Берік Уәли Ақорданың сенімін ақтады

Берік Уәли Ақорданың сенімін ақтады

Көктем – табиғаттың оянуымен бірге, қауіп-қатердің де қылаң беретін кезі. Күн көзі жылып, жер беті буы бұрқырағанымен, қауіпсіздікке қатысты мәселелер де бас көтереді. Әкімдер дәл осы кезеңде көп сыналатынын білеміз. 

Өткен жұмада жұмыс аптасы аяқталы, арқа басымыз кеңіген сәтте Абай облысында құрғақ шөптен өрт шыққаны туралы суыт хабар тарады. Бұл жаңадан ғана тағайындалған Абай облысының әкімі Берік Уәли үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Өйткені жұма мен сенбі арасы – мемлекеттік органдардың демалысқа кететін, жұмыс қарқыны бәсеңдейтін тұсы. Бірақ Бекең бір сәтке де кідірмей, төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын үйлестіріп, жағдайды бақылауға алды. Бұл – әкімдік деген құрылымның тек қағазбастылықпен емес, нақты әрекетпен айналысуы тиіс екенін көрсетіп берді. Өз кезегінде біз де Ertenmedia.kz ақпараттық сайтында соңғы хабарларды оқырмандарға жеткізіп отырдық. 

Несін айтасыз, Берік Уәли мырза бұл жолы орталық пен жергілікті билік арасындағы үйлесімді байланыстың қаншалықты маңызды екенін соқырдың қолына таяқ ұстатқандай нақты көрсетті. Айтпақшы, бұл жолы облыс аумағындағы ресурс жетпесе, көрші өңірлерден көмек сұрау – әлсіздіктің емес, көрегендіктің белгісі екеніне көзіміз жетті. Бұл орайда облыс басшысы Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарынан қосымша қолдау сұрап, уақыт оздырмауға тырысты. 

Жалпы, табиғи апат кезінде батыл шешім қабылдау мен шапшаң әрекет ету әкімнің стратегиялық ойлау қабілетін көрсетеді. Мұндай сәтте хаттамадан тыс, әрекетке көшетін басшы ғана халықтың сенімінен шыға алады. Ал Берік Уәлидің бұл бағыттағы алғашқы қадамы сәтті болды. 

Түркиядағы орман өрттері кезінде елдің бірнеше өңірінде губернаторлар елдің Қарулы күштерімен, полиция, орман шаруашылығы және еріктілермен бірлесіп, өртті тікұшақпен, ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен бақылап отырды. Ең маңыздысы – бір орталықтан басқарылатын жүйенің тиімділігі айқын байқалды. 

Ал Американың Калифорниядағы орман өрттері кезінде, арнайы дайындалған «crisis room» төтенше басқару орталығына көшіп, онда 24/7 режимде жұмыс істейтінін білеміз. Оларда FEMA деп аталатын ұлттық апатқа қарсы құрылым бар, губернаторлар солармен бірлесе, апатқа қарсы барлық ресурсты жұмылдыруға өкілеттілікке ие. АҚШ-та губернатордың әрекеті – партиялық ұстанымнан да жоғары бағаланады. Егер ол табиғи апатта халықты аман сақтап қалса, келесі саяси додада оның жолы ашық болады. Сондықтан олар өздерінің саяси капиталын да осындай тқтенше жағдайлар кезінде толықтырып отыратынын білеміз. 

Бұл жолы Берік Уәли де нақты әрекетпен Ақорданың сенімін ақтады. Облыс басшысының төтенше жағдай кезіндегі шешім қабылдау мәдениеті алдағы уақытта облысты басқарудағы бағыт-бағдарын анықтап бергендей болды... 

Тағы бір айта кетерлігі, бізде әлі күнге дейін әкімдердің табиғи апатқа дайындық деңгейі туралы жүйелі бағалау жүйесі қалыптаспаған. Көктем сайын қайталанатын тасқын, жаз сайын тұтанатын өрт, қыс сайын болатын боран – бәрі алдын ала дайындықты қажет етеді. Әкімдерге нақты рейтинг жүйесін жасап, төтенше жағдай кезінде қаншалықты жедел әрекет еткенін бағалайтын кезең әлдеқашан жетті. 

Қазіргі заманда апатқа қарсы әрекеттің өзі саясаттың бір тармағына айналуы тиіс. Қоғам қауіпсіздігі дегеніміз ол халықтың сенім. Бұл тек өртенген шөпті өшіру емес, халықтың жүрегіне ұялаған үрейді сөндіру. Егер әкім осы үрейді сейілтіп, жағдайды нақты бақылауына ала алса – ол басшы ретінде өз миссиясын орындады деген сөз. 

Берік Уәли дәл осы миссияны алғаш рет дұрыс орындады. Енді бұл жолдың соңы емес, басы екенін ұмытпайық. Өрт тоқтады, алайда жаңа әкімнің аймақтағы ісі енді басталуда. Бекеңе сәттілік тілейміз!

Нұрлан Жұмақанов,

Фейсбук парақшасынан