ҚАҺАРЛЫ ҚАРУЛЫ ӘСКЕР - ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҚОРҒАНЫ

ҚАҺАРЛЫ ҚАРУЛЫ ӘСКЕР - ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Ел тарихында Мемлекет басшысы бірінші рет түгелге жуық Мемлекеттік тілде сөйледі!

Бүгінгі Қазақстанның Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери шеру керемет дүрілдеп өтті.

Отанымыздың бес қаруы сақадай сай сарбаздар сапы мен қаһарлы қару-жарақ техникаларын көріп, қайрат жинап, қуат алдық! 

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ел тарихындағы Ұлы Жеңістің зор маңызын атап көрсетіп, тарихымызды тереңнен тартып, Алтын Орда мен Қазақ хандығынан толғап, қаһармандарымыздың аттарын атап, бахадүр бабаларымыздың әруағын тербеп сөйлеген сөзі елге рух берді.

Ел тарихында Қазақ мемлекетінің басшысы мемлекеттік салтанатты ресми жиында бірінші рет түгелге жуық Мемлекеттік тілде сөйледі!

Бұл - Жеңіс күнгі ел қуанған ерекше сәтті - Қазақ тілінің де Жеңісті жолының басы болғай деп жақсылыққа жорыдық.

Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлемге үлкен сабақ болғанын атап өткен мемлекет басшысы:

– Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз,– деді.

«Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім. Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс», -деді.

Қазақстанның Қарулы күштерінің шеруі қазіргі заманғы қуатты қарулардың көрмесіндей болды! 

Әскерімізді қаруландыруда әлемдік технологияның ең соңғы заманауи жетістіктерімен қамтамасыз ету басты мақсатымыз болуы тиіс. 

“Өз әскерінен қаржы аяған өзге елдің әскерін асырайды” деген қағида бар. “Бейбітшілікті сақтағың келсе, соғысқа сақадай сай бол” деген қанатты сөзді де жақсы білеміз. Әлемде барлық ел үшін Азаттықтан артық бақыт жоқ! Ендеше, Тәуелсіздік қорғаны болардай айбынды армиядан аянар ешнәрсе болмауы керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге әскери шеруді елімізге ресми сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Лам тамашалады.

Парадқа Қазақстан Қарулы күштері құрамында және басқа да құрылымдарда қызмет ететін 4 мыңнан аса адам қатысты. Сондай-ақ 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшағы көрсетілді.

Бас алаңға 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың ішінде соғыс және тыл ардагерлері, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, еліміздің әр аймағынан келген делегаттар, әскери-патриоттық клубтардың жас сарбаздары бар.

Өміріміз бейбіт күннің шуағына бөленіп, Жеңісті де, жемісті бола бергей! 

Тәуелсіз Қазақ Елінің Көк Туы көкте мәңгі желбірей берсін!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні