АТА мен АНА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
2025 ж. 26 мамыр
776
0

9 мамыр. Екінші дүниежүзілік соғыстың белортасында болған Кеңес одағының фашистік Германияны тізе бүктірген Жеңіс күні. Оған да сексен жыл, адам ғұмырынан да ұзақ талай-талай бел-белестер. Кейбіреулер пайымдайтындай, бұл мерекелейтін күн емес, шаһит болған миллиондаған боздақтардың аруағына тағзым етіп, аза тұтатын күн.
Бір сәт мына мәліметтерге зер салайық: 1941-45 жылдары КСРО жағынан қаза тапқандар 43,3 миллион, хабарсыз кеткендер 5 миллион деп көрсетіледі. Ал неміс тұтқынына түскен кеңес жауынгерлерінің санын Германия 5 миллион 270 мың деп көрсетсе, Ресей Федерациясы қарулы күштер бас штабы 4 миллион 559 мың деп дәлелдейді.
Қалта телефоныма бейтаныс азамат хабарласты. Сөз мәнерінен мәдениеттілік пен зиялылық аңғарылады. Мені сырттай білетінін, қаламгерлігімді сыйлайтынын айтты. Әлеуметтік желі мен мерзімді басылымдардағы бірқатар материалдарымды, соңғы күндері әлеуметтік желідегі «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген дүниемді тебіреніспен оқығанын тілге тиек етті. Пендеміз ғой, оқырманыңның болуы, оның жылы лебізін есту бір марқайтып тастайды. Сонымен не керек, хабарласып отырған Жаңабек Орынбасарұлы есімді бауырымыздың өтініші бар екен.
Қан майданда жүрген атасы Қожамбетов Сақыбай Бердіқұлұлы 1943 жылдың наурыз айында отыздан асқан шағында із-түзсіз жоғалып кетеді. Бұл КСРО Қорғаныс министрлігі орталық архивінің 1955 жылы берген мәліметі (4123, қор 58,977 528). Іздеу салушы Жаңабектің айтуынша, 1912 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданының тумасы майдангер Сақыбай Бердіқұлұлы 1941 жылы желтоқсанда Түркмен КСР-і Мары облысы, Байрамали қалалық әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Майдан жолынан үзік-үзік мәліметтер бар екен. Сол кезде отызды алқымдап қалған қазақ жауынгері Орта Азияда құрылған 97 кавалериялық атты әскер дивизиясында әскери борышын өтеуге қабылданады. Оның құрамында негізінен ат құлағында ойнайтын қазақтар, түркмендер, қырғыздар және өзбектер болады. Алдын ала дайындықтан өткен атты әскер майдангерлері 1942 жылдың соңына қарай Сталинград майдан шебіне аттандырылады да дивизия 4 кавалериялық корпустың құрамына қосылады. Бұл корпустың Сталинград үшін болған алапат соғыста шешуші рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Төңірегін кедергісіз жайпап келе жатқан неміс СС генералы Майнштейннің танк армиясына қарсы ұйымдастырылған «Котельниково операциясының» сәтті жүзеге асырылуының алғы шебінде мұсылмандардан құрылған атты әскер корпусының өшпес ерлігі соғыс тарихында алтын әріптермен жазылды. Қыстың қақаған аязында неміс танк армиясының алдында қаз-қатар тізіліп келе жатқан румын, итальян атты әскерін жайпап шыққан кеңестік атты әскер жауынгерлері Авганерово аумағын жаудан толық азат етеді де Котельниково шеңберінен шығу мақсатымен майдангерлер жалаң қылышпен қара тажал – танкілерге қарсы шабуылға шығады.
Ат пен жауынгерлердің судай аққан қанынан ақ қар қызылға боялады да қызыл жол пайда болады. Өліспей беріспеуге бекем бел байлаған мұсылман атты әскері генерал Маймиштейіннің танк армиясына тойтарыс береді. Осылайша фашистердің «Винтергивиттер операциясының» күл-талқаны шығады. Кезінде бұл алапат соғыс жөнінде кинофильм де шығады. Теңдессіз ерлік жазушы А. Исаевтың «Десят мифов второй мировой. С шашками на танки» деген кітабында да кеңінен көрініс тапқан. Осы алапат майданда ат құлағында ойнайтын қазақ жауынгері Сақыбай Қожамбетов аман қалғандардың бірі болады. Уақыт өте келе генерал Майнштейн өзінің естелік кітабында ең ауыр шайқас мұсылмандардан құралған атты әскер жауыргерлерімен болғанын мойындап, жазады.
