АТАМ – ҮЛКЕН ДОСЫМ ЕДІ
2025 ж. 04 мамыр
230
0

Жер бетінде ел басына күн туып, қатер төнген кезде қолына қару алып, елі мен жерін жаудан қорғаған, ел берекесі кіріп, бейбіт заманға аяқ басқанда қара қаруын қарымды қаламға айырбастап, еңбек пен ерлікті, махаббат пен достықты жырлаған бірден-бір жан болса, бұл – Әзілхан Нұршайықов.
Мен оның ең кіші немересі – Әлия Нұршайықовамын. Алматы қаласындағы №12 қазақ тілді көпсалалы гимназияны бітірген соң, ҚМЭБИ-де халықаралық журналист және РК-мамандығын бітіріп шықтым. Мамандық таңдауда оның жолын қуғанымды естіген атам аса қатты қуанды, себебі, оған дейін мен көркемөнер саласына түспекші болып жүргенмін. Осы мамандықты таңдағаным үшін тарту ретінде атам оқу төлемақысының басым бөлігін өзі төлеп берді, сол арқылы менің болашағыма даңғыл жол ашты десем де болады. Сол үшін де мен атама мәңгілік қарыздармын. Атам мен үшін қашан да ең жақын, ең сүйікті жан, әрі ер тұлға болып қала береді.
Атам әжем Халима Ұзбақанованы сұрапыл да отты соғыс жылдарында кездестіреді. Соғысқа аттанғанында әжем небары он алты жаста екен. Кейіннен оны Мәскеуге жұмысқа жібереді, атам мен әжем екі жыл бойы үзбей хат жазысып тұрады да, соғыстан соң бірден бас қосып, шаңырақ көтереді. Әжем атамды қашан да шабыттандырып, қолдап отыратын. Әлі есімде, елде компьютер сияқты техника әлі таралмаған тоқсаныншы жылдардың ортасы болса керек, әжем үнемі атамның жазған шығармаларын теріп, редакциялап, түзетуіне көмектесіп отыратын.
Сол кезде мен де олардың қастарына барып отыра қалып, айтқан нәрселерінің барлығын қағазға өз білгенімше тізіп алуға тырысатынмын. Сонда атам марқұм менің жазу-сызуларыма қарап, күлуші еді. Ол кезде мен алты-жеті жаста едім. Сөйтсем, атам сол «жазбаларымды» ұқыптап жинап жүріпті ғой. Есейген шағымда атам кабинетіне шақырып алып, сол шимай-шатпағымды өзіме көрсетті. Папканың мұқабасына әпкем Алма: «Әзілхан Нұршайықовтың немересі – Әлия Нұршайықованың салған суреттері мен жазбалары» деп жазып қойыпты. Папка ол кезде тым жұқа еді, онда түрлі мерекелерде атам мен әжеме арнап салған суреттерім мен «алғашқы жазбаларым» ғана болатын. Қазір қомақты бумаға айналған бұл папка атамның мұрағатында маңызды орын алады.
Әжемнің айтуынша, атам өз балаларының есімдерін өзі ойлап тауып, қойылғанын қалады: «Нұр», «Жан», «Ар» ұғымдарын басты етіп таңдап алыпты. Содан атамның дүниеге келген сәбилері Жанар, Жаннат, Арнұр және Жаннұр есімдерін иеленген екен (ол кездері Жанар деген есім өте сирек кездесетін еді). Қазақ есімдерінің анықтамаларын парақтап көрген жан кейбір есімдерді Әзілхан Нұршайықов ойлап тапқан деген сілтемені ұшырастырған да болар. Әзілхан атамның артынан ерген ұрпақтың мектепте, университетте білім алуы басқа балалармен салыстырғанда ерекше болды. Себебі, барлық ұстаздар біздің Әзілхан Нұршайықов сынды өнегелі де өрелі жазушының ұрпақтары екенімізді білуші еді. Сол кезде мен: «Иә, менің атам – Әзілхан Нұршайықов» дегенді кеудемді кере, зор мақтанышпен жеткізуші едім. Ұстаздарым кезінде «Махаббат, қызық мол жылдарды» партаның астына тығып, жасырып оқығандықтарын, тіпті, кітапты оқып біткен соң да шығарманың шырайлылығына шөліркеп, қайта бастап оқып шығатындықтарын еске алып айтушы еді.
Мен қазақ тілі пәнін ерекше жақсы көрдім, себебі, оқулықтың беттерінде атамның шығармаларынан алынған үзінділер жиі ұшырасатын. Сол сәтте кітаптың бетіне ашқыш сала қойып, сабақтан шыққан соң бірден атам мен әжемнің үйіне қарай тартатынмын. Бара сала, оларға оқулықтарымызда атамның айтқан сөздері бар екендігін мақтанышпен көрсететінмін, олар болса, жымиып қана қоятын.
Жауға жығылмаған Жауынгер
Атамның көкөрім бозбала шағы 1941-1945 жылдардағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келгендіктен, жалынды жастығын сол сұрапыл жылдар нәубетіне құрбан еткен жан десек те болар. 100-ші қазақ атқыштар бригадасында қызмет етіп, Калинин, екінші Балтық маңы, 1-ші және 2-ші Белорусь майдандарына қатысқан. Соғыс жылдарында майдангерлер жырларымен жандарына жылылық пен жауға қарсы тұрар күш-қайрат дарытқан ұлы ақын Жамбылға деген өздерінің ыстық ықыластарын атамның өлеңімен білдіруді жөн санап, оны жергілікті газеттердің біріне жариялайды. Арада біраз уақыт өткен соң Жамбыл бабамыз оларға жауап-хат жібереді екен. Қазақ солдаттары үшін бұл теңдессіз ең үлкен сыйлық еді. Атам бұл оқиға жайында өзінің «Жамбылға хат» атты шағын шығармасында баяндайды.
Атамның кабинетінде соғысқа қатысты жәдігерлер әлі күнге дейін сақғалған, түрлі оқтарды, әскери зеңбірегінің макеттерін мен әлі күнге дейін қызыға тамашалаймын. Бірде, мен білім алатын мектептің оқушыларымен кездесуге келгенінде, ол қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың бригадасымен қатар қалай соғысқанын, сол қайсар қазақ қызы ажал тырнағына іліккен жерде қандай сұрапыл күндерді бастан кешкендерін әңгімелеп берген еді. Атамның мұрағатында соғысқа қатысқан әрбір елдің, әрбір жердің топырағы салынған қапшықтары болатын. Сол жолы ол бізге Мәншүк апамыз қайтыс болған жердің топырағын әкеліп көрсеткен еді.
Әрбір нәрсені бабына келтіріп, әдемілеп айту, майын тамыза әңгімелеу – атамның тұла бойына біткен дара қасиеті болатын. Қандай ортада болсын, атам тыңдаушыларын тарта білетін, әңгімелерімен әсерлендіре алатын шыңдалған шешендігімен көзге түсетін. Ол аса қарапайым, кеңпейіл, ақжарқын жан еді, қолтаңбасын қалдыруға келгенде ешкімнің көңілін қайтармаушы еді. Қыздар педагогикалық институтының студент қыздары атама «Махаббат Президенті» деген лақап ат қойып та үлгерген болатын, атам бұл «есімін» аса мақтан тұтатын.
Бірде отбасымызбен саяжайға демалуға бардық. Сонда Әзілхан атам соғыс жылдарында басынан өткен бір оқиғаны әңгімелеп берді. Соғыс өрті қызып тұрған тұста оган 76-шы дивизялық зеңбіректің бас командирі ретінде зеңбіректі өрге көтеру туралы бұйрық беріледі. Отряд құрамында он шақты жауынгер болды. Қанды шайқас толассыз жүріп, жау оғы төпелей жауып жатқан жазықпен екі тонналық зеңбіректі алып өтіп, айналаны еркін шолуға мүмкіндік беретін төбешікке шығару қажет болды. Бұл тапсырманың қиындығы – зеңбіректің тепе-теңдігін сақтап жүру үшін жауынгерлердің біріне оның оқпанына отыру керек еді. Сонда менің атам еш жүрексінбестен бұл міндетті өз мойнына алған екен. Зеңбіректі көтере бергенде жауынгерлердің жанына түскен граната жарылып, атам жарылыстың екпінімен ұшып түседі. Есін жиған соң, жойқын жарылыстан жаны аман қалған жауынгерлерін түгендемекке орнынан көтерілгенінде, өзінен басқа тек бір ғана солдаттың аман қалғанын көреді. Бірақ, ол жауынгер мәңгілік зағип болып қалыпты. Біз сол жауынгердің отбасымен әлі күнге дейін жақын туыстардай аралас-құраласпыз.
Соғысты көрген Студент
Сұм соғыстың кесірінен әкесіз, ағасыз, туған-туыссыз қалған атам туған ауылына барудан бас тартып, Алматыға келеді. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп шығады. Сол жылдары ҚазМУ-де қазақтың асқар жазушысы, ғалымы Мұхтар Әуезов дәріс беріп жүрген еді. Мұхтар Әуезов кезекті дәрісін оқып біткеннен кейін студент Әзілхан Нұршайықов оған таяп келіп, оның «Абай жолы» романының сүйікті шығармасына айналғанын жеткізеді де, қалтасынан әбден мыж-мыжы шыққан романды алып шығып, ұстазына ұсынады. Ұлы ұстаз сонда мыжымдалған кітапты иіскеп, «кітаптан оқ иісі шығады» деген екен. Бұл сыйлық Мұхтар Омарханұлына ерекше ұнапты.
Кітапты атам бүкіл соғыс бойында қойнынан еш тастамай, қайда барса да алып жүрген екен, жауға қарсы күресте жолдас жауынгерлерімен бірге оқып, жандарына жылу, бойларына күш-куат алған екен. Ол кездері атам өлең-жырлар жазуға аса әуестеніп, өзінің ой-толғамын кішкене қойын кітапшасына түртіп жүретін әдеті де болыпты. Қазір үйде атамның көптеген фотосуреттері, кассеталары, кездесулердегі бейнежазбалары мен күнделіктері сақталған. Күнделіктерінің өзі қомақты дүние, атамның әрқайсысы екі жүз-үш жүз беттен тұратын жүз елудей күнделігі бар.
Жазуға жүйрік Журналист
Әзілхан Нұршайықов «Қазақ пионері», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде еңбек еткен. 1953-1956 жылдар аралығында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1963-1965 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Кейіннен Қазақ совет энциклопедиясының редакциясында Тіл, әдебиет және фольклор редакциясын бес жыл бойы басқарады. Осы уақыт аралығында ол жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жазып, жариялаған. Бұл тұрғыдан алғанда, атамның жақындарына жасаған ықпалы аса зор болды десем, артық айтқандығым емес. Себебі, менің тәтем Жанар, әкем Арнұр, үлкен апаларым Сабина, Дина, Алма және ағам Сәкен аталмыш мамандыққа қандай да бір қатысы бар жандар.
Қаламы қарымды Қаламгер
«Махаббат, қызық мол жылдар» – кезінде қалың оқырманның тұмарындай, сүйікті шығармасы болған кітап бүгінгі күннің балғын оқырманын да бей-жай қалдырмайды. Роман 1970 жылы алғаш рет басылып шықты. Содан бері өткен жарты ғасыр ішіне оннан аса қайтадан басылып шығарылған.
Әзілхан атам кез келген сөзінде, кез келген жазбасында өз ойларын көркем жеткізе алатын қасиетке ие ерекше жан болатын. Халқы оның шығармаларын сүйіне де сүйсіне оқитын. Оның өмірі мен шығармашылығы жайлы деректерге қызығушылық білдіретіндер де аз болған жоқ. Үйге күніне бірнеше ондаған оқырмандары қоңырау шалып, енді бір шоғыры қонаққа келетін. Атама сәлем беру үшін басқа қалалардан ат арытып жететін оқырмандар көп еді, солардың бәрін ол құшағын жая қарсы алатын. Әрбір қонақ атамның кітабына қолы қалай түскені жөнінде жыр етіп айтып беретін, Халима әжеміздің күрең шайын ішіп, атамның қолтаңбасын алып бір-ақ аттанушы еді.
Атам көптеген еңселі еңбектер жазды, оның шығармаларында Қазақ халқының XX ғасырдағы тарихының келелі кезеңдері сипатталды. Атамның қазақтың қаскеуде батыры Бауыржан Момышұлының ғұмырынан алынған «Ақиқат пен аңыз», Ербол мен Меңтайдың кіршіксіз сезімдерінің сырларын суреттейтін «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты аса танымал шығармалары сол жылдардағы әдебиетсүйер қауымның, жастардың сүйікті кітаптарына айналған-ды. Ал өзінің алғашқы да шынайы махаббатына арналған менің сүйікті шығармам «Халиманы» әжем қайтыс болғаннан кейін, атам екі жыл бойы күні-түні қажымай-талмай отырып жазып шыққаны әлі есімде. Бұл шығарманың үзіндісі қазір ғаламторда да бар.
