33 жылдан кейін айтылған ақиқат
2025 ж. 07 сәуір
88
0

16 желтоқсан – халық жадында мәңгілік өшпес із қалдырған күн. Баршаға аян 1986 жылы 16 желтоқсанда Мәскеу Қазақстан Компартиясының басшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып, оның орнына Қазақстанды білмейтін Геннадий Колбинді тағайындады. Бұл шешім қазақ жастарының наразылығын туғызып, 17 желтоқсанда Алматыда мыңдаған студенттің бейбіт шеруге шығуына түрткі болды. Алайда бейбіт түрде басталған шеру ақыр аяғы қаралы оқиғамен, әскерилер мен студенттер арасындағы қақтығыспен жалғасты. Кейіннен көтеріліске қатысқандардың ішінде 8500-ден астам адам қамауға алынып, 240 шақты студент оқудан шығарылып, қоғамдық жұмыстан шеттетілді. Алайда бұл көтеріліс залалы тек бұнымен шектеліп қоймады, алаңға шыққандардың көбі ауыр жарақат алып, денсаулығынан айырылыды. Халық арасында «сотталған», «қудаланған» деген атқа ие болды. Ең көңілге қаяу түсіргені – 1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы арнайы қаулы қабылдаса да сол кездегі желтоқсаншылардың басым бөлігі бертін келе ғана ақталған. Сондай желтоқсаншылардың бірі – Өтелбаева Күлсімхан. Жалпы Желтоқсан көтерілісі туралы бүгін Күлсімхан апайды әңгімеге тартқан едік.
– Күлсімхан апай, өзіңіз жайлы толық айтып өтсеңіз?
– Мен Өтелбаева Күлсімхан Уәлбекқызы 1962 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарайғай ауданына қарасты Еңбек ауылында дүниеге келгендім. Әкем – Уәлбек Қасенұлы, анам – Капура Сейтқызы. 7 ағайыдымыз.
Мектепте оқып жүргенде спорттың барлық түрімен – воллейбол, жүгіру, шаңғы, коньки тебумен айналыстым. Әсіресе жүзуді жақсы көрдім. Бұқтырманың бойында, асау толқындармен алысып жүзетінмін. 1980 жылы Орлахан Бөкей ағамыздың ауылында мектепті бітірген соң, арман қуып Алматыға бардым. Оқуға түсе алмай, Алматы домостроительный комбинатқа (АДК) жұмысқа тұрдым.
– Күлсімхан апай, енді негізгі әңгімемізге ойыссақ. Желтоқсан оқиғасы қалай басталды, алаңға қалай шықтыңыз?
– 1986 жылы 16 желтоқсан күні кешкі сағат алтыларда АДК-ның спорт комплексінде волейбол секциясына бардым. Ол жерге келгенде тып-тыныш, өзіммен бірге волейболға қатысатын ешкімді таппай, жатақханаға қайттым. Алдымнан комендат, ұмытпасам есімі Ольга Васильевна болу керек, мені тергеуге ала бастады: «Қайда болдын? Қайдан келесің?»-деп, мен оған спортзалға бағанымды айттым. Ол маған «өз комнатаңа барып, ешқайда шығушы болма!» деп ескертті. Келесі 17 желтоқсан күні таңертең қыздар есік қағып, көтеріліс басталғанын хабарлады. Сағат 8-де жұмыс орнына бардым. Ол кезде АДК-ның №1 заводы, 4-цехта, ІІІ разрядты штукатур едім. Жұмыс орнына келгенімде екіден-үштен топтасып күбір-күбір сөйлесіп тұрған орыстарды көрдім. Олар партия мүшелері еді, арасында қазақтар аз болды. Мен цехта группкомсорг едім, партия мүшелігіне менде өтініш бергенмін. Ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ, мен мастерлер бөлмесіне кірдім. Ол жерде аға мастер Абай Рашидович пен Рая Жексенғалиева бар екен. Оларға кететінімді айтып, цехтан шыға бергенде алдымнан бригадир Шайхов шығып: «Қайда барасың? Жұмыстан кетпе!»-деп ескертті. Оны тыңдамай, киімдерімді ауыстырып, жұмыстан кетіп қалдым. Жұмыстан шығып, Абай мен Софьякавалевский көшелерінің қиылысына дейін жаяу барып, аялдамадан автобусқа отырсам, өзім сияқты жастар көп екен. Солармен бірге мен қызу қанды Қазақ азаматы әрі еліміздің патриоты ретінде оқиға алаңына баруға бел будым! Сөйтіп таңғы 9-дарда, Брежнев алаңына бардық. Сол кезде көргенім – жастардың көптігі және алаңды қоршаған қолдарына дубинкаларымен щит ұстаған солдаттар болды. Алдыңғы қатарында қазақ солдаттары, олардың артында басқа ұлт солдаттары, ал соңғы рядтарда қолдарына ДНД деген қызыл жолақ таққан орыстар мен қазақтар болды. Солардың қолдарында газетке оралған арматура болғаны есімде анық сақталған. Қасымда АДК-да менімен бірге жұмыс істейтін қыздар-жігіттер бәріміз солдаттарға жақын барып тілдеспекші болдық, бірақ ешкімнен жауап ала алмадық. Мінбеге шығып жастарға «Тараңдар»-деген партия мүшелерінің бір сөзін естісек, бір сөзін естімедік. Себебі адамдар көп болды, олардың барлығы сұрақтарына жауап алу үшін мінбеге жақындауға ұмтылған жастардың әрекетінен ештеңе шықпады. Сөйтіп жүргенде келіп-жеткен ауыр техникадан, тұрған жастар жан-жаққа қаша жөнелді. Ал мен болсам аяғым тайғанақтап қайда қашарымды білмей ортада қалып қойдым. Енді оңтайланып ешкім жоқ жаққа қашуға ниеттенген кезде алдымнан бір орыс солдаты жаман сөзбен айқалап маған қарсы ұмтылды, мен артқа қарағаным сол еді, басымнан қатты соққы алып, жерге құладым. Сол кезде жан-жақтан солдаттар келіп ішімнен, арқамнан теуіп, дубинкамен соққылай жөнелді. Бар білгенім қолымдағы сумкамен басымды қорғаштай бердім. Олар мені боқтап, тепкілеп, ұра берді, сәлден соң өзге ұлт солдаты қырғыз ба, өзбек пе білмедім, айғай салды: «Вы что, убьете ее?!» - деп, келіп, мені орнымнан тұрғызды. «Неге келдің? Өлтірсе қайтесің?»-деп. мені қолтықтап трибуна жаққа алып жүрді. Менің оның сөздерінен түсінгенім осы ғана болды, себебі мен оның тілін дұрыс түсене алмадым. Трибуна жақтағы баспалдақтан өтіп бара жатқанда ДНД-деген қызыл жолақ таққан орыстар қолдарындағы газетке оралған арматурамен, өтіп бара жаткан онсызда таяқ жеген бізді ұрып-соқты. Әлгі солдат мені қорғаштап автобусқа дейін жеткізді, соның өзінде маған бір-неше соққы тиді. Трибунаның артында бірнеше автобус тұр екен. Автобуске кірмейміз деп қарсыласқан жастарды ДНД мүшелері арматурамен аяусыз ұрып-соқты. Сөйтіп бастарынан, құлақтарнан, мұрындарынан қан аққан жас қыздарды, жігіттер аз болды, РОВД-ға апарамыз деп, атобусқа тиеп алып кетті. Алдымызда қолына пистолет ұстаған милиция бар. Біз одан бізді босатуын өтіндік, бірақ тыңдамады. Бірімізге-біріміз көмектесейік деп, орнымыздан қозғалсақ атамын деп қорқытты. Сөйтіп бірі орамалын, бірі басындағы шапкасын беріп, аққан қанды тоқтатуға көмектестік. Ал милициядан қанша сұрасақта айтқанынан қайтпады. Сол кезде: «Автобусты тоқтатпасаң, онда бізді атып таста!»-деп, қыздар орнымыздан тұрып, біріміз шаферға, біріміз милицияға жармастық. Автобус аударылып қала жаздап, милиция жігіт автобус төбесіне оқ атып, көлік тоқтады. Бәріміз тыныш отыра қалдық. Милиция жігіт бізді сабырға шақырып: «Жарайды, сендер тынышталсаңдар РОВД-ға апармаймын, бірақ қайта келмес үшін басқа жаққа апарып тастаймыз!» -деп, Алатау совхозынан ары орманға алып барды. Ол жерде қазылған терең ор бар екен. Орға жақын тоқтап, есік ашылған соң шофёр мен милиция екі жақтан бізді орға итеріп домалатып жіберді. Өздеріңіз білесіздер, қар қалың, күн суық, бірнеше сағат арпаласып, бірімізді-біріміз сүйреп, сол терең ордан (котлован секілді үлкен болды) шықтық. Сол жақтан әзер қалаға түсіп, қыздармен бірге ауруханаға бардық. Содан соң, әрең дегенде жатақханаға келдік. Рая деген сіңіліммен бірге тұратын едім, ол бөлмеде жоқ. Аз-кем демалып, шарфпен белімді, арқамды қатты буып алып, сіңілімді қайдан іздеймін деп далаға шықтым. Жатақхана Абай мен Гайдар көшелерінің қиылысында еді. Жан-жағыма қарап тұрсам, төмен жақтан Төле би мен Гайдар жақтан келе жатқан сіңілімді таныдым. Сағат 11-ден бастап артына түскен қуғыншылардан, милициялардан қашып, иттерден тығылып, жаяулатып жатақханаға жеткені сол екен. Ол басынан соққы алыпты. (Соның салдарынан қазір көзі дұрыс көрмей жүр) Ауруханаға қарал дегенімде бармайды. Жұмысқа енді ғана орналасқан еді. «Олар жұмыс орныма айтса, мені жұмыстан шығарады» деп бармады. Басын өзім таңып бердім. Сәл жылынып, сыртқа қайта шықтық. Жаспыз, қан қайнап тұр. Қарасақ біраз қыз-жігіт жиналып, алаңға барамыз деп ақылдасып тұр екен. Оларға бізде қосылдық.
Барлығымыз 30 шақты адам, оның арасында Марат Дүкембаев, марқұм Аманжол Дүсіпов деген кластасым бар. Бәріміз де АДК-да жұмыс істейміз, көбісінің аты есімде жоқ. Жиналған жастар бәріміз әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, Абай көшесінің бойымен Абылайхан көшесіне бара жатқанымызды біреу суреттке түсіріп алыпты. Оны біз білген жоқпыз. Бертін интернеттен көрдім. Ол суретті 2011 жылы С.Зиманов өзінің «Парламент Казахтана в трудные годы провозглашения независимости» деген кітабының 80-бетінде «Декабрьские события 1986 г. в Алма-Ате в фотодокументах» деген бөлімде беріпті.
Абылайхан көшесіне жеткенде күзетте тұрғандар бізді ары қарай жібермеді. Үйге қайтуымызды талап етті. Біз тобымызбен ән айтып, артқа қайттық. Біздің артымыздан жедел жәрдем машинасына мінген адамдар, ит жетелеген милициялар бізді жатақханаға дейін кіргізіп кетті.
Ертеңінде 18 желтоқсанда таңертең сіңілім екеуміз тағы да Абай көшесінің бойында жүрдік. Не болғанын өз көзімізбен көргіміз келді. Бірақ алысқа бара алмадық. Сөйтіп жүргенімізде «Тамашада» ойнаған Шолпан апай құрбысымен жүр екен, ол кісімен таныстық. Ол жерде біраз жүріп жатақханаға қайттық. Біз бөлмеге келіп шай ішіп отырғанда, вахтаға шақырды, бір қыз келді деп. Барсам жұмыстан жіберіпті, «ертең жұмысқа шықсын, әйтпесе жұмыстан шығарып жібереміз» депті.
