КӨРГЕНІ ЖАҚСЫ КӨШ БАСТАР
2025 ж. 29 сәуір
79
0

Жас келген сайын кісіні ой иектейтіні мәлім. Кезінде біз де қоғамдық қозғалыстардың қайнаған ортасында жүріп, «Күреске түсе кеттім сертім сол боп» деп Сәбит Мұқанов ағамыз айтқандай, халықтың мұрат негізіндегі шаруаның алдыңғы легінен көріндік. Әсіресе, формациялар алмасқан күрделі заманаларда ең алдымен діттегеніміз – ел тағдыры, ұлт мүддесі еді. Осынау кезеңдерде небір асулардан өтіп, ортақ істің ыстық-суығын бастан өткердік. Қазір де сексеннен ассақ та, хал-қадерімізше, сол қастерлі жұмыстың жетегінен шыға қоймаппыз.
Бұл ретте, мәселен, мені жас мемлекетіміздегі, кейінгі Жаңа Қазақстан жағдайындағы ұйымдар қандай болуы керек, оның жетекшілері нендей қасиетті сіңіргені жөн деген ой мазалайды.
Ұлт мүддесін қорғап, халықтық намыс жолында мемлекетшілдіктің, елдіктің сақталуында қиын шақтарда өзінің күш-жігерін, денсаулығын, тіпті, өмірін де аямайтын ұйым басшысына қойылатын талаптар жөніндегі ойымды ұсынсам:
▲өмір бойы өз отбасы алдында және қоғамдық істерде мейлінше адал;
▲қоғамдық жұмыстарда белсенді, табанды да қайтпас қайсар, жігерлі, нағыз күрескер;
▲мүмкіндігінше жан-жақты білімді;
▲сөйлеу мен жазу қабілеті бірдей сауатты;
▲қазақшасы мықты, (қажет болған жағдайда – қай тілде де айтып та салатын, жазып та тастайтын қабілеті болса тіптен жақсы);
▲халқын «қанаттыға қақтыртпайтын, тұмсықтыға шоқыттырмайтын» ұлтшыл да намысшыл;
▲ұйымдастыру жұмыстарында тәжірибесі мол;
▲әділеттік күрес жолында қиын «белестерді» мейлінше көп өткеріп, әбден ысылып, шыңдалған;
▲қоғам дамуын күнібұрын болжайтын қасиеті бар;
▲тәуелсіздік жолында, егемендіктің баянды болуында күресін еш тоқтатпайтын;
▲мәдениетті де байсалды;
▲бастаған ісін жеріне жеткізіп орындайтын әбжіл;
▲ұлт мүддесін қарабас пен отбасынан, ру-тайпа мен жүзге бөлінуден, жершілдік пен қоғамдастықтан жоғары ұстанатын;
▲сөзі мен ісінде алшақтық жоқ, айтқанын бұлжытпай орындайтын;
▲ «тазыға шалдырмайтын», «түлкіге алданбайтын» тапқыр да озық ойлы, епті де сақ;
▲Жағымсыз әдеттерден өзін аулақ ұстайтын; денсаулығы мықты;
▲пікір тыңдай білетін, сараптау қабілеті жетілген, бірақ ырыққа көнбейтін, ұстанған бағытынан қайтпайтын, салмақты да мүдделі ойы бар;
▲дін мен атеизмге сарабдал көзбен қарайтын;
▲ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша сабырлы ой-пікірі қалыптасқан адам болуы шарт.
Мұндай «әулиені» табу мүмкін бе?
Әрине, мүмкін емес. Дейтұрғанмен, басшылықтан үміткерге қойылып отырған әр талап бойынша баға беріп, ең көп ұпай жинаған азаматты таңдауға болады деген пікірдемін.
Мұндай ұйым биліктің, оппонент-оппозицияның сынына шыдай алар ма екен? Әлбетте шыдайды, егер ұйымның басшысы аса адал болса...
Ұйым жетекшісі және оның төңірегіндегілер «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағиданы басшылыққа алып, ең алдымен көпшілік қауымның қатысуымен алдын-ала хабарланған жиындар өткізуі, бірте-бірте кең түрде ауқымды, жауапты міндеттерді игергені жөн; одан соң сынды әуелі өздерінен бастағаны дұрыс. Сонда ғана «молданың айтқанын істе де, істегенін істеме» деген қағида нақты жүзеге асатын болады.
Мысалы, уақыт талабына сай дүниеге келген біздің «Азат» қозғалысы 1990, 1991-ші жылдаы қоғамымызда едәуір беделге ие болғаны еске түседі. Алайда «Азат» қозғалысы қоғам тынысынан қалып қойды.
Осы Катехизис-кодекс авторының үлкен белсенділікпен атқарған жұмыстары негізінде жинақталып 1994 жылы дайындаған ұсыныс-жобасы «Атажұрт» Халық майданы құрылған кезде бірқатар газет редакцияларында («Жас алаш», «Егемен Қазақстан»), сондай-ақ көпшілік арасында кең таратылып, азаматтық парыз ретінде 1994 жылдың 22 қазанында Халық майданының Құрылтайында оқылып берілген болатын.
1996-шы жылдың 20-шы сәуірінде қоғамдық бірлестік ретінде құрылмақ «Азамат» Қозғалысының ұйымдастыру жұмыстарында жіберіліп жатқан кемшіліктерді болдырмау мақсатымен қалыптасқан өз ой-пікіріміз Құрылтай кезінде де, көпшілік арасында да таратылған еді.
Құрылтайшылардың басым бөлігін ғалымдар қауымы құрағандықтан, «Келінім саған айтамын, қызым сен де тыңда!» дегендей, айтпақ ой-пікірімізді (мақалалар мен ұсыныс-жобаны) хатқа (№ 6, 19.04.1996-шы ж.) тіркеп, сол кездегі Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті атына және бұқаралық ақпарат көздеріне жолданғанбыз. Ол хат өз кезінде «Новое поколение» газетінде жарияланған да болатын (№ 16-150, 26.04.1996 ж.).
Ал, сол тұста айтылған ойдың бүгін де сәтті іске орындалып отырғанына көзіміз анық жетті. «Сол жолғы қателер енді қайталанбаса екен деген пікіріміз 1999-шы жылдың 27-ші наурызында «Азамат» Қозғалысының партияға айналып жатқандағы Құрылтай кезінде де ескертілді.
Жұмаділ-Есір (Дәурен Сатыбалдыұлы),
«Жаңғыру» орталығының төрағасы.
Алматы