Еңбегі еленген Ер Тұлға
Атамның мадақ-марапаттары өте көп. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін ол үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін алса, одан кейін «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» төсбелгілерімен марапаттталған. Үкіметіміз оның кеудесіне «Парасат», «Ерен еңбегі үшін» ордендерін тақты. Ең бастысы, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосқан тендессіз үлесі ескеріліп, атам Қазақстанның Халық жазушысы атағын иеленді. Әрі Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың, сондай-ақ Абай атындағы сыйлықтың лауреаты. Өзінің өнегелі ғұмырындағы ең соңғы марапаты, иеленген ең елеулі сыйы – «Отан» орденін атамның төсіне Елбасымыз қадаған еді.
Қамқоршы Әке, Ақылшы Ата
Атам өзін шақырған жерлерден, көшелі кездесулер мен ақжарқын әңгімелесулерден ешқашан бас тартқан емес. Тіпті, бір күннің ішінде бірнеше жерге барып үлгеруші еді. Әр ретте өзінің көрген-білгені мен көңілге түйгенін әңгімелеп айтып беруден жалықпайтын.
Спортты жаны сүйді. Тура сағат таңғы алтыда тұрып, Шевченко көшесіндегі «Динамо» стадионына жүгіруге шығатын. Таңғы тұнық ауаның әсерінен қуат ала ма, үйге сергек, көңілді әрі шалқар шабыт жетегінде оралатын. Елімізде өткен «Азиада» ойындары кезінде сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атамнан Азиаданың алауын басқа да қазақстандық өнер жұлдыздарымен бірге қарсы алып, жүгіріп алып жүру шарасына қатысуын өтінгенде, атам бірден келісті. Торқалы тоқсанға аяқ басқанына қарамастан, атам сол кезде алауды қала ішімен алып өтіп, Семейдің орталық алаңында жағып, Азиаданың Шығыс Қазақстандағы ашылу салтанатына өз үлесін қосты. Сонда біз атамызға сүйсіне көз тігіп тұрдық, атам түр-келбеті алпыстың асқарына енді жеткендей, өз жасынан әлдеқайда жасырақ көрінуші еді.
Әзілхан атам қалың қауым ардақтап, қадір тұтатын, көпшілікті өзіне үйіре алатын, көпке үлгі бола білетін асыл жан еді. Жұртына, Отанына сіңірген ерең еңбектерінен бөлек, біздің отбасымыз оны қасиетті қара шаңырағында үлкенге – ізетті іні, кішіге – ұлағатты аға, қосағына – сүйікті жар, ұрпағына – қамқоршы әке, ақылшы ата бола білгені үшін зор құрмет тұтамыз. Ал менің жадымда атам бала жастан жаныма – жалау, өміріме – сүйеніш бола білген, азаматтық тұлға ретінде қалыптасуыма зор ықпалын тигізген Үлкен Дос болып қала береді.
Әлия НҰРШАЙЫҚОВА
АСЫЛДАРЫМ – АТА-ӘЖЕМ
Менің нағашы атам, көрнекті тарихшы Керейхан Аманжолов қайтыс болған кезде, әріптестерімнің бірі көңіл білдіріп, мынадай сөз айтқаны есімде: «Ата мен әжесін соңғы сапарға шығарған немерелер өздерін балалық шақпен мәңгілікке қоштасқандай сезінеді». Расында да, ата-әжеден айырылған ауыр екен. Тағдырға көнсең де, жанға терең батып кететін орны толмас қаза. Қимайсың. Себебі, өзіңді шексіз, жаны қалмай сүйген жақын адамдарыңмен қош айтысуың керек. Арадағы байланыстың үзілгеніне сенгің келмейді. Бұл сенің өмірдегі ең сүйікті жандар еді ғой. Балалық шағыңды бақытқа толтырған ата-әжең ғой бұл. Сондықтан көпке дейін қош айта алмай, қайғырумен жүреді екенсің...
Ата-әже мен немере арасындағы махаббат ең күшті, ең берік болып келеді. Олардың немереге деген сүйіспеншілігі кішкентайдың бүкіл өне-бойын жаулап, бақытқа бөлейді. Көптеген елде ата-әжелердің жас буынның өміріне араласпай, тәрбие ісінде айтарлықтай рөл атқармай жүргені маған түсініксіз жайт. Неткен бақытсыз адамдар!