1986 жылының 19 желтоқсанында жұмысқа келдім. Барлық жұмысшыны жиналысқа шақырды. «Күн тәртібінде – себепсіз қалған жұмысшының тәртібі» туралы болды. Стол басында жайғасқан цех бастығы В. Шитов және профком мүшелері, қыз-жігіттерден жауап ала бастады. Жастардың бірі бардым десе, кей бірі бармадым деп жауап берді. Кезек маған келді. Біздің бригадир Шайхов маған: «Ешқайда бармадым, қорқып жұмысқа келмедім, жатақханадан шықпадым» - деп айт деді.
Мен: «Неге өтірік айтуым керек? Бойымда патриоттық рухым бар, жүрегім Қазағым деп соғып отырғанда, не үшін қорқуым керек?!»-деп, жиында отырған басшыларға «Мен де бардым, өз көзіммен көргім келді» дедім. Олар мені сұрақтың астына алды. «Бардым» деп жауап бергендердің арасында бас көтерген, жалғыз қыз мен болдым. Олар мені айыптап, заңға қарсы келгенімді бетіме басты, мен ешқандай заңға қарсы келмедім, әділдік жолында өз көзіммен көру үшін барып, солдаттардан таяқ жегенімді айттым. Қолымда қаруым жоқ, мені неге дубинкамен басымнан ұрып соғып, құлаған кезде тепкілегенін бәріне айтқанымда, біреулері маған «Таяқ жегеніңді бізге қалай дәлелдейсің?»-деп сұрады. Мен көп ойланбастан, «У меня вся спина в синеках, могу раздеваться и показать» дедім. Олар маған шешінудін қажеті жоқ деп, арықарай тексеру үшін, №1 заводтың жиналысына жіберді. Ондағы жиналыста Москвадан, ЛКСМ комсомол комитетінен кеген орыс жігіті (аты-жөні есімде жоқ) маған, «Жігіттердін арасында жалғыз қыз неге? Не үшін бардың?» деген секілді көптеген сұрақ қойды. Мен айтқанымнан қайтпадым.
Кеңес мүшелері, бұрынғы АДК-ның директоры Сатаев мырза, қазірге дейін болған директоры Дабылов мырза және басқалары «мені жұмыстан шығару керек» деп, дауыс беруге кірісті. Кеңес мүшелері 13 адам еді, 6-ы қарсы, 7-і менің жағымда болды. Менің жағыма шығққан АДК-ның сол кездегі директоры Сатаев мырза, менің 2 жасқа толмаған қызымның барын ескеріп, жұмыста қалуымды қолдады. Сөйтіп жыл аяғы болғандықтан жаңажылдық сыйақыны және бір жыл бойы барлық сыйақыны ала алмайтынымды айтты.
АДК-да істеген орыстар мені көрген бойда біраз уақытқа дейін саусақтарын шошайтып: «Смотрите девушка, которая хотела раздеваться» деп мазақ етумен болды. Ауырып АДК-ның емханасына барсам «Халық жауы» деп қарамады, сол дәрігерлердің жауапсыздығынан қазіргі күні мүгедек болып отырмын.
2010 жылы операция жасағаннан кейін аяқ-қолым істемей қалды. Екі жылдай төсекке таңылып жатып қалдым. Сол кезде дәрігерім мүгедектік бойынша категорияны ауыстыру тұралы айтпаған, дұрыстап қарамаған. Денсаулығыма көңіл аударып, ізденуге уақыт болмады, кейін уақыт болса ақшам болмады. Солай уақыт өте берді.
– Мемлекет тарпынан желтоқсаншы ретінде көмек көрсетілмеді ме? Желтоқсан оқиғасына қатысқанығыз туралы айтып көрмедіңіз бе?
– Оныда айттым, барған жерімде 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқанымды, зардап шеккенімді айтсам, «Қолыңда қағазың жоқ, маңдайыңда жазылып тұрған жоқ» деп мені келеке еткендей күліп отыратын. Сонда мен 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғысынан көрген зорлық-зомбылықты, кейінгі қорлауларды, кемсіткеніндерді әлі күнге дейін көріп келем. АДК-да бірге жұмыс істеген адамдармен кездескен кезде сұрап жатады, «ақталдың ба, сен неге ақталмай жүрсің?» деп.
