35 жылдан кейін ақталған азамат
2025 ж. 07 сәуір
89
0

Ерлан Төлегенұлы 1964 жылы 16 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Сексен алты дүрбелеңінде Алматыдағы технологиялық техникумда оқитын 22 жастағы жігіт еді.
Желтоқсанның 17 күні Ерлан қатарластары – Жанысов Садыр, Найзабеков Бақыт және Ғинаяттармен бірге Брежнев алаңына барады. Кешкі сағат бес. Көтерілістің нағыз шиеленіскен кезі. Солдаттар мен студенттер арасындағы қақтығыс енді-енді басталып келе жатқан сәт. Алдарында не күтіп тұрғанынан бейхабар жастардың бар ойы өздеріне қарсы келген шенділермен теке тіресіп, жанжал шығару емес, ұлттық мүддені қорғап, сайқал саясаттың езгісінен, әділетсіз жүйеден қазақты азат ету еді. Алайда бейбіт түрде басталған көтеріліс, ақыр аяғы қаралы оқиға, тергеу, комсомолдан шығарылу, оқудан шеттетумен аяқталды. Бұл күн халық жадында ең қасіретті де қасиетті күн ретінде қалды.
Кейіннен ереуілшілер Ленин атындағы ескі алаңға келеді. Себебі мұның күнбатыс бетінде үш қабатты Жазушылар үйі орналасқан. Жиылған жұрт сөзімізді сөйлер деп барғанда Жазушылар үйінен ешкім қарасын көрсетпеген, тіпті бір ауыз сөз айтуға да жарымаған көрінеді.
Ақыры Ерлан жолдастарымен бірге 22:00 шамасында тұтқындалып, КГБ Республиканың үлкен үйіне кейін, Советский РОВД-да түнгі 12-ге дейін тергеуде болады. Ертеңгілік Ұлыттық қауіпсіздік комитеті жиналыс ашып, үш жолдасын және өзін камсамолдан шығарады. Ал ол кездері камсамолдан шығарылған студент бірден оқудан да шығарылатын.
Одан кейін, 1988 жылға дейін ай сайын төрт рет тергеу жүргізіп тұрды құқық қорғаушылар. Басшылық лауазымға жұмысқа алмады. Жұмыс тапқан күннің өзінде де мардымсыз жалақы ғана берген. Алайда институттағы жоғары баға, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін оқуға қайта алынады.
Бұл жазбаны жариялаудағы біздегі мақсат осындай ұмыт болған, ерлігі еленбеген желтоқсаншылардың есімін, ерлігін танытып, бабалар мұрасына тағызым ету! Айтып айтпай, тұғырлы Тәуелсіздік дәл осы Ерлан Төлегенұлы қатарлы ағаларымыздың елім деп еміренген ұлтжандылығының, қайсарлығы мен өжеттігің жемісі. Қанша жыл өтсе де, тіпті ғасыр өтсе де бұл жандардың алдында мәңгілік борыштармыз!
Тоқтарбек Айсара,
«Бизнес-академиясы» «Дара»
мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы