СОҢЫНДА ӨШПЕЙТІНДЕЙ ІЗІ ҚАЛДЫ
2025 ж. 20 мамыр
96
1

Қазақ ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, еліне еңбегімен танылған тұлға – Қайрат Нағашбеков 1938 жылдың 3 наурызында бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданына қарасты Бидайық ауылында (сол кездегі «Екпін» колхозы) дүниеге келіпті. Ерте жастан еңбекке араласқан Қайрат ата өмір жолында маңдай терімен, қажырлы еңбегімен биік белестерді бағындырып, ел құрметіне бөленеді. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіне тұспа-тұс келген ол, 1946-1949 жылдар аралығында Қосағаш ауылының бастауыш мектебінде білім алып, кейін Баршатас ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектепті 1956 жылы аяқтайды. Бір жыл автомашина жүргізуші мамандығы бойынша білім алып, одан кейін 1958-1959 жылдары механизация мектебін тәмамдайды. Бұл оның техникаға деген ықыласын оятқан алғашқы саты еді. Ал 1967-1970 жылдар аралығында Семей-Новопокровка совхоз техникумында білімін жалғастырып, кәсіби маман ретінде шыңдалады.
Еңбек жолын туған жеріндегі «Екпін» колхозында механизатор болып бастаған Қайрекең 1962 жылы тракторшылар бригадасының бригадирі болып тағайындалады. Еңбектегі тиянақтылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында 1964 жылдан бастап №1 ферманың меңгерушісі, ал 1970 жылы №2 ферма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл кезеңде ол ауыл шаруашылығын, әсіресе, қой өсіру саласын дамытуға ерекше ден қойды.
Оның басшылығымен асыл тұқымды «Еділбай» қойын өсіру ісі жолға қойылып, Қазақстанда тұңғыш рет асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылды. Бұл жетістік Қарағанды, Жезқазған, Гурьев және Торғай облыстарына асыл тұқымды мал сатуға жол ашып, Нағашбеков Қайраттың есімін елге танымал етті. Білікті де тәжірибелі маман ретінде ол тек өндірісті дамытып қана қоймай, ұрпаққа өнеге боларлық еңбек мектебін қалыптастырды.
1989 жылы «Сарықамыс» совхозында кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, осы қызметте еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс істеді. Еңбек жолын аяқтағанымен, ел ісінен ешқашан шет қалмады. 1996 жылы «Екпін» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы болып еңбек етті. Ал 2004 жылдан бастап туған Бидайық ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл ақсақалы ретінде ел ішінде абыройға бөленді. Оның тынымсыз еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 1976 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1970 жылы В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық медальға ие болды. Сондай-ақ, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және сол жылы «Тың және тыңайған жерді игеру» медалімен марапатталған.
1983 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) қола медаліне, ал 1985 жылы алтын медаліне ие болды. Сонымен қатар, 1970 жылы Қазақ ССР-інің «Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» деген құрметті атағы берілді. Ал 2018 жылы Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» атанып, ел алдында сіңірген еңбегі тағы бір мәрте жоғары бағаланды.
«Сарықамыс» совхозындағы штаттан тыс тілші Ә.Тұрсынбаев өз мақаласында Қайрат Нағашбековтің ферма меңгерушісі ғана емес, сонымен қатар идеология майданындағы тәжірибелі насихатшы ретінде де ерекше еңбегін атап өтеді. Ол басқарған ферма аудан көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналып, қой шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Әр жүз саулықтан 107 қозы алып, ет пен жүн өндіру жоспарын артығымен орындаған ұжым бесжылдық тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындап, бірнеше рет аудандық Қызыл Туға ие болған. Қайрат Нағашбековтің ұйымдастырушылық қабілеті мен насихатшылық шеберлігі ферма қызметкерлерінің еңбек белсенділігін арттырып, өндірістік табыстарға жетелеген. Мақалада оның «Экономикалық білім негіздері» мектебіндегі дәрістер өткізіп, коммунистік тәрбие мен білім беруге қосқан үлесі де ерекше көрсетілген.
Айта кетерлігі, «Очерк» газетіне жарияланған тағы бір демдес мақалада ұлт шаруашылығының алдыңғы қатарлы тұлғасы Қайрат Нағашбековтің бейнесі шынайы суреттелген. Оқырман көз алдына қажырлы еңбегімен, қарапайым болмысымен, терең парасатымен танылған азаматтың жарқын келбеті айқын көрінеді. Қайрат – өсіп-өнген топырағына табанын тіреп, маңдай терін төккен дала перзенті. Ол еңбекпен етене жетілген, нағыз жерге жақын, халыққа адал жан еді. Мәскеуден Юрий Гагарин атындағы жұлдызды вымпельді алып, абырой биігінен оралған сәті – оның тек жеке емес, бүкіл бөлімше ұжымының ортақ жеңісі екені кең тыныспен баяндалған. Бұл – еңбектің жеңісі, бұл – елдікке сіңірген адал қызметтің көрінісі-тін.
Қайраттың бала күнінен еңбекке деген сүйіспеншілігі қалай қалыптасқаны да әсерлі жеткізіледі. Әкесі Нағашыбек қарт – жер қадірін білген, маңдай тердің қасиетін ұғындырған, ұлын туған ел мен қарапайым еңбек адамын құрметтеуге баулыған ардақты тұлға. Сол тәрбиенің жемісі – кешегі Қайрат. Қайраттың тек өндірістегі басшылық қабілеті ғана емес, рухани биігі, жастарға жол сілтеген тәлімгерлік қасиеті де ерекше бағаланады. Оның бастамасымен құрылған комсомол жастар бригадалары – ауыл тіршілігіне жан бітірген тың серпін. «Ұшқын», «Құралай» сияқты атпен танылған жас шопандар ұжымы – Қайрат есімінің ауыл болашағымен тығыз астасып жатқанын дәлелдейді. Соңғы жолдарда ерекше мәнге ие ой айтылады: бұл бөлімшенің негізін қалаған, халқына тұңғыш Ленин орденін әкелген ардақты шопан Тойшыбеков Нағашыбек еді. Бүгінде сол азаматтың ұлы – Қайрат Нағашбеков сол қасиетті жердің туын жықпай, ата даңқын абыроймен жалғап келеді.
«Жақсының жалғасы ғой!» – деген жүрекке жылы сөз бұл мақаланың ғана емес, Қайраттың бар болмысының айқын бағасы іспетті. (Мақала 1963 жылы шыққан «Очерк» газетінде жарияланған).
Он бала, отыз алты немере, жиырма бес шөберенің жанына сая, жүрегіне пана болған бәйтерегі – Қайрат Нағашбеков алыстан менмұндалап тұрар алып тұлға еді. Ол – ұлтымыздың ардақты руы алып Керей Ер Нұралының алтыншы ұрпағы болған азамат. Қайрат Нағашбеков – туған жердің қасиетін терең түсініп, сол жердің топырағынан қуат алып, елінің еңсесін тіктеуге өмірін сарп еткен жан.
Ол тек еңбек майданында ғана емес, рух майданында да алдыңғы сапта жүрді. Қайрат аға артында шежірелі тарих, сөнбес із, ел мен жерге сіңген адал еңбек пен ұрпағына ұран боларлық өнеге қалдырды. Оның өмір жолы – шын мәнінде елі үшін бар ғұмырын сарп еткен ердің жолы. Перзенттері үшін ол – ұлағат пен үлгінің көзі, сабыр мен парасаттың тірі бейнесі болып қала береді. Оның әрбір сөзі мен ісі, ұрпағының жүрегінде өшпестей із қалдырды.
Қайрат Нағашбеков 2024 жылдың 21-сәуірінде өмірден озды. Бірақ оның бейнесі – санадан, еңбегі – ел жадынан, есімі – ұрпақтың жүрегінен ешқашан өшпек емес. Туған жердің төрінде өлмес із қалдырған азамат болып қала бермек.
Алтынай ҚАЙРАТ,
Абай облысы
АТҚОРАНЫҢ БАЛАСЫ ЕДІК
Біздің балалық шағымыз жақсы жағдайда өтті. Біз тұрған жер кеншілер қалашығы еді. Ақшатау деген. Тікелей Мәскеуге бағынып тұрды. Сондықтан да мұнда құс сүтінен басқасының бәрі табылатын.
Барлық жерлердегі сияқты Ақшатау да ойдым-ойдым аймақтарға бөлінетін. Қазақ ауылы, Киров, Базар, Расташиловка деген сияқты. Балалар шекіскенде көше-көше болып емес, ауыл-ауыл болып төбелесіп тарайтын. Осы ауылдарға кіретін де, кірмейтін де бір өңір болды. Ол – Ақшатаудың атқорасы еді.
Кеніштің басында екі шахта орналасқан. Олардың ара-қашықтығы бес-алты шақырым. Атқораның арбалары осы екі ортада жүреді. Күндіз-түні. Өйткені шахталардың жұмысы тоқтамайды.
Ел ол кезде мал ұстай қоймайды. Өйткені, дүкенде бәрі бар. Сондықтан да төрт түлікті көре бермейміз. Ал атқорада аттардың неше түрлісі бар. Жүрдегі де, көткеншегі де, бірезуі де...
Сондықтан да қаратабандардың барлығы сонда жүреді. Қазағы да, орысы да...
Мен де сонда жүремін. Өйткені атқора біздің ауылға жақын орналасқан. Дәулетбек те сонда жүреді. Өйткені оның әкесі сонда істейді. Оларды бір-ақ сөзбен «конюх» дейді. Аға конюх, конюх, кіші конюх болып бөлінеді. Дәукеңнің әкесі аға конюх. Біздің ауылдан онда екі адам істейді. Қасен деген кісі. Өте қарулы адам еді. Сонсоң Клестер деген неміс. Қазақшаға судай еді. Ақшатауда бұл кісілердің тасы жүріп тұрды. Өйткені ағаш жеткізу керек, көмір түсіру керек... Көшіп-қонғанда да осы арбамен жүреді. Сонсоң Ақшатаудың бар баласы осы арбаның айналасында жүреді. Майлау, сырлау жұмыстары осы балалардан артылмайды. Тіпті, бас білдіретін де солар еді. Конюхтардың жұмысы шахтерлердің жұмысымен бірдей бағаланатын. Олардың да омыраулары орден-медальға толы болатын.
Атқорада отызшақты ат болады. Оншақты арба болады. Арбалардың өзі ұзынды, қысқалы болып бөлінеді. Қысқасымен көмір, цемент, кірпіш сынды заттарды тасымалдаса, ұзынымен тұрбалар тасымалдайтын.
Біздерді атқораның баласы дейтін. Өйткені, біз қашанда жаяу жүрмейміз. Орын болып жатса арбаның үстінде, болмаса белтемірде құсша қонақтап кетіп бара жатамыз. Жай балалар белтемірде отыра алмайды. Аунап түсіп қалады.
Дәулетпен алғаш осы атқорада таныстық. Әкесі Таңат марқұм кең пішілген адам еді. Әкеміздей болып кетіп еді. Ол кісілердің демалатын жайы болды. Кейде сабағымызды сол столда отырып жаза беретінбіз. Шай да ішіп жатамыз. Кейде ат айдауға рұқсат береді. Арбаның үстінде тік тұрып ат айдағанда тура зымыранмен кетіп бара жатқандай сезінеміз-ау.
Атқора жабылғанда біздер де кәдімгідей жыламсырап тұрдық.
Кейін ер жеттік. Қызметке іліктік. Сондай тұстарда анкета дегендер болады. Әкеңнің не істегенін жазу керек болады. Сондайда Дәукең:
– Таксистің баласымын, – деп қарап тұратын.
Оған ел сенетін еді. Шынында да, ол таксистің баласы еді. Таңат әкеміздің арбасының салдыр-гүлдірі болмайтын. Өйткені, оның доңғалағы резеңкелі болатын. Кәдімгі тракторлардың доңғалақтарын салып алатын. Дәукең әкесінің мамандығымен осылай мақтанатын. Оның жылқы жандылығы осы атқорадан қалса керек.
Кейінде ол Қарағандыда, мен Ақадырда газетте істедік. Күзге қарай қоңырау шалар еді:
– Шалға бір-екі арба шөп түсіре салшы, – деп. «Пенсияға шығамын, Ақшатауға барамын, атқора саламын, немере-шөберелерімізді катайт етемін» – дейтін Дәукең қиялға ерік беріп.
Онысына кәдімгідей сеніп отырамыз. Өйткені ол төндіріп айтады.
Олар бір кіндіктен он төрт еді. Ал он төрттің ұрпағына, әрине, екі-үш арба керек болады. Дүниеге немересі келерде кәдімгідей абыржып жүрді. «Ата болатын болдым» – деп. Оңаша отырғанымызда сұрап қоюшы еді: «Бір қойдың етінен қанша табақ ет шығады» – деп.
Ертеңінде келер еді. «Шақыратын кісім бес табақтан асып тұр, – деп. – Оның өзінде қысқанда...» – деп.
Тағы бір күнде: «Қойым дайын» деп отыратын.
Бір күні өзіне өзі риза болып отыр еді. «Жабағы соятын болдым» – деп. Менің де бойымды бір жылы ағыс кернеген. «Атқораның баласымыз ғой» – деп қосып қойды Дәукең.
Дәукең сол арманына жете алмады. Сол үлкен қуанышына
санаулы күндер қалғанда бақилық болып кете барды.
Бүгінде Дәулет бауырымның бақилығына да бойым үйренген. Алайда оның Ақшатауға барып атқора салмақшы қиялы есімнен кетер емес.
Атқораның басқа балалары қалды ма екен?!.
Т.ӘКІМЖАНҰЛЫ