Қашағанды Назарбаевтан ҚҰТҚАРЫП ҚАЛҒАН ЕР
2025 ж. 05 сәуір
582
0

Әшірәлі Бижановтың ерлігі ақыры мойындалды
Қазақшаға аударған кездегі тұспал атауы "Қазақстан мұнай және газ кен орындарын алғаш ашқандар" деген энцикопедиялық анықтама жарыққа шығыпты. Сол қалың анықтамалықты ақтарып отырып, бүгінде әлемдегі ең ірі кен көздерінің бірі саналатын Қашаған мұнай кенішін алғаш ашқан геофизик Әшірәлі Бижановқа (фото) @сырттай кез болдық. Бұрындардан бет-жүз көріскен таныс едік, жөн бопты дедік.
"Жөн" дейтін себебіміз - осы Қашағанға қатысты көпшілік біле бермейтін бір хикая бар-ды. Сол қызғылықты оқиғаның басты кейіпкері осы Әшекең еді. Сәті келгенде баяндап берейін.
Осыдан бірнеше жыл бұрын (дәл датасы есімде жоқ) сол кездегі президент Назарбаевтың жарлығымен мұнай-газ саласының бір топ менеджері мен кәсіби мамандарына мемлекеттік марапат берілді. Біз "ДАТ"-тың әдеттегі "тырнақ астынан кір іздеу" дәстүрімен орден-медаль алғандардың түп-тұқиянын тексере бастадық. Қашаған кенішінің бас директоры, голандиялық азамат (аты-жөні тағы есте жоқ) "Құрмет" орденіне ие болған екен.
"Дайын асқа - тік қасық" боп, қомақты жалақыға жалдамалы қызмет қылып жүрген бұл маманның Қазақстанға қандай еңбегі сіңіп кетті екен деп, Қашағанның тарихын қопара бастадық. Сөйтсек, менеджерлік басқаруға жалданып келгеніне бірер ғана жыл болған біреу екен!
Содан, әлемге әйгілі Қашағанды алғаш ашқан кім, оған қандай мемлекеттік марапат берілген еді деген сұрақтың соңын қуа жөнелгенімізде, осы Әшірәлі Бижановқа сырттай кез болдық.
"ҚазақстанКаспийШелф" (ККШ) мемлекеттік компаниясы президентінің геология және геофизика жөніндегі орынбасары ретінде Қашағанмен тікелей айналысқан, қойнауын қырық қопарған Бижановта орден түгілі, мемлекеттік бір медаль жоқ екен!
Бұл қалай: халықаралық рейтингте бірінші ондыққа кіретін мұнай көзін ашқан маман-геолог марапат атаулыдан сымбылсыз қалады, ал дап-дайын кенішті игеруге кеше келген кезбе "Құрмет" орденін қай еңбегінің ақысына алады?
Хикаяның қызығы да бұл емес еді. Ақыр соңы анықтай келгенімізде, егер Әшекең болмағанда, бүгінде мұнай кеніштерінің халықаралық реестрі мен кен көздерінің әлемдік картасында Қашаған жыраудың емес, Назарбаевтың аты тұрады екен: "Нұрсұлтан Назарбаев кеніші" деп.
Каспий қайраңында (шельф) қоры орасан зор мұнай көзі ашылды деп, астанаға хабар кеткен соң, Ақордадан ККШ-ға: "Жаңадан ашылған кенішке Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруге құжат дайындаңдар!" деген телеграмма келіп түседі.
Мұндай нақұрыс нұсқауды естіген Бижанов: "Қап! Біз бұдан бір апта бұрын құжатты Қашаған жыраудың атына дайындап, шетелдік тіркеу реестріне жөнелтіп жіберген едік... Қайдан білейік, мол мұнай шыққан осы жердің атақты тумасына кімнің дауы болсын деп ойладық... Жөн, ендеше, кеткен қағазды қайтартып, жаңа құжат жолдайық..." деп, мақұлықтың мүләйімін қоса қалады.
Артынша Әшірәлі аға геолог-геофизиктер командасын жедел жинап алып, халықаралық реестрге тіркетуге Қашаған жыраудың атын бергізу үшін шұғыл құжат дайындап, Ақорданың алдын орап, тіл білетін бір шабарман жігітінің қолына ұстатып, Халықаралық ұйымға (атауы бар еді, есіме түссе, комментке жазармын) жедел жөнелтіп жібереді. Жөн жібермейді, тіркеу ұйымында отырған ежелгі бір танысына осылай айт деп, жігітінің құлағына бір қулықты сыбырлап жібереді.
"Назарбаевтың атымен құжат кетті ме?" деп сұрайды Ақорданың олары. "Кетті!" дейді батыстың бұлары. Әйтсе де "Ақыры не болар екен?" дегенге елеңдеген к...тен қылп-қылп еді...
Сонымен арада бірер апта өткенде Қазақстан үкіметіне шеттен хабар келеді: "Құттықтаймыз! Қашаған кеніші әлемдік тіркеуге алынды".
"Бұ қалай? Қашаған емес, Назарбаев еді ғой!?" дейді Ақордадағы олар.
"Назарбаевтың атындағы құжат кейін келді, ол кезде Қашаған тіркеліп кеткен еді... Бір кенішке екі атау берілмейді ғой..." деп, бұлар да Бижановтың шабарман жігітке сыбырын қайталап береді.
Осылайша Қашағанның аты әлемдік мұнай картелінің картасына енген еді. Айтпақшы, кейіннен Әшірәлі Бижанов "ҚазақМұнайГаз" Ұлттық компаниясының геофизика жөніндегі бас менеджері болып жүріп, пенсияға шықты.
PS: 1999 жылы Қазақ мұнайының 100 жылдық тойында топырлаған мұнайшы мен мұнай маңының мамандарына орден-медаль таратылды. Бұл тізімде Әшірәлі Бижанов аталмады. 2009 жылы - 110 жылдық, 2019-да - 120 жылдық тойланды - Қазақстанның мұнайына ерен еңбегін сіңіргендер арасында Әшекең тағы да аталмады...
PSS: Ақыры біздің дауысымыз бірінші - Құдайға, екінші - ел билігіне жетіп, жасы 80-ге келген Әшірәлі аға кеше ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша "Құрмет" орденімен марапатталды. Әлемге әйгілі Қашаған мен Теңізлі ашуға мұрындық болған, 50 жылға жуық дала тентіреп, Қазақстанның мұнайын еселеуге ерен еңбек еткен Әшекеңнің бұл бірінші мемлекеттік наградасы екен!...
Ақыры есіл еңбек пен Қашаған жыраудың атын қорғап қалған ерен ерлікке байланысты әділет орнады! "Құрмет" құтты болсын, асыл азамат!
Қазақстан геологтарының етеңгі - 6-сәуір күнгі кәсіби мерекесі құтты болсын!
Ермұрат Бапи,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Фейсбук парақшасынан