ЖЕҢІС КҮНІ - БАТЫРЛАРҒА ТАҒЗЫМ ЕТІП, БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫН БІЛЕТІН КҮН

ЖЕҢІС КҮНІ - БАТЫРЛАРҒА ТАҒЗЫМ ЕТІП, БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫН БІЛЕТІН КҮН

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жыл толған 9 мамыр күні ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастап, парламенттегі 6 партия фракциясы өкілдері қостап, аты аңызға айналған Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ұлы Жеңіс күні қан майданда қан кешкен қаһармандарымызға, отан үшін құрбан болған батырларымыз бен елде майдандағыдан кем емес ерлік көрсетіп еңбек еткен ер аналарымыздың рухына тағзым етеміз.

Бұл туралы 7 мамырда Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, дүрілдеп өткен әскери шеруде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты:

-Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз,– деп, ел тарихындағы Ұлы Жеңістің зор маңызын атап көрсетті.

Иә, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қанша құрмет көрсетсек те жарасады. Биылдың өзінде соғыс ардагерлері саусақпен санарлықтай ғана қалды. Келесі жылы, бола ма, болмай ма, белгісіз?.

Астана төріндегі атақты баһадүрүміз Бауыржан Момышұлының әскери киімде, беліне байлаған қылышын ұстап тұрған еңселі ескерткіші асқақтап тұр. Бұл ескерткішті батырдың туған жері Жамбыл облысы 2008 жылы Астананың 10 жылдығына арнайы жасап, тарту еткен. Авторлары – мүсінші Темірхан Қолжігіт, сәулетші Бақытжан Сыздықов.

Қола мен граниттен жасалған ескерткіштің ұзындығы 11 метр.

Батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға Астана қаласының ардагерлер ұйымы өкілдері мен Қазақстанның Еңбек Ері, көпсалалы медициналық орталықтың бас директоры Мұқтар Төлеутаев, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың төрағасы Абай Байгенжин және тб жиналып қалған екен. 

Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы ардагерлерге барып сәлем беріп, әңгімелесті. Ұлы Жеңіс күнінің маңызы туралы айтып, естелік суретке түсті. 

Ардагерлер арасынан ақбурыл шашты апайымыз өзінің кезінде Бауыржан Момышұлын көргенін айтып қалды.

-Менің аты-жөнім Баян Бұлғақбаева. Мен 1966 жылы мектеп бітіріп, Қазақстан Жазушылар одағында жұмысқа тұрдым. Алғашында ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың хатшысы болдым. Мәшинкені жақсы теріп, жақсы жұмыс істегесін мені Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, майдангер жазушы Әди Шәріповтың хатшысы етіп, жұмысқа алды. 1968 жылы болуы керек, бір күні таңертең Одаққа Бауыржан Момышұлы кіріп келді. Кабинетте Әдекең жоқ еді, есік жабық болатын. Баукең “маған хаттар бар ма екен?”-деп сұрады. Ол кезде жазушыларға хаттар Одаққа келетін. “Фамилияңыз кім?”-деп едім, “Бауыржан Момышұлы” деді. Басында ол кісіні бірден тани алмай қалған мен орнымнан атып тұрып, кешірім сұрап, есікті ашып, кабинетке кіргіздім. Сонда аты дүрілдеп тұрған даңқты батырдың менің өзін танымағаныма ешқандай ренжімей, түсіністікпен қарағанына риза болдым.-дейді Баян апайымыз сол бір батырмен кездескен әсерлі сәттерін еске алып.

Баян апайдың әдеби бүркеншік аты Баян Әлпи екен. Бауыржан Момышұлы туралы “Көзім көрген Қаһарман” атты естелігін республикалық “Қазақ үні” газетіне жолдайтын болды. Ол бүгін Qazaquni.kz ұлттық порталына жарияланады.

БАҒАЛАНБАЙ ҚАЛҒАН БАТЫРЛАРЫМЫЗ КӨП…

Екінші дүниежүзілік соғысқа халық санына шаққанда әлемде ең көп қатысқан қазақ халқы. Соғысқа Қазақстаннан қатысқан 1 миллион 200 мыңдай жауынгердің 500-дейі Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл 40 пайыздай болады, демек халық санына шаққанда ең көп батырлар да қазақстандықтар болады.

Ал қызыл империяның шовинистік саясаты салқынымен қаншама қазақ батырларының ерліктері әділ бағаланбай, “Кеңес Одағының Батыры” атағы берілмей қалды.

Тіпті, атақты генерал И.Панфиловтың өзі ұсынса да, осы ерлігі әлемге әйгілі бахадүр қолбасшымыз Бауыржан Момышұлының өзіне де бұл атақ соғыс кезінде берілмеді. Соғыстан кейін де қанша ұсынылса да, батыр ерлігі бағаланбады. Тек Кеңес Одағы тараудың алдында ғана, 1990 жылы зорға берілді. 

Ал Бауыржан Момышұлының өзі екі рет ұсынса да, майдандас серігі, батальон командирі Мұхамедқұл Исламқұловқа да “Кеңес Одағының батыры” атағы берілмей қалды. 

Мұхаметқұл Исламқұлов қан майданда ерлікпен қаза тапқанда Бауыржан Момышұлының жаны күйзеліп жазған “ЕР СЕРКЕСІ” атты толғауы сол соғыс кезінің өзінде “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланды.