– Өзіңіз осы уақытқа дейін ақталуға өтініш білдіріп пе едіңіз? Шынымен осы уақытқа дейін ақталмауығыздың себебі не?
– Мен бұл жөнінде 1998-2000 жылдардан бастап ізденгем, «Желтоқсан» одақтарына талай рет барып, есіктерінің алдарында отырдым, бірақ «кейін кел», «содан соң кездесейік» деп бірде-біріне жолыға алмағанмын.
Сол оқиғаның салдарынан көп қиындық көрдім. «Халық жауы» деп дәрігерлер дұрыс қарамады, салдарынан денсаулығыма қатты зақым алғандықтан бехтерева (окостенение позвоночника) ауыруына шалдығып, жасыма жетпей бүкірейіп II топ мүгедегі болып ұзақ уақыт емделіп жүрмін. Әлі күнге дейін желтоқсанның құрбаны болып жүрмін. Бірақ 2019 жылы бүкіл құжаттарымды жинап 33 жылдан кейін заңды түрде өзімді ақтап шықтым, оған менің қызым заңды түрде барлық құжаттарды жинап, сотта ақтап көмектесті.
Қазіргі таңда Құдайға сансыз шүкір тәубә етемін – отбасым үлкен! Жолдасым Болатхан Қонақбайұлы Алматы облысының тумасы. Үш қызымыз бар, олар бой жетті. Қыздарымыздың екеуі тұрмысқа шыққан, алты жиеніміз бар. Аллаға шүкір! Отбасыма рахмет, мені әрдайым қолдап, күш-қуат беріп жүргендеріне алғысым шексіз! Қырық бес жыл Алматыда тұрсам да, туған жерімді ұмытпаймыз, сағынамыз, отбасыммен бірге жиі баруға тырысамыз!
– Күлсімхан апай, қашанда болмасын Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жас болсаңыздар да ел мүддесін қорғап, осындай бейбіт күнге жетуге үлес қосқандарыңызға алғысымыз шексіз! Қалайда болмасын, сіздердің алдарыңызда мәңгі борыштармыз! Сіздің оқиғаңызды ести отырып, шынымен тәнті болып отырмын! Жас болсаңыздар да алаңға шығып, осындай ерлік көрсеткендеріңіз, ұлтжандылқтарыңызға тәнтіміз! Сіздердің алдарыңызда осынау ерліктеріңіз үшін басымызды иеміз! Деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін! Отбасыңыздың жанында бақытты да баянды ғұмыр кеше беріңіз! Сіздердің ерліктеріңіз, ұлы есімдеріңіз мәңгілік халық жадында! Алтын уақытыңызды бөліп сұқбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын!
– Әумин, саған да рақмет қызым! Өзің де еңбегінің жемісін көр, жұмыстарыңа сәттілік тілеймін! Елеп ескеріп сұқбат алып, жылы лебізіңді білдіріп жатқаныңа рақмет! Сендердей ұрпағы бар бізде арман жоқ. Еліміздің жарқын болашағы сендерсіңдер! Қайда жүрсеңдерде аман болыңыдар!
Сайып келгенде, Желтоқсан оқиғасы – егемендікке жету жолындағы алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі. Біз бүгін азат ел болып, тәуелсіздіктің жемісін көріп отырсақ, бұл – сол кездегі жас ұландардың ерлігі мен қайсарлылығының арқасы. Дәл осы Күлсімхан апайымыздың ерлігі мәнгілік ел есінде. Сексен алтының ызғарымен денсаулығынан айырылып, «халық жауы» атанып, 33 жыл дегенде ақталса да, сол кездегі істеген ісіне, алаңға шыққанына еш өкінбейді! Ерен еңбек, қажырлылығы үшін әрбір желтоқсаншы алдында тәуелсіз елдің ұрпақтары ретінде мәңгілік борыштармыз!
Тоқтарбек Айсара,
«Бизнес-академиясы» «Дара»
мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы