СОЛДАТ КҮНДЕЛІГІ

СОЛДАТ КҮНДЕЛІГІ

1940 жылы әскерге алынып, алдымен Финн соғысына, кейін ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан солдат Мұхтаров Қайыржан 1914 жылы дүниеге келген. Туған жері – Қазақстан, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қараой ауылы.

Қайыржан жастайынан зерек болып, есепке жүйрік болғандықтан, кейін математика мұғалімі атанды. Оқуының ұзаққа созылуына байланысты әскерге кеш барса да, соғыстың басынан аяғына дейін жүріп өтті. Өзінің математикалық қабілеті мен дәл есептеулерге бейімділігінің арқасында ұшақтарды атып түсірумен айналысқан. Ерлігі үшін Даңқ орденінің иегері атанған.

Соғыстан кейін туған ауылына оралып, өмірін білім саласына арнады. 1946 жылы үйленіп, 4 қыз, 1 ұл сүйді. 1998 жылы сексен төрт жасында дүниеден өтті. Төменде қарт сарбаздың күнделігінен үзінді ұсынылып отыр.


   ***   

21.06.1941 ж. күні кешкі тамақтан кейін 15 адамды асханаға картошка тазартуға жіберді. Соның бірі мен едім. Картошканы ертеңгі сағат 5-те тазартып болдық. Осы түні қабағымызды қаққанымыз жоқ. Сағат алтыда ертеңгі тамақты біздер (жұмысшылар) ішіп бола бергенімізде старшина велосипедпен келіп, бізді тревога арқылы көтеріп алып кетті. Казармаға келсек жүгіріп барлық адамдар соғыс басталды деп паркке кетіп қалған екен. Біз де керек заттарымызды тез алып, паркке келсек трактор пушканы тартып шығып жатыр екен. Осы уақытта ауада біздің истребительдер көріне бастады. Сағат 7-де ОП занимать еттік. Осыдан кейін орудия мен прибордың астына окоп қаздық. Қазып болғаннан кейін маскировка жасадық. Бұл орнымыз Минскден 5 км жер болатын. Сағат 1-дің шамасында 3 партия немістің қарақұсы (самолеті) Минск қаласын бомбалай бастады. Минск қаласын қорғап тұрған зенитный полк бірнеше немістің жыртқыш қарақұсын атып түсірді. Минск қаласы жана бастады. 3 аэродромды бомбить ете бастады. Сағат 4-5-терде немістің самолеттері тылға қарап ұша бастады. Осы күні 1-ші боевое крещение алдық. Самолетті атып жыға алмадық. Осы күні түнде орманның ішінде көп атыстар болды. Паника көтерілді. Қалада да, және әскер арасында да.

Келесі күні қала халқы қаланы тастап қаша бастады. Кішкене жас балаларды жетектеп әйел-еркектер құр қол, ешнәрсе алмай тылға қарап асығып-аптығып, үздіксіз кетіп жатты. 3-күні қаланы милициялар да тастап қаша бастады. Минск қаласы үздіксіз жанып жатыр.

Дивизия 3-күні немецтердің танкісі мен пехотасын кездестірді – Личисанский городок. Қатты соғыстар болды. Екі жақтан да көп шығындар болды.

***

10.07.1941 ж. күні Днепрден өттік.

11.07.1941 ж. күні ертеңгі сағат 6-да 27 немістің 10-87 деген самолеті 30 минут біздің батареяны бомбить етті. Және пулемет, пушкамен атты біздерді. 1 адамды өлтірді, 6 адамды жаралады. Осы екінші боевое крещение.

