МЕН КӨРГЕН КАҺАРМАН
2025 ж. 11 мамыр
125
0

Тіршілік деген өте қызық. Өмір деген өткелден өтіп бара жатқаныңда саған көптеген адамдар жолығады. Біреуіне аздап назар аударасын, енді бірінің қасынан жылдам өтіп кетесің, енді бірімен ұзақ әңгімелесуің мүмкін. Жылдар өткен соң сол өзіңнің өмірлік жолыңда кездескен адамдар жайлы ойланасың, кейбірін есіңе түсіресің. Бірі жақсы естелік болып қалса, енді бірі тіпті есіңнен шығып қалады.
Сонау бір алпысыншы-жетпісінші жылдары, ол кезде мен мектепті жаңа ғана бітірген жас бойжеткенмін. Оқуға түсу үшін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл- Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетіне барғанымда, құжаттарым қабылданбады. Олар филология факультетіне тапсыруыма болатынын айтып шығарып салды. Екі жылдық еңбек өтінімін жинақтап, өзіме қатты ұнайтын, жүрегім қалаған журналистика факультетіне түспекші болдым. Сондықтан өзіме лайықты, шамам келетін жұмыс қарастырдым.
Сол сәтте, Алланың қалауымен менің есіме Кәбдікәрім Ыдырысов ағай түсті. Мен мектепте оқып жүргенде аздап өлең жазатынмын, бірде Пионерлер Сарайында (ол кезде Оқушылар Сарайы солай аталатын) бір кездесуде сол кісімен бірге өлеңімді оқыған едім. Бағыма қарай ол кісі мені танып, өзінің хатшысы оқуға түсіп кеткендіктен мені қабылдау бөлмесіне жұмысқа қабылдады. Бұл - көптің қолы жете бермейтін, нағыз өнердің, бүкіл танымал ақын-жазушылардың ордасы еді.
Жұмысқа тұрған сәттен бастап, өзімнің құрбыларым оқуға түсе алмағандарына уайымдап жүрсе, мен оқуға түспегеніме қатты қуанышта болдым. Жазушылар одағының шаңырағы Алматыдағы ең үлкен орталық, әсем көшелердің бірі – Коммунистический (Абылай хан) даңғылында бой көтерген. Тура Одақтың қасында әдемі «Балалар әлемі» универмагы жайнап тұрса, оның қарама қарсысында Үкімет үйі, оң жағында С.М.Киров (Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университеті және жазушылар Одағының тура алдында жайқалған биік талдары бар әсем аллея орналасқан.
Осындай жерде, осындай белгілі мекемеде жұмыс жасап жүрген мен үшін бұл бір үлкен дәреже еді. Бұл он жеті жасқа енді ғана толған мен үшін таптырмайтын жұмыс болатын. Екінің бірінің қолы жете бермейтін, көпшілік көруге зәру қазақ әдебиетінің майталмандарын күнде көру бақытына кенеліп, олармен әңгімелесу дәрежесіне жеттім. Оған басты себеп: машинка басуды жақсы меңгергендігім. Тіпті аз уақыттың ішінде көптеген танымал, классик жазушылар менің туғанымдай болып кетті.
Алғашқыда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов маған өздерінің машинкаға басылған, түзетулер жасалған жазбаларын қайта басып шығуға беріп жүрді. Бұдан соң маған қолжазбаларын алып келуші ағаларым көбейді. Олардың бәрін атай берсем, бүкіл қазақ-совет әдебиетінің майталмандарын айтып шығу керек болар еді. Қабылдау бөлмемде таңертеңнен кешке дейін машинканы тырсылдатып (ол кезде электр қуатымен жұмыс жасайтын машинкалар жаңадан пайда болған) отырамын. Жұмысым, өзімді қоршаған зиялы қауым маған қатты ұнайды. Жұмысқа тойға бара жатқандай көңілді күймен келемін, үйге асықпай қайтамын.
Жазушылар одағында күнделікті болып жататын қызықты оқиғаларға қанықпын. Қолына қалам ұстаған, танымал болған кісілермен кездесуге жастар да жиі бас сұғып жүреді. Олардың алдында мен өзімді бақытты санаймын. Мен көптің қолы жетпей жүрген аға-апаларымды көріп, олармен әңгімелесіп жүргеніме мәзбін.
Жарты жыл уақыт ішінде мен ақын-жазушылардың көпшілігімен таныс бола бастадым. Біріне қағаз басып берсем, бірінің шағын өтініштерін орындап жүргенім. Көбіне Сәбит ағамыз оқырмандарынан келіп түскен хаттарға жауап жазып, оны маған машинкаға бастырып, сол хаттарды пошта жәшігіне салуымды өтінетін. Сондай танымал кісінің шағын өтінішін орындау мен үшін қиын емес еді. Ғабит Мүсірепов ағамыздың шығармаларын өзінің дауыстап айтып отыратын әдетімен машинкаға түсіріп беретінмін. Ол кісілерге менің сауатты әрі жылдам басатыным ұнайтын. Аяулы ағаларымның: «Сендей машинисткалар бірен-саран» деген мақтауларын естігенде бір марқайып қалатынмын.
Көбін айтта бірін айт демекші, жарты жылдан соң мені Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Әди Шәріповтың қабылдау бөлмесіне марапаттап ауыстырды. Мен үшін бұл бір жоғары дәреже болатын. Міне енді, ең қызығы осы жерден басталады.