Сақыбай Қожамбетов соғысқа аттанардан бұрын, яғни 1941 жылы Мақалбайқызы Мамыққа үйленеді. 1942 жылы ұл бала дүниеге келеді. Оған Наган деген есім қояды. Өкінішке орай, осы жалғыз перзент 16-ға толар-толмас шағында, 1958 жылы дүниеден өтеді. Осылайша, Сақыбай тұқымы мүлдем өшіп кетеді.
Соқа басы қалған Мамық ана 1997 жылы көз жұмады.
Айтып айтпай не керек, осыдан сексен жыл бұрынғы қанды майданның шемен болып қатып қалған жарасының орны тірі жүрген бірер ғана аталарымыздың тәнін әлі де сырқырататынын білеміз бе осы?! Қазір могиканның соңғы тұяқтары ғана қалды-ау!..
Ерлік пен елдік сыналған сол соғыста талай-талай боздақтар туған жердің топырағын бір басуды армандап, жат жерлерде бір-бір төбешікке айналды. Кейінгі ұрпақтың мұны ұмытуға хақысы жоқ! Осындайда бейтаныс болса да өтінішін айтқан Жаңабек сияқты азаматтарға алғыс айтуға тиіспіз! Арадан сексен жылдан асып кеткен немере атасы Сақыбайдың жатқан жерін, қабірін тауып, топырағын уыстауды, басында құран оқытуды ниет ету дегеніңіз Азаматтықтың нағыз үлгісі деуге әбден лайық болса керек.
Кезінде бір жазбамда шағын ғана қазақ ауылында тіршілік еткен Қара кемпірдің ақтық демі қалғанша соғыстан оралмаған ұлын бір көруді армандап, сағыныштың отына өртеніп кеткенін жазған едім. Қазір еске алып отырған Мамық ана да дәл осындай қалыпта өмірден баз кешіпті-ау. ... Ауыр қайғыдан еңселері езіліп, бас көтере алмай өмірден өткен Аналарды санап тауыса аламыз ба?! Тағдырдың қара дауылына төтеп берген, асыл азаматтарына мәңгі адалдықтарын танытып, жалған дүниені тәрк еткен Аналардың кіршіксіз махаббатары қандай мадаққа болса да әбден лайық болар!
Жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа болсын, жар құшағында тербеле алмай арманда кеткен шахит майдангерлердің мәңгілік махаббаттары!
Мамық ананың қайғымен, мұңмен өрнектелген тағдыры қазақ әйелдерінің бойындағы ізгілік қасиеттердің жарқын көрінісі болып табылса керек. Осындай Аналарға алтыннан ескерткіш тұрғызсақ та артықтық етпес, сірә! Қалай десек те қаймана қазақ әйелі осынау қиын-қыстау кезеңдерде өзінің адалдығымен, төзімділігімен, күйкі тіршілікке көнбістілігімен танылып келген: топырағың торқа болсын, сағыныш пен махаббатты пір тұтқан Мамық Ана!
Мамық ана да соғысқа нағлет айтып, зарлаған күйі бұл пәниден өтті. Өмірінің соңғы минуттарына дейін қан майданда із-түзсіз жоғалып кеткен күйеуін бір көруге зар болып, көкірегі шер-шеменге толып, күйіктен өртеніп кетті. Біз соғысты қырық бесінші жылы аяқталды дейміз. Жоқ, соғыс дерті қазір де бар!.. Сол қанды қырғынның зардабы тимеген жанұялар некен-саяқ болар. Талай-талай ошақ сөніп, талай шаңырақ ойылып ортасына түсті. Солардың бірі бейтаныс азамат Жаңабек Орынбасарұлының атасы, сүйегі қай жерде қалғаны белгісіз майдангер Қожамбетов Сақыбай Бердіқұлұлының тағдыры десек қателесе қоймаспыз.
Біз сексен жылдан бері соғыс көрмей өстік. Сол Сақыбай көкелер кейінгі ұрпақтың соғысты көрмеуі үшін қан төгіп, шейіт болды. Егемен ел болдық. Қаймана қазаққа бұдан асқан бақыт бар ма?! Берген батамызды «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп аяқтаймыз. Ең бастысы, еліміздің тыныштығына не жетсін! Тыныштық болса, ел аман болады. Ел аман болса, бақытты өмірді өзіміз жасаймыз.
Күркіреп күндей бір соғыс өтті. Ендігі ұрпақ соғыс көрмесін!
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, журналист