Ата-әжелер немерелерін балаларынан да қатты сүйеді деген пікір бар. Әзілхан атамыз бен Халима әжеміздің бізді ата-анамыздан екі есе мейірім ықыласын төккеніне күмән келтірмеймін. Тіпті, әке-шешелеріміз өз ата-анасын бізден қызғанатындай көрінетін маған. Сол себепті бізге көп ұрысатын шығар деп ойлайтынмын. Ұрысқандарының себебі қызғанудан емес, тәрбиелеу мақсатында екенін қазір, әрине, түсінемін. Атам мен әжем өмірден өтсе де, олардың сыйлаған жылы сезімдері жүрегімізге қазірдің өзінде жылу беріп тұрғандай. Біздің міндетіміз – осы ыстық ссзімді әрмен қарай келесі ұрпаққа жеткізіп, балаларға Әзілхан ата мен Халима әженің қандай адам болғандарын айтып беру. Олай болса, ата-әжеміз қандай еді деген заңды сауал туады.
Мен ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Олар маған оқу жағынан көмектесетін. Менің әпкем Сәбина мен бауырым Сәкен де Ата мен Әже тұрған үйге жақын орналасқан мектепке барып жүргендіктен, үйге жиі келіп қонып қалатын. Туған сіңілім Алма да осы үйге үнемі келіп тұрушы еді. Кейін Арнұр ағамыздың қызы Әлия дүниеге келіп, қара шаңырақтағы қылығы тәтті қара домалақтардың саны көбейді.
Күнделікті өміріміздегі басты тұлға ол, әрине, Әже еді. Үй жұмысының бәрін арқалап, немере бағып, үйдегілердің бәріне –
оның ішінде ең алдымен Әзілхан атамызға күтім жасаған осы әжем. Ол ерте тұрып, ең алдымен Атама таңертеңгілік ас дайындайтын. Бұл Атамның әлі төсегінен тұрмай, ең алғашқы ойларын блокнотына қарындашпен түртіп жатқан кезі еді. Ас ішіп болғаннан кейін Атам әрқайсымызды басымыздан иіскеп, өзінің ерекше әдісімен сүюді ұмытпай (бетімізден бір-бір сүйіп, кейін маңдайдан сүйетін), өз кабинетіне жұмыс істеуге кететін. Әже «айналайын сол», «балапаным сол» дегенді аузынан тастамай, бізді мектепке дайындауға кірісетін: шашымызды өретін, портфельдеріміздің дұрыс жиналғанын қадағалайтын, аяқ киімімізді сүртетін. Содан кейін біз әрқайсымыз өз мектебімізге қарай бет аламыз. Мектептен кейін үйге оралғанымызда, дастархан басында отбасымыз түгелімен жиналып отырушы еді. Барлығы он үш-он төрт адам. Күнде ата-аналарымыздың бәрі жұмыстан түскі асқа келіп, соңынан біздер, немерелері мектептен келіп бас қосатынбыз. Атамызға келген жора-жолдасы, әріптестері, жұмыс бабымен келген басқа адамдар да дәмді астан ауыз тимей қайтпайтын. Кешкісін, әсіресе, қысты күні, түстегідей көп адам келмесе де, Әжеміз жаңадан тағам дайындап, бәрімізді қуантуға тырысатын. Атамызға келгенде ол тіптен түгін аямайтын. Бөлек ас даярлайды. Атаның жеген наны, майы, балы да бөлек еді. Жеген тағамы бізді қызықтырып тұрғанын байқаса, Ата жартысын қалдырып, біздерге тең етіп бөліп беретін. Неткен дәмді тағам еді ол! Ол кезде Атаның жүрегі әлсіз болатын, сондықтан кешкі астан соң Әже Атаның алдына ішетін дәрілерін тізіп қойып, екеуі қайсысын қаншадан ішу керек екенін анықтауға кірісіп кетеді. Содан кейін қайта дастархан басына отырып, шай ішіп, шамалы әңгіме-дүкен құрады. Көбіне бұл Атаның жұмысына қатысты шағын диалогтар. Көңілдері көтеріңкі болғанда, екеуі өзара қалжыңдасып отыратын.