Батырға кеш те болса оның ерлігіне лайықты «Халық қаһарманы» атағын беру жайында елдің бас газеті «Егемен Қазақстан», бастап, «Қазақ үні» қостап, қаншама басылымдар 25 жылдан бері қаншама жазғанымен, ол бастама өкінішке орай орындалмай келеді... 

Мектептің 6 сыныпқа арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығындағы Б.Момышұлының “Жауынгер тұлғасы” атты әңгімесі мен көптеген шығармалары Мұхамедқұл Исламқұловтың ерлігіне арналған. А.Бектің “Волокаламск тас жолы” атты атақты кітабы мен оншақты белгілі авторлардың кітаптарында батырдың аты аталады. Мұхамедқұл Исламқұловтың қан майдандағы қаһармандық ерлігіне даңқты генерал И.Панфиловтың, Мәлік Ғабдуллиннің, яғни Баукеңмен бірге үш бірдей атақты Кеңес Одағы Батырының жоғары бағалауынан артық қандай баға, қандай құжат, қандай куәлік керек???

Баукең 1963 жылғы хатында: "Мен М.Исламқұловтың ерлігі туралы ондаған қазақ және орыс тіліндегі еңбектерімде жариялап, оның әруағы алдында жеке моральдық парызымды орындадым." деп жазыпты.

Баукең Мұхаметқұл Исламқұлов алдындағы парызын орындағанын осыдан 62 жыл бұрын жариялады.

Ал біз қашан орындаймыз?

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да өтіп барады?!

МАЙДАНҒА АРНАЛҒАН МАРЖАН ӘНДЕР

Тағы бір айта кетеріміз, соғысқа арналған әндер жайында. 

Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған әйгілі “Жас қазақ” әні майданға арналған маржан әндердің басында тұр. 

...Қар жамылған кең дала

қанға бөгіп,

Гүрілдейді сұм аспан өлім төгіп.

Жас қазақ, 

Мұрттай ұшты уралап.-

деп шырқалатын, майданда туған бұл әсем әнді Төлегеннің майдандас серігі, белгілі композитор Рамазан Елебаев жазған.

Майданда туған ән деуіміздің себебі, ән авторы қан майданда қан кешіп, қаза тапқан ер Рамазан болса, әнді алғаш шырқап, елге жеткізген майданға концерт қоюға келген қазақтың әйгілі әншісі Жүсіпбек Елебеков еді. Ал сөзін де сол майдан даласын көзімен көріп, Жүсіпбекпен бірге отарбада елге қайтып келе жатқанда қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафин жазған.

“Жас қазақ” әні соғысқа қарсы зарлы да, қуатты, рух көтеретін асқақ ән.

Соғысқа қарсы әндер тақырыбын “Қазақстан” ұлттық арнасының “Апта” хабары жақсы көтеріп, үздік үлгі көрсетті.

Белгілі тележурналист Жайна Сламбектің хабар соңын:

“Фашизмді жеңген ел, “Тырналар” дейтін соғысқа қарсы әйгілі әні бар ел енді қайтып соғыс ашпайтындай көрінген еді…”-деп, майдан туралы әндер тақырыбын бүгінгі күннің шындығымен өкінішті әуенде қорытқаны өте орынды болды.

Біздің айтарымыз:

 “Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.”-деп жырлаған қазақ поэзиясының тарланы, марғасқа майдангер ақын Сырбай Мәуленовтың сыр мен мұңға толы, соғысқа қарсы гимнге айналған “Соғыстан қайтқан солдаттар” әні Ұлы Жеңіс күні қарсаңында барлық жерде шырқалуы керек деп ойлаймын. 1970 жылы экранға алғаш шыққан бұл керемет әнді жазған Батыс Қазақстан облысының әуесқой композиторы Темірбек Әбілхатиннің атын ешкім білмейді, жеткілікті насихаттау керек.

“Кестелі ақ жібек орамал,

Алыстан жолдаған сүйген жар.

Жауынгер жарым, сен есіңе ал',-

деп жазған оюлап хаты бар.”-деген қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың Асқар Лекеровтың сөзіне жазған “Кестелі орамал” атты кестелі әні де кеңінен шырқалуы керек.

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАҒАСЫ

Иә, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтудеміз. Ал бүгінде соғыс бітті ме?!

50 миллион адам құрбан болған екінші дүниежүзілік соғыста елі ең көп құрбан болған Кеңес Одағының мұрагері болып отырған көрші мемлекет 80 жыл бұрын қан майданда бір қатарда бірге жауға қарсы соғысқан туысқан елге енді өзі басқыншылық жасап, соғысып жатқанын көзіміз көріп отыр…

Демек, Жеңіс күнін атап өтудегі басты мақсат - бейбітшіліктің, бейбіт күннің бағасын білу!

Қанша миллиондаған халықтың құрбандығымен, қалың қайғы-қасіретпен келген Ұлы Жеңіс күні Отан үшін отқа түскен батырларымыз бен ел үшін құрбан болған ерлеріміздің рухына тағзым етеміз!

Өміріміз әрдайым бейбіт күннің шуағына бөленіп, Жеңісті де, жемісті бола бергей! 

Тәуелсіз Қазақ Елінің Көк Туы көкте мәңгі желбірей берсін!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні