да осында. Әлі де болашақ ұрпақ үшін атқарар тірліктер, іс-шаралар өте ауқымды, іргелі. Барша ой-ниетіміз, іс-әрекеттеріміз елдің елдігіне, бірлігіне, ынтымағына қызмет етуге тиіс. Бабаларымыз: «Бетеге кетсе, бел қалар, биің кетсе ел қалар, бірлігің кетсе не қалар?» деген емес пе?! Бейнелеп көзге елестетіп, мәнзеп, санаға сәуле түсірген мұндай тәмсіл көп жәйттерді аңғартады, ескертеді.
Тама-Көбек атамыз – он екі ата Байлар-Жандар руының бір атасы. Шежірені сөйлетсек, Тама – Кіші жүздің үлкен бір тармағы. «Адамның басы – Алланың добы» демекші, дәм-тұз қайда апармайды, тағдыр талқысы не жасамайды. Кезінде байлығымен ғұмыр кешкен Ораз атамыз Ұлы Жібек жолымен керуен тартып, өз жолы өмір ағымымен жүргенде, тағдырдың бұйрығымен Көбектің қызы, түп анамыз Жезтаңтайды ұзатып, ел-жұртына алып келеді. Екі балалы болғанда, Ораз ата дүниеден өтеді. Жесір ананың қайғысы, шері аз болғандай, ел арасындағы біреулердің дау-жанжалына біреулер ұлын жазатайым өлтіріп қояды. Өз баласының қайғысын жұтып, әділ сөзге қолы жетпеген анамызды әлігіне, яғни төркініне Ақылбек алып келеді. «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» демекші, тағдырдың жазуымен, ата-баба дәстүрімен анамыз артынан қуып келген атамыз Аққошқармен некелеседі. Дүниеге Құлман, Баубек есімді перзенттер келеді. Бірақ кейінірек атамыздың еліне көшпек болған ойы жүзеге аспайды. Көңілді қалдырған ескі жара қайтадан жаңғырып, анамыз күйеуіне ілесуден бас тартады. Сөйтіп, бірбеткей Аққошқар ата өз еліне жалғыз аттанады. Осылайша анамыздың да, атамыздың да мінездерінен бе, әлде ата-бабаларымыздың сан ғасырлы, мол игілікті дәстүрін ұғынбаушылықтан ба, жолдары екі айырылып тынады.
Бертініректе үш бала ер жетіп, атқа қонып, ер азамат болған шағында нағашыларымен жілік ұстасып, азаматтарға елдің игі жақсылары мен ұлағаты ақсақалдары баталы кесімін айтады. «Еңдігі сіздер нағашы-жиен емессіздер, ағалы-інілі туыс болдыңыздар. Қыз беріп, қыз алыспайсыңдар» деп өз ой тұжырымдарын осылайша қорытады. Содан Тама-Көбек атты бүгінгі атаның бастауы өз өрісін одан әрі дамыта бастайды.
Тарихта ел бастаған ардақты да аңыз аналар көп болғаны аян. Бүгінгі ұрпаққа да ерлерше батылдықтың, батырлықтың үлгісін танытқан қыздарымыз да көп екендігі мәлім. Бұрынғы өткен Ұмай ана, Тұмар патша, Ұлпан ана, Домалақ ана, күні кешегі Әлия мен Мәншүктер секілді Жезтаңдай анамыз да асылдардың бірегей тұлғасы десек артық айтқандық емес. Тама-Көбек ата-бабалар батасын бұзған жоқ, өсті, өркендеді, бүгінгі күнге жетті. Байлар-Жандар ішіндегі іргелі атаға айналды. Тарихты қолдан жасауға болмайды, тарих – бұл өмірдің шындығы. Әрине, бүгінгі өркениетке жету оңай болған жоқ. Іргелі қазақ елінің бар атасының балалары секілді Тама-Көбектер де қиын-қыстау кезеңдерді өтті, өшпеді. Бүгінгі тәуелсіздікке бірге жетті. Бұны біздер мақтан тұтамыз. Біздер қазақ халқының тұтас бір баласымыз. Біргеміз, әрқашанда сөгілмес іргеміз! Сол себепті де біздің Тама-Көбек шежіресінен күдік іздеудің қажеті жоқ. «Осы сендер Тамасыңдар ма, әлде Көбексіңдер ме?» деген сауалдың жауабы осылай. Шежіре бойынша, тағдырдың талқысына көнген ата-баба шежіресі шындыққа иық тірейді. Шежіре біздің Тама-Көбек атаның өз алдына дербес ата ретінде енуінің тарихы