Атам өз басынан өткізген түрлі оқиғалар туралы айтуды ұнататын. Алайда, немерелерінің бәрі бірдей қазақша түсінбегендіктен, орысша айтуына тура келеді. Әйтсе де, орысшаға тілі қазақшадай келмегендіктен, айтқан әңгімелерінің мән-мағынасын ойдағыдай толық түсінбейтінбіз. Мысалы, бір күні бала кезінде оны ит қауып алып, ол шошынғаннан жайдақ суға кұлап түсіп, ұзақ уақыт бойы жылап қалғанын айтып берген. Бұл оқиғадан кейін денесінде ит тісінің ізі де қалыпты. Атамды қатты аяп кетсем де, оның бұл оқиға туралы неліктен күліп әңгімелегенін түсіне алмадым. Қатты жылаған кішкене балаға неліктен ешкім көмекке келмегені де маған түсініксіз еді. Сол себепті, Атамның балалық шағы ауыр болған шығар деп ішімнен түйіндедім де, ар жағын қазбаламадым.
Атам соғыс жайында ешқашан тіс жармайтын. Біз болсақ, ол туралы сұрауды ыңғайсыз деп санадық. Атамыздың соғыста өте көп қиыншылық көргенін, көптеген жақсы жолдастарынан айырылғанын ата-аналарымыздан еститінбіз. Түнде көрген жаман түстен айқайменен оянып кететін сәттері де болғанынан хабардармыз...
Кешкі астан кейін Әже мен Ата қол ұстасып, серуенге шығатын. Кейде қала көшелерін аралайтын, кейде үйдің қасындағы стадионға кететін. Бұл Атамның денсаулығына жақсы әсерін тигізеді деп Әжем күнде ұзақ серуендеуін әдетке айналдырған. Жалпы, Атамның денсаулығына Әже ерекше көңіл бөлді. Күнделікті жаттығып, дер кезінде тамағын ішіп, уақытылы демалуын қатал бақылап отырушы еді. Өз денсаулығынан гөрі Атамның денсаулығына анағұрлым көп мән беретін. Өзі ауырып жүрсе де, білдірмейді. Денсаулығым сыр беріп жүр деп ешкімге айтпайтын. Тек тіптен болмай жатқанда ғана Сәбина апайымды ақырын ғана шақырып алып, танометрмен қан қысымын өлшеп беруін сұрайды. Ондай кездері қан қысымы 200/110-нан асып кететін. Бірақ оны білгеннен кейін де, дем аламын деп ешқашан төсекке жатпайды. Дәрі ішіп, Атаға көмектесуге, не болмаса тоқыма тоқуға кірісетін. Кешкі сағат онға таман Атаға айран дайындап, одан кейін екеуі ұйқыға жататын.
Әлі есеймегендіктен, Әжеміз шаршаған болса керек, оған қиын шығар дегенді толық түсінбейтінбіз. Кейде Сәбина мен Алма үшеуіміз үйдің жұмысын істеп, көмектессек те, Әже бізді ыдыс-аяқ жуу, тамақ дайындау, үй жинау сияқты қара жұмысқа аса көп араластырмаушы еді. Атаның күтушісі де өзі еді, хатшысы да өзі болды. Үнемі қолжазбаларды қайта көшіріп, атаның мұрағатын ретке келтіретін. Халима әжемізді жар етіп таңдап алған Атамыз қандай бақытты адам болған десеңші! Әзілхан атамыздай өмірлік жолдасы болған Әжеміз де қандай бақытты еді! Ең бастысы –
екеуі бірін-бірі қатты сүйіп, қатты бағалай білетін. Бір-бірінсіз ешқашан жүрмейтін. Біртіндеп біртұтас ағзаға айналған десе де болады. Ойлары да бір, армандары да, пікірлері де бір. Әрқайсысы көңіліндегі ойын ашық бөлісетін. Атамның жұмысына қатысты мәселелерді өте жиі талқылайды. Бірі айтқан ойды екіншісі жалғастырып әрі қарай алып кететін. Шынайы түсініскен жандар. Араздасып қалғандарын мен бірде-бір рет көрмеппін. Бір-біріне ренжіп жүргені де есімде жоқ. Бұл өте таңданарлық жайт болғандықтан, таныстарымыздың кейбірі «ата мен әжелерің сендерді аяп, ұрысқандарын көрсетпейтін шығар» дейтін. Алайда, мұның олай емес екенін анық білетінмін. Ол кісілердің қасында жүргендердің барлығы өздерін жайлы, жақсы, еркін сезінетін. Бұл Атам мен Әжемнің табиғаты бір-біріне жарасып, үйлесім тапқандықтан болар. Өзара өте жиі қалжыңдасатын. Бір-бірімен сөйлескен кезде үнемі көтеріңкі көңіл күйге келетін. Ал сөйлеген сөздерінің әдемілігін айтсаңшы! Қазақ тілі құлаққа жылы, жағымды естілетін жұмсақ тіл екені белгілі. Ал, Халима әжем мен Әзілхан атам сөйлеген кезде, ол ерекше құлпырып кететін. Міне, қалада туып өссем де, ұлы кісілердің тәрбиесінің арқасында болар, қазақ тілі бойыма да, жаныма да сіңіп кетті.