Осы күні сағат 1-де аудандық қала Горькийге келіп түстік. Осы қалада почта жұмыс жасайды екен. Біздер отыра қалып елге, таныс жолдастарымызға әрбіреуіміз бірнешеуден хат жаздық. Жиналған хаттарды қыздарға беріп, өзіміз жуына бастадық. Халықтың сұрақтарына жауап беріп жатты. 2 сағаттай тұрғаннан кейін орындарыңызға деген команда болды. Қозғалып кеттік. Қаладан шықпай-ақ халық арасында және әскер арасында тағы да паника көтеріле бастады. Немецтердің самолеті ұшып, жолды бөгеді. Машина, техникалар жол үстінде өртеніп, жанып жатты. Жаралы, өлген адамдарды көріп жаттық. Приказ бойынша Елец қаласын басып өтіп, орманның ішіне кіріп тоқтадық. Елец қаласынан 20-30 км жер болатын. 20 күндей осы орманның ішінде формариваться еттік. Содан кейін қайтадан соғысқа кірістік. Немецтер осы бағытта күні-түні үздіксіз наступать етіп, біздерді қорқытып тұрды. Москваны қалайда болса аламыз деп ойлады. Күні-түні екі жақтан да бірдей орудияның гуілі үздіксіз болып тұрды. Біздер екі рет арт.налет (артиллерия атысының) астында болдық. 10.08.1941 ж. күні 15 немістің самолеті батареяға бомба тастады. Біздер оларды аттық. 1 самолетті жықтық. 2 адам жаралы болды. 3 адам контузия алды. Жолдасым Ходан Еркебаев дегеннің шинелін, рациясын бомба жерге тығып жіберді. Немецтердің самолеті күндіз-түні топ-тобымен ұшып жүрді. Біздің самолетіміз аз болды. Бір күннің ішінде 3 самолет жықтық. Генерал приказ берді: күн сайын 3 самолеттен кем жықпауларыңыз керек деп. Осы жерде – Елец қаласында 20 күндей қатты соғыстан кейін немецтің күшін азайтып, біздің армейская группировка Елец қаласынан немецтерді қуып шыға бастады. Немецтер бірінші рет қызылдардан соққы көріп, кейін шегінді. 20 км-дей Елец қаласынан шегініп кеткеннен кейін біздің дивизияны басқа участкіге жіберді.

Павлово деген станцияда погрузка болды. Аман-есен бірнеше күн жол жүріп, Лебеден қаласына келіп түстік. Осы қала Сум облысына қарайды екен. Осы қалада 1 күн тұрғаннан кейін 60 км жердегі соғысқа-фронтқа жүріп кеттік. Лебеден қаласында тұрғанда Сталиннің біздің дивизияға және екі дивизияға бірінші рет советская гвардия атағын берген ПРИКАЗЫН (1941 ж. 18/ІХ. Күні жарыққа шыққан) оқыды. 100-ші Ленин ордені атағындағы дивизия – 1-гв.О.Л.С.Д. атағына ауды.

   ***  

26.10.41 ж. Күні кешкі қараңғылықпен орнымыздан тұрып, қалай қарай жүреміз деп ақылдастық. Жауын үздіксіз жауып тұр. Бағытжанның жанында компас бар екен соны алып, Шығысқа қарай жол тартып отырдық. Түн ішінде көрінген қарадан қорқып, батпақтап аз жүрген шығармыз деймін. Таң атқасын ойға келіп, саломды жағып жылына бастадық. Отты сөндіріп жүрейік деп тұрғанымызда біздің солдат тап болды. Олар да біз сияқты адамдар көрінеді. 4-еу болып деревня іздеп жүріп кеттік. Көп кешікпей деревняға жақындап келдік. Жауын әлі жауып тұр. Кім барады разведкаға деп ақылдастық. Алыстан көріп тұрмыз, немецтердің арбалары үйлердің қасында тұр. 4-еуміз бірге тәуекел деп шеткі үйге кірдік.

 ***  

1.01.1942 ж. Күні немецтер наступать етіп, бізді көп жерге шегіндіріп жіберді. Біздер хут. Трудомераевода тұр едік. Әскер паникаға түсіп, өз беттерімен қаша бастады. Осы күні бізге қаралы күн болды.

Апрель айының ішінде Воронеж еңбекшілерінің жіберген 4 зенитная пушкасын алдық. Әуелгі уақытта ешкім де пушканы пайдалануды білмеді. Көп қиыншылықтарға түстік.

 ***  

26.04.1942 ж күні осы бағыттан бізді алып, станцияға әкеліп, поезға тиеп, Воронежге қарай жөнелтіп жіберді. Воронежге жетпей бізді басқа жаққа бұрып жіберді. Н. станциясына келіп түстік. Екі айдай Сталинградқа келіп жеткенде, бізді фронтқа айдап жіберді. Елец қаласына қарап наступать етіп келе жатқан немецтерді тоқтаттық. Станция Тербунда 3 айдай оборонада тұрдық. Осы оборонада тұрғанда біздің 5-ая ГОЗАБ немістің 1 разведчик самолетінің құйрығын атып түсірді. Командир орудия мен бір наводчикті наградит етті.