Әди Шәріпов-жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ол кісінің қабылдау бөлмесінде отырып, елімізге белгілі адамдардың көптеген қызықты оқиғаларының куәсі болдым.
Менің үлкен бастығым мемлекеттік жоғарғы жиындарда жиі сөз сөйлеп жүретін. Күнделікті жұмыс күнінің бірінде бастығым маған өзіне ешкімді кіргізбеуімді сұрады. Ол кісі көбіне Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленумдарында бірінші хатшы Д.А.Қонаевтың баяндамасын талқылауға қатысатын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының пленумдарында баяндама жасайтын. Сондай қызу жұмыстардың бірі деген соң, ол кісінің кабинетінің есігін кілтпен жауып қойдым. Кілт қолымда, өзім машинкамның қасында мәз болып отырмын.
Бір кезде қабылдау бөлмесіне түрі қатаң, шымыр денелі, жауырынды кісі кіріп келді. Басында ашық түстегі әдемі тақиясы бар. Адымдап басып, Әди Шәріповтың есігіне жақындап, тартып қалды. Ол кісі Әдекеңнің жұмыста екенін білетін сияқты. Есік ашылмады. Келген кісі артқа шегініп, бұрышта тұрған айнаға қарады.
Сосын маған бұрылып:
- Балам, маған хат бар ма екен, қарашы, - деді.
Мен ол кісіден:
Сіздің фамилияңыз қалай? – дегенімде, ағамыз:
Бауыржан Момомышұлы, – деп, биязы жауап берді.
Мұны естіген мен үн-түнсіз, дереу орнымнан тұрып Әди Шәріповтың есігін ашып бердім. Ол кісі үн-түнсіз бастықтың кабинетіне кіріп кетті.
Аты әлемге әйгілі каһарман ағамызбен осылай таныстым. Әлі күнге сол бір сәтті жылы сезіммен еске аламын. Қандай ақылды адам. Ол кісі менің өзін танымай отырғанымды біліп, тез арада ерекше бір тәсіл тауып, өзінің кім екенін жеткізді. Дүниежүзіне танымал ағамыз менің балалық қатемді кешірді, ал мен болсам ол кісіні өмір бойы есімде сақтап келем. Батыр десе батыр екен. Сонымен қатар неткен инабатты, білімді, көреген адам десеңізші. Менің ол кісіні танымай тұрғанымды біліп, жас бала деп кешіріп, керемет ақылдылықпен өзін таныстырды. Мен батыр ағамызға қатты риза болдым. Ол кісі: «Мен Бауыржан Момышұлымын, аш есікті!» деуі ықтимал еді, бірақ олай деген жоқ. Текті адам екенін осылай таныта білді.
Менің сүйікті кейіпкерім, бүкіл елімізге, тіпті бүкіл әлемге танымал батыр ағамыз қарапайым өмірде осындай кішіпейіл адам болып шықты. Оны білмейтін жан жоқ, оның батырлығы, ерлігі орыстың белгілі жазушысы Александр Альфредович Бектің атақты «Волоколамск тас жолы» романында тамаша жазылған. Оны оқымаған адам бірен-саран шығар.
Бауыржан Момышұлы қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан аяулы ардагер адам, жазушы, Кеңес Одағының Батыры. Ол гвардия полковнигі, соғыс кезінде 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясын басқарды, батальон командирі болды. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В.Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында соғыс басталғаннан бастап қатысты.
Командир ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тас жолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистердің шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында түбегейлі, шынайы суреттелген.Ел тәуелсіздік алғаннан кейін оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында екі қазақ қана дивизия басқарыпты. Оның біріншісі Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Әбілқайыр Баймолдин екен. Бауыржан Момышұлы өзінің ерлігімен ғана емес, ұлттық патриотизмді дәріптеуімен, қазақ руханиятын нығайтуға қосқан үлесімен танылды. Мәскеу шайқасының қаһарманы болған Бауыржан Момышұлы халқымыздың батырлық дәстүрлерін жаңғыртып, келер ұрпаққа ұлттық рухтың биік үлгісін көрсетіп кетті. Ол соғыс майданында тәртіп пен батылдықты ұстанды. Ол тек батыр ғана емес, ұлттық рухтың сақтаушысы. Ол қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін ерекше құрметтеген аяулы азамат. Оның «Ұшқан ұя» атты автобиографиялық туындысы қазақи тәрбиенің маңыздылығын көрсетеді. Қаһарман батырымыздың соғыс туралы жазған шығармалары жеткілікті. Өз көзімен көрген дүниелерді шынайы жазды. Көптеген адамдар оның «Мәскеу үшін шайқас» романын жақсы біледі. Ал мен болсам ол кісіні Әди Шәріпов ағамыздың кабинетіне бірден кіргізбедім.
Әрбір талантты адамның өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Осындай атақты, Кеңес Одағының батыры және жазушы Бауыржан Момышұлының күнделікті өмірде қандай адам екенін көрдім. Ол ақырын сөйлейді, бірақ айқын-анық айтады. Ал қадамы нағыз сарбаздардікіндей нық, бірақ жайлы. Ал қадалған көзі қызығушылыққа толы болатын.
Әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында терең із қалдырды. Бауыржан ағамыздай адамдардың аттарын тарих беттерінде алтынмен жазғызды. Бауыржан Момышұлы қазақ халқының рухани ұстазы, ұлттық мақтанышы. Оның өмір жолы мен әдеби еңбектері – жастарға өнеге.
Баяды ӘЛПИ, М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтының түлегі