ШАРДАРАДА АУЫЗСУ ҚОРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ШАРДАРАДА АУЫЗСУ ҚОРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Еліміздегі ең маңызды мәселе ауыз су болып отыр. Су жүйелерін салу, оны ұқыпты, тиімді, сауатты пайдалану мәселесі еліміз бойынша әлі толық шешімін таппай тұр.

Осыдан бір жарым жылдай бұрын 2023 жылы 20 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еліміздің су саласындағы шешілмеген түйткілдер туралы “Ақ жол” фракциясы атынан сөз сөйледі.

«Бір ғана мысал, халық ең тығыз орналасқан - Түркістан облысы елді мекендерінде осы уақытқа дейін ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы толық шешілмеген. Еліміздегі ең үлкен су қоймасы жанындағы 30 мың халқы бар Шардара қаласы және осы аудан көлемінде тұратын 50 мың ауыл тұрғындары да таза ауыз суға мұқтаж. Судың үстінде отырған қала халқы суға мұқтаж. Таяқ тастам жерден табылған «Тама-Тастанбек» таза су қорын тарту талай жылдан бері көтерілсе де, әлі шешілмеуде.»-деп, үкіметті өткір сынады.

-Ал сол ауыз суға зар болып отырған халықтың салығынан жиналған қаржыдан жыл сайын сумен қамтуға орасан зор миллиардтар бөлініп келеді:

1. 1998 жылы пайда болған, 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" бағдарламасына 1,8 миллиард доллар жұмсалды.

2. 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасына да 2 миллиард доллар жұмсалды.

3. 2021-2023 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасына да 1,3 миллиард доллардан астам ақша жұмсалған. 

Сонда 25 жыл, ширек ғасыр ішінде 3 бағдарлама қабылдап, 5 миллиардтан астам доллар, яғни триллиондаған теңге жұмсалса да, таза суға зар болу таза масқара емес пе? – деп, үкімет жұмысын өткір сынады Қазыбек Иса.

Аурудың диагнозын анықтап алып, емдемесе, жазылмайтыны секілді егер Үкімет ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқан бұл мәселенің негізгі себептерін анықтап, нақты шешуге кіріспесе, ауыз су мәселесі енді тағы 50 жыл өтсе де шешілмейді! Өйткені, 2000 жылы салынған су жүйелері жарамай қалып, істен шығып, қайта салып жатыр.

-Таза су мәселесінің шешілмейтін себебі неде:

1.Бұл мәселемен осы уақытқа дейін бірнеше мемлекеттік орган айналысып келеді. Нақты жауап беретін бір орган, бір жауапты тұлға жоқ!

2.Жобалық-сметалық құжаттардың сарасыздығы.

3.Бағдарламалар жасалғанда нақты жағдайдың толық зерттелмеуі.

4.Ауыз су мәселесін шешуде тек қана бюджеттік инвестицияны пайдалану. - деді депутат.

-Алдағы екі жылда бұл мәселені қалай шешеміз, қанша қаржы кетеді, нақты шешу жолдарын анықталуы тиіс. Бұған Үкіметтен бір адам жауап беруі керек! Ал бізде ешкім ешнәрсеге жауап бермейді.

Қазыбек Иса парламенттің жалпы отырысында қатты сынаған ауыз су мәселесі қазір қандай жағдайда?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса былтыр, 2024 жылы 12 қаңтарда Түркістан облысы Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Сол кезде аудан тұрғындары, зиялы қауым бірталай мәселемен бірге ауыз су, ағын су мәселесінің шешілуін, «Тама-Тастанбек» таза су қорын тарту мәселесін тағы қозғады.

“Қазыбек Иса, сенің әр сөзіңді, ісіңді қадағалап отырамыз, ризамыз. Таза су - денсаулық кепілі. “Өткенде Парламентте өткен үкімет сағатында “Триллиондар жұмсалса да, таза су мәселесін шеше алмау - таза масқара” деп халық үнін жеткізгеніңе алғысымыз зор. “Су үстінде отырған Шардаралықтар суға зар болып отыр” деп өзіңнің туған жеріңнің өзекті мәселесін өткір көтеріп жатсың, көп рахмет!