Кезінде әкем мені қазақ мектебіне беремін деп шешкенде, Атам мен Әжем оны бір кісідей қызу қолдаған болатын. 1980 жылдардың басы – Алматыда қазақ тілді мектептерге көпшілік сенімсіздікпен қарайтын кезең. Ондай мектептердің саны да аз. Қала тұрғындары білім сапасы жақсы деп балаларын орыс мектептеріне көбірек беретін. Сол сияқты біздің отбасымызда да балалардың бәрі қазақ мектептерін бітірген деп айта алмаймын. Әйтсе де, әкем мені қазақ мектебіне бергеннен кейін екі сіңілім де қазақша білім алды.
Сәті түсіп, қаладағы ең мықты деп саналған №12 қазақ мектебінің ең мықты бастауыш сыныптарының біріне түстім. Оның үстіне аталмыш мектепте менің нағашы әжем, Аманжолова Фарида мұғалім болғандықтан, ортаға тез сіңіп кеттім. Әйтсе де, орыс бала-бақшасын аяқтағандықтан, қазақша сабақ оқу маған оңайға түскен жоқ. Көмекке ата-әжелерім келді.
Әзілхан атам мен Халима әжем мені өз үйлеріне көшіріп, маған сабақ оқу жағынан көмектесуді қолға алды. Бұл мақсатта күш аямай, қолдарынан келгеннің бәрін істеді. Әжем үйге берілген мәтіндердің бәрін менімен бірге оқып, түсініксіз жерлерін түсіндіріп, диктант жазғызып, өлең мен кітап оқытқызатын. Мен үшін арнайы сөздік жасап, екеуіміз сол сөздікке белгісіз сөздердің бәрін түсіретінбіз. Сөздік бойынша сөз жаттап, әжем мені тексеретін. Бұл бір ай емес, бір жыл емес, жылдар бойы атқарылған жұмыс еді! Әжемнің осы еңбегі жүрегіме қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімді ұялатты. Бұл – маған сыйлаған ең асыл сыйы. Ол үшін мен Әжеме мың да бір рахмет айтуым керек. Ең кереметі, мен Ата мен Әжемнің қазақ тілінде өзара сөйлескендерін естуге мүмкіндік алдым. Бұл қазақ тілімді жетілдіруге үлкен септігін тигізді. Менімен де тек қазақша сөйлесетін. Әже менің орысшаға ауысып кетпеуімді қатал қадағалайтын. Кейде Атамның өзі ұмытып кетіп, орысша сөйлеп кететіні бар еді. Сонда Әже оны қалжыңға айналдырып, Атама міндетті түрде ескерту жасап қоятын. Атам «әттеген-ай» дегендей қолын сермеп, Әжемнің қалжыңын ары қарай әкетіп, күле бастайтын. Әжемнің қырағылығын мақтамай кетпеуші еді.
Атам мен әжемнің осылай қалжыңдасқан кездері мен ұнайтын. Ішімнен қуанатынмын. Бір-біріне деген нәзік әрі жылы сезімдерін балалық жүрекпен сезуші едім.
Қазақ тілінен басқа Ата мен Әжемізден үйренген өзге де маңызды нәрселер аз емес. Олар бізді байсалдылық, ұстамдылық, өзгелерді құрметтей білуге, ең бастысы, адалдық, инабаттылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуге тырысатын. Себебі, аталмыш игі қасиеттерді балалардың бәріне бірдей сіңіру мүмкін емес екенін олар түсінген. Сондықтан бізді еркімізге қарамай, күштеп тәрбиелемеген. Бізбен ересек адамдармен қарым-қатынас жасаған сияқты өздерін еркін ұстайтын. Бізді тұлға деп қарастырған. Кейбіреулер оны жұмсақтық деп атауы мүмкін. Бірақ біз жұмсақ, жуас деп атанған ата-әжемізді қатты құрметтедік. Қарсы сөз айтудан ұялатынбыз. Айтқандарының бәріне көнетінбіз. Бұл кісілердің ерекше бір харизмасы болған болса керек.
Өздері өте байсалды, байыпты, ұстамды кісілер. Артық сөз айтпайды. Қатал немесе теріс сөйлеуден қашатын. Өте жұмсақ сөйлеседі. Бізді шексіз сүйіп, бізге сеніп жүргендерін байқатқылары келгендей. Өкпелеген не болмаса ашуланған кездері өте сирек болатын. Сонда да бізге емес, біздің жасаған қылықтарымызға өкпелеген сияқты еді. Балалық шағымнан ондай үш-төрт оқиға ғана есіме түседі. Бұл менін өте жуас бала болғанымнан емес, Атам мен Әжемнің тек шектен тыс шығып бара жатқан жағдайда ғана араласуды жөн көргендерінен болса керек.
Бір күні анашыммен бірге Атам мен Әжемнің үйінде болатынбыз. Бұл менің он үш-он төрт жасар кезім. Ата-анамыз сіңілім екеуімізді еркін тәрбиелейтін, сондықтан қарсы сөз айтқан кезіміз де болған. Сол күні Атам әдеттегідей өз кабинетінде жұмыс істеп отырған. Мен үй шаруасына қатысты мамам сұраған бір нәрсені істеуімді созып, өтінішін естімегендей болып отырғанмын. Ақыры анамның шыдамы бітіп, ол мені дауыстап шақырып еді, мен оған орысша: «Я же сказала «сейчас»! Что ты на меня орешь?!» деп айқайлап жібердім. Мамам оны естіді ме, жоқ па, білмеймін, өйткені бұл мезетте кабинетінен Атам жүгіріп шықты. Ашуы келгені жүзінен білініп тұрды. Мен сасып қалдым. Ол қасыма келіп: «Как ты разговариваешь с матерью?! «Орешь» говорят только собаке. А это твоя мама!» – деп маған орысша ұрысты. Бұл маған адам айтқысыз әсер қалдырды. Бұдан бір-ақ минут бұрын өзімді әдепсіз бала сияқты ұстап, «менікі дұрыс» деп ойлаған едім, соңынан қаншалықты ұятсыз қылық жасағанымды түсіндім. Өзімнен үлкен кісілерге, әсіресе, өз анама қатты сөйлеудің әдептілікке жатпайтынын білсем де, оның шынайы мағынасы енді ғана анық болып қалғандай. Мамамды өкпелеткеніме ұялып, оны қорғап шыққан Атама риза болдым. Бұл тәрбиелік мәні бар окиғаны ешқашан ұмытпаймын.
Әжем болса, ешқашан ашуланбайтын. Тіпті, ұрысқан да емес. Бір нәрсені ұнатпағанын танытса да, қатты сөйлемейтін. Жасым он-он бірде болуы керек, тәтелерімнің біріне, ойланбастан, жанды жеріне тиетін бір сөз айтқаным есімде. Тәтем соны естіп, қатты ренжіп қалған. Енді ұрысқалы жатқанда Әжем жедел тоқтатты. Мен таң қалдым. Тәтем кетіп қалып, үйде ешкім қалмағанда ғана Әже істеген қылығым жайлы әңгіме қозғады. Бұл жұмсақ әңгіме болған сияқты еді, алайда оның мәні маған қатты әсер еткен. Тағы да бір маңызды нәрселердің бірін түсіндім: өзге адамдарды, әсіресе, жаны нәзік адамдарды әдейі өкпелетуге болмайды.
Кейде мен Әжем сияқты баланы тәрбиелей аламын ба деп өз-өзіме сауал қоямын. Халима әжемдей парасатты, байыпты, данышпан ана әрі әже бола алар ма екенмін деп ойланамын. Не болмаса, Атам сияқты берік мінезді азамат бола аламын ба? Неғайбыл. Бұл – ерекше адамдар. Олардың біздің өміріміздегі ғана емес, мыңдаған адамдардың өміріндегі орны бөлек еді. Солай болып қалады да.
Дина ЖАНСАҒЫМОВА,
Әзілхан Нұршайықовтың немересі
Қазақ үні