мінеки, осында. Сол себепті, қалай дегенде де бауырға тарту, кеудеден кері итермеу біздің халқымыздың тән қасиет деуіміздің сыры осы. Жалпы түсіністік қалыптасқан, терең ұғыну бар. Иә, біз Орта жүзбіз. Себебі, Көбектермен бата алысқан бауырымыз. Түбіміздің Кіші жүз екені де рас. Тама – Қазақ елінің іргелі атасы. Орта жүз де, Кіші жүз делік, әзірлік айтқанда, олардың ішіндегі Қоңырат та, Тама да бүгінде әлемдік өркениетке бет алған Қазақ ұлтының құрамдас бөліктері. Біртұтас Қазақ ұлтына айналу жолында қайрат танытқан айтулы ата-бабаларымыздың күні кешегі іргелі тайпалары. Біз тарихымызды, түп-тамырымызды ұмытпауға тиіспіз. Тағылымды тарихымыз ел игілігіне жұмсалады деп сенеміз. Біз түп-төркінімізді ұмытпаймыз. Бірақ шындықты шырмаланған сауданың да қажеті жоқ. Бата мен бәтуаны бұзуға құқымыз бар деуге есте болмайды. Орта жүзбіз, Байлар-Жандардың ішіндегі Тама-Көбек деп аталатын атаның ұрпағымыз. Тарих тағылымының айтары осы. Тама-Көбектің бүгінде шежіре қағазына түскен, кітап болып жарық көрген. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба бермек. Қоқан хандығына қарсы күресте ел жұртының айбары, қорғаны болған Көбек – Төртұлыбек датқа мен Мырзалы болыс, Жандар –Мұсабек пен Сапақтар Тама-Көбектің өсіп-өнуіне қамқорлық танытқан ел тұлғалары, ардақты ағалары болғандығы тарихтан белгілі. Тама-Көбек ұрпақтары ата-баба кәсібімен мал баққан, егін еккен, өнеркәсіп салаларында тер төккен. Рухани-мәдени бағыттағы қызметтерге де белсене араласқан. Отан қорғау ісінде өздерін нағыз ерлерше таныта білген. Қазірде олардың есімдері ел есінде, жадында жаттаулы, қағаз беттерінде қаттаулы.Айтар болсақ, үш жүз жыл алдын сүйек ұстасып, ағайын болған Тама-Көбектер Байлар-Жандар руы мен Қоңырат атаға, жалпы қазаққа есімдері тарихта қалуға лайық көптеген белгілі адамдарды берді. Атап айтсақ, би, болыс, батыр, байлардан Ақылбек Оразұлы, Сыпатай Шоқайұлы, Жанұзақ Егемұлы, Садық Кулшазарұлы, Сағындық әулие, Жанжігіт Батысамберді, Жұмат Сыпатайұлы, Атбегі Жұматай Сатан, көкпаршы Ғайшабар Алшынбайұлы, Қоқан бегінің қоңыраулы палуаны Жыққан Бұйрабай Жайтасұлы.Тұрлыбек датқаның қызығушылығы Қалдыбай Қорамсаұлы. Ал, бертіндегі совет үкіметінің кезінде Қаныбек Өтепов Ленинград облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Қызылордада, Қармақшыда, Мақтааралда аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды, Мүсәлі Ізбасаров Ильич ауданында отыз жыл үзбей колхоз басқарды. Қосалы Жұманов Советтің төрағасы бола жүріп, 1943 жылы Отан қорғау қорына 1 миллион 112 мың сом қаржы аударып, Сталиннен алғыс хат алды. Темірхан Әлімбеков Ұлы Отан соғысына қатысып, үшкіл шабуылы үшін 146 рет шабуыл жасаған, ерліктері үшін 1, 2, 3 дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталған. Рысбек Жақсыбайұлы колхоз фермасын басқарып, соғыстың алдында 12 мың қой басын 40 мыңға жеткізіп, республикада рекорд жасады. Сапар Жәнтайұлы ағамыз ірі совхозды басқарды, кейіннен Мақтаарал аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Тастайұлы ағамыз жиырма сегіз жасында медицина ғылымдарының кандидаты атанып, Семей қаласындағы медициналық институтта қызметте болып, өмірінің ерте озды. Ал Ырсалы Базарбаев ағамыз да Фарини ауданында халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметінде жүріп, қырық жылдан жетпей бақилық болды. Бұлбұл Исаев ағамыз аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, совхоз директоры қызметтерінде болып, бұл күндері зейнет демалысында, елдің құрметті ақсақалы. Сағынтай Өскенбаев ұзақ жылдар бойы Жетісай педагогикалық училищесінің директоры болды. Мамир Әлиев аудандағы, облыстағы ауыл шаруашылығы саласының белді басшыларының бірі болды. Бүгінде айтулы кәсіпкер. Алдыңғы қатар ағаларымыз Оңай Садықов, Шәкірхан Әлімбеков, Дархан Есімханов, Мекенбай Ахметов, Танат Бейсенбаев, Ерген Зоржанов, Әлсейіт Айдаров, Тұрғара Ысмайылов, Құлжан Тілеубеков, Молдаш Айдаров, Уәлихан Әділов, Шырынбек Сейітқұлов, Айтбаев, Жамалбеков, Арыстан, Аманбек Иманов, Ахан Жұматов, Бәйжігіт Ақбалаев, Адамбек Дәулетбеков, Керім Жайылғанов, Алтынбек Бегімбаев, Олжахан Сұлтанбеков, Мәкен Дүйсенбаев, Құрман Сейдахметов, Телғозы Түркия, Айтқалиев Жақсылық Шірінқұлов, Нәлібай Иманбердиев, Мизамхан Ақаділов, Молдахан Ешанқұлов, Халықбай Теміров, Полат Омаров, Тоғыз Бекмырзаев, Абылай Бабаев, Дүрхан Есімханов, Тілен Әлиев, Тұрғара Сармантаев, Құрамыс, Алтау, Әбдірахмановтар, Оразбековтер, Ұлы Отан соғысында ерліктің, халық шаруашылығының әр саласында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, елдің есінде мәңгі қалды. Қиқобай Бейсенбаев, Қоныс Манашов, Лесбеков, Рүстем Мейірбеков, Амантұр Тұрғанов, Әбзи Шынжігітов, Қалдыбай Есімханов, Ержігіт Дәріқұлов, Қалдан Қасымбеков, Сайлау, Алданыш Айсарин, Қуанышбаев, Жорабай Мүсалин, Қазымбековтер сынды азаматтар жастарға білімі мен парасатымен көп қызмет жасап, ел құрметіне бөлене білді. Жабай Әбенов, Шынбай Батсанбердиев, Еркінбек Иманбердиев, Сағынтай Өскенбаев сынды ағаларымыздың адамы, адамгершілік қасиеттерін атап айтпасақ болмайды. Арамызда жүргенде ол кісілер достықтың, ағайындықтың, ауызбіршіліктің туын жоғары ұстаудың үлгісін көрсетіп жүрді. Бүгінгідей кигеніне мәз, тойғанына мас болатын кейбір жандардай емес, қарапайым ғана ғұмыр кешті. Бар байлығы достары, қызметтес дос-жарандары, көптеген пікірлестері болды. Сондай-ақ бұл ағаларымыз қыран мінезді азаматтар болатын. Айтар сөзін нақпа-нақ, түйесін бойын аулақ салатын, майдалыққа бармайтын жандар еді.Қазір ғылымның шарықтап дамып жатқан кезі ғой. Заман ағымына сай ғылыммен айналысып, дәреже алғандар өз алдына бір төбе. Ал қазіргі жастар арасынан заман райына қарай бизнеспен айналысып, табысқа жетіп жатқандар молшылық. Осы беріліп жатқан астың басым бөлігін көтеріп жатқандар да сол жігіттер. Сөйтіп, біздердің бағамен бауырласқанымызға үш ғасырдай уақыт өтті. Ораз, Аққошқардан тараған Тама-Көбек ағайындарының кейінгі ұрпағы бүгінгі күні екі мыңнан астам үйден асып кетті. Ғасырлар ғасырға ұласып жатқан асыл бастауын бабалар салып кеткен туысқандықтың туын төмен түсірмей келеміз. Еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген тіліміз, дініміз, діліміз бен ата-баба дәстүріміз, ата-тегіміз жылнамасы біздерге бірге болуды, бірлікте, ынтымақта болуды аманат етеді. Берекенің бастауы, мінеки осында дейді. Жақсы тілек, ізгі ниеттер баршамызға серік болсын. Біз тарихымызды бөлмейміз. Біз ортақ тарихымызды бүтіндейміз. Біздің бар ниетіміз – осы ғана.
Бөгенбай Исатаев