БӘРІ ДЕ ЕЛДІКТІҢ МҮДДЕСІ ҮШІН
2025 ж. 04 мамыр
310
0

Таяуда Қарасай ауданынындағы «Айгөлек» балабақшасында Наурыз тойы аталып өтілді. 22 наурыздан бастау алған Ұлыстың ұлы мерекесі сәуір айы бойы бүкіл еліміздің түкпір-түкпірінде өз жалғасын табуда. Балалар үшін ауа-райының қолайлы, көктемнің ең бір шуақты күніне, яғни сәуір айының соңғы аптасына арнайы жоспарланған мейрам барынша сән-салтанатымен өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – бүлдіршіндерге «Наурыз» мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету және оны құрметтеуге тәрбиелеу. Наурыз мерекесі туралы түсінік бере отырып, мейрамды ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Қыдыр атаның ақ батасымен түрілген шара шымылдығы әжелердің шашуымен жалғасып жатты.
Осынау мерейлі мерекені «Айгөлек» балабақшасының директоры Айгүл Құмарқызы ашып:
– Құрметті біздің «Айгөлек» балабақшасының ұжымы мен ата-аналары және біздің кішкентай балапандарымыз. Бүгін біздің балабақшамызда ақ түйенің қарны жарылып, Әз Наурызды тойлағалы жатырмыз. Бүгінгі іс-шарамыз «Біртүстас тәрбие» бағдарламасы аясында өтікізіліп жатқан игі істеріміздің бірі екенін атап өткім келеді. Ұлы мерекеміз бізге ынтымақ пен бірлік әкелеріне сенемін. Өсіріп отырған бүгінгі бөбектеріміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барсақ, жол болсын, ағайын! Наурыз мерекесі құтты болсын! деп ақжарма тілегін білдірді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші әрбір бала өзінің ұстазына қарап бой түзейтіні белгілі. Осы ұстанымды ескерген «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Құмарқызы өзі тікелей бастамашы болып, өнерлі тәрбиешілердің басын біріктіріп, «Айгөлек» ансамбльін құрған болатын. Меңгерушінің өзі бастаған осынау өнер ұжымы мерекенің сәнін келтіріп, «Келіншек» күйін күмбірлете шертіп, ұлттық аспаптарымызда ойнай отырып, халық әндерін әуелете шырқады. Осылайша өнерлі педагогтардан құралған ансамбль көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара аясында «Айгөлек, «Ақжелкен» топтары – «Қазақ қызы», «Қазақтың қара баласы», «Күншуақ», «Өркен» топтары – «Бәйге», «Балбөбек», «Сұңқар» топтары – «Дружба народов», «Рауан» тобы – «Қош келдің, Төрлет Наурызым», «Балауса» тобы – «Асатаяқ», «Батырлар», «Еркем-ай» тобы – «Әз-Наурыз», «Балапан» тобы – «Қамажай», «Тұлпарым», «Қара жорға» – «Қуырмаш» тобы, «Андижан Хорезм» – «Ақбота» топтары өз өнерлерін ортаға салып. жиылған жұртшылықты сүйсінтті. Сонымен қатар, «Ақбұлақ» әнін Нұр-Ислам Асхатұлы («Балауса» тобы), «Наурыз келді» әнін «Көркем», «Еркемай» топтары, «Аспаптар» әнін «Балауса» тобы шырқап, көрерменді тәнті етті. Балаларды өнерге баулу жолында аянбай тер төккен музыка пәнінің мұғалімдері Татьяна Дроботова, Ғалия Календировалардың ерен еңбектерін атап өтсек артық болмас.
Балабақшадағы топтар арасында сайыс түрінде өткізілген іс-шара барысында ардагер ұстаз Қалияш Қарамұрзаева, мектепке дейінгі білім беру ісінің білікті маманы Гүлбану Ғазизовалар әділқазылық етті. Үш топ бірігіп, өнер көрсеткен бұл сайыста «Қуырмаш», «Балдәурен», «Күншуақ» топтары өзгелерден оқ бойы озық шығып, бас жүлдені жеңіп алды.
Осынау ауқымды шара аясында балабақша ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ою-өрнегімізбен айшықталған көрпешелер төселіп, балалар үшін арнайы ақ дастархан жайылды. Дастарханға ұлттық тағамдарымыз қойылып, балғындар арнайы әзірленген Наурыз көжеден дәм татты. Балабақша ауласында балапандар ұлттық ойындарымызды ойнап, мәре-сәре болды. Ұлттық рухы мықты ұрпақты тәрбиелеуді көздеген «Айгөлек» балабақшасы осылайша мейрам күні салт-дәстүрімізді дәріптеді. Осы орайда игі шараның түсірілімін сапалы түрде жасаған Айдос Сүлейменқұловқа айтар алғысымыз шексіз.
Осы күні іс-шара ұйымдастырушылары да, қонақтары да ұлттық киім киіп, мерекенің ажарын аша түсті.
Балаларға ұлттық тәрбие беру жолындағы жүйелі жұмыстар «Айгөлек» балабақшасында бұдан әрі де өз жалғасын таба бермек.
Арай ҚҰЛБЕКОВА,
«Айгөлек» балабақшасының әдіскері