Мына жиналған халық сол өзің көтерген “Тама - Тастанбектегі” таза суды халыққа жеткізуді сұрайды. Жан жақтан сұрастырып жатырмыз. 16 млрд бөлінген дейді, бірақ әлі қағаз жүзінде екен. Сол таза судың Шардаралықтардың үйіне жетуіне атсалыс, айналайын”,- деді қала тұрғыны Таңсықбай Сахов.

Қазыбек Иса бұл Шардарадағы ауыз су мәселесі «Тама-Тастанбек» таза су қорын ел игілігіне пайдалану бойынша әріптесі, осы өңірден сайланған Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевпен бірге Үкіметке хат жолдап жатқандарын мәлімдеді. “Дәл қазіргі жағдайын көріп, біліп кетсек, ары қарай бұл мәселені бақылауда ұстап отырамыз, тез шешілуіне атсалысамыз” деген еді. 

Жақында осы «Тама-Тастанбек» таза су жүйесін тарту мәселесіне байланысты Қазыбек Иса тағы да үкіметке сұрау салды.  

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қ.А.Бозымбаевқа. 

 2023 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен су мәселесіне арналған Үкімет сағатында, «Талай жылдан бері триллиондар жұмсалса да, таза су мәселесін шеше алмау – таза масқара! Су үстінде отырған Шардаралықтар суға зар болып отыр. 30 шақырым жерден табылған «Тама Тастанбек» таза су қорын қалаға тартуға қаржы бөлу керек!» деп мәселе көтерген болатынбыз. Кейін, Тама-Тастанбек су жүйесі жобасы мемлекеттен қолдау тауып, құрылысқа алғашқы 3 млрд-тан астам теңге қаржы бөлінгенінен хабардар болдық. 

            Осыған орай, аталған мәселеге байланысты төмендегі сұрақтарға заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.

Мәселе шешімін тауып, қаражат толық бөлінді ме? 

Құрылыс жұмыстары қай уақытқа жоспарланып отыр? 

Құрметпен, Қазыбек Иса 

Бүгін депутаттың бұл сауалына байланысты таяуда келген үкімет жауабын жариялап отырмыз.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ. Ж. Исаға

  Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

           Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі (бұдан әрі – Министрлік), Түркістан облысы Шардара ауданының Шардара топтық су құбырын салу жобасын қаржыландыруға қатысты сауалыңызды қарап, келесіні хабарлайды.

           Түркістан облысының әкімдігі 2023 жылы жалпы сметалық құны 16 975,5 млн теңгені құрайтын «Шардара ауданының Шардара топтық су құбырын салу» жобалау-сметалық құжаттамасын әзірледі және оған 18.08.2023 жылғы № 01-0339/23 мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

           Жобаның мақсаты – халық саны 80 071 адамды құрайтын Түркістан облысы Шардара ауданының 24 ауылдық елді мекенін және Шардара қаласын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету болып табылады.

           Жоба бойынша «Тама» су алу құрылысжайынан екі желіден тұратын жалпы ұзындығы 39,28 шақырым Шардара топтық су құбырын салу көзделген.

           Тапсырыс беруші – Түркістан облысының әкімдігі. 

           Келісімшарт бойынша жалпы құны – 16 544,3 млн теңге.

           Бас мердігер – «Алтын Констракшн» ЖШС.

           Жобаның іске асырылу кезеңі – 2025-2027 жылдар.

           Жобаны қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен облыстық бюджеттерге берілетін нысаналы даму трансферттері шеңберінде көзделген. Қаржыландыру көзі: РБ – 14 889,9 млн теңге, ЖБ – 1 654,4 млн теңге.

           Бекітілген 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте жобаны іске асыруды бастауға 2025 жылға 3 301,4 млн теңге қарастырылған.

           Құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан айында басталып, бүгінгі күні жалғасуда.

           Жобаны мерзімінде аяқтау мақсатында 2025 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде ҚР Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім берілетін болады.

           Қазақстан Республикасы 

           Су ресурстары және ирригация 

           вице-министрі Е. Ибрайханов

Ауыз су – ел дамуындағы күрделі мәселе болғандықтан, «Ақ жол» партиясы маңызы зор су саласына баса назар аударып, бақылауда ұстай береді.

Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ,

Қазақ үні