 ***  

Бір күні жол үстінде басқа участокқа қарай келе жатқанымызда немецтің разведчик самолеті корпуске жол бермеді.

Біздің батарея жол үстінде тоқтап, 2 разведчикті атып жықты. Осы үшін мені «За отвагу» медалімен наградить етті.

1943 жылдың февраль айының аяғында батареяны 120 ГОЗАД етті. Осы уақыттан бастап командир орудиямын.

1943 жылдың март айының аяғында біздің корпусты фронттан алып, Сватово ауданындағы Преображенская деревнясына әкеліп, демалысқа қойды. Біздің дивизионды жаңа 1-бригадаға Чугуевка фронтқа жіберді. Біздер осы жерде немецтерді тоқтатып, Северный Донецтен өткізбедік.

27 апрель күні приказ бойынша Преображенская деревнясына қайтып келдік. Чугуевкада 2 самолетті атып құлаттық.

 ... ... ...

Австрияның орталық қаласы Венаға шейін біздің 4-батарея 3 немецтің самолетін жықты. Оның біреуін мен атып жықтым. Осы менің расчетымнан 3 адамды наградить етті. Орден славы ІІІ-степени. Менің расчетым осы уақытта орденоносный расчет болды. Қысқы және жазғы наступлениеде 2 самолет, 1 взвод пехотаны жоқ еткенім үшін мені де «Орден славы ІІІ-степени» орденімен наградить етті.

7 апрельден 13 апрельге шейін Венада көше соғысына қатыстым. 13 апрель күні Австрияның орталық қаласы Венаны немецтерден босаттық.

Венаны алғаннан кейін корпус соғыстан шығып, Венада 3 күндей тұрғаннан кейін корпусты Венер-Нойншадтан 18 км жердегі өндіріс қаласы Терницаға келіп тоқтадық. Соғыс біткенге шейін осы жерде заниматься етіп жаттық. Соғыс біткен күні үлкен той қылдық.

10 май күні жоғарғы дәрежелі білімі бар рядовой және сержанттарды штаб фронта талап етті. Біздің полктан 5 адам шықты. Біздер штаб корпуске келіп, 50 адамды 3 машинамен штаб фронтқа жөнелтіп жібердң. Штаб фронт кейбіреулерін жұмысқа, курсқа, офицерский полкқа 500 адам келді. 20 күндей заниматься еттік. Содан кейін 500 адамды 200-запасной офицерский полкқа жіберді. Америка әскерінің босатқан біздің военноплендерді жаяу Румынияға жеткізу үшін 200-запасной офицерский полкты жіберді.

27-июнь күні жолға шықтық. 7000-нан астам адамды Румынияға қарай алып келеміз. Бірінші күні Эзенштадтан шығып Венгрияның шекарасына келдік. Венгрияның шекаралық қаласы Шапорон деген қаланы басып өттік. 5 күн жол жүріп Венгрияның Шехешфекербар деген қаласының қасына келіп, 2 күн жол жүргеннен кейін Транселванияның тауын кездестірдік. Таулардың арасындағы жолмен 23 күн жүріп (10.08.1945) Брашов деген қаланың оңтүстік жағынан 15 км жерде тұрдық.

Мен осы ай жарым жол үстінде батальон старшинасының жәрдемшісі болып жұмыс жасадым. Көпшілігінде көлік үстінде аяқ суытып келдім. 3-4 күн жол жүргеннен кейін 1-2 күн демалыс беріп отырды.

 ***  

1945 жылдың 28 октябрінде Румыния қаласынан товарный поезға мініп, елге тарттық.

Маршрут: Галац – Бендерый – Биссоравка – Ренн – Раздельный – Косторный – Первомайск – Кироград – Знаменька – Кременчук – Полтава – Харьков – Купянск – Волуйка – Александрия – Лиский – Проворный – Саратов – Уральск – Илецк – Актюбинск.

Осыдан кейін 1945 жылдың 10 ноябрь күні Ойылға жеттім.

Үйге 13 ноябрьде келдім. 1945 жыл.

Әзірлеген Аршат ОРАЗ